Шымкентте Қазақстан мен Өзбекстан Республикаларының арасындағы өңіраралық бірінші ынтымақтастық форумы болып өтті. Қос мемлекеттің делегацияларын Бірінші Премьер-Министрлер Асқар Мамин мен Ачилбай Раматов бастады. Ал форумның басты тақырыбы - шекара маңындағы сауда-саттық пен инвестициялық және экономикалық қатынастарды дамыту. Форум барысында тараптар кең ауқымды мәселелерді, соның ішінде, Қазақстан мен Өзбекстанның іскер топтары мен өңірлері арасында өзара тиімді және практикалық ынтымақтастықты жолға қою мәселелерін талқылады. Бұдан басқа, экономиканың шикізаттық емес секторларындағы екіжақты өзара іс-қимылды дамытуға, екі елдің экспорттық əлеуетін ұлғайтуға назар аударылды.