Super User

Super User

ШЫМКЕНТТЕГІ ШАҒЫНАУДАНДАРДАҒЫ ЖАҢАҚҰРЫЛЫС АУМАҚТАРЫ ЭЛЕКТР ҚУАТЫМЕН ҚАМТЫЛАДЫ

Шымкенттегі барлық шағынаудандар 100 пайыз мемлекеттік жүйедегі электр қуатымен қамтылған. Бұрынғы жекеменшік трансформаторлардан жарық алу мәселесі бірте-бірте нарықтан ысырылып, қала тұрғындары сапалы электрдің игілігін көруде. Ендігі жерде жарық жеткізуде шағынаудандардың жаңақұрылыс аумағындағы жүйелердің құрылысы жүріп жатыр. Атап айтқанда, Сайрам, Бозарық, Асар-2 және Құрсай шағынаудандарына электр желісін жеткізу құрылысы биыл басталды. Пайдалануға беру мерзімі 2024 жылға жоспарланып отыр.

– 2023 жылы электр қуатымен қамту бойынша 6 нысанда, оның ішінде 5 елді мекеннің ішкі жүйелері және 1 қосалқы станцияның құрылысы жүріп жатыр. Бұл жұмыстар үшін 4,3 млрд теңге қаржы қаралып, 2,6 млрд теңге республикалық бюджеттен бөлінген. Нысандарды атап айтар болсақ «Ақжар» қосалқы станциясы, Батыс, Тұран, Түркістан, Нұрсәт және Қайнарбұлақ елді мекенінің жаңақұрылыс аумағында желі тарту құрылысы атқарылып жатыр. Одан бөлек, «110/35/10 кВ Ынтымақ» және «110/10 кВ Бадам» электр желісін тарату станция мен Бозарық, Асар-2 шағынауданының жаңақұрылыс аумағында құрылыс жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы өтуде, – деді қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Мақсат Ердембеков.

Екінші жарты жылдықта Тұран, Түркістан және Нұрсәт шағынауданының жаңақұрылысында мердігерлер 153,2 шақырым аумақтағы ішкі жүйелерін тарту кезінде 15 электр тарату бекеті, 38 трансформатор және 1 қосалқы станцияны орнатады. Ал, алғашқы жарты жылдықта Батыс, Қайнарбұлақ елді мекенінде құрылыс аяқталып, 50 мыңға жуық адам сапалы электрді қолдануға мүмкіндік алды. Жыл қорытындысымен «Ақжар» 110/35/10 кВ қосалқы станциясы, Тұран РП және Түркістан шағынауданында құрылыс аяқталып, 12 мыңға жуық адам сапалы электр қуатымен қамтылмақ. Нәтижесінде қамту көрсеткіші 98% -дан 100% ға өседі.

 

ШЫМКЕНТТЕГІ ТЕМІР ЖОЛ ВОКЗАЛЫНЫҢ ҒИМАРАТЫ ТАЛАПҚА САЙ БОЙ КӨТЕРУДЕ

Халық санының жылдан-жылға артуы мен қалаға келетін туристердің көбеюі теміржол вокзалының жұмыс жүктемесін арттырып қана қоймай, сервистік қызметті жақсартуды талап етуде. Қаланың даму жоспарына сәйкес, Теміржол вокзалының ғимаратын реконструкциялау жұмыстары қазір қарқынды жүргізілуде. Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов жауаптылармен бірге қайта құру жұмыстарының барысын қадағалады. Жауаптыларға құрылысты дер кекзінде әрі сапалы тұрде жұргізуді тапсырды.

Қазіргі таңда теміржол вокзалы 2- қабатының құрылыс жұмыстары 80 пайызға, бірінші қабаты 30 пайызға орындалды.

Реконструкциялау жобасына сәйкес, теміржол вокзалының аумағы 2249,33 шаршы метрге ұлғаяды. Ғимараттың жолаушы өткізу қабілеті қазір тәулігіне 2 мың адамды құрайды. Қайта құрудан кейін вокзал тәулігіне 6 мың адамға дейін қамти алады. Сондай-ақ жобада ғимараттың екінші кіреберісі, жолаушыларға жайлы қызмет көрсететін заманауи талапқа сай екі күту залы қарастырылған. Вокзал ғимаратының қасбеті мегаполистің сәулеттік келбетіне сай жабдықталып, шыны витражды жүйелерден және металл кассеталардан жасалады.

Құрылыс жұмыстары 5 кезең бойынша жүргізіледі. Қазір монтаждау жұмыстары жалғасып, нысанда жылу, жарық жүйелері тартылуда.

Сондай-ақ, өрт сөндіру дабылдары, интернет жүйесі және бейнебақылау камераларын орнату жұмыстары атқарылуда. Ал бірінші қабатта құрылысшылар колонналарды күшейту жұмыстарын жүргізуде. Вокзал ғимараты республикалық маңызы бар қаланың ерекшелігіне сай қайта құрылып, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

Мұрат Дүйсенбекұлы вокзал құрылысын жобаға сәйкес атқарып, нысанды мерзімінде қолданысқа беруді тапсырды. Сондай-ақ жолаушыларға қолайлы болу үшін желдеткіш жүйесін тиісті талаптарға сай жүргізуді ескертті.

ШЫМКЕНТ: ГАЗ СТАНЦИЯСЫ КЕЛЕСІ ЖЫЛЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

Қаланың жолаушылар көлігін дамытудың кешенді кестесіне сәкес, бүгінде 78 бағытта қоғамдық көліктер жолаушыларды тасымалдау қызметін көрсетеді. Қала аумағына күнделікті бағытқа 895 автобус шығады.

