ШЫМКЕНТ: ЖҮЙЕЛІ БІЛІМ БЕРУ ҰЛТ САПАСЫН ЖАҚСАРТАДЫ

Бүгін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан универститетінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауындағы маңызды мәселелерді іске асыру бойынша «Білімді ұлт-орнықты дамудың кепілі» тақырыбында жастармен кездесу өтті.

Бас қосуға «Аманат» партиясының Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов, М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың әлеуметтік-тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры, философия ғылымдарының кандидаты Сәкен Мәжінбеков және жоғары оқу орнының студенттері қатысты.

«Аманат» партиясының Шымкент қалалық филиалының төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов Жолдауда айтылған бағдарлардың маңыздылығына тоқталып өтті.

–Мемлекеттің дамуында ұлттың ауыз біршілігі, ынтымықтастығы және ұйымшылдығы ерекше рөл атқарады. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші ұлт болып бірігіп, еліміздің орнықты дамуына әр азаматтың ат салысуы маңызды. Сонда ғана еліміз көркейіп дамиды. Жолдауда айтылған бағыт бағдар мен міндеттерді мемлекеттің ркендеу жолында жасалған нақты қадам деп ұғыну керек,- деді «Аманат» партиясының Шымкент қалалық филиалының төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов.

Рухты ел-ұлттық рухты, ал ұлттық рух-үлкен елді қалыптастыратыны белгілі. Қазіргі мақсат-білімді ұрпақ, білімді ұлт дайындау арқылы әлемге танылу.

–«Білімдінің күні жарық» деген қанатты сөзді бүгінгі жастардың санасына құйып тәрбиелеу өзекті мәселе. Білімді жастың болашағы жарқын. Жастармен бас қосуымыздың басты себебі де – осы. Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында білім беру жүйесінің ұлт сапасын жақсартуда аса маңызды рөл атқаратыны тайға таңба басқандай етіп айтылды. Яғни білім беру дегеніміз балабақшадан бастап жалпы, орта, жоғары білім беру ісін жан жақты дамыту үшін қолайлы жағдай жасау. Президент осы саланы реттеу, жүйелеу үшін Үкіметке бірқатар тапсырмалар да берді. Білімді ұрпақ еліміздің дамуына бірден-бір септігін тигізеді,- деді М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың әлеуметтік-тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры, философия ғылымдарының кандидаты Сәкен Мәжінбеков.

Студенттер Жолдауға байланысты өз пікірлерін айтып, елімізде болып жатқан өзгерістерге қызығушылық танытып, көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, жауап алды.

 

 

Шымкент: «Бақытты жанұя» орталығынан жыл басынан бері 28 мыңға жуық отбасы қызмет алған

Шымкент қаласының Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында ҚР Президентінің Жолдауын іске асыру шеңберінде «Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері» бойынша дөңгелек үстел мәжілісі өтті.

Жиынға «Қазақстан әйелдері кеңесінің» Шымкент қалалық филиалының төрайымы Баян Жандосова, «Әйелдер күштері Альянсы» төрайымы, балалар құқығын қорғау уәкілі Жаннета Жазықбаева, «Бақытты жанұя» орталығының басшысы Абибулла Қалымбет, №3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының басшысы Нұржан Асанов, қаладағы 4 аудан әкімдігі жанындағы әйелдер кеңесінің төрайымы, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және әлеуметтік орталықтардан қызмет алушы қыз-келіншектері қатысты.

Дөңгелек үстел барысында спикерлер отбасында ата-аналардың жауапкершілігі, балалардың зорлық-зомбылыққа тап болмауы, қыз тәрбиесі, ене мен келін ортасындағы кикілжіңдер жөнінде сөз қозғады. Отбасында ер мен әйелдің қарым қатынасы, оның бала психологиясына тікелей әсері ететіні туралы «Қазақстан әйелдері кеңесінің» Шымкент қалалық филиалының төрайымы Баян Жандосова Баян Жандосова тарқатып айтты.

–Балаларға қатысты зорлық-зомбылықтардың себебі көбіне әлеуметтік мәселелерге тікелей байланысты. Атап айтқанда, жұмыссыздық, жалпы психологиялық тұрақсыздық, отбасындағы материалдық деңгейдің төмендігі, маскүнемдік осы факторлардың барлығы адам құндылығының жоғалуына алып келеді. Отбасындағы жанжалдар балалардың психологиясына кері әсерін тигізбей қоймайды. Екеуара кикілжіңнің өзі бір отбасындағы 4-5 баланың күйзелісіне әкеліп соғады. Мемлекет басшысы өз Жолдауында 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімі сәби 1 жарым жасқа толғанша ұзартатынан мәлімдеді. Бұл бала мен ананың сәби кезінде көбірек бірге болуына, әрі әлеуметтік тұрғыдан қамтылуына сеп болады. Жолдауда бүлдіршін балабақшаға барғаннан кейінгі тәрбие ісіне де тоқталған. Тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, еңбекақысын көбейту, осы саладағы мамандарға қойылатын талаптарды нақты бекітуді және жұмыс жүктемесін азайтуды тапсырды. Енді балабақшаны емес, ол жерде баланың тәрбие ісімен айналысатын тәрбиешіні іріктеу мәселесін көтеріп отыр. Баланы жастайынан нағыз маман тәрбиелесе, болашақта қоғамға пайдалы азамат болып жетілетін еді, - деді Баян Айтбекқызы.

Сонымен қатар, бүгінде Шымкент қаласында дағдарыс жағдайында тұрған отбасыларға психологиялық, құқықтық көмек көрсететін және бағдар беретін әлеуметтік орталықтардың белсенділігі артқан. Атап айтқанда, «Бақытты жанұя» орталығына жыл басынан бері 28 мыңға жуық отбасы қызмет алыпты. Қазір бір күнде орталықтың қызметіне 750-ге жуық азамат жүгінеді екен.

–Алғашында көпбалалы отбасылар қаржылай көмек көрсететін мекеме ретінді қарап, «бізге не бересіздер?» деп келетін. Орталық өз қызметтерін ұсынғанымен материалдық тұрғыда ешқандай көмек көрсетпейтінін, «балық» емес, «қармақ» ұсынатынын жеткіздік. 9 айдың көрсеткіші бойынша 550 ана тігіншілік, кондитерлік, компьютерлік сауаттылыққа үйрету, шаштараз, SMM курстары, балаларға арналған массаж, маникюр-педикюр, дефектолог-логопед тіл кемістігі бар балалардың аналарына тыныс алу және артикуляциялық жаттығу курстарын тәмамдап, сертификат алды. Барлық тәрбиенің бастауы – отбасы. Біздің мамандар дағдарысқа кезіккен отбасыларға қызмет көрсету үшін түн ортасына дейін жұмыс істеуден жалыққан емес. Осы бағыттағы жұмысымызды әрмен қарай жалғастырамыз. Өйткені, тұрғындардың санасы серпілген сәтте ғана олардың өмірге деген құлшынысы өзгеретінін жұмыс барысында көріп отырмыз, - дейді Абибулла Исламбекұлы.

Басқосуға келген әр спикер отбасында аналар мен балаларды зорлық-зомбылыққа тап болмауы жөнінде ұсынысын айтып, пікір алмасты. Қатысушылар арасында әлеуметтік орталықтың көмегі арқылы өмірі өзгерген тұрғындар да болды. Олар бастан өткерген оқиғасымен бөлісіп, №3 әлеуметтік қызмет көрсету орталығына алғысын жеткізді.

Шымкент: Ағымдағы жылы 3000-ға жуық осал топқа жататын отбасыларға демеушілер есебінен көмек көрсетілген

Шымкент қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің кезекті отырысы өтті. Отырысқа Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары мен қызметкерлері, Абай ауданы әкімінің орынбасары мен жауапты қызметкерлер, Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы мен мүшелері және БАҚ өкілдері қатысты.

Басқосуға қатысқан Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Бексұлтан Әділханов жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі міндеттеріне тоқталып, азаматтық қоғам өкілдерін халық пен билік арасындағы ықпалдастықты нәтижелі арттыруға шақырды.

Белгілі қоғам қайраткері, кеңес төрағасы Орынбай Рахманбердиевтің жетекшілігімен өткен жиында тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі қаралып, Абай ауданы әкімдігінің этносаралық саясатты ілгерілетудегі жұмыс барысы сараланды. Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасы басшысының орынбасары міндетін атқарушы Жұлдызай Сәрсенбаева кредиттік, арендалық баспанамен қамту және қаладағы тұрғын үй қорын жаңғырту жөнінде атқарылған жұмыстары туралы баяндады.

-Қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй алу тізімінде 49 840 азамат тіркелген. 2022 жылға 1605 отбасыны арендалық пәтермен қамту жоспарланған. Жұмыс істеп жүрген 29 жасқа дейінгі жастарға сатып алу құқығынсыз тұрғын үй бойынша 211 пәтерге конкурс және тұрғын үй комиссиясы өткізіліп, қазан айында жалдау келісім шарттарын беру жұмыстары жүргізіледі, - деді ол.

Өз кезегінде сөз алған Абай ауданы әкімінің орынбасары Ғалымжан Көшікбаев 2015 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Қоғамдық келісім кеңесінің» маңыздылығына тоқталды.

-Қоғамдық келісімді сақтау және этносаралық даулардың алдын алу мақсатында ақпараттық насихаттық топ құрылған. Оның құрамында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ұлықпан Башенов, этномәдени бірлестіктерінің төрағалары және басқа да қызметкерлер енгізілген. Биыл медиация туралы заңын тұрғындар арасында насихаттау бойынша Қатынкөпір, Қызылжар, Қазығұрт шағынаудандарында үш кездесу өткізіліп, 200 ден астам тұрғын қамтылды, - деді.

Ғ.Көшікбаевтың айтуынша, ағымдағы жылы 3000-ға жуық осал топқа жататын отбасыларға демеушілер есебінен көмек көрсетілген. Оның ішінде этнос өкілдерінің қатысуымен қайырымдылық акциялар ұйымдастыруды қолға алды. Аудан бойынша кәсіби емес 8 медиатор тіркелген болса, олардың сотқа дейінгі 36 дауы шешімін тауыпты. 6 этносаралық дауға жол берілмей, ауқымды жұмыстар жүргізілген.

 

ШЫМКЕНТ: АБАЙ АУДАНЫ ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН 100% АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛАДЫ

Шымкенттегі Абай ауданында 322 мыңнан астам халық тұруда. 34 елдімекеннің 33-і ауыз сумен қамтылған, бүгінгі таңда 1 елдімекенде құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Жыл соңына дейін Абай ауданының халқы 100% таза сумен қамтылады. Бұл туралы аудан әкімі Бұхарбай Парманов шаһар басшысының халықпен кезекті есеп беру жиынында айтты.

«Былтыр «Жаңаталап», «Ынтымақ-2», «Ақтас-2», «Нұршуақ», «Жаңа Тұрлан» елдімекендеріне ауыз су кіргіздік. Жыл соңына дейін «Құрсайдағы» құрылыс жұмыстары аяқталып, абоненттеу жұмыстары жүргізіледі»-деді Б.Парманов.

Аудан әкімінің берген мәліметінше, «Нұршуақ», «Жаңаталап», «Батыс» тұрғын алаптарын электр жарығымен қамту жұмыстары бітуге жақын. Жаңа жылға дейін 4366 тұтынушы сапалы электр қуатына қол жеткізеді.

Көгілдір отынмен барлық елдімекеннің 24-і қамтылған. Биыл 7 нысанда құрылыс қырқынды жүргізілуде. Келесі жылы тағы 3-де газ тарту жұмыстары басталады. Жалпы, Абай ауданы 2024 жылы толық газбен қамтылатын болады.

«Инфрақұрылым құрылысы әр жылға кезең-кезеңімен жоспарланған. Халықтың бірінші кезектегі мәселесін шешіп беру – біздің міндетіміз. Қала басшысы М.Әйтеновтің тікелей қолдауымен алдағы 2 жылда «Абай» ауданы бойынша су, газ, жарық мәселесі түбегейлі шешіледі. Сабыр сақтап, берілген уәделердің орындалуын күткендеріңіз үшін халыққа алғысымды білдіремін»-деді аудан әкімі.

Ал «Самал-3» пен «Солтүстік Батысқа» қазіргі уақытта кәріз жүйесі тартылуда, ол да аяқталуға жақын. Келесі жылы «112 орамда» құрылыс басталады. Сөйтіп бұл мәселе 2025 жылға дейін 59%-ға шешімін табатын болады.

Айта кетейік, Шаhар басшысының жыл басынан бастап мегаполистегі елдімекендерді аралау барысында 125 кездесу өткізіліп, 1020 мәселе көтерілген. Әрбірі жеке хаттамаға енгізіліп, орындалуы жіті бақылауға алынған. Нәтижесінде бүгінге дейін 488 мәселе шешілген, 377-сі жыл соңына дейін шешімін табатын болса, ал 195 мәселе 2023-2025 жылдар жоспарына енгізілген.

Түркістан: Жат ағымдардың айла-шарғысы көп

Дін саласындағы ақпараттық түсіндіру тобының 2022 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес, Түркістан қаласы әкімдігінің Ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен "Дін мәселелерін зерттеу орталығы"-ның теолог маманы Дүйсен Асхат және Ішкі саясат бөлімінің маманы Марат Айсұлу қалалық Е.Тәңірбергенов атындағы индустриалды педагогикалық колледжінде болды.  Кездесуде жат ағымдар, терроризм мен экстремизм жайлы сөз болды. Жат ағымдардың айла-шарғысы, олардын қалай сақтану керек екенін айтты. Салафизм ағымының аса қауіпті екенін соңғы 10-15 жылдан бері зиялы қауым өкілдері айтып келеді,-деп бастады баяндамасын Дүйсен Асхат. – Соңғы кезде өрімдей жас жігіттер сақалын сапситып қойып, балақтарын шорт кесіп тастады. Сондай-ақ, бетін тұмшалап, қап-қара көйлек киген қыздардың қатары көбейді. Бұл біздің ұлтымызға да, сана-сезімімізге де, дәстүрімізге де келмейді. Қазақ қара киімді кісісі өлген кезде киген. Әрине, кім не киемін десе, соны киюге құқылы деген сөз бар. Бірақ ол басқа нәрсе, мынау – әдейі­леп тұрып бізге қарсы шығатын, қазақты бөлетін әрекет. Құдай деген адамның жүрегінде болуы керек емес пе? Біз дінімізбен бірге ұлттық дәстүрімізді мықты сақтауымыз керек. Ата-бабаларымыз атамзаманнан бері бөрік киген, ал келіндеріміз орамал тартып, аналарымыз кимешек киген. Жастарымыз бізге керек емес, ата-бабамыз­дан қалмаған өсиетке қарай жүретін болса, еліміздің жағдайы қалай болады? Біз оған жол бермейміз. Мына тәуелсіз елді оларды талтаңдатып қою үшін жасап отырғанымыз жоқ. Бізге Қазақстанның бірлігі мен болашағы және өсіп-өркендеп, зайырлы мемлекет болмағы керек,-деді ол.

Кейбір адамдар салафизм­нің аса қауіпті ағым емес еке­нін айтып, ақтап алғысы ке­леді. Бірақ та күнделікті өмір­де көріп жүргеніміздей, сала­фиттер намаз оқымаған ата-анасынан бас тартып, туған-туыстарымен араласпай кетіп жатыр. Мәселен, інісі ағасының үйіне барып, шәй ішуі мүмкін емес жағдайға айналды. Себебі жат ағымның жетегінде кеткен адам үшін намаз оқымаған бауыры кәпір болып саналады. Осының салдарынан бір ана, бір әкеден туғандардың арасындағы қарым-қатынас үзіліп, әртүрлі кикілжіңдер туындап жатыр. Ал дін исламда ет жақын адамдарыңнан бас тартпау керек екені туралы жақсы айтылғаны көпшілікке белгілі болса керек. Жоғарыдағы мысал отбасының арасындағы ұсақ-тү­йек кикілжіңнің бірі болып көрінуі мүмкін. Әйтсе де, Ақтөбе мен Алматы қалаларында болған қанды қырғынды қалайша естен шығаруға болады? Құдай оның бетін ары қылсын, бірақ салафиттер еліміздің кез келген қаласында бүлік шығаруы мүмкін.  Қазір біз деструктивті ағым деп кез келген радикалды фанатизмге негізделген, Қазақстанға жат діни ағымдарды айтып отырмыз. Бірақ олардың ішінде қазіргі таңда ең өзектісі – салафизм деген радикалды ағым. Дест­руктивті діни ағым, мысал үшін салафизм болсын, олар қателік діни түсініктерді біздің тарихи дәстүрлерімізден, мәдениетімізден, біздің халқымыздың көп этносты, конфессиялық сипатынан жоғары қояды. Олар тек шариғатқа, баяғы ежелгі діни талаптарға негізделген мемлекеттің құрылысын дұрыс жүйе деп есептейді. Мұндай шетін идеялар сан ғасырлық тарихымызға, сан ғасырлық мәдениетімізге қайшы келетіні сөзсіз. Шетелдерден, белгілі бір шейхтардан белгі келсе, ол кез келген уақытта қолға қару алып, өз жерлестеріне, Үкіметке, мемлекетке қарсы шыға алады. Сондықтан оларға сенім деген жоқ. Салафизм ағымының елімізге келіп, орныға бас­та­­­ғанына 15 жылдан асты. Содан бері зиялы қауым өкіл­дері аталған ағымның аса қауіпті екенін айтып келе жа­тыр. Алайда құзырлы орган өкілдері ол кезде мәселеге жіті мән бермеген тәрізді. Егер билік осыдан 15 жыл бұрын салафизмге тыйым салып, оның «көсемдерінің» аты-жөнін жария­лағанда, тап бүгінгідей елімізге қауіп төнбес еді. Алайда ештен кеш жақсы демекші, ­Президенттің пәрменінен кейін салафизмге тыйым салатын жолдар қарастырылатын шығар? Мамандардың баяндамасын мұқият тыңдаған жастар бұл жиыннан түйгеніміз көп деп тарқасты.

