Жексенбі, 23 Қыркүйек 2018 12:11

Жетісай ауданында Қызылқұм ауылының 70 жылдық мерейтойы аталып өтті

Түркістан облысы Жетісай ауданында Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында Қызылқұм ауылдық округінің 70 жылдық мерейтойы аталып өтті. Мерекелік шара округке кіреберістегі «Шаңырақ» монументінің ашылуымен бастау алды. Еңселі монументтің ашылу салтанатына Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдіғаппар Исаев, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Тойым Жүнісов, профессор Бегім Серіков сынды азаматтар қатысты.

Мұнан соң аудан әкімі бастаған топ Қызылқұм ауылындағы жазушы, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Мырзагелді Кемел 5 мың дана кітабын тарту еткен ауылдық кітапхананың жұмысымен танысты. Бүгінде Қызылқұм ауылдық округі Жетісай ауданындағы аумағы, халқы жағынан ең ірі ауылдық округтерінің бірі саналады. Округтің шығысында Абай ауылдық округі, солтүстігінде Шардара су қоймасы, батысында Өзбекстан Республикасы, оңтүстігінде Мақталы ауылдық округі орналасқан. Бүгінде мұндағы 17 елдімекенде халық саны 11225-ке жетіп отыр. Жергілікті тұрғындардың негізгі күнкөрісі егін мен мал шаруашылығы. Мерекелік шарада сөз алған аудан әкімі Қызылқұм ауылының терең тарихына тоқталып, жиналғандарды арнайы құттықтады. 

«Қызылқұм алқабының тарихы терең. Жері қасиетті жердің ерлері де қасиетті болары анық. Бұл өңірде елдің есінде жақсылығымен, қамқорлығымен қазірге дейін ел аузынан түспей жүрген Тұрлыбек, Қанай, Мұсабек, Сапақ, Дәуренбек, Жабай, Таубайлар аңызға айналған тұлғалар ғұмыр кешкен. Ең бастысы, жиырма бірінші ғасырға аяқ басқан тұста Қызылқұм халқы қиыншылықтардың уақытша екенін, ең қымбат дүние — Тәуелсіздік екенін бар жүрегімен түсінді. Жер байлығы бар жерде ел байлығы болмай қоймайды. Жаңа ғасырға бүкіл еліміздегідей округ халқы да зор намыспен, қажымас қайрат-жігермен, ұлттық биік рухпен қадам басты», - деді Жамантай Қанайұлы. 

Іргетасы 1928 жылы қаланған Қызылқұм алғашында аудан болып құрылып, 1956 жылдары Киров ауданына қосылып, егістік пен мал шаруашылығына ден қойды. Содан бері талай кезеңдерді бастан кешке округте бүгінде 17 елдімекен, 5 білім беру, 1 дәрігерлік емхана, 6 балабақша жұмыс істейді.Сондай-ақ, округте 808 шаруа қожалығының иелегінде 7151 гектар егістік жер бар. Мерекелік шара барысында қол күресі, қазақ күресі, футбол, кір тасын көтеру секілді спорттық жарыстар ұйымдастырылды. 70 жылдық шараға осы ауылдан түлеп ұшқан талай беделді азаматтар арнайы шақырту алыпты. Мерейтой соңы концерттік бағдарламаға ұлысты. 

«AQ-QARA.KZ» – ақпарат»

Оқылды 1288 рет