Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК.
«Қазақстан билігіндегі кадрлық саясат ашық-жарқын жүргізіледі және ол елдің бәріне бірдей түсінікті сипатқа ие» десеңіз, қателесесіз. Мысалы, қалың бұқара облыс тұрмақ аудан әкімдерінің нендей критерийлер бойынша тағайындалатынынан бейхабар. Бір білетініміз, әйтеуір технарь мен экономист шенеуніктер тесік моншақтай қашанда жерде қалмайды. Сонда әкім дегеніңіз қандай лауазым? Ол шаруаның адамы ма, әлде саясаткер ме?
– Ең әуелі, қай деңгейдегі әкім болса да, қоғамның талап-тілегіне сергек қарап, жекелеген адамдардың мұң-мұқтажына ортақтаса білуі керек. Мұндай жағдайда ол әрі шаруагер, әрі саясаткер міндетін қатар атқарады. Сондықтан өз басым бұл екі категорияның аражігін ажыратпай, тұтас ұғым ретінде қараймын, – дейді бір кездері Қостанай облысын басқарған әкім де, шетелде елші де, Үкіметте вице-премьер де болған Балташ Тұрсынбаев. Ол «хозяйственник» болудың мән-мағынасын тәптіштеп түсіндіріп берді: «Әдетте көпшілік шаруагер әкімді «завхоз» ретінде көргісі келеді. Бұл дұрыс емес. Әкімнің бойында өзіне сеніп тапсырылған облыста, ауданда, ауылда ішкі саясаттың негізгі қағидаларын ұтымды жүзеге асыра алатындай қабілет болғаны жөн. Алайда бұл сұлу-сыпайы, құрғақ сөзден тау тұрғызу дегенді білдірмейді. Өйткені шаруашылыққа қатысты ең маңызды түйткілдердің түйінін тарқатпай, идеологияға кірісу қиын. Өз кезегінде саяси жұмысты жүргізу үшін де тиянақты білім, ептілік қажет. Аталмыш қасиеттер әкімнің бойынан табылмаған жағдайда ол расында да қолында өзі басқаратын аймақтың бір уыс кілті бар, қоймалардың есігін ашып-жауып жүруден әріге қауқары жетпейтін «завхозға» айналып шыға келеді».
Сарапшының пікірінен ұққанымыз, нағыз, толыққанды әкім атану үшін шаруашылықтың тілін біліп, саясатты ұршықша иіре білген абзал. Міне, осынау тепе-теңдік сақталғанда ғана облыс пен аудан-ауылдың дамуына жол ашылады.
Балташ Молдабайұлы, өкінішке қарай, шаруашылықтың бабын білу, түсіну былай тұрсын, ішкі саясатты «қақпайтын» атқамінерлердің жиі кездесетінін де жасырмады. «Міне, соның кесірінен экономика кері кетіп, құлдырау орын ала бастайды, ал бұл бірінші кезекте әлеуметтік наразылықтың туындауына түрткі болады» дейді ол.
Балтекең әкімдердің «технарьлар» арасынан тағайындалуына қарсы екен: «Оларды негізінен штабтық жұмыстарға, тиісті өңірдің дамуының басым бағыттарын белгілеуге жұмылдырған жөн. Себебі әкім – ең алдымен ұйымдастырушы. Мысалы, облыстың немесе ауданның ұзақ мерзімді даму бағдарламасы жасалды делік. Оны іске асыру үшін сапалы кадрларды іріктеп, оларды тиісті лауазымдарға қою керек қой. Міне, осы тұрғыда көп нәрсе бірінші басшының ұйымдастырушылық қарым-қабілетіне байланысты. Менің ойымша, жалпақ жұртты жарқын болашаққа бастайды делінген бірталай мемлекеттік бағдарламалардың сәтсіздікке ұшырауы – осы «технарь» немесе экономист әкімдерге сенім артудың салдарынан. Айталық, Мемлекет басшысының қатысуымен алаулатып-жалаулатып үлкен кәсіпорынның тұсауын кесеміз, бірақ көп ұзамай оның есігіне қара құлып салынады. Неге? Оған мысалды алыстан іздеп, қиналудың қажеті шамалы, қазақстандық биоэтанол өндіреді деп дәмеленген зауыттың қалай күйрегенін тілге тиек етсек те жеткілікті. Біз оны үлкен өнеркәсіп кластерінің негізі болады деп күтіп едік... «Технарьлардың» тірлігінің жемісі – осы! Әйтсе де ешкім ешқандай жауапкершілікке тартылмады. Әйтпесе көрер көз болса, бәрі жайрап жатыр ғой: мемлекеттің ақшасы жаратылды, жоба күл-талқан болды, ал мемлекет пайда табудың орнына зиян шекті. Сондықтан әкім деген лауазымға барынша білікті, ой өрісі кең, келешекке көз тастай алатын, кадрларды дұрыс таңдап, әрқайсысына жөн-жоба нұсқайтын адамды тағайындау шарт. Сонда ғана ауыл-аймақтарда проблема туындамайды. Кадр таңдаудағы қателік небір болашағы зор бағдарламалардың құрдымға кетуіне әкеп соқтырады. Әрі оның отандық экономиканы тұсаулап тұрған факторлардың бірі екені де өтірік емес».
