Вторник, 14 Август 2018 07:03

Әбдібақыт МАҚҰЛБАЕВ, Кентау қаласының әкімі: «ҚАЗІР... ХАЛЫҚТАН ҰЯЛМАЙТЫН БОЛДЫҚ»

«2021 жылдың соңына дейін табиғи газ мәселесі толық шешіледі деген межеміз бар»

 

Әбдібақыт Тілләбайұлы, Қаратау тәжі саналатын шаһардың қос тізгін, бір шылбырын мықтап ұстағаныңызға 4 жарым жыл болыпты. Әрине, бұл дегеніңіз – біраз шаруаны жоспарлап, жемісін көретін уақыт. Оның үстіне Елбасының тікелей бастамасымен шағын қалалардың әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне соны леп әкеліп, еңсесін көтеру мақсатында 2012 жылы қабылданған Моноқалаларды дамыту бағдарламасының да Кентауға тиген септігі әжептәуір болса керек... 

– Әрине, төрт жарым жыл дегеніңіз – біраз жұмысты еңсеруге жеткілікті уақыт. Негізі, біздің жұмысымыз түрлі мемлекеттік және салалық бағдарламаларды сапалы жүзеге асырып, халықтың сапалы өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Осы тұрғыдан алғанда, өзіңіз айтқандай, Кентау сияқты қалалардың дамуына ерекше серпін берген бағдарламаның бірі Моноқалаларды дамыту бағдарламасы дер едім. Оны жүзеге асыру 2012 жылы әуелі пилоттық режимде басталды. Содан бері саусақ бүгіп қарасақ, 4-5 жылдың ішінде қалаға 5,3 миллиард теңгедей мемлекеттік инвестиция құйылыпты. Нәтижесінде инфрақұрылымды жаңартуға, кәсіпкерлікті дамытуға, халыққа табысты жұмыс тауып беруге біраз мүмкіндіктер туды. Сол 5 миллиардтан астам қаржының 740 миллион теңгесі 2014-2015 жылдары несие ретінде берілді. Дәлірегі, алғашқы жылы – 290 миллион, кейінгі жылы – 450 миллион теңге. Үстемеақысы 6-6,5 пайызды құраған бұл несие 259 кәсіпкерге жаңа кәсібін ашуға немесе бар кәсібін одан әрі дамытуға мүмкіндік туғызды.

Сондай-ақ субсидиялау бағдарламасы аясында кәсіпкерлердің банктен алынған 100 миллион теңгеден астам несиесін мемлекет тарапынан субсидиялауға жағдай жасалды. Әсіресе, Кентаудың қала құраушы кәсіпорыны (бұрын Ащысай полиметалл комбинаты еді, ол 90-жылдардың соңында экономикалық себептермен банкротқа ұшырады) саналатын, 1300-дей адамды жұмыспен қамтып отырған Кентау трансформатор зауыты пайыздық ставканы субсидиялауды жақсы пайдалана білді. Мысалы, екінші деңгейлі банктерден 11 пайыздық үстемеақымен несие алса, соның 10 пайызын бағдарлама шеңберінде мемлекет төлеп берді. Сонда несие алушының мойнына түсетін жүк – 1-ақ пайыз.

Бұдан бөлек Моноқалаларды дамыту бағдарламасын жүзеге асырудың алғашқы кезеңдерінде кәсіпкерліктің көсегесін көгерту мақсатында гранттар берілді. Бізде 37 адам сол гранттарға қол жеткізді. Ол мақсатқа 80 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді.

Жалпы, бағдарлама шеңберінде Кентауға 2012 жылы 236 миллион теңге, ал 2013 жылы 428 миллион теңге бөлінді. Негізінен бұл сомалар ағымдағы шығындарға жұмсалды. Яғни қаланың ирригациялық, инженерлік-суғару жүйелерін, аллеяларды, көшелерді жарықтандыруды қалыпқа келтіруге, күл-қоқыстардан тазалауға бағытталды. Қаржылардың басым бөлігі 2014 пен 2015 жылдары бөлінді. Айталық, 2014 жылы – 1,6 миллиард, 2015 жылы 1,8 миллиард теңге қаржы алдық. Ал 2016-2017 жылдары саябырсыды. 2016-да – 890 миллион, 2017-де 228 миллион теңге бөлінді. Оның барлығы басталған жобаларды аяқтауға берілді.

Қала үшін жылу үлкен мәселе ғой. Бізде 37 шақырым магистральды жылу трассасы бар. Орамішілік жылу трассасы 116 шақырымды құрайды. Сол магистральды жылу құбырының 17 шақырымын ауыстырдық.

Сонымен қатар бағдарлама шеңберінде бөлінген қаржымен осыдан 20 шақты жыл бұрын халық қоныстанып қойған «Болашақ», «Батыс», «Жұлдық» атты 3  шағынауданымызға инфрақұрылым апардық. Үшеуінде 892 үй салынған. Бірақ оларда жол, электр энергиясы, ауызсу, кәріз жүйесі болмады. Соның барлығын 1,9 миллиард теңге жұмсап, тартып бердік. Қазіргі таңда шаһардың батыс бөлігіндегі шағынаудандар барлық инфрақұрылыммен қамтылған.

Мұнан соң жолдарды жөндеуге мән бердік. 2014 жылы 256 миллион теңгеге 9 көше жөнделді. Шаһарға әкім болып тағайындалған бетте байқағаным, Кентаудың көшелерінің барлығы ойдым-ойдым-тын, тіпті дұрыс бағдаршам да жоқ. Міне, осындай олқылықтардың баршасының бүгінде орны толтырылды.  

Моноқалаларды дамыту бағдарламасынан бөлек біз басқа да мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырдық. Соның бірі – «Ақбұлақ» бағдарламасы. Иә, қала бұрын да ауызсумен қамтамасыз етілген ғой, әйткенмен тозығы жеткендіктен, бұл бағыттағы жұмыстар көп жылдан бері жүргізіліп келе жатыр. Биыл қаланың су жүйелері құбырлары толық ауыстырылып бітеді. Сонымен қатар биыл 14 мың халық мекендейтін Қарнақ ауылдық округін ауызсумен қамту мәселесі биыл шешіледі. Бұл дегеніңіз – Кентауға қарасты ауылдар орталықтандырылған ауызсу құбырларымен толық қамтылады деген сөз.

Тұрғын үй де – өзекті мәселе. 2015 жылы 60 пәтерлі 1 үйді пайдалануға бердік. Биыл тамыз айының соңында 2 үйді (120 пәтер) ел игілігіне ұсынамыз. Бұған қосымша 5 үй (300 пәтер) салып жатырмыз. Олардың құрылысын келер жылы осы уақыттарда тәмамдаймыз деген ниеттеміз. Бізде 2000-нан астам тұрғын баспана кезегінде тұрады. Кезектің 3-4 түрі бар. Біріншісі – ҰОС ардагерлері, біз оларды толық қамтамасыз еткенбіз. Екіншісі – жетім балалар. Олардың саны 170-тей. Үшіншісі – әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасылар, төртіншісі – мемлекеттік бюджеттен жалақы алатын қызметкерлер.                           

– Баспана кезегін күткен бұл «2000» деген көрсеткіш бір орнында тұрмайтын шығар, жылдан-жылға үстіне қосыла берсе керек.

– Иә, сұраныс жылдан-жылға арта түсуде. Кезекте тұрған 2000-ның үстіне қаншама азамат өтініштерін жазып, қосылып жатыр. Алайда біз де қам-қарекетсіз отырған жоқпыз. Келер жылы 420 адам баспанаға қол жеткізеді. Одан бөлек 5 қабатты 10 үйге жобамыз дайын. Оны келесі жылға қосқалы отырмыз. Сондай-ақ 5 үйдің жобасы әзірленуде. Жалпы, біз 2021 жылды қоса алғанда, 5 қабатты 42 үй салуымыз керек. Ол дегеніңіз – 2500-дей пәтер. Сонда қазіргі кезекте тұрғандар мен алдағы уақытта тұратындардың мәселесін 2021 жылдың соңына қарай біршама шешіледі деп жоспарлап отырмыз.

Дегенмен пәтер кезегіне тұратындар көбеюі мүмкін. Өйткені бізде тұрғын үй салу мақсатында жер телімін алуға кезекте тұрғандардың да қарасы қалың. Бүгінде 5 мыңнан асып кетті. Осы ретте біз мынадай саясат ұстанып отырмыз: Кентау – қала. Оның аумағын бір-екі қабатты тұрғын үйлер салып, үлкейте беруге болмайды. Сол себепті жергілікті тұрғындарға «үй салуға жер емес, біз сізге пәтер берейік» деген ұсыныс айтып жатырмыз.

Атап өтерлігі, Кентау қаласының бас жоспары 2012 жылы бекітілген. Соған сәйкес 3-4 жаңа шағынаудан бар. Мысалы, «Оңтүстік-шығыс» шағынауданы және «15-шағынаудан». Екеуіне де егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын әзірлеп, құрылыс жүргізуге дайындап қойғанбыз. Ал қаланың кіреберісінде «Оңтүстік-батыс» шағынауданы бар. Келешекте шаһардың әкімшілік-іскерлік орталығы сол жаққа көшеді. Оған да егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын жасап қойдық. Қай жеріне көпқабатты үйлер, қай жеріне екі қабатты, ауласында кішкене 2-3 сотық жер телімі бар таунхаустар түсетіні анықталған. 10 сотық жер беріп, бас-басына үй салдырғаннан гөрі осы тиімді емес пе?! Оның үстіне осы уақытқа дейін Кентау қаласы аумағында жер телімі қоры шектеулі болып келді. Бұл – бір. Екіншіден, қаланы үлкейте берсек, оған тиісті инфрақұрылым тартып, әлеуметтік нысандар салу керек. Жылу, кәріз жүйесі, жарық, ауызсу, газ, мектеп, емдеу мекемелері, балабақша, т.б. дегендей. Бұл қомақты шығынды талап етеді.   

– Кезінде Шымкентті басқарған әкімдер де осылай ойлағанда ғой. Тым жайып жіберді...

– Бұл барлық қалалардың проблемасы ғой. Бәлкім, бұлай жайып жібермей, қалаға қарасты емес спутник елді мекендерден жер беруге болатын шығар. Ал қалада көпқабатты құрылысқа басымдық беру қажет. Ал біздегі жағдай қалай? Бір отбасыда 5 адам болса, бесеуі де жер телімін алуға өтініш жазады. Заң бойынша жасы 18-ге толған азаматтың өтінішін қабылдамауға құқығымыз жоқ. Қазақстан Республикасының кез келген азаматы 10 сотық жерді тегін алуға құқылы. Бірақ Кентау қала болғандықтан, біз көпқабатты үйлер салуға басымдық беріп жатырмыз. Жер кезегінде тұрған халықты да пәтер алуға үгіттеп жатырмыз.

– Үйді берудің тәртібі қалай?

– Қазір бой көтеріп жатқанының барлығы – арендалық үйлер. Ипотекалық үйді халықтың әл-ауқаты көтере бермейді. Кезінде коммерциялық құрылыстарды да тәжірибеден өткізіп көргенбіз. «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің» жүйесімен жинақ жасап. Осы мақсатта Түркістан қаласында 9 қабатты 2 үй салынды. Алайда бізге қолайлысы, халыққа ұнайтыны жалдамалы пәтерлер екен. Оны 15-20 жылға дейін жалдап тұра береді.

– Ары қарай жекеменшікке рәсімдеуге болатын шығар.

– Кейін рұқсат етілсе керек. Заңдар өзгерер. Бәрібір ол баспанаға бір кірген соң ол отбасыны ешкім қайтып шығара алмайды ғой.

– Іргелеріңіздегі Түркістан қаласының табиғи газды тұтына бастағанына 4 жылдан асып барады. Ал Кентауға «көгілдір отынның» ауылы тым алыстап кеткен жоқ па?

– Соңғы 3 жылдан бері облыс көлемінде газдандыру мәселесі біртіндеп шешімін тауып келеді. Кентауға да газ әкелу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда автоматтандырылған газ тарату станциясының (АГТС) құрылысы мен 53 шақырымдық магистральды құбырдың құрылысы біткен. АГТС-на 3,9 миллиард теңге жұмсалды. Жалпы, жобалық құны 4 миллиард 50 миллион теңге болатын. Қазір қалаішілік газ құбырларын жүргізіп жатырмыз. Оны 3 кезеңге бөлгенбіз. Одан бөлек айналма құбыр бар. Ол орта магистральды құбыр іспетті. Соның қазір айналма құбыры мен 1-кезеңі жүргізіліп жатыр. Қалған 2 кезеңге де қаражат бөлінген. Оның конкурсын облыстық тиісті басқарма өткізген. Білуімше, конкурсқа қатысқан компаниялар бір-бірімен соттасып жатқан көрінеді. Біздің жоспарымыз бойынша, келер жылдың соңына біз Кентау қаласын 80 пайызға газдандырамыз деп отырмыз. Яғни әр үйдің шетіне дейін газды апарып береміз, ары қарай үйлеріне кіргізуге тұрғындардың өздері жауапты. Негізі келесі жылы күзге дейін 3 кезеңнің барлығын бітірмек ниетіміз бар.

Одан бөлек Хантағы ауылына қаражат бөлінді. Оның да жеңімпазы анықталып, биыл газдандыру жұмыстары басталады. Келесі жылы Қарнақ пен Байылдырда басталады. Яғни 2019 жылы қаланы газдандырып бітірсек, 2020 жылы ауылдарды қамтысақ, 2021 жылдың соңына дейін табиғи газ мәселесі толық шешіледі деген межеміз бар.    

 

«Кентауда тау-кен өндірісін жандандыруға әрекет жасалуда»

 

– Шағын және орта бизнестің дамуы қалай? Оның жергілікті бюджетке үлесі қаншалықты?

– Бізде шағын және орта бизнестің 3338 субъектісі бар. Бұл көрсеткіш жыл өткен сайын 5-10 пайызға артып келеді. Бізді қуантатыны, оның ішінде белсенділері 93-94 пайызды құрап отыр. Бұл ретте шағын және орта бизнестің қалыпты дамуына Моноқаланы дамыту бағдарламасы аясында берілген несиелердің оң әсер еткені анық. Сондай-ақ Мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы, «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы шеңберінде бөлінген несиелер де өзінің жәрдемін тигізді. Соның нәтижесінде шағын және орта кәсіпкерліктің өндірген өнімі де, ондағы жұмыспен қамтылған адамдардың саны да жылына 10 пайызға дейін жоғарылап отырады.

