ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙДІ АРЫСТАНБЕК МҰХАМЕДИҰЛЫ БАСҚАРСА...

Ұлттық музейде 4 жылдан аса уақыт басшы болып отырған Дархан Мыңбайдың таяуда ғана Қазақстан халық ассамблеясы төрағасының орынбасары болып тағайындалғаны белгілі. Ендігі жерде Ұлттық музейге жаңа басшы керек. Ел арасында бұл қызметке кім лайықты деген сауал бүгінде қызу талқыланып жатыр. Расымен де, елдегі ең үлкен музейдің басшылығына кім лайықты болуы мүмкін?

            Біздіңше, Ұлттық музейдің басшысы болуға бірден-бір лайықты тұлға – Арыстанбек Мұхамедиұлы. Біріншіден, Ұлттық музейге тағайындалмай тұрып 2012-2013 жылдары Дархан Мыңбай да Мәдениет министрі болған (ведомствоның ол кездегі атауы Мәдениет және ақпарат министрлігі болатын. Авт.). Сол себепті де бұл қызмет мәдениет министрі сияқты үлкен калибрлі шенеуніктің орны ретінде бағаланады. Екіншіден, соңғы бір жылда Мәдениет министрі А.Мұхамедиұлы төңірегіндегі дау-дамайдың, у-шудың қалай өрбігенін айтып жеткізу мүмкін емес. Билік осыны ескеріп, Арыстанбек мырзаға шамалы уақыт тынығуына мұрсат бергені дұрыс сияқты. Ал, тынығуға, өз-өзіне келіп, өмір туралы толғануға, тарихқа көз салуға музей басшылығы дегеніңіз таптырмайтын қызмет.  Үшіншіден, Арыстанбек Мұхамедиұлы бұл саланы оп-оңай басқарып кете алады деп ойлаймыз. Өйткені, өнер мен тарих астасып жатқан дүние. Ал, Арыстанбегіңіз өмір бойы өнер, мәдениет, тарих саласында еңбек етіп келе жатыр. Ол аз десеңіз, 2003 жылы кандидаттық диссертациясын аман-есен қорғап, тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми атағын алып алған болатын. Тіпті, 2011 жылы «ЮНЕСКО-мен ынтымақтастық аясындағы Тәуелсіз Қазақстанның өнері» тақырыбы бойынша докторлық диссертация қорғаған.

            Бұл біздің пікіріміз. Десек те, Ұлттық музейге кімді тағайындау керектігін Елбасының өзі шешетіні белігілі. Әйтеуір тарих, мәдениет, өнер саласынан хабары жоқ біреуді әкеліп отырғызбаса болды да...

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

ДАРХАН МЫҢБАЙДЫҢ ЕҢБЕГІ ЕЛЕНДІ

Сүйінші! Жерлесіміз Дархан Мыңбай бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлап отыр.


 

«Мемлекет басшысының Өкімімен Дархан Қамзабекұлы Мыңбай Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі қызметіне тағайындалды, ол Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайының директоры қызметінен босатылды», - делінген хабарламада.

Осыдан 25 күн бұрын ғана ақпараттық порталымызда «ДАРХАН МЫҢБАЙДЫҢ МҰХАМЕДИҰЛЫНАН НЕСІ КЕМ?» (http://aq-qara.kz/bilik-zhane-sayasat/item/109-darkhan-my-bajdy-m-khamedi-lynan-nesi-kem) деген тақырыпта кішігірім сараптау жасап едік. Нәтиже шыққанына қуанып отырған жайымыз бар. Білетіндер «Енді, сәтін салса, Дәкеңе бұл жерден облыс әкімі болып жол тарту түк те емес» деп болжам жасап отыр.

Ал бұрынғы басшы Ералы Тоғжанов Маңғыстау облысының әкімі болып тағайындалды.

Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК.

АУЫЛ КӨРМЕЙТІН ӨКІМЕТ

Соңғы кездері арқадағы үлкен шенеуніктерге деген елдің көңілі ала-құла. Өздерін де, ауыздарынан шыққан сөздерін де мазаққа айналдыратын болған. Тіпті, анекдотқа қосып айтып жүр. Билікте бедел қалмағанының белгісі бұл. Бұлай болуына көп жағдайда сол арқадағы кердеңдеген мемқызметшілердің өздерінен басқа ешкім кінәлі емес.


Бір депутат бір депутатты шапалақпен ұрып жатса, енді бірі бір жыл отырмай істі болып қамалып жатса, үшіншісі беделді өнер адамын сотқа беріп, алысып-жұлысып жатса елдің алдында қайбір абыройы қалсын. Елді ұшпаққа шығаруы тиіс кісілер клан-кланға бөлініп алып, өзара қырқысып жатса халықтың алдында сүйкімі кетпегенде не болсын. Бажайлап қарасаң, бұл өкімет халыққа соншалықты мән бере қарауды, көзге ілуді, жаны ашуды қойған сияқты. «Тобыр» деп қолды бір сілтейтіндей.

Бүгіндері Астанадан келген пәленше деген министр, министр демей-ақ қояйық, «замминистр» ел аралап, ауыл-ауылға барып, халықпен кездесіп, арыз-шағымын тыңдапты дегенді естіп пе едіңіз? Естімейсің. Келсе де, облыс әкімдерінің шақыруымен облыс орталығындағы бір ғимараттың лентасын қиюға, болмаса бүгін ашылып, ертең жабылатын «инновациялық» зауыттардың іргетасына бір күрек цемент тастауға ғана келуі мүмкін. Тіпті, кейбіреулері келіп кеткені үшін, бір ғимараттың лентасын қиып кеткені үшін біреулерден бірдеңе дәметеді екен дегенді естіп жүрміз. Естіген құлақта жазық жоқ. Бір сөзбен айтқанда біздің өкімет қалаға келіп, қаладан қайтатын – ауыл көрмейтін өкімет.

Обалы не керек, ауыл-ауылды, сай-саланы, өзен-көлді аралайтын бізде жалғыз ғана министр болды. Божков дейтін. Ол да сай-саланы соншалықты жиі аралар ма еді, араламас па еді, тура сол министр болған 7-8 жылда су тасқыны да, қар көшкіні де, бөгеттердің бұзылуы да жиілеп кеткен. Адам шығындары да көп болды. Әйтпесе Божкоңыз да соншалықты ел аралағысы келіп өліп қала жаздап жүрді дей алмайсыз.

Екі құлағы қатар шулап жүрген қазіргі Білім және ғылым минстрі Ерлан Сағадиев таяуда Шымкентке келіп кетіпті. Облыс әкіміне кіріп, білім саласына қатысты бір мәселелерді талқылаған көрінеді. Содан алды-артына қарамай Астанаға тартқан. Сонда не үшін келді? Неге аудандарға бармады? Кейбір аудандар мен қалалардың білім бөлімінің басшылары істі болып жатыр, мектептерде неше түрлі дау-жанжал, парақорлық, жемқорлық дендеп кеткен. Тіпті, білім басқармасында да басшылық қызметке қатысты у-шу басылар емес. Бұл мәселелердің Сағадиевке қатысы жоқ па? Әкіммен шәй ішіп кету үшін келген бе?

Ауыл-ауылды аралауы тиіс министрдің бастысы – Денсаулық сақтау министрі. Жаңа жыл өтісімен тағайындалған Елжан Біртановты ауыл тұрмақ облыс орталықтарының іргесінен де байқай алмай жүрміз. Министрліктің кадрлық жұмыстарынан қолы босамай жүр ме, әлде тағы бір реформамен басы қатып жатыр ма, білмейміз. Негізі провинцияларға барамын десе мәселе жеткілікті. Кеше ғана Оңтүстік Қазақстан облысында елді шулатқан оқиға орын алды. Түркістандағы психоневрологиялық орталықта жатқан 60-тан аса адамның туберкулезге шалдыққаны анықталды. Батыс елдерінде мұндай оқиға орын алса денсаулық сақтау басқармасының басшысы сияқты лауазымды қызметкерден бастап, министрге дейін масқара болып, қызметінен кетер еді. Алайда, бізде олай емес. Қызметінен кетпек түгілі, Түркістанға Денсаулық сақтау министрі де, осы диспансерге тікелей басшылық ететін Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі де келген жоқ. «Мынауымыз ұят болды-ау» деп науқастардың туған-туыстарынан кешірім сұрағанын да, ең болмаса қысылып-қымтырылғанын да көрмедік. Бар көргеніміз аталған екі министрлік пен ОҚО әкімдігі өкілдерінен құрылған комиссия ғана. Жоғарыдағы сұмдық жағдай неден орын алып отыр дейсіз? Әрине мұның бәрі қадағалаудың, тәртіптің жоқтығынан. Егер Елжан Біртановыңыз да, Тамара Дүйсеноваңыз да жиі-жиі аудандарға барып, өздеріне қатысты мекемелердің жағдайымен, жұмысымен танысып, аймақтардағы ахуалды өз көздерімен көріп жүрсе, мұндай сорақылықтар болмас еді ғой. Қатаң тәртіп, қырағы қадағалау болған жерде тәртіп те бұзылмайды, мәселе де туындамайды. Негізі, Сағадиев, Біртанов, Дүйсеноваларды бір-екі ай ауылда жіберіп, шынайы өмірге сүңгітіп алу керек сияқты. Сонда түсінер, елдің шынайы ахуалын.