Бүгін қала әкімі М.Әйтенов жауаптылармен бірге қоғамдық көлік қызметінде атқарылып жатқан жұмыстар барысын тексерді. Қазіргі таңда мегаполисте әлеуметтік мәні бар маршруттардың тізімімен 77 маршрут айкындалған.

Аталған бағыттағы автобус маршруттары қала аумағын, сонымен қатар шет аймақтарда орналасқан барлық шағынаудандар мен тұрғын алабтарды қоғамдық көлікпен қамтиды. Автобустардағы кондукторсыз жүйе де қызмет сапасын жақсартып, жолаушылар үшін тиімділігін көрсетуде. Сондай-ақ бұл жүйе автобус жүргізушілерінің де жалақысын арттыруға септігін тигізіп отыр. Қалада жалпы резервпен қоса санағанда 1100-ден аса автобус, 10 автопарк бар. Сондай-ақ жолаушылардың қолайлылығы үшін қоғамдық көліктерді заман талабына сай жаңарту да басты назарда. Қалада барлық дерлік автобустар жаңа “Yutong” және “Ankai” маркалы заманауи көліктерге ауыстырылды. Тұрақты маршруттарда 600-ден астам автобус жанар-жағар май ретінде экологиялық таза газ-метанды пайдаланады.

Көліктерді газ отынымен қамтамасыз ету үшін 2 газ станциясы қызмет көрсетуде, ал үшінші станциясының құрылысы қазір қарқынды жүргізілуде. М.Дүйсенбекұлы станцияның құрылыс барысын қадағалады. Жауаптыларға құрылыс ерекшеліктерін назарға алып, жұмыстарды жобаға сәйкес атқаруды тапсырды. Сондай-ақ газ құбырларын тартуда орын алған өзекті мәселелерді шешу бойынша тиісті басқармаға нақты тапсырма берді. Автобустардың тасымалдау сапасын арттырып, қозғалыс жиігілін қадағалау қажеттігін ескертті. Жоспарға сәйкес, аталған станцияның құрылысын толық аяқтап, пайдалануға беру 2024 жылдың сәуір айына жоспарланған.

 



ШЫМКЕНТ: ЖЫЛУ МАУСЫМЫ МЕН ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНДЫҚ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Шымкентте қала мәслихатының сегізінші шақырылымдағы алтынша сессия отырысы өтті. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің қатысуымен өткен жиынның күн тәртібінде 9 мәселе қаралып, жылу маусымы мен жаңа оқу жылының дайындығы пысықталды. Алдымен бес ауданның әкімдеріне жүктелген функционалдық міндеттердің орындалу барысы баяндалды. Мінберде қала мәслихаты алдында есеп берген аудан әкімдері аумақтарда халыққа қолайлы орта қалыптастыру, инфрақұрылыммен қамту, ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуы Мемлекет басшысының Жолдауы және қала әкімі бекіткен 5 жылдық даму жоспары негізінде атқарылып жатқанын айтты.

Қазір жаз мезгілінің соңғы айы. Шымкентте жылу маусымына дайындық жұмыстары да аяқталуға таяған. Мәслихаттың бірлескен отырысында қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Мақсат Ердембеков жылу маусымына дейін жоспарланған жұмыстардың барлығы толығымен атқарылып жатқанын айтты.

Қалада жылу жүйелерінің ұзындығы 838,6 шақырымды құрайды. Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде оның 37 пайызы тозған. Осы тозу деңгейін төмендету үшін жергілікті және республикалық бюджеттен 6,3 млрд. теңге қаржы бөлінген. Қаражаттың 3,2 млрд. теңгесі жергілікті бюджеттен қаралып, биыл 8,8 шақырым жылу жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Ал, республикалық бюджеттен бөлінген 3,1 млрд. теңгеге 3 жоба негізінде 8,7 шақырым жылу құбыры қайта құрудан өтуде. Қысқы дайындық үшін жөндеу жұмыстары осы жылдың 20 қыркүйегінде толық аяқталады.

Мұнан кейін қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева Шымкент қаласында «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы аясында атқарылған жұмыстар мен жаңа оқу жылына дайындықтың барысын айтты.

Жаңа оқу жылында 28 мыңнан астам бала 1 сыныпқа қабылданыпты. Білім беру ұйымдарындағы орын тапшылығын жою мақсатында биыл 48 білім мекемесі жаңадан пайдалануға берілсе, оның 15-і жалпы орта білім беретін мектеп. Осылайша үш ауысымда оқытатын 4 мектептің мәселесі толығымен шешіліп, 61 мектеп бір ауысымда білім беруге көшкен.

Жиын соңында қала әкімі Мұрат Әйтенов қала тұрғындарының өмір сүруіне қолайлы орта құрып, аумақтарды дамыту, халықтың әлеуметтік мәселелерін барынша шешуге бағытталған жұмыстарды күшейту қажет екенін алға тартты.

–Осы міндеттерді сапалы орындау үшін аудан әкімдерінің ұсынысымен әр ауданнан коммуналдық мекемелер ашылып, оларға қажетті ресурстар мен қаржы берілді. Жылу маусымына дайындық жұмыстарын да пысықтап алдық. Әкімдік жылу маусымына дайындықты қызу атқарып, мәселелерді жүйелі түрде шешуде. Қаламызда урбанизация процесі қарқынды жүруіне байланысты оқушылар саны да жылдан-жылға артуда. Білім беру ұйымдарында орын тапшылығын жою үшін биыл 15 жаңа мектеп қолданысқа беріледі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қаламызда 2026 жылға дейін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 18 мектеп салу жоспарланып отыр. Бүгінгі сессияды аудан әкімдері мен басқарма басшыларының есебіне қатысты сын-ескертпелер назарға алынды. Бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастыратын боламыз, - деп қала әкімі сессияны қорытындылады.

 

 

Осы RSS каналға жазылу