Ал бюджеттегі үлесіне келсек, дамыған елдердің өзінде бұл көрсеткіш 50-60 пайызға жуықтайды. Мықты дамып кеткен мемлекеттердің өзінде 70 пайызға жетуі мүмкін. Кентауда әзірге трансформатор зауытынан басқа ірі кәсіпорын жоқ. Орташа деген кәсіпорнымыз – 9. Қалғанының бәрі – шағын кәсіпкерлік нысандары. Енді есептейік, біздің жалпы ішкі өңірлік өнім 38 миллиард теңге болса, соның 50 пайыздан астамы – сол кәсіпорындардың үлесінде. Сондықтан олардың бюджетке, өңірлік өнімге қосып отырған үлесі айтарлықтай.

Жалпы, кентаулықтар кәсіпкерлік мәселесінде тоқырып қалған емес, қаланы аралап жүріп уақыт өткен сайын кішігірім дүкендер мен тамақтану орындарының, біраз мейрамханалардың бой көтеріп жатқанын байқайсың.     

– Елбасы сөздің орайы келгенде бірінен бірі өтетін тойхана салуды бәсекеге айналдырған кәсіпкерлерге қарата «Тойхана салғанша, үй салғандарың дұрыс» дегенді де айтып еді...

– Меніңше, мейлінше өндіріс орындарын салу керек.

– Өндіріс демекші, Түркістан облысына қарасты барлық қала-аудандарда индустриялық аймақтар құрылған-ды. Соның біреуі – Кентау қаласында. 25 гектар аумақты алып жатыр. Бүгінге дейін аймақта қанша жоба жүзеге асты?

– Индустриялық аймақтың 4,3 гектары инфрақұрылымға арналған. Ол мақсатқа 1,4 миллиард теңгедей жұмсалды. Оның 930 миллионына шағын электр станциясы (подстанция) салынды. Мұнда электр энергиясы 30 пайыз арзан. Себебі біз электр қуатын «Оңтүстік Жарық» ЖШС-нен алмаймыз. «KEGOC-тан» тікелей тартамыз. Жақын жерде «KEGOC-тың» «Қотырбұлақ» атты шағын электр станциясы бар. Содан индустриялық аймақтағы шағын станцияға дейінгі аралық 11 шақырымды құрайды. 35/6 кВт кернеулі тоққа арналған. Бағасы – 16 теңгеден.

Одан бөлек 517 миллион теңгеге ішкі жол, электр желілері, ауызсу, телефон, ирригация, кәріз жүйелері жүргізілді. 5,15 гектар жерге 5 жоба жайғасты. Оның екеуі толық қуатында жұмыс істеп тұр. 2 жоба да Кентау трансформатор зауытына тиесілі. «Югэлектропривод» ЖШС және «Электродеталь» ЖШС. Әрқайсысында шамамен 50 адамнан нәпақасын тауып жүр. Бірі – 2015 жылы, екіншісі 2017 жылы іске қосылды. Тәп-тәуір жұмыс істеп келе жатыр.

Екі жобаның құрылысы аяқталып, іске қосылды. Асфальт зауыты мен оттегі шығаратын цех. Қазір құжаттарын рәсімдеу үстінде.

Бесінші жобаны алматылық компания қолға алған. Жылына 500 мың дана несепқабылдағыш шығармақшы-тын. Әйткенмен соңына нүкте қойылмай тұр. Жуырда иелерін шақырып, сөйлестік, қаржы жағынан қиындықтары бар секілді.

Сонымен қатар тағы 3 жоба жоспарланып жатыр: Гипохлорит өндіру, лего кірпіш шығару және лимонад цехы.

– Алматылық компания деп қалдыңыз, индустриялық аймақтағы өзге жобаларды жүзеге асырып жатқан кәсіпкерлер жергілікті ме?

– Иә, осы өңірдің азаматтары. Мәселен, асфальт зауыты Шымкент қаласының тұрғынына тиесілі. Ал гипохлорит өндіретін зауыт иесінің түп-тамыры – осы Кентаудан, ғалым адам. Ұзақ жылдар бойына Алматы қаласында тұрып, ғылыммен айналысқан. Химия ғылымдарының докторы. Химия ғылыми-зерттеу институтында еңбек еткен. Зейнет жасқа жақындағасын осында көшіп келіпті.

– Өндірісті дамытуға арналған арнайы аймақ бар. Инфрақұрылым дайын. Ендігі өзекті мәселе не?

– Компанияларды әкелу. Облыс орталығының Түркістанға ауысқанына қуанып отырғанымыздың бір жағы, осы индустриялық аймағымызға енді компаниялар қызығушылық танытатын шығар.

– Сырттан инвестиция тартылып жатыр ма?

– Иә, тартылып жатыр. Кентауда негізінен тау-кен өндіру саласы басымдыққа ие ғой. Сол себепті сыртқы инвестиция осы салаға бағытталуда. Мәселен, қазір 8 жерде геологиялық барлау жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек Қытайдың 2 компаниясы өндірістік қалдықтарды екінші рет өңдеуді қолға алды. Қаланың шеткері бөлігінде Қытайдың қатысуымен «Кентау полиметалл» деген кәсіпорын құрылған.  

– Қызметкерлерінің ұлттық құрамы қалай болып жатыр? Қанша пайызы Қытайдан әкелінеді?

– Ол әлі толық іске қосылған жоқ. Кәсіпорын қайта өңдеуді жүзеге асыру барысында сирек кездесетін металдарды алады. Ақтөбе, Созақтағы қалдық рудаларды әкеліп, осында өңдейді. Былтыр 250 миллион теңге инвестиция жасады. Биыл шикізаттың көзіне қарай тоқтаңқырап тұр. Олар қазір жоғары білікті мамандарды ғана сырттан әкеп жатыр. Келісімшарт бойынша мекемеде 110 қызметкер болады, соның 10-15-і Қытайдан әкелінеді, қалғаны – жергілікті.

Өзі кен өндірудің бастапқы қадамы Ащысайдан басталған. Онда Ащысай металлургия зауыты болған. Ол «Южполиметалдың» теңгерімінде болып, банкте кепілдікте тұр. Былтыр Қытайдың қатысуымен «ГМК Ащысай» ЖШС құрылды. Осы мекеме әлгі зауытты сатып алып, қалдықтарды өңдеу бағытында жұмыс істемекші. Шымкенттегі бұрынғы қорғасын зауытының аумағында қалдықтар бар ғой, 828 мың тонна, соны алдында осы жаққа тасып өңдемекші болған, кейін ол қымбатқа түсетін болды да, Бадамда шахталық пеш қойып, бірінші өңдеу жасап, соңыра осында алып келеміз деп байлам жасап отыр. Бірақ олар былтыр мамыр айында Ащысайдағы зауытты 64 миллион теңгеге, ал Шымкенттегі қорғасын зауытындағы қалдықтарды 25 миллион теңге сатып алды. Яғни бастапқы инвестиция құйылды. Енді ары қарай жұмыс жалғасуы керек. Бұл екеуі – сыртқы инвестиция.

Одан басқа бізде «Қызылата» деген мыс кен орны бар. 2016 жылы геологиялық барлау жүргізілген.     

– Қоры әжептәуір ме?

– Әжептәуір. 6 ұңғыма қазды. Біз мамандармен бірге оның басына барып, көрдік. Қоры жеткілікті. Алайда олар қаржылық қиындықтарға байланысты былтыр жұмыс істемеді. Ордабасы корпорациясының еншілес компаниясы еді. Бірақ солардың теңгерімінде тұр.

Содан кейін Ащысайдың арғы жағында «Смена» деген кен орны бар. Ол жерде – мырыш, қорғасын. Былтыр желтоқсан айында жауапты министрлік оған да геологиялық барлауға рұқсат беріп, келісімшарт жасады.

Сондай-ақ Хантағы елді мекенінің жанында «Хантағы», «Қарасай» атты полиметалл кен орындары бар, оларға да министрлік «Алитур.kz» деген компаниямен геологиялық барлау жасау жөнінде келісімшарт жасасты.

Сонымен қатар «Байылдыр» кен қалдықтары қоймасы бар. Онда Кентаудағы кен байыту комбинатының қалдықтары жердің бетіне үйілген, 135 миллион тонна. Соны қайта өңдеуге «Казплав» деген компанияға былтыр қараша айында министрлік рұқсат берген.

Одан басқа Қарнақ жақта Ырмақ өзені бойында шашыраңқы алтын кен орны бар. Оған да «Медеуова» деген жеке кәсіпкер геологиялық барлау жасау үшін келісімшартқа тұрды.

Қаланың жанында Аңсай атты барит кен орны бар. Онда қор мол. Тікелей келісімшартпен олар да рұқсат алды. Жоба құны қомақты. Инвестиция көлемі – 4 жарым миллиард теңге.      

– Олардан түскен салық Кентаудың қазына қоржынын толықтырады ғой?

– Әлбетте. Олар әзір жоба жасап жатыр, 2020 жылы іске қосылуы керек. Міне, тау-кен саласына қатысты осындай нақты жобалар жасалып жатыр. Осылайша моноқаланың бұрынғы мамандандырылған саласын қалпына келтірсек, қанеки. Жалпы, көп моноқалалар тау-кен өндіруге бейімделген ғой. Балқаш, Риддер, Жазқазған, Сәтбаев – бәрі тау-кен өндіреді. Барлығында сол өндірісті қалпына келтіру жүріп жатқаны қуантады.

Өзі тау-кен саласы өте ұзақ уақытты, қомақты капиталды қажет етеді. Сондықтан басталған жұмыс 5-6 жылдан кейін ғана алғашқы нәтижелерін бере бастайды. Жерасты қойнауындағы барлық қазба байлықтардың иесі – министрлік. Сол орган конкурс өткізіп, келісімшартқа тұрып, тиісті жұмысын бастатып жатыр.   

– Бұрынғы қалдықтарды қайта өңдеп жатқанына қарағанда, түсті металдың қазба қоры жоқ па сонда?

– Ащысай полиметалл комбинатының шахталарының бәрінде рудалардың құрамы кедей болған. Қорғасыны, мырышы аз. Кеңес заманында, 80-жылдардың соңына таман-ақ азая бастаған. Бірақ қорғасын зауытын қамтамасыз ету керек болып, барлық руданы сонда беріп отырған. Сондай-ақ Жезқазған жақтан бай руданы әкеліп, екеуін араластырып, экономикалық тұрғыдан пайдалы дүние жасалған. Кейін қор азайғасын шахтаны жауып, сумен толтырып тастады. Мұнда жердің астында су өте көп. Әлемдегі ең суы көп кен орындарының бірі – осы Кентауда. Осы төңіректің бәрін Мырғалымсай кен орны деп атайды. Руданы алу үшін алдымен суды тартып шығару керек. Кейін руданы қазады. Сол себепті 2004 жылы мұның бәрін су басып кетті. Менің есімде, 1999 жылы облыстық мәслихаттың депутаты едім, сонда осы Кентау тау-кен өндірісіне 1 миллиард теңге сұрайтын. Марқұм Серік Құлымбетов осында өндіріспен айналысатын үлкен мекеменің директоры еді. Өзі де – депутат. Ол кезде 1 миллиардыңыз қыруар ақша! Сірә, қазіргіше 10 миллиард болады-ау. Сұраймыз: «Не істейсіз сонша қаражатты?» деп. «Жердің астындағы суды жердің бетіне шығарамын». Бюджетте қаржының тапшы кезі, айқай-шу болатын. Сонымен, Секең басқаратын мекеме де, шахталар да жабылып тынды.      

– Ол судың шаһарға зияны жоқ па?

– Бар ғой. Қазір қаланың астында ұңғыма (штольня) жатыр. Сондағы артық суды жердің астымен әкеліп қаланың шыға берісінде жердің бетіне шығарамыз. Ол су қоймасына барып құяды. Біразы Құшата ауылына суаруға кетеді. Ұңғыма 4 жарым шақырымды құрайды, соның 2 шақырымы – жердің астында, 2 жарымы – жердің бетінде. Жоба бойынша суды айдау қуаттылығы – сағатына 26 мың текше метр. Сағатына 16 мың текше метр аққан кездер болды. Тіпті әлгі ұңғымаға су толғаны соншалық – 2 жыл бұрын жердің бетіне шығып кетті ғой.

Жалпы, Кентаудың табиғи техногенді проблемалары көп. Мысалы, жер астында қазылған шахтадан қалған бос кеңістіктер бар. Сондай-ақ табиғи карсты бос кеңістіктер бар. Мысалы, Сарыағаш ауданындағы Жібек жолы ауылының астында үлкен үңір бар. Табиғи. Ол газ сақтау қоймасы ретінде пайдаланылады. Өзбекстаннан келетін газды сол жерге жинап, Алматы мен Шымкентке беріп отырады. Сондай нәрсе бізде де көп жердің астында. Оған байланысты да бірнеше жобалар әзірлегенбіз. Оны алдағы уақытта атқаруымыз керек.

– Жылудың мәселесі түбегейлі шешілді ғой?

– Бізде су қайнататын ТП-35 деген 6 қазандық бар. Бәрі ескі. Ең соңғысы 1954 жылы қойылған. Яғни 64-65 жыл болды. Норматив бойынша әр қазандық 3 жылда бір рет күрделі жөндеуден өтеді. Биылға жоспарлаған жоқпыз. Келесі жылы 2-3-інің күрделі жөндеуден өтетін мерзімі келіп тұр. Магистральды жылу құбырларының жартысын жаңаладық, қалғанын ауыстыруымыз керек. Орамішілік 116 шақырым құбыр 2007-2008 жылдары салынған. Жалпы, жылу-энергетикалық орталықтың (ЖЭО) проблемасы – ондағы қондырғылардың ескілігі. Әйтсе де әкім болғалы 4 жылыту маусымын өткіздім, тіл-көзіміз – тасқа, ешқандай қиындықтар туындаған жоқ.       

– Қазір жер-жерде қысқа әзірлік пысықталып жатыр...

– Көпқабатты 327 үйіміз жылыту маусымына дайын. Жыл сайын жылыту маусымы біткен соң толығымен сығымдау жұмыстарын жүргіземіз. Қазірше станция 62 пайызға дайын. 1 қазанда жылыту маусымына дайындық төлқұжатын алуымыз керек. Оны бізге Энергетика министрлігі береді. Әрине, онда да тиісті талаптарға сай болсаңыз ғана. Айталық, 20 күндік отын қорыңыз болуы керек, жөндеу жұмыстарын жүргізуіңіз керек, т.б. деген секілді. Министрлік бұл процесті үнемі қырағы қадағалап, тексеріп отырады. Содан соң ғана дайындық төлқұжатын береді. Сол себепті жылыту маусымы біте салысымен келер маусымға кесте түземіз. 2018-2019 жылдардың жылыту маусымына дайындыққа 30 наурызда кесте бекіткенбіз. Қазір сол бойынша әрекет етіп жатырмыз.

Атап өтер жайт, биыл ішкі орамдардағы жылу жүйелерінің кейбір бөліктеріне жөндеу жұмыстары үшін облыстық бюджеттен 37 миллион теңге алдық. Ол шаруа мерзімінде атқарылады.

Бұдан бөлек шағын электр станциясын салуға 259 миллион теңге қаражат бөлді. Мысалы, біздің ЖЭО сағатына 5-5,5 МВт электр энергиясын өндіреді. Ал біздің ЖЭО-ның өзі тұтынатын энергиясы – 3,5 МВт қана. Демек, өзінен артылады. Ал артығын сатамыз. Бірақ ЖЭО Кентаудан 5-6 шақырым жерде – Хантағы ауылында орналасқан. Сол жақтан жылы суды қала айдап әкеледі, енді соны қайтып орталыққа жіберуді қамтамасыз ету үшін осы жерде 4 сорғы станциясы бар. Соларға электр қуатын біз «Оңтүстік Жарықтан» сатып алатынбыз. Қазір желіні «KEGOC-қа» қостық. Энергияны 16 теңгеден сатып аламыз. Алайда кей кезде 24 теңгеден сатып алуға тура келетін жағдайлар болады. Турбиналар тоқтап қалған кезде, т.б. Осындай проблемаларды шешу мақсатында шағын электр станциясын салуға биыл облыс әкімдігі қаражат бөліп берді. Станцияның құрылысын бітіре алсақ, келесі жылы қараша-желтоқсан айларынан бастап біз сырттан электр энергиясын мүлдем алмайтын боламыз. Бұл ресурсты бұрын пайдалана алмаған себебіміз, ЖЭО тек 35 киловольт шығаратын. Ал мұндағы насосты станциялар 6 киловольт тұтынады. Енді 35-ті 6-ға түсіруіміз керек. Ол үшін әлгі шағын электр станциясы қажет.

Көмір алуға келісімшартқа тұрдық. 24560 тоннаға. Ол – бір жарым айға жететін көмір қоры. Бюджеттен тағы да қосымша қаржы қарастыратын шығар. Жалпы, қысқа дайындық жұмыстары жоспарлы түрде жүруде. Биыл жылу құбырларының қымталуы сияқты мәселелерге көп көңіл бөлеміз. Өйткені нормативті емес шығын көп.          

– Өзі 2012 жылы қыстың көзі қырауда ЖЭО-да апат орын алып, кентаулықтар бүрсең қағып қалған соң, мұнда келген әкімнің барлығына осы мәселеге абай болуды ескертеді ғой...

– Иә, оған барынша абай болып жүрміз. Өйткені тым ескі ғой.

– Инвестордың есебінен жаңалауға болмай ма?

– Уақытында көп жобалар жасалды. Өкінішке қарай, соңына дейін жетпей қалады. Былтыр жыл соңынан бері тағы 5-6 компания өтініш білдіріп, жобаларын ұсынып жатыр. Осыған орай, техкеңес өткізіп, ЖЭО-ны жаңғыртудан өткізіп, 2 турбина, 2 қосымша пеш қойып, газға өткізу жөнінде шешімге тоқтап отырмыз. Қалаға табиғи газ келіп жатыр ғой. Әрине, ол уақытта тариф біршама қымбаттайды.  

– Төрт жарым жылдың ішінде қала бюджетінің көлемін ұлғайта алдыңыз ба?

– Иә, бюджеттің көлемі ұлғаюда. Біз бұл көрсеткішті ішкі өз түсімдерімізбен есептейміз ғой, мысалы, 2014 жылы шаһар тізгінін қолға алған тұста жалпы қаланың бюджетінің көлемі 9-10 миллиард теңге-тін. Қазір 14 миллиард. Түрлі трансферттер бар оның ішінде. Біздің өз табысымыз 580 миллион теңге еді, қазір 1 миллиардқа жетіп қалды.  

– Түркістан қаласына қарасты ауылдық округтер Кентауға қосылып жатыр, бюджет тағы қаралатын шығар.

– Әлбетте. 12 ауылдық округ қосылып жатыр. Ауыл әкімдіктері, 40 мектеп, 21 балабақша, клубтар, медициналық мекемелер Кентауға өтеді. Олардың айлығы мен т.б шығындарын Түркістаннан алып, бізге береді ғой. Тамыздың соңына бюджетті жіктеу болады.  

– Өз кезегінде халық саны да өспек. Тіпті екі еседен астамға.

– 202 мыңдай болады. Бұрын 96-97 мың тұрғынымыз болған.  

– Облыс бойынша халқының саны жөнінен Сайрам ауданынан кейінгі орынға табан тірейді екенсіздер ғой. Түркістаннан қосылған елді мекендерде кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы біршама дамыған. Сондықтан Кентаудың гүлденуіне де едәуір серпін берсе керек.

– 721 мың гектар жер қосылып жатыр. Өзімізде 52 мың еді, сонымен аумағымыз 775 мың гектарға жетті. Соның 340 мың гектары – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер. Біздікі 42 мың-тын. Сонымен 380 мыңдай гектар ауыл шаруашылығы санатындағы жер болады. 44 мың гектары суармалы. Бірақ су жеткізуде түйткілдер баршылық. Арыс-Түркістан каналы оны қамтамасыз ете алмайды. Шардара су қоймасынан Мақтаарал ауданына канал салды ғой, сол іспетті Сырдария өзенінен Иқан ауылына дейін машиналық канал салу жөнінде біраздан бері айтылып жүр. Соны жүзеге асырмаса, судан тапшылық көргеніміз – көрген.

Бюджет демекші, «биылдан бастап Ащысай, Қарнақ, Хантағы ауыл әкімдерінің жергілікті өзін-өзі басқару бойынша дербес бюджеттері бекітіліп, іске асырылатын болады. Байылдыр ауылы бойынша дербес бюджеті 2020 жылдан бастап енгізіледі» деп едіңіз...

– Иә, дербес бюджет 4 ауылдың үшеуіне берілген.

– Игерілу жағы қалай? Ауыл әкімдері бұрын-соңды бюджет ұстап көрмеген. Оңды-солды шашып жатқан жоқ па?

– Оны қадағалап отырмыз. Былтыр ауыл әкімдеріне 4-деңгейдегі бюджетті қалай игеріп, жоспарлау керектігін көп оқыттық. Одан қазір проблема жоқ. Қаладан бөлек ауылдардың бюджеті мәслихаттар арқылы жеке-жеке бекітілді. Ертең бюджеттің игерілуі бойынша қала әкімдігі өз алдына, ауыл әкімдері өз алдына есеп береді. Заңға сәйкес ауылда қалыптасқан қоғамдастық бар. Онда қанша адам болатына халықтың санына байланысты. Ал Байылдырға дербес бюджет бермедік, себебі халқының саны жетпейді. 1600 ғана. Әзірге тек халқының саны 2000-нан асатын ауылдарға ғана берілді. Жалпы, заң бойынша 2020 жылдан бастап барлық ауылдарға дербес бюджет берілуі керек. Жалпы, бұрыннан балабақшаларды ауылдық округ әкімдіктері қаржыландырады, сол себепті бюджет ұстауға біршама үйреніп қалғандықтан, бізде қазір дербес бюджетке байланысты қиындық жоқ, игерілуі қалыпты.

– Ұсақ-түйек әлеуметтік мәселелерін ауыл әкімдері өздері шеше беретін шығар?

– Ол қаражаттың түсуіне, салықтардың жиналуына байланысты. Мысалы, түсетін салықтардың біразын ауыл әкімдерінің құзырына бердік. Көлік, жер, мүлік, әлеуметтік салықтар. Неғұрлым көп жиналса, соғұрлым өздеріне жақсы. 

– Ақшаны қандай мақсатқа бағыттау қажеттігін қоғамдастық шеше ме?

– Қоғамдастықпен келіседі. Бюджетті қалалық мәслихат бекітіп береді. Бюджеттен тыс түсімдерді – жарнамадан, айыппұлдан түскен қаржыларды жұмсауды қоғамдастық өздері шеше береді. 

 

«Бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін жастарға тұрғын үй салып жатырмыз»

 

– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында атқарылып жатқан жұмыстар барысына тоқталып өтсеңіз.

– «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»– ауқымды, қоғамға ең қажетті бағдарлама. Адам санасын өзгертудің алғышарттарының бірі. Бағдарламаны қалада жүзеге асыру бойынша жүйелі жоспар жасалған. Былтырдың өзінде  үлкенді-кішілі 365 іс-шара ұйымдастырдық. Атап өтерлігі, Кентауда «Рухани жаңғыру» орталығы ашылды. Екіншіден, рухани жаңғырудың бір бағыты – туған жерді, оның тарихын, киелі орындарын білу. Біздің Қарнағымыз – тарихы өте бай елді мекен. 2014 жылы 2000 жылдығын өткіздік. Қ.А.Ясауи кесенесіндегі тайқазанды осы Қарнақта құйған. Қолөнер шеберлері Қаратаудың мысын балқытып, құйған екен. Сол замандарда Қарнақта үлкен 4 медресе болған. Ол қазіргінің университеттері іспетті ғой. Түркістанға барар алдында зияратшылар Қарнаққа түнейтін көрінеді. Қарнақта Құнанбай секілді қазақтың талай жақсылары мен жайсаңдары дәріс алған. Біз осыған байланысты биыл мамырдың 12-сінде облыстық тарихшылар қоғамымен бірлесе ғылыми-теориялық конференция өткіздік. Тақырыбы: «Қарнақ – орта ғасырлардағы ғылым-білім ордасы». Оған мүйізі қарағайдай талай ғалымдар қатысты. Академик Мекемтас Мырзахметов, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев бастаған 30-дан астам ғылым докторлары мен кандидаттары келді. Өзіміздің өңірден Сейдехан Әлібек, Зікірия Жандарбек, Құлбек Ергөбек сынды ғалымдар қатысты. Жиынды Құлекең жүргізді. Өзбекстандық бірқатар ғалымдар да осы жерден табылды. Ж.Артықбаев Қарнақты терең зерттеп жүрген ғалым ғой. Бұл ретте ол көптеген құнды деректер жариялады. Белгілі археолог, тарих ғылымдарының докторы Мұхтар Қожа да конференцияда өте мазмұнды баяндама жасады. Мақсатымыз – рухани жаңғыру бағдарламасы аясында туған жеріміздің тарихын терең білу. Келешекте Қарнақта белгі қою жоспарланып отыр. Сондай-ақ өсіп тұрғанына мың жылдан асқан тұт ағашы бар, оның айналасын абаттандырып, туристер келетін орынға айналдырсақ дейміз.

Енді осындай ғылыми конференцияны Хантағыда Хантағының тарихы бойынша өткізбекшіміз. Ол жерде ханның тағы бар, ол жайлы түрлі аңыздар да ел аузында жүр. Сәтін салса, конференцияны қыркүйек айына жоспарлап қойдық.        

– Ол конференциялардың пайдасы қайсы?

– Біз сол шаралардың қорытындысы бойынша ғылыми материалдар жинағын шығарамыз. Ол кейінгі зерттеулерге баспалдақ болады деп есептеймін. Әлгі жинақтарды ғылыми-зерттеу мекемелеріне, кітапханаларға жібереміз. Сол арқылы бұл зерттеулер қалың бұқараға қолжетімді болады. Әлі талай ғалымдар шығады ғой, университетте студент болып жүргендер ғылыммен айналысады.  

– «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының ішінде Елбасы «Жергілікті билік «Туған жер» бағ­дар­ла­масын жинақылықпен және жүйелі­лікпен қолға алуға тиіс. Туған жеріне көмек жасаған жандарды қолдап-құрметтеудің түрлі жолдарын табу керек. Осы арқылы қалаларды көгалдандыруға, мектептерді компьютерлендіруге, жергілікті жо­ғары оқу орындарына демеушілік жасауға, музейлер мен галереялар қорын байыта түсуге болады. Қысқаша айтқанда, «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналады» деген-ді...

– Алдағы қыркүйек айында атап өтілетін қала күнінде осы топырақтан түлеп ұшқан азаматтарды шақырып, мектептерге қол ұшын созуға ұсыныс жасап жатырмыз. Райымбек Сейітметов, Әшірбек Сығай, Сейдолла Бәйтереков сынды қазақтың маңдайалды перзенттерінің кіндік қаны тамған Кентау туған жеріне қолдау көрсететін азаматтардан кенде емес.   

– Биыл наурыздың басында мемлекет басшысы халыққа «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты үндеу жасады. Бұл ретте атап өтер қандай тірліктер бар?

Бірінші бастама: «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру». Бұл ретте «7-20-25» бағдарламасын халыққа барлығымыз түсіндіріп шықтық. Алайда ол бойынша бізде әзірге ешкім несие алған жоқ. Бірақ негізгі мақсат – қалайда баспанамен қамту. Сондықтан көпқабатты тұрғын үйлер құрылысын қарқынды жүргізіп жатырмыз. Тек облыс орталығының Түркістанға ауысуына байланысты қаражаттың бөлінуі азайып қалмаса болды.

Екінші бастама: «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту». Бұл бастама бүгінде халықтың күнкөрісінен оң көрініс табуда.