Министрлерге деген өкпемізді қоя тұрып, облыстық деңгейге ауыссақ. Мәселен Оңтүстік Қазақстан облысын алайық. Обалы не керек, ОҚО-ға басшы болып келген әкімдердің біразы халықшыл болды. Қызметке кірісе салысымен ел аралауға кететін. Әсіресе Асқар Мырзахметовтің облыстағы аудандарды, сол аудандардағы ірі-ірі деген ауылдарды түгел аралап шыққаны әлі есте. Аралап қана қоймай, халықпен кездесетін. Арыз-шағымын тыңдап, тиісті сала басшыларына сол жерде мәселені шешуге тапсырма беретін. Одан кейін әкім болған Б:Атамқұлов та Мырзахметовке ұқсағысы келді. Ол да біраз ел аралады. Орысшалау Бейбіт әкім ауыл ақсақалдарының бір әзілін түсінсе, бір әзілін түсінбеген де шығар, бірақ-та мемлекеттің тамыры ауылда екенін білді. Халықпен кездесті. Шынын айтсақ, Жансейіт Түймебаевтан ондай белсенділікті әзірге көре алмай отырмыз. Орынбасарлары да елмен кездесуге соншалықты құлшынып тұрған жоқ сияқты. Мүмкін күннің жылынғанын күтіп жүрген шығар, кім білсін. Жаңа келген басшыға сын айтуға әлі ерте екенін білеміз. Алайда, аумалы-төкпелі мына заманда бір адамның бір орында қанша уақыт тұрақтап қалатыны белгісіз болып қалды ғой. Бейбіт Бәкірұлы да бір жылдан асар-аспас әкім болған кезінде Оңтүстік халқын жақсылап танып үлгере алмай кеткен болуы мүмкін. Ендеше, Түймебаев елді танығысы келсе, елге жақын болғысы келсе ауыл-ауылға барып, елдің жағдайымен танысып, ненің не екенін өз көзімен көргені абзал болар еді. Себебі, орынбасарлары мен басқарма басшыларының «сухой» баяндамалары шынайы өмірдегі жағдаймен сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Сөздің қысқасы, ел басқарған кісілер халықтан алшақтап кетсе сол халықтың киесі ақыры бір ұрады. Елдің наласы жібермейді. Халықтың тұрмыс-тіршілігіне, бірлігіне, саулығына жауапты болған соң, өзіңе сондай міндет артқан соң иығың ауыр жүкті көтере алатындай болуы керек. Әйтпесе, өзіңе көп алып қойсаң, белің қайысады. Тереңге батасың. Әкім болсын, министр болсын міндеті – елдің қамы болуы тиіс. Елді көрмесең елдің қамын қалай жасайсың? Әдемі ғимараттағы әдемі кабинеттен шықпай, ел басқарамын, халыққа сөзімді өткіземін деу – бос әурешілік. Халықтан алшақтамасаңыздар!

 

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Әзімбай ҒАЛИ, тарих ғылымдарының докторы, профессор, саясаттанушы: «КОРРУПЦИЯНЫҢ ЕҢ ҮЛКЕН ЗАРДАБЫ – ПАТРИОТТЫҚ СЕЗІМДІ ЖОЙЫП ЖІБЕРЕДІ»

«...Ана тілімді ұмытуға аз қалдым»

– Әзімбай Бейсетбайұлы, Сізді қоғамдағы кез келген оқиғаға сергек қарап, ой-көзқарасын ашық білдіретін белсенді саясаттанушы ретінде танығанымызбен, өзіңіз туралы мағлұматымыз тым терең емес. Сондықтан әңгімемізді сәл әріден бастасақ.    

– Кіндік қаным тамған жер – Алматы облысының Сарқан ауданына қарасты Бақалы ауылы. Арғы атам 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысқан кісі болған, сол жолда көз жұмыпты. Ал, бергі атам Ғали екі колхоздың құрылуына атсалысып, белсенділік танытқан екен. Тіпті кәмпескеге де қатысқан көрінеді, кітап жинапты. Байлардың кітабы көп болған ғой. Өкінішке қарай, саяси қуғын-сүргін біздің әулетті де айналып өтпеді. Кеңес өкіметіне адал еңбек еткендігіне қарамастан, атам мен оның ағасы Арынды «халық жауы» деп тұтқындапты. Арын түрлі желеумен ату жазасына кесілді. Ғали «итжеккенге» айдалып, Қиыр Шығыстан 1944 жылы аман-есен оралыпты. Дінге беріктігі болса керек, рухы мұқалмайтын, мықты адам еді. «Айдауда жүрсем де, ораза тұтып, намаз оқуымды үзбедім» – деп отыратын. Өмірінің соңғы жылдарында қатерлі ісік ауруына шалдықты, тіпті сол уақытта да оразасын тоқтатқан жоқ. Бір қызығы, өзі сталиншіл-тін, Сталинге шық жуытпайды. Ол аздай, бір кездері троцкишіл де болыпты. Керісінше, үлкен әжем – Ғалидің шешесі Сталинді иттің етінен жек көретін. Онысы түсінікті де: өкімет оның балаларына көрмегенді көрсетті ғой: халық жауы қылды, соғысқа алып кетті. «Сталин өлді» дегенді естіп, халық клубқа жиналып, қаралы жиын өткізгенде, әжем үйде отырып: «Ақыры Құдай алған екен ғой сені!..» – деп кіжінген екен.

Әкем Бейсетбай бар болғаны 3-ақ айлық курс оқып, бас есепші болып қызмет атқарды. Нархозды кейінірек сырттай бітірді ғой. «Аузы күйген үрлеп ішеді» демекші, ол кісі «саясат» деген сөзді аузына да алмайтын. Өйткені Ұлы Отан соғысына аттанғалы жатқанда, біреулер: «Мынау – халық жауының ұрпағы. Мұны майданға жіберуге болмайды, ертең бізді сатып жіберуі мүмкін» – деп, оны әскери комиссариаттан бірден күзетші айдауымен Қарағандыға жөнелтіп, еңбекке жегеді. Көмір шахтасында жұмыс істеп, тірі қалған. Ал, анам бастауыш сыныптың мұғалімі болды. Бүгінде екеуі де бақилық. Менен кейін інім, қарындастарым бар, бір шаңырақ астында алтаумыз өстік.   

– Кеңес дәуірінде тарихшы мамандығы мәртебелі мамандықтардың қатарынан саналатын. Тіпті шен тағып, шекпен киюдің алғышарты іспетті еді. Сіз нені көздедіңіз?

– Менің тарихшы болуыма немере ағам – Арын атамның ұлы Мұхтардың септігі тиді. Соның жөн сілтеуімен ҚазПИ-де білім алдым. Бірақ мен әу бастан-ақ саясатты емес, ғылым жолын таңдаған адаммын. Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң бір жылдай мектепте ұстаздық еттім де, 1974 жылы Қазақстан Ғылым академиясының Тарих, археология және этнография институтына машықтанушы-зерттеуші ретінде қабылданып, сонда аспирант, кіші ғылыми қызметкер болдым. Міне, содан бері ғылымнан алыстаған емеспін. Бүгінде Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетіндемін. Тарих мамандығы бойынша ағылшын тілінде дәріс оқимын. Одан бөлек шетелдік ғалымдардың дәрісін студенттерге сол мезетте орыс немесе қазақ тілдеріне аударып жеткіземін.

– Ағылшын тілін қайдан меңгеріп жүрсіз?

– Ол былай болған. Өзім қазақы отбасыда өстім. Алайда біздің ауылдың тұрғындарының жартысы орыстар болатын да, мектебіміз орыс тілінде оқытатын. Сол себепті мені орыс мектебіне беріпті. Бір қызығы, ауылымыз ортақ болғанымен, орыс пен қазақ етене араласпайтын. Орысшам да сондықтан нашарлау болды. Жазғы каникулдан оралғанда, орыс тілін ұмытыңқырап қаламын. Содан әлгінде айтқан Мұхтар ағам: «Мына түрімен ауылда жүре берсе, бұдан түк шықпайды. Алматыға оқуға алып кетемін» – деді-дағы, мені бір танысы арқылы ағылшын бағытында білім беретін арнайы мектеп-интернатқа орналастырды. Кеңес өкіметі кезінде Алматы мен Бішкек қалаларында ұшқыштарды дайындайды арнайы оқу орны болатын. Ұшқыштардың тілі ағылшынша емес пе?! Дәрісіміздің бір бөлігін сол оқу орнында жұмыс істейтін ағылшын тіліндегі шетелдіктер оқытады. Мұның зор пайдасы тиді: мектепте жүріп-ақ орыс және ағылшын тілдерін емін-еркін меңгеріп алдым. Аптасына бір рет демалысқа Мұхтар ағамның үйіне барамын. Қазақшам сонда ғана керек болады. Айтсам, сенбейсіз, сол жерде 8-сыныпқа дейін оқып, ақырында ана тілімді ұмытуға аз қалдым.