Ал, 1997-2004 жылдары Қызылорда облысын басқарған 3 әкімнің тұсында «зам» болған Нұрлан Ерімбетовтің көзқарасы біржақтылау секілді әсер қалдырды. «Билікке қадам басып, әкім атанған адам саясаткер, стратег болуы қажет. Ол тек қарапайым халықтың үніне ғана емес, сарапшылар мен ғалымдардың да пікіріне құлақ түріп, оны бойына сіңіріп, баға бере білгені жөн. Сондай-ақ, өзі басқарып отырған аумақтың алға жылжуына кедергі келтіретін проблемаларды дер кезінде көріп, шеше алуы тиіс. Мысалы, аудандардың бірінде – жұмыссыздық, екіншісінде – қоршаған ортаның ластануы, үшіншісінде – ауызсу тапшылығы, төртіншісінде – туберкулезге шалдыққандардың артуы, бесіншісінде сауатты бизнес-жобалардың жоқтығы күн тәртібіндегі бірінші мәселе болуы ықтимал. Егер әр жаңа әкім сол күйіп тұрған мәселелердің тым құрығанда біреуін ептей алса, тұтастай қарағанда, көлге тамған тамшыдай болса да, мемлекеттің өркендеуіне үлес қосар еді» дейді ол.
Қазақстан азаматтық альянсының президенті сонымен қатар «ит жоқта шошқа үрмес» үшін, яғни стратегиялық маңызды салаларда өз міндетін дұрыс айқындап, орындай алатын кадрлар жұмыс істеуі үшін әкімдердің адам тани алуы керектігін атап өтті. Оның айтуынша, әкім өзіне орынбасар, басқарма-бөлімдерге басшы тағайындарда кәсіби өсудің барлық сатыларынан өткен, саланың түйткілдері мен аймақтың өзіне тән ерекшеліктерін бүге-шігесіне дейін білетін кадрларға таңдау жасағаны құба-құп. Әрине, бұл ретте нақты тапсырмалар жүктеп, оның орындалуын қатаң бақылауда ұстауды да естен шығармаған лазым.
«Бұдан бөлек әкімдердің парасатты болғанын қалар едім. Бұл – заман талабы, – дейді Н.Ерімбетов. – Өйткені әкім өзінің қарамағындағылармен ғана емес, күллі қоғаммен жұмыс істейді. Оның алдына ғалым да, жазушы да, сазгер де келеді. Әлгі әкімнің пайым-парасаты мен мәдениетінің деңгейі уақыт қарқынына ілесе алмаса, ол кісілердің сол аудан туралы көзқарасы да кереғар болмай ма?! Өкінішке қарай, қазіргі таңда әкімдердің бәрі бірдей бұл лауазымға қойылатын критерийлерге сәйкес келмейді. Аузынан сөзі, үстінен бөзі түскен шенеуніктерді де көріп жүрміз. Ой-өрістің кеңдігі жетіспейтін басшылар да бар, олар өздерінің базалық мамандықтарының шеңберінде тұйықталып қалған. Бұлай етуге болмайды, себебі әкім – «халықтық» лауазым. Ол барлық санаттағы азаматтардың проблемаларын ұғынып, түйсіне алуы керек. Оған қоса әкімдердің барлығы да Президенттің өкілі саналады. Оның жұмысына қарап тұтастай билікке һәм Мемлекет басшысына баға беруге болады».