Дәстүрлі құндылықтарды ұстану борышымыз

Салт-дәстүр, әдет-ғұрып – әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы, қауым мен қоғамда қалыптасқан мінез құлықтың үлгісі.

Салт-дәстүр кез келген ұлт үшін өмір сүру қағидасы. Кез-келген ұлттың мың жылдықтан бері қаймағы бұзылмаған салт-дәстүрі болады. Тарих беттерін парақтар болсақ басқыншы елдердің бодан жұрттың ұлттық дәстүрінен, тілінен, дінінен айыруға тырысқанын байқаймыз. Ал оның орнына өз елінің өмір сүру қағидасын тықпалаған. Ал мұндай ұлттың болашағы әманда болмаған. Сол себепті қазақ халқында «дәстүріңді баққаның, үмітіңді жаққаның»,- деп бекер айтпаса керекті.

Қазақ халқының ислам дінімен жіті таныс болып, біте қайнасқанына XIІI ғасырдан астам уақыт өтті. Содан бері халқымыздың салт-санасы, әдебиеті мен мәдениеті мұсылмандыққа бейімделіп ұлттық болмыстың ажырамас бөлігіне айналды. Халқымыз ұстанған әдет-ғұрыптар ислам заңнамасындағы құқықтық нормалардың бастау алар бұлағының бірі болып саналады. Себебі Қасиетті Құранда «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал»,- деп бұйырған. Сондай-ақ «Мұсылмандар жақсы деп есептеген нәрсе Алланың алдында жақсы, мұсылмандар жаман деп көрген нәрсе Алланың алдында жаман»,- деп ескертеді.

Ал енді соңғы жылдары айтыс-тартысқа түсіп жатқан қазақтың салт-дәстүрлерінің бірнешеуіне тоқтала кетсек.

1.      Жаңа түскен келіннің үйдің үлкендеріне сәлем салуы.

2.      Үлкендерден қол жайып бата сұрап, бет сипау.

Кейбір дінде жүрген азаматтар осы аталған салт-дәстүрімізді теріске шығарып, мұның барлығы ширк, фитнә, бидғат деп ғасырлар бойына қалыптасқан дүниетанымымызға балта шабуда. Жаңа түскен келін сәлем салса адам адамға емес, адам Алланың алдын иіліп сәлем салуы керек деп мұндай амалды ширкке таңуда. Ал сонда бұрыңғы апа-әжелеріміз Құдайға қарсы шыққан болдыма? Өздерінің айтуынша келіннің сәлем салуы әйел адамның намаз оқығандағы рукуғ жағдайымен бірдей болады-мыс. Ал енді осы ислам дініндегі құлшылық ету мен қазақтың дәстүріндегі келіннің сәлем салуында нендей айырмашылық бар? осыған тоқталсақ:

Ислам дініндегі намаздың ішіндегі рукуғ етудің мынадай шарттары бар:

1. Еңкею 90 градус болы шарт,

2. Екі қол еңкейгенде тізеде болу керек,

3. Рукуғ еткенде «субхана роббиәл ъазим» деген дұға оқылады.

Осы жоғарыда келтірілген шарттар орындалмаса ол рукуғ болып есептелмейді.

