– «Қуатты өңірлер - ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 2015 жылдан бері Түркістан облысынан еліміздің жұмыс күші жетіспейтін Солтүстік өңірлерге халықты қоныстандыру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, облысымыздан 2015-2022 жылдар аралығында 11 784 адам қоныс аударған. Бұл дегеніміз 3 080 отбасы. 2023 жылға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Республика бойынша 6 727 квота бөліп, қоныс аударушылар үшін мемлекеттік қолдау көрсететін 7 облысты белгіленген. Олар: Абай, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстары - деді Жаңабай Молдабайұлы.
Бірнеше жылдан бері осы игі істің жандануына атсалысып жүрген халық қалаулысы Жаңабай Ағабеков бұл жолы да өңір тұрғындарының теріскейдегі тіршілікпен танысып қайтуына жағдай жасап, қолдау көрсетіп отыр.
– Павлодарға қоныс аударуға ниетті адамдар саны күннен-күнге артып келеді. Бағдарлама қатысушыларына және олардың отбасы мүшелеріне, сондай-ақ отбасылық жағдайына қарамастан жалғызбасты азаматтарға бір рет 70 АЕК мөлшерінде, яғни 241 500 теңге көмек беріледі. Көшіп келгендерге үй салатын не сатып алатын болса 4 млн теңге сертификат беру қарастырылған. Пәтер жалдау ақысын төлеуге қолдау көрсетіледі. Біздің өңірде дәрігер, көлік жүргізушісі, зоотехник, ветеринар, мұғалім мамандықтарына сұраныс жоғары. Павлодарға көшуге ниетті азаматтар, ең бірінші кезекте құжаттары толық болуын ескеруі тиіс, - деді Павлодар облысының Павлодар ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Нұрмағамбетов.
Таяуда осы мәселеге қатысты тағы бір баспасөз брифингі өткен болатын.Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Жаңабай Ағабеков «Қуатты өңірлер — ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында таяуда Түркістан облысының 50-ге жуық тұрғыны Солтүстік Қазақстан облысына сапарға шығып, оның ішінде 20-ға жуық отбасы теріскейде қалуға бірден шешім қабылдаған. Қалған тұрғындар алдағы уақытта көшетін аудандарын таңдап, кезең-кезеңімен солтүстікке қоныс аудармақ» деді.
2016 жылдан бері Солтүстікке көштің жандануына атсалысып жүрген халық қалаулысы Жаңабай Молдабайұлы бұл жолы да өңір тұрғындарының теріскейдегі тіршілікпен танысып қайтуына жағдай жасап, қолдау көрсетті. Спикердің айтуынша, осындай танымдық сапарлар алдағы уақытта да жалғасады.
«Жақында Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен осы көштің басы-қасында жүрген ұлтжанды азамат Бурахан Даһанов өңірімізге келіп, онымен бірге бір аптадай түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Бұл бағыттағы жұмыстар нәтижесіз емес. Солтүстіктің жері құнарлы, онда жұмыс көп, маман тапшы. Біздің өңірдің еңбекқор халқы солтүстікке де тез бейімделіп жатыр. Бірнеше жыл бұрын теріскейдегі жабылғалы тұрған мектеп оңтүстіктен көшіп барған 50 шақты оқушының арқасында жұмысын жалғастырып, ауылдың ажары артты. Қазақ елінің әрбір жері қастерлі. Қолынан іс келетін, мал бағуға, егістікпен айналысуға ебі бар өңір тұрғындарын солтүстікке қоныс аударуға шақырамын», — деді ол.
Брифинг барысында сөз алған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нұрашов 2015 жылдан бері жұмыс күші азайған Солтүстік өңірлерге халқы тығыз орналасқан Оңтүстік аймақтарынан халықты көшіру жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатқанын айтып өтті. Басқарма өкілінің баяндауынша, 2015-2022 жылдар аралығында Солтүстікке өңірімізден 11 892 адам қоныс аударған. Ал, осы жылдың 5 айында облыстан 206 отбасы, яғни 691 адам көшіп барған.
«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2023 жылға республика бойынша 6727 квота бөлді. Қоныс аударушылар үшін мемлекеттік қолдау көрсететін 8 облыс белгіленген. Олар — Абай, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Ұлытау, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстары. Биыл 19-21 сәуір аралығында Түркістан облысының 9 ауданында еліміздің солтүстік-шығыс 4 аймақтарының өкілдерінің қатысуымен «Қоныс аудару» жәрмеңкелері, «Amanat» партиясының Түркістан облыстық филиалы өкілдерімен бірге халықпен кездесулер өткізілді. Нәтижесінде, 509 отбасы қоныс аударуға ниет білдірді, оның ішінде 100-ден аса азамат оң шешім қабылдайтынын жеткізген», — деді Нұржан Нұрашов.
Брифинг барысында Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданы, Еңбек ауылына көшіп баруға шешім қабылдаған саурандық Әділхан Жумадулла теріскейге көштің тиімді тұстары жайлы пікірін білдірді. Ол солтүстікке қоныс аударушылар үшін тұрғын үйлердің бағасы қолжетімді әрі мал шаруашылығына ыңғайлы екенін тілге тиек етті. Ауылдың әлеуметтік жағдайы да көңілінен шыққан.
«Солтүстіктегі ағайын ыстық ықыласпен қарсы алып, қолдауын көрсетіп жатыр. Алдағы уақытта онда ірі қара мал бағып, осы шаруашылықты дамытуға күш салмақпын. Мен барған Шал ақын ауданында балық шаруашылығымен де айналысуға мүмкіндік мол. Ауданда 17 көл бар екен. Болашақта көлдің емдік балшығының негізінде санаторий ашуға ниеттімін. Осы сапар нәтижесінде өзім 15 шақты отбасыға құжаттарын рәсімдеуге көмектесіп, солтүстікке алып бара жатырмын», — деді ол.
Одан бөлек, солтүстікке көшуге ниетті Келес ауданының тұрғыны Мұхамеджан Алдияров та мал шаруашылығына лайықты елдімекенді таңдап, алдағы аптада көшуге дайын екендігін жеткізді. Сондай-ақ, ол көшіп барған соң солтүстік жұртына ұлттық спорт түрі көкпарды насихаттап, дамытқысы келетіндігін айтты.
Айта кетейік, бөлінген квота негізінде биылғы жылдың сегіз айында Түркістан облысынан Солтүстік өңірлерге 238 отбасы, яғни 885 адам қоныс аударған. Атап айтқанда, Павлодар облысына 98 отбасы - 335 адам, Солтүстік Қазақстан облысына 77 отбасы - 319 адам, Абай облысына 5 отбасы - 12 адам, Ұлытау облысына 1 отбасы - 8 адам, Шығыс Қазақстан облысына 25 отбасы - 87 адам, Қостанай облысына 32 отбасы - 124 адам қоныс аударды.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат