Қазақстан халқының санын өсіре алмай отырсақ, қырсық қылғандай аурулар да біртіндеп жасарып барады. Халықты өлімге алып келетін факторлар көбейе түсті. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазақстандықтардың ажал құшуына жиі себепші болатын 5 фактор бар екен. Сарапшылар пікірінше, осы аталған сырқаттар күтілген өмір ұзақтығын 8 жылға дейін қысқартады. Олар қандай? Саралап көрейік.
Ең біріншісі – жүрек-қан тамырлары аурулары. Еліміздегі өлім-жітімнің 26%-ы осы себептен орын алады. Жүрек-қан тамыры аурулары әлемнің көптеген дамыған елдерінде денсаулық сақтаудың басты проблемаларының біріне айналып отыр. Ол көбіне ересек адамдарды не мүгедектікке шалдықтырады, немесе өлімге әкеліп соқтырады. Жалпы өлім-жітімнің 52 пайызын жүрек-қан тамыры аурулары құрайды. Еуропада жыл сайын осы ауру салдарынан шамамен 3 миллион адам қайтыс болса, Ресейде 1 миллион адам, ал Қазақстанда 80 мың кісі осы аурудан көз жұмады. Жүрек-қан тамыры ауруларына әкеліп соқтыратын басты себептер қандай? Басты себеп адамдардың өз денсаулығына көңіл бөлмеуінен десек, сонымен қатар жағымсыз экологияның да салдары жетерлік. Әсіресе, соңғы жылдары инфаркт пен инсульттен болатын өлім тым жиілеп барады. Оның негізінде, атеросклероздан басқа, адамдардың жүйке жүйесінің шаршауы, олардың дәрменсіздікке ұшырап, депрессияға түсуі жатыр.
Қатерлі ісік – 13%. Бұл – саркома (лат. cancer, carcіnoma және грек. karkіnos – шаян, краб) – тіндердің айналасында өсіп, олардың қызметін бұзатын ісіктер. Осы ісіктердің жайылуынан организмде метастаз процесі басталады. Ісік тарамдалып, айналасы шаянның аяғы сияқты болғандықтан рак деп аталған. Қатерлі ісіктің неден пайда болатыны белгісіз болғанымен қандай жерде, қандай сыртқы факторлар әсер ететіндігі зерттелген. Ол аяқ астынан пайда болмайды, оның өсуіне әр түрлі ұзаққа созылған патологиялық жағдайлар, мысалы, мезгілінде емделмеген, ұзақ уақыт жазылмай жүрген жара (ішек-қарын жарасы, тері, жатыр жаралары, т.б.) себеп болады. Қатерлі ісіктің биологиялық ерекшелігі сол – адам біраз уақытқа дейін ауруын сезбей, ісіктің көлемі 5 см-ден асқанда ғана ауырсына бастайды. Ісік өсіп, жайылған кезде адамның ең маңызды органдарын зақымдап, олардың қызметін тежейді. Емі – ісікке жасалатын хирургиялық операция, ультра-сәулемен күйдіру, химиялық терапиялық заттар және гормондар қабылдау.
Жарақаттар – 11%. Жарақат әр түрлі болады (денеге бөгде заттық кіріп кетуі, не кесіп кетуі, тістің орны, оқ тию т. б.). Дене жарақаттанғанда сүйек, қан тамырлары мен нервтер зақымдануы мүмкін. Жарақаттың ауыр-жеңілдігі (әсіресе басқа, кеуде мен ішке түскен жарақат қауіпті) оның қай жерде екендігіне, үлкен-кішілігіне, сондай-ақ қаншалықты ластанғанына, қанның қанша кеткеніне байланысты. Тез жазылып кетуі үшін оны алғаш рет дұрыс таңудың маңызы зор. Егер мүмкіндік болса, медицина мекемесіне барып, сіреспе ауруына қарсы ектіріп, жарасын таңдыру қажет. Егер жапан далада жарақаттанған адам жарасын таңатын арнайы ештеме табылмаса, онда отқа киіз немесе шүберекті күйдіре қақтап барып, жара бетіне салады да, жақсылан таңып тастайды. Біздегі өлімге себепші болып отырған жарақаттардың ішінде көлік апаты кезіндегі ауыр жаралану жиі кездеседі екен.
Миокард инфаркты – 5,5%. Миокард инфаркты дегеніміз – коронарлы қан айналымы жетіспеушілігінің әсерінен жүрек бұлшық етінде бір немесе бірнеше ишемиялық некроз ошақтарының пайда болуымен сипатталатын жүректің жедел ишемиялық ауруы. Миокард инфарктының туындау себептері – шамадан тыс тамақтану, тамақ рационының дұрыс болмауы, қимыл-қозғалыстың жеткіліксіз болуы, гипертоникалық аурулар және темекі тарту сияқты жағымсыз әдеттер. Миокард инфаркты соңғы жылдары өршіп, әсіресе жас буын мен орта жастағы азаматтар жиі ұшырайтын болды. Әйелдерге қарағанда ер адамдарда көп кездеседі. Инфаркт проблемасы әлі толық шешілген жоқ және бұл аурудан өліп кетушілердің саны барған сайын өсіп отыр.
Босандыру және бала өлімі – 3,6%. Елімізде бір тәулікте 800-ге жуық бала дүние есігін ашады.
Жалпы, еліміздегі жас қыздардың 30 пайызының ғана денсаулығы қанағаттанарлық деңгейде екен. Ал қалған 70 пайыз қаракөз қыздардың денсаулығында кінәрат барын мамандар жоққа шығармайды. Болашақ аналардың денсаулығында кездескен мұндай сырқаттардың құрсақтағы сәбиге де өз әсерін тигізетіні анық. Сондықтан, өмірге ұрпақ әкелетін аналар өз денсаулығына асқан жауапкершілікпен қарауы керек. Ана мен бала өлімі қанша азайды десек те, бәрібір адам өліміне себепші фактордың бірі ретінде қалып отыр.