Ал енді қазақ халқының сәлем салу дәстүрін сипаттап көрелік. Еңкею 90 градус болсын деген шарт жоқ. Екі қолдың да тізеде болуы шарт емес. Сонымен қатар сәлем салар уақытта белгілі бір дұғаның оқылуы да міндетті емес. Демек сәлем салу мен намаздағы еңкею бір біріне мүлдем ұқсамайды.

Әр елдің салты басқа демекші сәлем салудыңда әр ұлтқа тиесілі өзіндік формасы болады. Мәселен қазақ-қырғыз халықтарында жаңа түскен келін ата-енесінің болсын, үйдің үлкендерінің болсын қолын қысып амандаспаған. Оның орнына өзінің құрметі ретінде жай иіліп қана сәлем берген. Ал көрші өзбек халқында «Ассалаумағалейкум» деп оң қолын кеудесіне қойып сәлем береді. Бірақ барлығының ойында - Аллаға қарсы шықсам деген оймен емес, керісінше ата-енеме құрмет көрсетіп, үлкеннің ақ батасын алсам деген оймен сәлем салып, иіледі. Ал ислам шариғатына сүйенер болсақ ешқандай жерде иіліп сәлем беру күнә, ширк, бидғат деп айтылмаған. Керісінше әдептілік, көркем мінез құлық жайында айтылған Құран аяттарымен хадис шәрифтерге байланып тұрады.

Бүгінгі таңда өзін сәләфимін деп атап жүрген азаматтардың ойынша дінге енгізілген жаңалықтың бірі – марқұмның атынан құран бағыштау. Өздерінің айтуынша Құран өлілерге емес, тірілерге түскен. Расыменде Құран тірілерге түскен, өлілерге арнап құран бағыштау бар. Осыны желеу еткендер тіпті қайтқан әке-шешесіненде теріс айналуда. Ақиқатында марқұмның атынан құран бағыштауға болама? Алланың Елшісі (с.а.с.)  хабар беріп, аруақтарды еске алып Құран бағыштауға үндеген. Хадисте: «Өлілеріңе  Ясин сүресін оқыңдар», - деп келеді. Қазақ осындай дәйекті дәлелдерге сүйене отырып, Пайғамбар өсиетін дәстүрге сіңіре білген. Себебі, ас ішіп болған соң үйдің үлкені Құранның тіліне жеңіл келетін сүресін оқып әуелі ішкен асына шүкіршілік етсе, соңынан о дүниелік болған ата-бабасының рухына арнап құран бағыштаған. Оқылған құранның сауабы қабірде жатқан марқұмның азабын жеңілдететіндігі көптеген хадистерде айтылған. Жақыны қайтқан әр қазақтың үйіне бара қалсаң, қайтқан туыстарын тек жақсылықпен ғана еске алып отырады. Ал бұл Алла Елшісінің «өлгендеріңді жақсылықпен еске алыңдар» деген насихатын өз дәстүріне сіңіре білгендігінің көрінісі іспетті. Қазақ халқы дінге әсте жаңалық енгізіп қарсы шықпаған.

Өздерінің шейхы санайтын Ибн Тәймияда өзінің еңбегінде «құран бағыштаудың шариғатқа қарсы келмейтіндігін жасалған жақсылық пен оқылған Құранның сауабы өліге тиеді», деп Құран аяты мен хадис шәрифтерді теріске шығармаған.

Бұл аталған екі мәселе қазақтың өмір сүру заңдылығында темір қазықша орныққан ұстанымдардың бір парасы ғана.  Қазақтың салт-дәстүрінің түбіне бойлай енсек түбі Құран аяты мен хадиске келіп тоқтайтынымыз анық. Ал біз саналы түрде осы жауһарларымызды теріске шығарып, ажырап қалмауымыз қажет.

 

Қ.Қосмаханов

Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

теолог маманы   

 

Ордабасы ауданында полицейлермен жол белгілері жаңартылуда

Түркістан облысында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, соңғы үлгідегі бейнебақылау камералары қойылып, жол белгілері жаңалануда, тіпті кейбір көшелерге қажеттілігіне қарай жаңа таңбалар қойылуда.

Осы ретте Ордабасы АПБ-нің полицейлерімен аудан көлемінде жол қауіпсіздігін жақсарту, жол инфрақұрылымын дамыту, оның ішінде жол жүрісін реттеудің және бақылаудың зияткерлік жүйелерін енгізу бойынша бірқатар профилактикалық іс-шаралар іске асырылуда.