Кейін ҚазПИ-де де орыс бөлімінде оқыдым. Алайда сол жылдары қазақ студенттерінде ұлттық сана пайда болды да, қазақ газеттерін оқып, радиосын тыңдап, телеарнасын көріп, қайтадан қазақшаға бет бұра бастадым ғой. Қазір өзімді үштұғырлы тілді меңгерген қазақпын деп айта аламын.

 

«Мен бизнестен қорқамын»

– Әдетте демография туралы материал жазатын болсақ, Мақаш Тәтімовтің деректерін іздей бастаймыз. Сөйтсек, Сіздің ғылыми ізденістеріңіз де осы тақырыпта екен ғой. Жалпақ жұрт демограф екеніңізді біле бермейді...  

– Иә, менің кандидаттық және докторлық («Көпұлтты Қазақстандағы әлеуметтік-демографиялық үдерістер (1917-1991 жылдар)») диссертацияларым демография тақырыбына арналған. Бірін 1980 жылы, екіншісін 1995 жылы қорғадым. «Қалпына келтіру кезеңінің соңындағы Қазақстан халқы (1926 жылғы халық санағы материалдары бойынша)» атты кандидаттық диссертациямды 1897 жылдан 1926 жылға дейінгі аралықтағы халық санағына қатысты мұрағат пен баспасөз материалдарын салыстыра отырып жазып шықтым. Этнодемографиялық ұлттық құрамның өзгеру үдерістерін үнемі жіті бақылап отырамын. Мәселен, 1957-1958 жылдары еліміздегі қазақтың үлес салмағы бар-жоғы 28 пайыз ғана-тын. Дәлірек айтсақ, ұлттың болашағы бұлыңғырлау еді. Аллаға шүкір, қазір бұл көрсеткіш 67-68 пайызды құрап отыр. Яғни 40 пайызға өскен. Мен бұған не үшін қуанамын? Себебі, қазақ – демографиялық өсуі тұрғысынан да біраз соққы алған ұлт. Ол – ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, соғыс, тың игеру жылдарында басқа ұлт өкілдерінің қазақ даласын басып қалуы, т.б. Бүгінде республика аумағындағы қазақтың саны – 11 миллион. Бұған дейін Қытайдағы – бір жарым миллион, Моңғолиядағы – кем дегенде 100 мың, Өзбекстандағы – 1 миллиондай, Ресейдегі 780 мыңдай қандасымызды қоспағанда, осы топырақтағы біздің қарамыз ешқашан 10 миллионға жетпеген.

– Саясаттанушылыққа қалай келіп қалдыңыз?

– Қайта құру басталғанда шындықты айтуға деген сұраныс пайда болды. Сол кездегі қоғам белгілі бір саяси оқиғаларға баға беріп, көзқарасын білдіре алатын адамдарға іздеу сала бастады. Әсіресе, қазақ тілінде пікір айтатын сарапшыларға сұраныс жоғары-тын. Міне, осынау кезеңде мен өз ойымды ашық білдіре бастадым. Жаза бастадым. Бірте-бірте көпшіліктен «Әзімбай – саясаттанушы» деген баға ала бастадым. Әйтпесе бар болғаны Қазақстан тарихының маманымын. Демографияны түсіндіремін деп жүріп байқаусызда саясаттанушы болып кеттім ғой. Кейін жоғары оқу орындарында «Саясаттану» пәнінен дәріс оқыдым. Саясаттану саласы бойынша 3-4 шет мемлекетте іс-тәжіриеден де өттім.       

– Мамандана бастадым десеңізші.

– Дұрысы – хобби.

– «Турасын айтып туғаныңа жақпайсың», ақиқатты айтамын деп жүріп, дұшпан арттырып алған жоқсыз ба?

– Азаматтық көзқарасымды білдіргенім болмаса, мен саясатқа араласқан жоқпын. Бірде-бір партияға кірмедім. Билікпен тайталасқа барған емеспін. Оппозицияны да жақтамадым. Сол себепті биліктің жекелеген өкілдері мені онша ұнатпайтын. Оппозицияның да кейбір мүшелері: «Осы Әзімбай-ақ қорқақ...» – деп мені қалай бермейтін. Кім біледі, бәлкім, ата-бабаларым қуғын-сүргінді көп көргендіктен, олардың бойын билеген үрей менен әлі толық алыстамаған болар. Әйтеуір, екі жақтың да маған көңілі толмады, екеуі де өз командаларына алған жоқ. Мен де айтарлықтай ұмтылыс жасап, ықылас таныта қоймадым. Ешқайсысына да пәлендей уәде берген емеспін. Ақша да алмағанмын. Оның үстіне саясат дегеніңіз қайбір баянды тірлік дейсіз, жексұрын адам болғым келген жоқ. Мен өз жолымды білемін. Жолым – ұстаздық.  

– Бала-шағаңызға қандай тәрбие бердіңіз? Кім бол дедіңіз? Қай жолмен жүр дедіңіз?

– Бір ұл, бір қызым бар. Екеуі де – ғылым кандидаты. Екеуі де Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты оқу орнында ұстаздық қызмет атқарады. Шендері бар. Жұбайым – орта буынды медицина қызметкері. Бірақ бизнеспен айналысады. Өзінің дөңгелетіп жүрген шаруалары бар.   

– Ол бизнестің өркендеуіне Сіз де жәрдем беретін шығарсыз.

– Жоқ, мен бизнестен қорқамын. «Мені біреу алдап кетсе қайтемін? Біреу маған өкпелеп қалса ше?..» деген ойлар ол жаққа мойын бұрғызбайды. Әйтпесе шетелдік таныстарым: «Бизнеспен айналысайық» – деп талай рет ұсыныс жасаған.

 

«...Қазір араби фундаментализмнен қорқамыз»

–  Пайғамбар жасқа толдыңыз. Өмірден не түйіп жүрсіз? 

– Жас шағында адам: «Құдайға шүкір, биыл пәлен жасқа келдім. Келер жылы түген жасқа толамын» – деп жыл санайды. Ал, біз күн санаймыз. Анау айтқандай сырқатым жоқ, бірақ денсаулығыңа қатты мән бере бастайсың. Бұл ретте гимнастика жасаймын, көбірек жаяу жүремін, қан қысымымен ауыратындықтан, дәрі-дәрмекті уақтылы қабылдаймын.   

Ал, «Не түйіп жүрсіз?» дегенге келсем, ұлтымның жанашыры, ғалым ретінде мені алаңдататын жайттар жетерлік. Ол жөнінде соңғы уақытта бірнеше мақала жазып, жариялап жүрмін. Басым бөлігі – орыс тілінде. Менің бір досым: «Әзімбай, «Сentrasia.ru» деген – қазақты жақсы көрмейтін сайт. Қазақты жамандамай-ақ сен сол сайттан көрініп жүрсің» – деп әзілдейді. Көбінесе ұлттық үрдістерге байланысты жазамын. Араб, ағылшын тілінде жарық көретін басылымдарды көп оқимын. Қазақстанда бар проблемалар өзге елдерде қалай шешімін тауып жатыр? Соны іздеймін. Айталық, сыбайлас жемқорлық. Бір қызығы, коррупция барлық мемлекетке тән және онымен күреспейтін ел жоқ екен. Сондай-ақ сыбайластықпен күресу жолдары да бәрінде бірдей екен. Кеше хусит атты діни тайпа Йеменді басып алды. Сонда заңды билікті қорғайтын ешкім болмапты. Хусит дегеніңіз – шейіттер. Ал, Йемен билігі – сүнниттердің қолында. Енді сұрақ туындайды? Неліктен сүнниттер мемлекет басында отырған жақтастарын қасық қаны қалғанша қорғамады? Сөйтсем, мұндағы басты фактор сыбайлас жемқорлықта – ұрлықта екен. Йемендегі сүнниттердің өз ішінде «Анау ұрыны мен неліктен қорғауым керек?!» деген түсінік бар. Коррупцияның ең үлкен зардабы – патриоттық сезімді жойып жібереді.

Атап өтер тағы бір мәселе, қазір Араб елдері – үлкен дағдарыста. Жаппай қаруланып жатыр. Ал, қарулану дегеніңіз – саясаттың үлкені. Бұрын Усама бен Ладеннен қорықсақ, қазір араби фундаментализмнен қорқамыз. Қазіргі таңда фундаментализмнің зауалын Ирак көріп отыр. Бұл елдің халқы сүннит пен шейіт болып бөлінеді. Екеуі әлі күнге дейін мәмілеге келер емес, кезек-кезек бір-бірінің мешітінде жарылыс ұйымдастырып, жермен-жексен етіп отырады. Пәкістанда да – сол көрініс. Ол жақта тіпті сүнниттің өз ішінде алаауыздық бар. Мың жерден екеуінде де сүнниттер мекендегенімен, бір ауыл екінші ауылға қыз бермейді...       