Үшінші бастама: «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту». Биыл жоғары оқу орнына түсу үшін мемлекеттік гранттар саны көбейді. ҰБТ көрсеткіші жөнінен Кентау соңғы 6-7 жылда 1-орын алушы еді, биыл 2-орынға түсіп қалдық. Биыл Отырар ауданы алдымызға шықты. Әйткенмен біздің оқушыларымыздың 70 пайызынан астамы грантпен оқуға түсіп жатыр.

Жатақханамен қамтамасыз етуге келсек, Кентау көпсалалы колледжінің жанынан 300 орындық жатақхана салынып жатыр, бір айдың ішінде құрылысы бітеді. №7 колледждің жатақхансы күрделі жөндеуден өткен. Ахуалы жақсы. Бізде мемлекеттік колледж – осы екеуі. Қалғаны жекеменшік. Медициналық, политехникалық колледждер дегендей. Бәрінің де жатақханалары бар.

Төртінші бастама: «Шағын несие беруді көбейту». Бұл туралы жоғарыда біршама айтып өттім ғой деймін.

Бесінші бастама: «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру». Біз үшін ең үлкен жағымды жаңалықтардың бірі – газдандыру жұмысы қарқынды жүріп жатыр.   

– Елбасы әрдайым өскелең ұрпаққа көп көңіл бөледі. Кентау – жасыл, әдемі, жастар қаласы. Өзіңіз де кезінде комсомолда еңбек еттіңіз. Қала жастарына байланысты атқарылып жатқан жұмыстар хақында не айтасыз?

– Жастар саясаты мемлекет үшін әрқашан маңызды саналады. Бізде 22 мыңға жуық жас бар. Соның 14 мың 700-дейі қалада тұрады. Бұрынғы кинотеатрды Жастар орталығы етіп құрып бердік. «Жастар ресурстық орталығы» мемлекеттік мекемесі деп аталады. Бірақ біз оны «Жастарға қызмет көрсету орталығы» деп аштық. Мұндай орталық Талдықорғанда Елбасының қатысуымен ашылған-ды. Әрине, олардыкі біздікіне қарағанда үлкенірек қой. Әйткенмен жастармен жұмыс істеу қағидасы ұқсас. Орталыққа бас сұққан кез келген жас өзінің барлық сұрағына жауап тауып, бос уақытын тиімді өткізіп қайтуы керек. Сол жерде жастарға бағыт-бағдар беруге қауқарлы кеңесшілер отыр. Олар кез келген мәселе бойынша, мемлекеттік әр бағдарлама бойынша кеңес бере алады. Мәселен, «Дипломмен – ауылға» атты бағдарлама бар. Оны жастар өз игілігіне қалай пайдалана алады? Кімге барып, арыз жазады? Оның қандай шарты бар? Бағдарламаға кімдер қатыса алады? Тұрғын үй мен жер телімін алу үшін не істеу керек? Кәсіпкерлік, оған байланысты қандай гранттар бар? Несиені қалай алуға болады? «Бинестің жол картасы» деген не? Міне, осы тақылеттес сан алуан сұрақтарға жауап алады. Кіреберісте консультативтік қызмет көрсетілсе, одан кейін дін жөнінде бір маман бар. Ол жастарды дәстүрлі діннің жолында ұстау, жат ағымдардың жетегінде кетіп, адаспауына жол бермеу сынды мәселелермен айналысады. Әрі қарай үлкен залға өтесіз, «дөңгелек үстел» өткізуге жағдай жасалған. Сахна тұр. Проектор арқылы бейнефильмдер тамашалауға мүмкіндік қарастырылған. бар. Тегін интернет, кішігірім кітапхана қарастырылған. Ағылшын тілін тегін оқытады. Шағын дыбыс жазу студиясы бар. Психологымыз бар. Шахмат, тоғызқұмалақ, теннис бар. Енді ғимараттың жанынан бұқаралық спортты дамыту үшін стритбол, воркаут алаңын ашпақшымыз. Жастар сол сырттағы алаңда жаттығады. Волейбол, баскетбол ойнайтын алаң саламыз. Қаражатын қарап қойдық. Қазір тендер өтіп жатыр. Орталықтың алдында субұрқақ, серуен құратын аллея бар. Оны да жөндеп қойдық. Яғни сол жерде қаланың жастары өз уақытын мазмұнды өткізуіне толық мүмкіндік жасалған.

Жастар мәселесімен айналысу үшін ауылдарға да қосымша штат бердік. Жалақыны осы жастар ресурстық орталығынан алады. Бас-аяғы мұнда 17 штат бар. Енді «ГАЗель» автокөлігін алып берсек деп отырмыз.    

– Көпқабатты үйлердің аулаларына да бұқаралық спортты дамыту мақсатында осы секілді алаңшалар салуға бола ма? Қазір Шымкент қаласы әкімдігі шамамен түгел дерлік аулаларға орнатып шықты ғой.

– Біз де сол үрдістен қалмай, стритбол мен воркаут алаңдарын салып жатырмыз. Былтыр – онын, биыл алтауын жасадық. Жыл сайын осылай он ауладан іске қоса береміз. Қазір көпқабатты үйлердің ауласына барғанда, халықтан ұялмайтын болдық. Сондай-ақ аулалардың ішкі жолдарын былтырдан бастап жөндеуге кірістік. Былтыр 6 ауланың, биыл 4 ауланың жолын жөндедік. Асфальттап, жиектас орнаттық. Аулалардағы «беседкаларды» да қалпына келтіріп жатырмыз. Ауланың көрінісі көзге тартымды болуы керек қой.    

– «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының орындалуында түйткілдер жоқ па? Көтермеақы мен тұрғын үй алуға несие беруде, мәселен.

– Алдыңғы жылы, былтыр екеуден еді сұраныс, биыл көбейді. Әзірдің өзінде төрт маманға жағдай жасадық. Жылдың соңына дейін тағы келетін шығар.

Сонымен қатар биыл облыс әкімінің тапсырмасымен бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін жастарға екіқабатты үш үй салып жатырмыз. Кентаудан – біреу, он пәтерлі, Байылдырдан – біреу, 12 пәтерлі, Хантағыдан – біреу, 12 пәтерлі. Ол үйлер тек қызметтік баспаналар болады. Яғни ауылға қызмет етуге барған мұғалім, дәрігер, учаскелік инспектор сол пәтерде тұрады. Бірақ жекешелендірілмейді.     

 

«Отбасылық бизнес деген үлкен болуы керек деп есептеймін»

 

– Экономика ғылымдарының кандидатысыз. Мемлекеттік қызметте жүріп ғылыммен айналысуға қалай уақыт тауып жүрсіз?

– Ғылыммен ертеректе айналыстым. Кандидаттық диссертацияны 1997 жылы қорғадым. Ол уақытта Қазығұрт ауданының әкімі едім. Тақырыбым аудандық деңгейдегі ауыл шаруашылығын басқарудың жаңа жүйесіне қатысты болды. «Проблемы управления агропромышленных комплексов в новых производственных условиях» деп аталады. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары нарықтық қатынас еніп, басқару жүйесінде көп проблемалар болды ғой. Ғылыми еңбегімде осы мәселелер қамтылды.