Біздіңше, әкімнің шаруагер немесе саясаткер болуы саяси жүйеге де тікелей байланысты. Мысалы, ауыл, аудан, қала «қожайындарын» – олардан бір бас жоғары тұрған басшының, ал облыс әкімін Президенттің тағайындайтынын ескерсек, онда әкімқаралардан тек «хозяйственник» болу талап етілетін сияқты. Олардың қызметтік тағдырына қатысты шешімді халық емес, төбесінен төніп тұрған дөкей бастығы қабылдайтын болған соң, сұңғыла саясаткер, тіліне бал жаққан шешен, харизмалы көшбасшы болып несі бар?! Жоғарыдан түскен тапсырманы орындап, «өйт-бүйт» деп шұқып көрсеткен шаруаны ұйымдастырып, тып-тыныш қана жөніне жүре бермей ме?! Сірә, әкім атаулының баршасы осылай ойласа керек.
Саяси жүйе өзгеріп, әкімдер тек сайлау арқылы ғана тізгінге ие болсыншы, талай нәрсе өз арнасын табар еді. Қараша халықты көзіне ілмейтін, қарақан басының қамынан өзгені күйттемейтін кездейсоқ адамдар әкімдік ғимаратының сыртында жүрер еді. «Қайтсем елдің қазынасынан қаржы жымқырып, жемсауымды толтырамын» дейтін сұғанақтар емес, шын мәнінде әлеуметке жақын жандар әкім болар еді. Өзінен лауазымы үлкен ақ жағалының асты-үстіне түсіп, жалпақтауды емес, сайлаушыларына – дүйім жұртқа жағынып, көңілінен шығуды ойлар еді. Белгілі бір шешім қабылдарда бастығының келісімін алуға күш салмай, қоғаммен ақылдасар еді. Және соған сай жауапкершілігі бұрынғыдан да бетер артар еді. Өйткені әрбір іс-әрекеті үшін елдің алдында ашық жауап беруге тура келеді ғой. Ондай жағдайда ықпалды көке-жәкесіне немесе тексерушіге сый-сияпат жасап, былық-шылығын жасырып-жаба алмайды. Алқалаған қауымның қайсыбіріне ауызбастырық бере берсін?!
Соңғы жылдары әкімшілік-басқару функциясын орталықтан аймақтарға беру жайлы сөз қозғалып жүр. Елбасы да барлық деңгейдегі әкімдерге «Экономикамен айналысыңдар, даму үшін инвестиция тартыңдар, дотациялық жағдайдан шығуын амалын қарастырыңдар» дегенді жиі ескертеді. Демек, Ақордаға олардың саясаткерлігінен гөрі шаруашылыққа ден қойғаны маңызды деген сөз.
Иә, заң тұрғысынан үңілсек, облыс бірінші тұлғасы мемлекеттік саяси лауазым иесі саналады. Алайда Президенттің өкімімен тағайындалатынын ескерсек, оларды нағыз саясаткер деуге ауыз бармайды. Оның үстіне ешқайсысының сайлауда ашық саяси бәсекелестікке түсуде тәжірибесі де жоқ. Ал аудан әкіміңіз – бар болғаны мемлекеттік әкімшілік лауазым иесі ғана. Ол қайбір саясат жасай қойсын...
P.S. Айтпақшы, жуырда Оңтүстік Қазақстан облысына әкім болып тағайындалған Жансейіт Түймебаевты да шаруашылықтың маманы деу қиын. Ғылыммен айналысып, жоғары оқу орнында ұстаздық етті, Білім және ғылым министрі болды, Президент Протоколының бастығы лауазымын атқарды, Сыртқы істер министрлігінде ысылып, бірқатар мемлекеттерде елші болып, дипломаттық қырын шыңдады. Ендігі қалып тұрғаны – қаншалықты «хозяйственник» екенін дәлелдеу. Тағы бір атап өтерлігі, өңір басшыларының ішіндегі «технарь» да, экономист те емесі – Қансейіттің ұлы ғана. Оның базалық мамандығы – филолог.