Пайғамбар жас демекші, 3-4 жылдан бері өздігімше араб тілін үйреніп жүрмін. «Skype» деген бағдарлама бар, күн сайын бір сағат шетелдік достарыммен ағылшынша сөйлесемін. Одан арабтарға жалынамын «Менімен арабша сөйлесші!» деп. Өкінішке қарай, арабтар өз тілдерін менсінбейді. Мысалы, бұрын Францияның отарында болған Алжирдің өздерін білімді орта санайтын аға буын зиялылары французша сөйлеседі. Ал, қалың бұқара араб тілінде түсініседі. Жастар ағылшын тілін қош көреді. Әрине, мұсылман болғанымен, араб тілін жек көретіндері де табылады. Мысалы, берберлер.

Сол іспетті Иракта ұлты күрд таныстарым бар, оларды да «Кішкене арабша сөйлесейікші!» деп қолқалаймын. Тілді біледі, бірақ сөйлесуден үзілді-кесілді бас тартады. «Неге? – деймін. – Ирак араб мемлекеті емес пе?» Сөйтсем, Күрдістан Ирактың құрамындағы автономия болғандығы үшін араб тілін жек көреді екен. Содан «Ол – Құранның тілі, Мұхаммед пайғамбарымыздың тілі, оның Иракпен араңдағы саясатқа ешқандай қатысы жоқ» – деп түсіндіре бастаймын. Ұстанымын өзгерте алмадым. Тағы бір мысал келтірейін, Дубайдағы болдым-толдым деген араб өзінің баласымен ағылшынша тілдеседі. Олардың ойынша, араб тілі – қарапайым халықтың тілі. Дәл сол сияқты Дубайда, Сауд Арабиясында еңбек етіп жүрген пәкістандықтар әлі күнге араб тіліне шекеден қарайды. Шала-пұла меңгерген ағылшыншасымен жүр. Араб тілін арабтардың өзі қаламай тұрғанда, өзгелерден не үміт, не қайыр?!

Рас, бір қарағанда, біздегі жағдайға ұқсастау көріністей әсер қалдырады. Бірақ мен ондай ойдан адамын. Себебі, қазақ тілінің мәртебесі біртіндеп жоғарылап келеді. Бүгінде қазақ балаларының 13 пайызы ғана орыс мектебіне барады. Қазақша оқитын қазақтың саны жылына 1 пайызға жуық көбеюде. Тіпті өзге ұлт өкілдерінің өзі қазақ мектептеріне барып жатыр.

Енді күнделікті жұмыс барысында байқағанымды айтайын: бұрындары шәкірттерім орыс тілінде сайрап тұратын, соңғы жылдардағы студенттерімнің орысшасы нашар. Есесіне қазақшасы мен ағылшыншасына мін таға алмайсыз.

Тілді меңгеруге қатысты өзгерістерді осы күндері өз немерелерімнен де аңғарып жүрмін. Әке-шешесі «Ағылшын тілін үйретіңізші!» деген соң, жұмыс істеп көрмек болдым. Үлкен немерем 7-сыныпта оқиды, Астанада-ақ туып-өскен. Ата-анасы қаражаяу адамдар емес. Әжептәуір қызметте. Сенесіз бе, сол немерем қарапайым ғана «мұрын», «бет» сөздерінің орысша аудармасын білмейді. Содан орыс тілін үйрететін мұғалім жалдадық. Бұл нені көрсетеді? Өзге тілдерді жұтып жіберетіндей мемлекет тарапынан жойқын саясат жоқ. Әйтсе де түптеп келгенде, халық ұлттық үрдістерді, өзінің бағытын таңдады. Және ең бастысы, қазақтың ұлтжандылығының сипаты бөлек. Мәселен, армяндар – өте ұлтжанды халық. Бірақ айдың-күннің аманында атамекенін тастап, Ресейге, АҚШ-қа, Еуропаға көшіп жатыр. Өз елінде азайып барады. Ашаршылық жоқ, қысым жоқ. Армения халқының 95 пайызы – армяндар. Бүйтетіндей басына не күн туды?!

– Мақсаты не?

– «Арменияны құртпаймыз, шетелде жүріп-ақ қорғаймыз» – дейді. Көшуге әсер ететіндей фактор емес қой бұл. Кім кімнен қорқар дейсіз?! Жарайды, Франция Парламенті ғимаратының алдында митинг ұйымдастырар. АҚШ-та айқай салар. Бұл мемлекеттердің өз проблемасы да аз емес. Біреудің отанын біреу қорғамайды. Грузиндер де солай. Грузияны қорғауға әлемді жегіп қойғысы келеді. Халқының саны жөнінен Қытайды басып озған Үндістан халқы да шала-шарпы ағылшынша сөйлесе, өзге елге кете барады. Мұндай құбылыс Ресейге де тән. Әжептәуір кәсіпкерлерінің өзі «Менің тірлігім оңалмай жатыр» дейді де, шетелге оп-оңай көше салады. Ісі сәтсіз болса, елді кінәлі деп есептейді. Егер осы елдердегі сыртқа қоныс аударып жатқандардың бәрі бірдей қараңғы халық десеңіз, қателесесіз. Олардың арасында білімділері жеткілікті. Мұның соңы мемлекетті құраушы халықтың сапасының төмендеуіне әкеп соғары сөзсіз. Басқаша айтсақ, мемлекет өз локомотивінен айрыла бастайды.

Ал, қазақтың дүниетанымы басқаша. Мысалы, Қытайдағы, Моңғолиядағы, Өзбекстандағы қазақтар нешеме ғасырдан бері өмір сүріп келе жатқан елін-жерін тастап, Қазақстанға оралып жатыр. Қандай қиын заманды басынан кешірсе де, қазақ атамекенін ештеңеге айырбастамайды. Қазақтың ұлтжандылығы ешқандай үгіт-насихатсыз-ақ мықты. 1928 жылдан 1934 жылға дейін ашаршылық болған. 1936 жылы-ақ Қытайдағы қазақтар кіндік қаны тамған жерге қайта келе бастаған екен. Әйтпесе қазақ даласы ол уақыттарда мамыражай күй кешіп жатқан жоқ-тын. Саяси қуғын-сүргіннің өршіп тұрған тұсы. Соған қарамастан, туған жеріне оралды. Қазақтың санасы – атамекенді сақтау. Қазақ атамзаманнан қанына сіңген «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген қағиданы бір сәтке де жадынан шығармайды.

– Елбасы бір Жолдауында «Таяудағы жылдар жаһандық сынақтардың уақыты болады. Әлемнің бүкіл архитектурасы өзгереді. Барлық елдер осы күрделі кезеңнен лайықты өте алмайды» деді. Халықаралық қауымдастықтың бір бөлшегі ретінде Қазақстан осынау үдерістердің теріс ықпалынан қайтсе аман шығады?

– Қазір постиндустрияландыру заманы. Батыс елдерінің 70-80 пайызы индустрияны доғарды. Мысалы, Ұлыбританиядағы бұрын кеме жасайтын аумақта қазір банк, қонақүйлер, ғылыми-зерттеу орталықтары, т.б. тұр. Әзірге біз индустриялық бірінші бесжылдықты артқа тастадық. Енді ескеретін жайт, не жаңа технологияға күш салуымыз керек, не қызмет көрсету саласын дамытуымыз керек. Бұл – бір. Екіншіден, әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, тез дамыған мемлекеттер прогресс үшін міндетті түрде бір құндылықты құрбан етеді. Мәселен, Оңтүстік Корея қысқа мерзім ішінде қарыштап дамыды. Алайда бұрын буддизм дінін ұстанып келген корейлердің 40 пайызы шоқынды. Мен будда монахтарымен сөйлестім, «Буддизмнің жұрнағы да қалмайтын шығар» деп жылап жібере жаздады. Есесіне корейлер ана тілінің мәртебесін биіктетуге ерекше мән береді екен. Оңтүстік Кореяның жоғалтқан тағы бір құндылығын «электричкасына» мінгенде байқадым. Анадай жерде 90 жастағы 2 шал тұр, 3 бала отыр, әлгі қариялардың жасын сыйлап, біреуі де орын берген жоқ. Корейлерді ізетшіл халық деп ойлаушы едім, мұның мәнісін білейінші деп, шалдардың қасына жақындадым. «Он шақты жылдың жүзі болды, үлкендерге құрмет азайып кетті. Мыналар – отбасында жалғыз өскен өзімшіл балалар. Айналасының бәрі бәйек болып, сол баланың асты-үстіне түседі. Міне, сол тәрбиенің нәтижесі» дейді.

Бүгінде шоқынғандардың қарасы Қытайда да 40 пайыздан асып кетті.          