Мысалы Ордабасы ауданынан өтетін облыстық маңызы бар КХ-15 «Ақбұлақ-Бадам-Төрткөл» автомобиль жолындағы Ақбұлақ мектебі алдына және ауылға кіретін жолына жасанды жол кедергісі қойылды. Сондай-ақ Қараспан ауылдық округіне Көлтоған, Төреарық, Қараспан ауылы мектептері алдына жаяу жүргіншілер өткелі сызылып, жасанды жол кедергісі мен жол белгілері қойылды.

Оған қоса Бөген ауылынан шығатын екі бағытта жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында жасанды жол кедергісі орналастырылып, Қайнар ауылы ішінде Дулат пен М.Әуезов мектептері алдына, Қайнар дәрігерлік емханасы алдына жолаушыларға арналған жолақтар сызылды. Темірлан елдімекеніне кіреберіс екі бағытта жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында тиісті жол белгілері қойылды.

Осылайша жол қозғалысына қауіп төндіретін кемшіліктер жойылып, қауіпті аймақтар анықталып, қажетті жұмыстар атқарылуда. Бейбіт күнде жол бойында болатын апаттардың алдын алып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, бұл бағыттағы жұмыстар үздіксіз іске асырыла бермек.

 

Түркістан: Полицейлер алтын жүзіктерді жымқырған әйелді ізін суытпай ұстады

Түркістан қалалық Полиция басқармасына базарда алтын сатумен айналысатын жергілікті тұрғын арызданып, 2 дана алтын жүзігін белгісіз біреу ұрлап кеткенін жеткізді. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 120 000 теңгеден асады.

Аталған жайтты полицейлер бірден ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алып, ұрыны іздестіруге кірісіп кетті.

Бөтеннің мүлкін жымқырып, қылмыс жасағанды ұстау бағытында жан-жақты іздестіру шаралары жүргізілді. Куәлардан сұрастырылып, ғимараттағы барлық бейнекамералар жіті қаралды. Нәтижесінде түркістандық тәртіп сақшылары күдіктінің ізіне түсті. Сол күні күдікті әйел анықталып, ұсталды. Ол облыс орталығының тұрғыны болып шықты.

Сауда орнына алтын алушы ретінде келіп, сатушының байқамай тұрғанын пайдаланып, алтын бұйымдарды жымқырған. Күдіктінің үйінен айғақты зат ретінде ұрланған жүзіктер табылып, заңды иесіне қайтарылды.

Отырар: жол құрылысы бақылауда!

Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен мердігер мекеме “АҚ-ЖОЛ” ЖШС-і арасында келісім-шарт түзіліп, келісім шартқа сәйкес мердігер мекеме Шәуілдір-Көксарай бағытындағы облыстық маңызы бар КХ-10 “Шәуілдір-Көксарай-Байырқұм” автомобиль жолының 0-25+250 шақырым аралығын орташа жөндеу жұмыстарын міндетіне алған.

Түлкібас: Гаражда тұрған көлікті ұрлаған жас жігіт анықталды

Түлкібас АПБ-нің кезекші бөліміне жергілікті тұрғындардың бірі шағым түсірді. Әйелдің айтуынша, олардың гаражында тұрған "ВАЗ" маркалы автокөлік белгісіз жағдайда жоқ болған. Ақпарат алысымен оқиға орнына жедел-тергеу тобы шықты.

Полицейлердің анықтауынша, көпқабатты үйдің ауласында орналасқан гараждан жәбірленушінің туысына тиесілі "ВАЗ" көлігін белгісіз біреулер ұрлап кеткен. Шығын көлемі шамамен 500 000 теңгені құрады.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицейлер, тәулік ішінде күдіктінің жеке басын анықтады. Полиция бөліміне жеткізілген күдікті Түлкібас ауданының тұрғыны болып шықты. Белгілі болғандай, жас жігіт ашық тұрған гараждан көлікті ұрлап әкетіп, кейін айдалаға, егістікке тастап кеткен. Тәртіп сақшылары ұрланған көлікті заңды иесіне қайтарды. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 200-бабы 1-бөлігі «Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу» бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Болған оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болуға және өз мүлкін сақтау шараларын қолдануға кеңес береді. Сондай-ақ, мүмкіндігінше үй-жайларда бейнебақылау камерасы мен күзет дабылын орнату қажет. Егер, сіз, автокөлікті ұрлаудың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, онда 102 телефоны бойынша дереу полицияға хабарласыңыз.