Негізі мен өзімді ғылымнан алшақпын деп санамаймын. 1998 жылдың ақпанынан 2002 жылдың қыркүйегіне дейін Шымкенттің іргесіндегі Тассайда орналасқан Оңтүстік Қазақстан Ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры болдым. Ол бұрын тәжірибелік станция-тын. Одан кейін Сарыағаш ауданына екінші мәрте әкім боп барардың алдында 2012 жылы бір жарым ай «Оңтүстік-Батыс мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің бас директоры лауазымын атқардым.    

– Мұны сұрап отырған себебіміз, көп шенеуніктердің ғылыми дәреже-атақ алуы сәнге айналған заман болды ғой. Талайы сол дүрмекпен кандидат, доктор атанып жатты. Тіпті диссертациясының тақырыбын білмейтін шенеуніктерді білеміз. «Өзі өмір-бақи мемлекеттік қызметте келе жатыр, сонда ғылыммен қай кезде айналысып үлгереді» деген ойға қаласың...

– Иә, ондай дүрмектің болғаны рас. Алайда К.А.Тимирязев атындағы Мәскеу ауыл шаруашылық академиясын бітірген ғалым-агроном болғандықтан, мен үшін нарықтық экономиканы зерттеу үлкен қызығушылығымды туғызды. 1991 жылғы тамыз бүлігіне дейін жоспарлы экономикамен өмір сүрдік қой. Көп ұзамай КСРО ыдырады. Аласапыран басталды. Елдің бәрі дағдарды да қалды. 1992 жылдың басынан әкімшілік жүйе еніп, мемлекеттік басқару мен экономика түбегейлі өзгерді. Нарықтық экономика ене бастады. Расы керек, оның не екенін ол уақытта ешкім ара-жігін ажыратып білмейтін. Сол кезде мен ізденіс жасап, экономика ғылымынан кандидаттық диссертация қорғадым. Әрине, ғылыми еңбегімдегі дүниені аспаннан алған жоқпын. Көзбен көргенімді, қолмен ұстағанымды қағазға түсірдім. Оған қызметтік тәжірибемнің де септігі тиді. Мәселен, 1992 жылдың тамызынан 1994 жылдың қаңтарына дейін облыс әкімшілігінің ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары болдым. Сол жылдары Зауытбек Тұрысбековтың бастамасымен «Шаруа» атты Оңтүстік Қазақстан агроөнеркәсіптік өндірістік-коммерциялық концернін құрғанбыз. Соның менеджмент және маркетинг бойынша вице-президенті болдым. Зәкең президенті болды. Кейін ол кісі облыс әкімінің 1-орынбасарлығына ауысқан соң, мен президенттің міндетін атқардым. Міне, осы сияқты жаңа құрылымдарда апробация жүрді. Менің ғылыми еңбегім осындай өзгерістермен байланысты. Бірақ докторлықты қорғамадым. Себебі оны қорғау үшін ғылымға біржолата бет бұруым керектігін түсіндім. Ал мен әкімдікте қызмет атқарған соң, оған мүмкіндік жоқ қой. Негізі, ғылыми еңбекті жазу үшін кешке 1 сағат уақыт тапсаңыз жеткілікті. Ең бастысы, материалды басыңызда пісіріп алсаңыз болды.   

Сарыағаш ауданын бір емес, екі рет басқаруыңыздың сыры неде?

– Сыры бар деп айта алмаймын. Облыстың басшылары ұсынғасын қарсы келе алмаймыз. Басқа астары жоқ. Сарыағашқа екінші рет әкім болып тағайындалғанымда «Оңтүстік-Батыс мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС бас директоры болып барғаныман бір жарым-ақ ай болған. Облыс әкімі шақырып алып: «Сол жаққа жіберемін» деді. Ойлануға бір күн мұрсат сұрадым. Ертеңіне «бармаймын» деп шешімді айттым да. Бірақ баруға көзімді жеткізді. 

– Әбдібақыт Мақұлбаев тек әкім ғана емес, бір шаңырақтың иесі де. Шағын мемлекетіңіз жайлы білсек бола ма?

– Жұбайым Гүлшат екеуіміздің 3 ұл, 1 қызымыз бар. Зайыбымның мамандығы – дәрігер. Алматыдағы медицина институтын бітірген. Қазір немерелерінің ортасында. Үлкен ұлымыз үйлі-баранды. Одан 2 немере сүйіп отырмыз. Өзінің жеке кәсібін жолға қойған. Екінші ұлымыз да шаңырақ көтерді. Астанада жұмыс істейді. Үшіншіміз – қыз. Әзірге тұрмысқа шыққан жоқ. Америкалық компанияда еңбек етеді. Бір айдай болды, Қазақстанға оралды. Бұған дейін аталмыш компанияның Прагадағы, Мәскеудегі офистерінде жұмыс істеген, қазір Астанадағы офисінде еңбек етіп жүр. Кенжеміз Астанадағы университетте оқиды. 4-курсқа өтті.      

– Перзенттеріңіздің Сіздің жолыңызды қуып, мемлекттік қызметші болғанын қалар ма едіңіз?

– Ең бірінші баланың қалауына қарау керек. Шынын айту керек, қазір көп жастар мемлекеттік қызметті қаламайды. Ұмтылмайды. Әлі де біздің өңірде ұмтылыс байқалады, ал анау солтүстік, батыс облыстарда мемлекеттік қызметке баратындар некен-саяқ. Кәсіпкерлікке көбірек мойын бұрады. Өзіміз ұзақ жылдан бері еңбек етіп келе жатқандықтан, дағдыға айналып кеткен. Алайда бизнес те оңай шаруа емес. Оған бейімділік болуы керек. Кәсіпкердің бәрі бірдей байып кетпейді. Жүйесін білмесең, тақырға отырасың.

Мен балаларымның ешбірін «мына салада еңбек ет» деп мәжбүрлеген емеспін. Үлкен ұлым банк саласында жұмыс істеді. Кейін «жеке кәсіппен айналысамын» деді. Мақұлдадым. Әйткенмен оларға білетініңді айтып, бағыт-бағдар беріп отыру керек. Кейде аздау айтып жүрмін бе деп ойлаймын. Уақыт аздау ғой отбасылық өмірге. Аптасына бір рет бала-шағаңызды көрсеңіз, көрдіңіз, көрмесеңіз...

– Пайғамбар жасқа келіп, зейнетке шықсаңыз, немен шұғылдануыңыз мүмкін? Бәлкім, бизнеспен айналысып көрерсіз.

– Кәсіпкерлікті қайдам! Ғылым кандидатымын, мүмкін, оқу орындарында ұстаздық етермін. Әрбір адам зейнеткерлікке дайындалып жүреді. Бізге де зейнет жасына көп қалған жоқ қой. Ауыл шаруашылығының маманымын. Бәлкім, сол салада тер төгіп көрермін.    

– Отбасылық бизнесіңіз бар шығар.

– Отбасылық бизнесім жоқ. Бірақ балаларымдыкі бар. Отбасылық бизнес деген үлкен болуы керек деп есептеймін. Және оны жүргізу үшін бәріміз жұмылып, соның басында отыруымыз керек. Ол жай нәрсе емес.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқандар: Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК, Дәурен ӘБДІРАМАНОВ.

Read 6655 times