Таиланд туризмнің арқасында жылдам гүлденген мемлекет саналады, өкінішке қарай, туризмнің барлығы көргенсіздікке негізделген. Әуежайдан түскен бетте жезөкшелер қолыңыздан ұстайды. Еркек дейсіз бе, әйел дейсіз бе, қалағаныңызды тауып береді. Тіпті өрімдей балаларын да жаман жолға итермелеу олар үшін ұят емес. Ақша үшін немесе кедейшіліктен осылай істеп жатыр деп айта алмаймын. Себебі, өндіріс ошақтары Таиландта жеткілікті.

Вьетнам қарқынды даму барысында өзінің төл жазуынан – иероглифінен айрылып қалды.

Соңғы уақытта «Қазақстанға үлгі бола алатын ел – Малайзия» деп жүрміз. Бірақ малайлар әсіреұлтшыл, соның салдарынан халқының бір бөлігі безіп кетті. Мысалы, Сингапур мен бірқатар сұлтанаттар өз тәуелсіздігін алуға мәжбүр болды. Ал, үлгі алатын тұстары, Малайзия халқы ағылшынша еркін сөйлейді, алайда араб тілі мемлекетте маңызды тіл деп есептелінеді. Мұндағы мақсат – халықты Исламның негізінен алшақтатпау.

Жалпы, өз басым әр мемлекет өзінің даму моделін өзі қалыптастыруы керек деп есептеймін. Біз де тез дамып келеміз. Энергоресурстарымыз баршылық. Меніңше, қоғамның трансформациясы жылдам жүріп жатқан заманда отбасылық-рухани мәселелерде мейлінше консервативті болып, дәстүрді берік сақтауымыз керек, әйтпесе құндылықтар қалмайды. 

Қазір жас ұрпақтың алдында «Үш тұғырлы тіл» деген мәселе тұр. Яғни сіздің балаңыз жан-жақты дамуы үшін ана тілінен бөлек орыс, ағылшын тілдерін игеруі тиіс. Өзге тілді үйретуде барынша сақ болған жөн. Мәселен, ағылшын жазушысы Даниель Дефоның «Остров сокровищ» атты кітабын түпнұсқадан оқып шықтым, Інжілге жиі-жиі сілтеме жасайды. Егер адамның діни ұстанымы толық қалыптасып болмаса, сонда жазылғандардың жетегінде кетуі әбден ықтимал. Жалпы, ағылшын тіліндегі шығармаларда протестанттық, христиандық құндылықтар көп насихатталады...

Сонымен қатар қазір Қазақстанда дүниеге келген сәбилердің 24-25 пайызы некесіз туылатыны да қоғамды ойландыруы керек. Әлеуметтік қадағалау азайып барады. Мысалы, бұрын «Оқудан шығып қалсам, ауыл не дейді?» деген ойдан менің төбе шашым тік тұратын. Яғни қорқатын факторым, тежейтін ортам бар-тын. Оның үстіне ауыл рулық негізден тұратындықтан, ұлға да, қызға да тыйым жасап отыратын. «Не істеп жүрсің?» деп сұрайды. Әке-шешенің «санкциясы» тағы бар. Қарапайым мысал: Бала күнімізде үш бала болып жертөлеге тығылып, қағазды темекіге ұқсатып орап, шегіп отырғанбыз. Көршінің әйелі көріп қоймасы бар ма?! Масқара, ұсталып қалдық. Құдды ұрлық жасағандай күй кештік. Ұрысты. Сол ұялғанымнан әлі күнге дейін темекі тартпаймын. Тежеу, қадағалау деген – осы. Бүгінде қазақтың 55-57 пайызы қалада тұрады. Қадағалаудың формасы өзгерді немесе азайды десе де болады. Дәстүрді бұзғаны үшін, опасыздық жасағаны үшін, т.б. жағымсыз қылықтары үшін жаза жоқ. Қоғамда немқұрайдылық басым. Әркім өзімен-өзі. «Күл болмасаң, бүл бол» дейтін ниет байқалады. Сондықтан жаһандық сынақтарға төтеп беру үшін біз ең алдымен руханиятымызды жөнге салып алуымыз шарт.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК.

МЕМЛЕКЕТТІК АППАРАТ «ЖЕТІ БАСТЫ АЙДАҺАР» ІСПЕТТІ МЕ?

«Борсық ұрған сайын семіреді» демекші, «Мемлекеттік қызметшілердің қарасын сирету керек» деген сайын олардың қатары қалыңдап барады. Былтыр Президент Әкімшілігінің Басшысы Әділбек Жақсыбеков те дабыл қақты. Ол министрліктердегі қызметкерлердің санын қысқартуды ұсынды.


 

«Мемлекеттік органдардағы өзекті мәселенің бірі – кадрлардың тұрақтамауы. Сол себепті көптеген лауазымдар біраз уақыт бос тұрып қалады. Үшінші тоқсанның қорытындысына үңілсек, Қаржы министрлігінде – 970, Ұлттық экономика министрлігінде – 900-ден астам, ал Ауыл шаруашылығы министрлігінде 280-нен аса орынның бос екені байқалды. Бұл фактор мемлекеттік аппараттың тұрақтылығына кереғар әсер етіп, қалған қызметкерлерге күш түсіреді, ал бұл өз кезегінде жұмыстың сапасынан көрініс табады. Демек, бізге «Мұндағы гәп неде? Неліктен бос жұмыс орындары көп?» деген тұрғыда толық талдау жүргізу керек. Бәлкім, әлгі министрліктердегі штат санын қысқарту қажет шығар» дейді «АП-ның» басшысы. Және мұндай түйткіл өңірлерде де бар көрінеді.

Жалпы, Ә.Жақсыбековтің сөзінің жаны бар. Өйткені халықаралық тәжірибе мен қазақстандық статистика мемлекеттік қызметшілердің саны мен елдің экономикалық өрлеуі арасында тұрақты байланыс бар екенін көрсетіп отыр. «Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, мемлекеттік сектордың шығыны жалпы ішкі өнімнің 22 пайызын құрайды. Егер бізде бұдан бөлек «Самұрық-Қазына» секілді басқа да бюджеттен тыс қорлардың, яғни квазимемлекеттік сектордың бар екенін ескерсек, аталмыш көрсеткіш 30 пайызға дейін жетеді. Оның үстіне экономикамыздың 20-25 пайызы көлеңкелі саналады. Анығырақ айтсақ, экономикалық өсім қарқынының құлауын, біздің пайымдауымызша, экспорттық тауарлар бағасының құлдырауымен ғана емес, мемлекеттік қызметшілер санының артуымен де түсіндіруге болады» дейді экономика ғылымдарының докторы Қайырбек Арыстанбеков. Сарапшы олардың санын кезең-кезеңімен қысқартып, бүкіл күшті индустриялық-инновациялық бағдарламаға шоғырландыруды ұсынып отыр. Экономист-ғалым «Егер мұндай қадамға бармаған жағдайда келешекте экономикалық ахуалдың нашарлайды. Ол уақытта мұнайға қатысты ірі жобалардың өзі мемлекетті тығырықтан алып шыға алмайды» деген болжамын да жасырмады.

Қ.Арыстанбековтің дерек-дәйектері рас болса, шынында біздің билік ертерек қамданып, оң нәтиже шығаруы тиіс-ақ. Өкінішке қарай, мұны жүзеге асыру әзірге қиынға түсіп тұр. Жалпы, мемлекеттік қызметшілер қысқартылмай жатқан жоқ, әрекет бар, бірақ бір қызығы, кезекті әр қысқартудан кейін көп мерзім өтпей, штаттар қайтадан ұлғайып шыға келеді. Тіпті аталмыш мәселеге Елбасының өзі алаңдай бастады. Президенттің бастамасымен соңғы он жылда отандық мемқызмет жүйесінде бірқатар реформалар жүргізілуін жүргізілді-ау, алайда бәрібір «ат айналып қазығын таба беретіні» түсініксіз. «Біз министрліктерді, комитеттерді, агенттіктерді қысқарттық. Ал шенеуніктерді қысқартпадық. Қызық, иә? Құдды суға батпайтын кеме іспетті. «Самұрық-Қазынадағылар» өз қызметкерлерін қысқартып жатқанын айтады. Алайда ешкім ешқайда кетіп жатқан жоқ. Бәрі – өз орындарында. Керексіз адамдардың біразы отыр. Бір бөлімде жеті адам болса, соның екеуі ғана жұмыс істейді, қалғандары солардың мойнына мініп алған. Қалайша бұл түйткілдің түйінін тарқата алмайсыздар?». Алдыңғы жылы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Н.Назарбаев осылай деген-ді. Әйткенмен үнемшілдікке үндеген Елбасының сөзі шенеуніктердің қыртына да кірмейтін сияқты. Қыртына кірсе, «ҚазМұнайГаз ҰК» АҚ-ның басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев өзінің қосшыларының санын көбейтпес еді. Қайбір күні бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жариялаған ақпаратқа сенсек, компанияның жаңа басқарушылық құрылымының штатына компания президенті (басқарма төрағасы), оның орынбасары, 3 атқарушы вице-президент, 11 аға вице-президент, 8 «жай» вице-президент, 6 басқарушы директоры кіреді екен. Сұмдық қой! Қаптаған орынбасарлар не істей береді сонда?

Былтыр республика бойынша мемлекеттік құрылымдардағы сіз бен біз асырап отырған қызметкерлердің саны 100 мыңға жуықтағаны және олардың күнкөрісіне жылына 600 миллиард теңге жұмсалатыны жайлы хабарды құлағымыз шалып еді. Осыған орай, кейбір басылымдар «17 миллион халқы бар елге соншама атқанамінердің қажеті не?! Олардан келіп-кетер пайда қайсы?» деп алаңдаушылық танытқан-ды. Сөйтсек, танымал саясаттанушы Расул Жұмалы «100 мың дегеніңіз нақты дерек емес. Өйткені ол тізімде квазимемлекеттік сектордағы, мемлекеттік органдар құрамынан қағаз жүзінде шығарылғанымен, шын мәнінде шенеунік болып есептелетін бақылаушы құрылымдардағы, түрлі ұйымдар мен компаниялардағы, кәсіпорындардағы қисапсыз қызметкерлер қамтылмаған. Мейлі, 100 мың-ақ бола қойсыншы, бірақ бәрібір біздікі әлемдік орташа көрсеткіштен жоғары, – дейді. – Мәселен, Жапонияда 130 миллион адам тұрады, ал шенділерінің саны 100 мыңнан асар-аспас. Яғни 17 миллион халқы бар Қазақстандағыдай. Кеңес заманында біздің елдегі шенеуніктердің саны 15 мыңнан аспайтын. Бәлкім, осынау жөнсіздікті түсінгендіктен шығар, билік 90-жылдардан бері мемқызметшілердің санын қысқартуға уәде етуден жалыққан емес. Бірақ парадокс! Күні бүгінге дейін олардың қатары қалыңдап келеді. Иә, жекелеген ведомстволар оңтайландырылды, бірақ іле-шала пәленбай штаты бар жаңа мекеме құрылып жататыны өкінішті. Және әрдайым ашықтық пен тиімділіктің орнына астаң-кестең көріністі байқаймыз. Тағы да сол бір-бірінің қызметін қайталау, кадрлар мен тумысынан жауапкершілік дегеннен жұрдай бастықтарды сапырылыстыру... Ал шындығында халықаралық тәжірибе ақжағалылардың санын көбейту жағдайды жақсартпайтынын дәлелдеп отыр. Мысалы, Халықаралық қайта құру және даму банкі түзген рейтинг бойынша Қазақстан мемлекеттік басқару сапасы жөнінен көптеген өлшемдер жөнінен 5-6 балды иемденіпті. Бұл ретте 1 балыңыз – жақсы, ал 7 балл нашар көрсеткіш саналады. Аталмыш тізімде «жетілік» ширек ғасыр бойына соғыстан көз ашпай, тіпті «қарақшылар жағалауы» аталып кеткен Сомалиге бұйырған екен».

Мемлекеттік басқару демекші, біздің атқарушы билік істен гөрі, қағазбастылықпен айналысқанды құп көретіндей әсер қалдырады. Тіпті оны бір кездері Президенттің өзі де «Соңғы жылдары министрліктердегі ішкі құжат айналымы 3-4 есе өскен» деп сынаған-ды. Кейде «Осы шенеуніктердің қағазбастылыққа құмарлығы мемлекеттің дамуын тежеп отырған жоқ па? Қағазбастылықтың астарында халықтың мүддесінен гөрі қарақан бастың қамы жатса ше?» деген де ой келеді екен. Әйтпесе неге министрлердің жалақысы 700-800 мың теңге болуы тиіс те, ал мұғалім мен дәрігер 70-80 мыңды қанағат тұтуы керек?

Шенеунік көбейген сайын сыбайлас жемқорлық та етек жайып бара жатқандай ма, қалай? Парақорлыққа байланысты «жетістіктеріміз» естен тандырады. Бұл мәселе бойынша шығарылатын халықаралық рейтингілердің ешқайсысында позициямыз кісі қызығарлық емес. Әлде шен-шекпенділердің бәрін жылы бөлмелерінен, жұмсақ креслоларынан бір шыбықпен айдап шығып, билікке мүлдем жаңа тұлғаларды әкелу керек пе екен? Мың жерден жемқордың талайының қолына кісен салынып, талайының дүние-мүлкі тәркіленіп жатса да, жазадан сабақ алмайтын шенділердің әрекетін көргенде осылай таусыла сөйлеуге ерік береді екенсің.

Шенеуніктер елдің өсіп-өркендеуін ойласа, қызметтік көліктерін шетелден алдырмай, отандық өндірістің өніміне қол созар еді; қалың бұқараға тигізер көк тиын пайдасы жоқ «күлтөбенің басында күнде жиын» өткізуден тыйылар еді; жаңа лауазымға тағайындалғанда жұмыс бөлмесін жөндеуге, оны жиһазбен толтыруға қыруар қаржыны шашпас еді; түрлі керексіз іссапарларды шектер еді... Егер осыларға кеткен ақшаның басын құрасаңыз, тау тұрғызуға жарайтынына сеніміміз кәміл.   

Сонда не істемек керек? Жаһандық дағдарыс болса, анау: аузын кере қарыс ашып, жұтынып тұр, оған теңгенің құнсызданып, нарықты жаппай қымбатшылық жайлағанын қосыңыз. Мемаппаратты қашанғы өбектей береміз?! Сөзіміздің басында айтқанымыздай, Ә.Жақсыбековтің министрліктердегі штат санын қысқартуды тілге тиек еткені, әй, бекер емес-ау. Алайда белгілі экономист Уәлихан Төлешовтің пікіріне сүйенсек, қуануға әлі ертерек сияқты. «Жаңа бағдарламалар мен жобалардың дүниеге келуі, интеграциялық саладағы ұйымдар қатарының артуы, өзге мемлекеттерде елшіліктеріміздің ашылуы секілді т.б. мәселелер көптеген мамандарды талап етеді. Шенеуніктер штатының үнемі толығып отыруының себебі – осы. Оның үстіне атқарушы билік Парламентке толық бағынышты емес. Заң шығарушылар мен қоғам өкілдері, сот билігі мен БАҚ тарапынан оны бақылау өз деңгейінде емес. Етек-жеңін қымтап, жабық түрде жұмыс істеу арқылы мемлекеттік аппарат мүлдем тиімсіз, сыбайлас жемқорлыққа бір табан жақын жаңа құрылымдарды оп-оңай өрбітіп жатыр» дейді ол. Шенділердің тым артықтығын айтқан сарапшы білікті басшы кадрлардың тапшылығы сезілетінін де жасырмады: «Басшылардың арасында, әсіресе, ұйымдастырушылық қабілеті зор мамандар аз. Парламент депутаттары бұл құбылысқа түк те ықпал ете алмайды, өйткені олар бюджетті талқылаудан әрі аспайды».

Сондай-ақ У.Төлешов айтуынша, атқарушы билік өкілдерінің өздерін басқарушы тап ретінде ұстап, буржуазияға жатқызатын көрінеді. «Қазіргі министрлердің көбісінің мультимиллионер саналуы да кездейсоқтық емес. КСРО-дағыдай Қазақстандағы бюрократтар да өзінше бір тапқа айналды. Тек соларға арналған шағынаудандар, ВИП-демалыс орындары, ВИП-дүкендер, ВИП-көліктер, дәлірегі, өз инфрақұрылымы бар. Иә, жалақысы аз шығар, бірақ әкімшілік ресурс арқылы түрлі мөлшердегі пара есебінде қомақты табыс табады. Сондықтан бір саланың тізгінін ұстаған шендіні қалталылардың қатарына қоса берсеңіз болады. Мысалы, жол құрылысына жауапты шенеунік өзінен тапсырыс алатын құрылыс фирмаларымен тонның ішкі бауындай...» дейді ол.

Сонда «АП-ның» басшысы меңзеген «госаппаратты» ықшамдаудың амалы қайсы? Біздің ойымызша, қанша тер төккенмен, «баяғы жартас – бір жартас» күйді елестететін мәселені шешуде әкімшілік шаралармен шектелу аз. Оңтайландыру да немесе соған ұқсас басқа әрекеттер де, бәлкім, Ата заңға кешегі енгізілген өзгерістерден кейін жүзеге аса бастайтын шығар. Елде осындай демократиялық реформалар үдерісі басталмайынша, қалыптасқан ахуалды өзгертіп, сірескен сеңді қозғалта алмайтынына жалпақ жұрттың көзі жетіп қалып еді. Реформаның, әсіресе, заң шығарушы биліктің рөлін күшейтуден басталғаны да жөн болды. Себебі Парламенті мықты мемлекеттердің барлығында депутаттар саяси таразының басын теңестіріп, билік тармақтарының баршасын ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында ұстап, ұдайы көзінен таса қылмай отыратынын аңғарып жүрміз. Үкімет жетекшісін де Парламенттің тағайындап, бақылап отырғаны дұрыс болар еді. Бәлкім, бұл ретте АҚШ-тың мемлекеттік басқару үлгісін тұтынып көрерміз. Бір жағынан президент билейтін-ақ мемлекет, алайда Парламенттің – Конгрестің құзыреті ерекше. Көппартиялы саяси жүйенің негізінде құрылған бұл органның ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс. Бұдан кейін шенеуніктер қылтыңдап, сылтыңдап көрсін...             

      Тұтқабай ЕСЕНБАЙҰЛЫ.

«МЕНІ КРЕСЛОДАН АЙЫРҒАН ҚАЙ КІСІНІҢ ЕКПІНІ?»

«Оңтүстіктегі қызметінен босатылған бір басқарма басшысының түк «настроениесі» жоқ. Қой аузынан шөп алмайтын-ақ азамат еді. Кімге жақпай қалды екен?» дейді ұзынқұлақ. Оның айтуынша, әдепкіде әлгі экс-шенеунік «Қашанғы басқарма тізгіндеп жүре беремін?! Әкім болатын уақытым болды ғой. Лауазымымнан өзім кеттім. Бір ай демалып алайын, сосын шаруама кірісемін ғой...» деп өзін-өзі алдарқатып жүріпті-міс. Сірә, мұнысы «Бөрі арықтығын білдірмес, сыртқа жүнін қомпайтардың» кері болар.

Әйткенмен зымырап бара жатқан уақыт. Ол жылы орнын суытқалы да біраз боп қалды. Қашанғы өз-өзін алдайды?! Тыпырлап әрекетке көшкен көрінеді. «Сені көлден айырған – лашын құстың тепкіні, мені елден – айырған хан Жәңгірдің екпіні» демекші, ауық-ауық «Мені креслодан тайдыруға ықпал етті-ау» деген күмәнмен сырт көзге тойған қозыдай, моп-момақан боп көрінетін бір кісіні кінәлап, сыбап жүргенге ұқсайды. «Не жазып қойдым сонша? Әлде қызметім керек болды ма екен? Қай жерден қателік жіберіп алдым?» деген мың сан сұрақтарға бас қатырып, өткен күндерге ойша шолу жасап жүрген сияқты.

«Ер мойнындағы қыл арқан шірімейді» дейді атам қазақ. Бәрі жақсы болады, экс-шенеунік!   

«ЗАМ-ға» БАҒЫНҒЫСЫ КЕЛМЕЙ ЖҮР

Ұзынқұлақтың сөзіне сенсек, Оңтүстікте бір басқарманың басшысы өзі тізгіндеп отырған саланы «курировать» ететін облыс әкімінің орынбасарына бағынғысы келмей, қиқаңдап жүрген көрінеді. Әлі күнге дейін оның алдына бірде-бір рет кірмепті. Тиісті мәселелерді «зам-памдарға» бұрылмай-ақ, өңірдегі «үлкен кісінің» өзімен-ақ тікелей шешкісі келеді екен.

Бірақ әлгі облыс әкімінің орынбасары да «Қоя берші, білгенін істесін» деп, кеңшілік жасап, мұндайды кешіре салатындардың сортынан емес-ау. «Қолыма бір түсерсің...» деп тісін қайрап, «қанжарын» сайлап, жақсылап «сыбағасын» беріп, қарымтасын қайтарар оңтайлы сәтті күтіп жүрген сияқты.

Оның үстіне «Екеуінің де қалтасы қалың, байшыкеш» дей ме, бірдеңе...   

ОҚО ІШКІ САЯСАТ БАСҚАРМАСЫ СӘЛАФИЛІК ОҚУ ОРНЫН БІТІРГЕН «МҮРИДТІҢ» ҚОЛЫНА ӨТСЕ ОҢТҮСТІКТІҢ ИДЕОЛОГИЯСЫ НЕ БОЛМАҚ?

«ОҚО әкіміне жақын жүрген бір «пысық» жігіт ішкі саясат басқармасының басшысы болудан дәмелі» дейді ұзынқұлақ. Соңғы кездері «ақырғы айламды пайдалансам да Болатбек Төлегеннің орнын қалайда аламын» деп, астыртын әрекеттерге көше бастаған көрінеді.


Әйтсе де, бұл пысық кезінде Шымкентте сәлафилік бағытта білім беріп келген деп табылып, соның кесірінен жабылып тынған Қазақ-Кувейт университетінің түлегі екенін бір адам білсе, бір адам білмейтін болуы мүмкін. «ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаевтың да қаншалықты бұдан хабарының бар-жоғы белгісіз. Алайда, ғайыптан тайып, ОҚО-дай үлкен облыстың былайша айтқанда идеологиялық орталығы болып табылатын ішкі саясат басқармасын сәлафилік іліммен қамтылған оқулықтар оқытылып, Иордания, Тунис, Египет және Мароккодан келген діни миссионерлер білім, тәлім берген университеттің "мүриді" басқаратын болса, күнгейліктерге түгел сақал өсіртіп, еркектеріне қос-қостан тоқал алдыртып, әкімдіктің ішін мешіт қып жібермей ме? Сақал-сақал діндерден құтыла алмай жүргенде тағы бір пәлеге тап келмейміз бе?» дейді әлгі ұзынқұлақ. Қарап тұрсаң, уайымы негізсіз емес сияқты.

Енді Қазақ-Кувейт университеті мен оның сәлафилік ағымға қандай қатысы бар екендігіне қысқаша тоқтап өтсек.  www.e-islam.kz сайтының жазуынша, елімізде сәлафилік діни сенімді ең алғаш болып насихаттаған «Әлеуметтік реформалар қоғамы» болып табылады екен. Бұл қайырымдылық қор 1952 жылы Кувейтте құрылған. Аталмыш ұйым өз жарғысында басты мақсаты ретінде – исламдық білім мен тәлім-тәрбие және әлеуметтік көмек көрсетуді негізге алатынын атап өткен. Бұл ұйым Қазақтанда тоқсаныншы жылдары жұмыс істей бастайды. Оңтүстік Қазақстан облысының әділет басқармасында 1998 жылы ресми тіркелген. Қайырымдылық қор 1999 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің №268 қаулысымен Қазақ-Кувейт университетін ашуға лицензия алады. Бастапқыда университет «0215 – араб тілі және әдебиеті», сондай-ақ «0218 – дінтану» мамандығы бойынша студенттерді дайындайды. Бұл оқу орнының шетелдік оқытушылар құрамына осы қор арқылы Иордания, Тунис, Египет және Мароккодан діни миссионерлер тартылған.

Қазақ-Кувейт университетінің оқу бағдарламасы негізінен Сауд Арабиясының баспаларынан шыққан сәлафилік іліммен қамтылған діни оқулықтармен жабдықталған болып шығады. «Әлеуметтік реформалар қоғамы» коммерциялық мақсатты емес, негізінен сәлафилік ілімді насихаттау үшін құрылғандықтан университетте ақысыз тегін білім беріп келіпті.

 «Әлеуметтік реформалар қоғамы» қоры қайырымдылық шара ретінде жетім немесе әлеуметтік жағдайы төмен отбасыдан шыққан 150-ден астам жасөспірім қыздарға арнап «Мерси» қыздар-пансионатын да ашты.

Білім және ғылым министрлігінің 2004 жылы жүргізген тексеру шараларының нәтижесінде бұл қайырымдылық қордың прозелетистік насихат жүргізгені анықталады. Оқу орындарында мемлекеттің конституциялық құрылымын бұзуға бағытталған идеялар насихатталғандығы әшкереленді. Осыған орай, Шымкент қаласының ауданаралық мамандандырылған экономикалық соты 2004 жылы қайырымдылық қордың Қазақстан аумағындағы қызметіне тыйым салыпты. Ал 2005 жылдың 15 наурыз айында қабылданған Жоғары Соттың шешіміне сәйкес «Әлеуметтік реформалар қоғамы» қайырымдылық қоры зайырлы үкіметке қарсы бағытталған, әлеуметтік бағдарламаларды бүркену арқылы жұмыс жасайтын террористік ұйым деп танылған.

БИЗНЕСТІ «ӨЛТІРІП» ЖАТҚАН ТЕНДЕР ЕМЕС ПЕ?

Отандық бизнестің дамуына кедергі жасайтын факторлар жетіп артылады. Соның ішінде мына бір кедергі жайлы көп айтыла бермейді. Ол – тендер. Әрине, бизнесті дамыту үшін ойлап табылған мемлекеттік тапсырыс деген құрал қазір керісінше, оның тамырына балта шабуда. Қалай дейсіз бе? Жауап беріп көрейік.


Былтыр camonitor.kz сайтына сұхбат берген саясаттанушы Талғат Қалиев осы мәселеге кеңірек тоқталыпты.

«90-жылдары елдің бәрі базарға шығып, сауда-саттықпен айналысып, кәсіпкерлікке бейім-деле бастаған еді, - дейді саясаттанушы. - Тіпті, өзінше бірдеңе өндірген адамдар да болды. Бір күндері мұнай бағасы өсіп, мердігерлік пайда болды. 20 пайыздық табыс үшін жұмыс істеу тиімсіз болып кетті. Бәрін сатып алып, қайта сату немесе «откат» беріп, әрбір тендерден мол табыс табу мүмкіндігі туғанда, өндіріп қажеті қанша? Сөйтіп, кәсіпкерлер мемлекеттік тапсырысқа қажетті бизнеске (мектеп, жол, аурухана, тұрғын үй салу) біржола көшті. Одан түсетін табыс өте үлкен еді. Жемқорлық қанат жайып, ақшаға табыну үрдісі қалыптасты. Ақыр аяғы тіпті сүттің өзін шетелден әкелінетін ұнтақтан жасайтын елге айналдық».

Келіспеске амалымыз жоқ. Тіпті, сол тендердің өзі әділ және ашық өтсе, әңгіме басқаша болар еді-ау. Оның әділетсіздігіне шағымданушы кәсіпкерлер аз емес.

Танымал бизнес-леди Ханзада Балтаевамен болған сұх-баттардың бірінде осы мем-лекеттік тапсырыстың көптеген кемшіліктері туралы әңгіме өрбіткен едік. 2010 жылдан бері тігін кәсібімен айналысатын кәсіпкердің фабрикасында негізінен мүмкіндігі шектеулі азаматтар жұмыс істейді. Жұмысшылардың 51 пайызы – мүгедектер.

«Біз әуелі киім тігіп, оны базарда сатудан бастадық. Алайда, онда бәсекелестеріміз көп еді. Біз мұнда қаншама салық төлеп, түрлі шығындар шығарып тіккен киімді базарға сатылымға шығарамыз. Ал басқа елдерден (Түркия, Қырғызстан, Қытай т.б.) келетін киімдердің сатушылары базардағы орнына ғана төлейді. Сөйтіп бізден әлдеқайда арзан бағада сата алады. Ал біз ше? Біз үшін ол мүмкін емес. Өзіндік құны өсіп кетеді. Сөйтіп, базардағы әділетсіз бәсекелестікті көтере алмадық» дейді Ханзада Жаппасқызы. 2013 жылдан бастап отандық өндіруші мәртебесіне ие болған фабрика мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатысу арқылы ғана жан бағып отыр. Міне, осы салада көптеген проблемалар бар. Солардың бірқатарына тоқталды сұхбаттасымыз.

«Мемлекеттік сатып алу туралы заңындағы келеңсіздіктер кесірінен кей кәсіпорындар үлкен зиян шегуде. Мәселен, «Астана тігін» фабрикасы дағдарысқа ұшырап, 50 адам жұмыссыз қалды.«Астана-полиграфия» кәсіпорны да 2-3 жыл бұрын жабылып, 200 адам далада қалды. Себебі неде? Ең әуелгі себеп – мемлекеттік сатып алу конкурстарында осындай үлкен кәсіпорындар емес, қайдағы бір жеке кәсіпкер Мырқымбаевтар жеңіп кетеді. Ауласына қағаз басып шығаратын бір-екі техниканы қойып алып, мемлекетке бір тиын да төлемейтін осындай шағын кәсіпкерлер тендерді жеңіп алып, үлкен кәсіпорындарды жұмыссыз қалдырады. Өзіме қатысты айтар болсам, қиындықтар аз емес. Мысалы, жеңіп алған соң 60 күнтізбелік күн ішінде тауарды жеткізуге тиіспіз. Ал оның ақысы актіге қол қойылған соң 30 жұмыс күні ішінде төленеді. Актіге 6-7 құзыретті тұлға қол қояды. Олардың біреуі бар болса, екіншісі демалыста немесе іссапарда болуы мүмкін. Басқалары оны күтіп жүреді. Ал бізге қаржы керек. Кейде қаржы жетіспеген соң банктерден жылдық 25 пайыздық несие алуымызға тура келеді. Мұндай несие кәсіпкер үшін өте қымбат. Мен, мәселен, төлемақыны 90 күн бойы сарыла күткен кезім болған. Осыны реттесе деймін. Яғни, төлемақыны 30 жұмыс күні емес, 30 күнтізбелік күн ішінде төлесе де, бізге көп пайдасы тиер еді.

Тағы бір мәселе – техникалық мамандардың сауатсыздығы. Мәселен, бір беделді мекеме көрпеқап тігу қызметіне тендер жариялады. Бірақ кейін жеңіп алған соң көрпеқап емес, төсекке арналған тұтас комплект тігіп шығасың дейді. Сонда қалай? Оларға кететін шығын екі түрлі ғой. Көрпеқап пен комплекттің айырмашылығын тіпті ер-азаматтар да білетін шығар. Сол тендермен жұмыс істеген маманның кінәсі. Тағы бірде жұмысшыларға арналған киімнің жейдесін тіктік. «Мынадай да мынадай ГОСТ бойынша тік» деген нұсқау келді. Оны ұлттық сараптамаға апарып, ГОСТ-ты тексертсем, ол турбодвигательдің ГОСТ-ы болып шықты. Қызметкерді жұмысқа аларда ГОСТ жайлы біле ме, жоқ па – соны тексерген жөн болар» дейді ашынған бизнес-леди.

Қызылордалық кәсіпкер, «ПромСтройСервис.Е» ЖШС директоры Манарбек Еспенбетов те «Тендер өткізудегі жүйесіздіктер мен жемқорлыққа жол ашатын ереже түрлеріне наразымын. Бізде, тендер жүргізгенде, мердігер бір көзден анықталады. Ал ол болса міндетті түрде өзінің танысын жеңімпаз етіп жариялайды. Компанияның материалдық-техникалық базасы сай ма, тапсырысты алып шығуға қауқарлы ма, ондайға қарамайды» дейді.

Маман пікіріне құлақ салсақ, біздегі экономика шенеуніктерді байытуға ғана бағытталған. «Жемқорлық, қаржы жымқырудың бір көзі осы тендерде жатыр. Ал ол тендеріңізді кім алатыны алдын ала белгіленіп қоятынын ескерсек, бизнесіңізге кім кедергі? Президенттің өзі мыңнан асатын құжаттар санын азайту керек деген болатын, жеті жүзге дейін азайып еді, жуырда сол көрсеткіш тағы да мыңға жетіп жығылыпты. Тендер басталардан бір-екі күн бұрын кәсіпкерлердің құжатынан болмашы бір әріп қатесін тауып, кедергі келтіреді, тендерге қатысушы амалсыздан қалтасынан біраз ақшаны суырып беруге мәжбүр болады» дейді экономист-заңгер Т.Назханов.

Шығысқазақстандық кәсіпкер З.Көшербаеваның да ойы сол. «Олар неге болмашы қателерді іздейді? Кәсіпкер бұдан былай тендерге қатыспасын немесе шенеуніктің талабын орындап, 10 пайызын берсін дейтін болар. Сосын сыйлығын берген кәсіпкердің құжатын өздері-ақ әдемілеп, қатырып тұрып рәсімдеп береді» дейді ол.

 Түйін.

Бір облысқа басқа өңірден әкім келсе, жергілікті кәсіпкерлер ірі тендерлерден үмітін үзеді. Бұл – қалыптасқан үрдіс. Себебі, ол өзінің жанына жақын «кәсіпкерлерін» өзімен бірге ерте келеді. Ол аз болғандай, біз енді өндірмейтін, бірдеңе ойлап таппайтын елге айналдық. Ол да – тендердің арқасы. Өйткені, бүкіл бизнес тек тендер үшін жұмыс істеуде. Мемлекеттік тапсырыс құрыған күні халіміз не болар екен?

Жан КЕНЖЕ

ОҚО-дағы ЕМДЕУ МЕКЕМЕЛЕРІНДЕ ТУБЕРКУЛЕЗ ЖҰҚТЫРҒАНДАР ҚАРАСЫ НЕГЕ АРТЫП БАРАДЫ?

«Өткен аптада ғана Түркістандағы ақыл-есі кемдерді емдейтін психоневрологиялық мекемеде 61 науқастың қауіпті дертке шалдыққанын айтқанбыз. Дерт тағы сол мекемедегі төрт науқастан табылып отыр» деп ақпарат таратты «КТК» телеарнасы.


 

Мұны Астанадан арнайы келген Денсаулық сақтау вице-министрі бастаған комиссия анықтаған. Күнгейдегі өзге де мекемелерді жіті зерттеген топ Төлеби ауданындағы Көксәйек ауылындағы психоневрологиялық мекемеден де 7 адамның туберкулезбен ауыратынын анықтапты. Ал, Шымкенттегі мекемеден 2 емделушінің жұқпалы ауруды жұқтырғанын білген дәрігерлер дабыл қағып, «Енді жаппай өзге де әлеуметтік нысандарды тексеру қажет» дейді.

Мұхан Егізбаев, ОҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Білім беру басқармасында осындай 22 объекті бар. Осыларды да түгелдей тексеру мақсатында флюроаппаратты қойып, тексеруден өткізуді бастаймыз.