2023 жыл қорытындысымен газ тұтынушылар саны 1 млн. 659 343 абонетке (78,3 %) жетеді. Осылайша өңірдегі 833 елді мекеннің 522-і газбен толық қамтылады. Алдағы 3 жылда қосымша 200 елді мекенді табиғи газға қосып, қамту деңгейі 86,7%-ға жеткізіледі. Өңірде құрылысы жүргізіліп, бірақ іске қосылмай тұрған газ құбырлары мен газ таратушы станцияларын жөндеп, қайта іске қосу, елді мекендерді «көгілдір отынмен» қамту жұмыстары жүргізілуде. Басқосуда салаға жауапты мекеме басшылары мен аудан, қала әкімдері осы бағыттағы жұмыстарын баяндады. Облыс әкімі жұмысты жандандыруды, жобаларды қаржыландыруды жүйелеуді жүктеді.
- Стратегиялық тұрғыда маңызды, газдандыру мәселесін тұрақты бақылауда ұстап, жоспарға сай жұмыс жүргізген жөн. Қараусыз қалған нысандар қайта іске қосылу керек. Газ кіргізу жұмыстарын да мейілінше жылдамдату қажет. Жоспарланған жұмыстар белгіленген мерзімінде аяқталуы тиіс. Жауапты басқарма, аудан, қала әкімдері жұмысты ширату керек. Бүкіл әлемде жыл сайын экологиялық таза энергия ресурстарына, ең алдымен газға сұраныс артып келеді. Инфрақұрылым бойынша әрбір жобаны қатаң қадағалап, соңына дейін жеткізу қажет, – деді Дархан Сатыбалды.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен қолға алынған жұмыстар нәтижесінде Жетісай ауданындағы «Жетісай», «Киров» АГТС-терінің құрылыс жұмыстары аяқталып, газға қосылу жұмыстары жүргізілуде. Дәл осы секілді бірнеше ауданда газ таратушы желілерді жөндеуден өткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мемлеккеттік сараптамадан 96 жобаның оң қортындысы алынған. Оларды қайта қалпына келтіруге қаржы қарастырылуда.
Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтың айтуынша, Созақ ауданында газдандыру құрылысына бюджеттен 1,5 млрд.тг. бөлініп, 2 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Аудан орталығы Шолаққорған елді мекенінің құрылыс жұмыстары биыл аяқталады. Табиғи газ жүйесіне қосылу үшін АГТС бар магистральды газ кұбыры-тармағын толық аяқтауға республикалық бюджеттен 411,1 млн.тг. қаржы бөлу қажет.
Созақ ауданында «АГТС бар магистральды газ кұбыры-тармағын салу» нысанының құрылыс жұмыстары 2019 жылы басталған. 2023 жылға дейін игерілген қаржы – 2 413,3 млн.тг. Биыл республикалық және облыстық бюджеттен қаралған қаржы – 1 202,7 млн. тг. Сарыағаш ауданының Жібек Жолы ауыл округіне қарасты елді мекендерді газбен қамтамасыз ету мақсатында 2011-2012 жылдары салынған автоматтандырылған газ реттегіш станциясы анықталған ақаулардан әлі іске қосылмай тұр. Бұл бағыттағы жұмыстар жүргізілуде.
Келес ауданындағы «Ғ.Мұратбаев» газ тарату станциясы 22 елді мекенге газ таратуда. Одан бөлек, аудандағы қосымша 9 елді мекенді газға қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар ауданда 51 га құрайтын жылыжай кешенінің құрылысы басталды. Осыған орай кешенге қажетті газ көлемін жеткізу үшін станса қуаттылығын арттыру қажет. Бұл туралы ГТС-тің теңгерім ұстаушысы - «Интергаз Орталық Азия» АҚ-на ұсыныс берілді. Облыс табиғи газды 2018 жылға дейін Газли-Шымкент (Өзбекстан) магистралды газ құбырынан тұтынған. 2018 жылдан бастап отандық «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбырынан тұтынуда.
– Аудан, қалаларда халықпен кездесулерде ел инфрақұрылым, соның ішінде газ мәселесін жиі қозғайды. Кейбір жобалар қаржы бөлінсе де, сапасыз орындалған немесе соңына дейін жүзеге аспаған. Мәселені жасыру емес, шешу жолдарын қарастыру керек. Егер газ жүргізуге жауапты мердігер жұмысын келісімшартқа сәйкес атқармаса, заң органдарына ұсынылсын. Бұл түйткілді өзім тікелей бақылауыма аламын. Жұмыс уақтылы атқарылмаған соң қаржыландыру да қиынға соғады. Ондай мысалдар бар. Аймақты газдандыру мәселесін тұрақты бақылауда ұстап, жоспарға сай жұмыс жүргізген жөн. Газ кіргізу жұмыстарын мейілінше жылдамдату қажет. Әйтпесе, алдағы жылыту маусымына үлгермей қалуы мүмкін. Газды үйлерге кіргізу, құжаттарын реттеу да уақытты алады. Биыл жоспарланған жұмыстар жедел атқарылып, елді мекендерге газ берілсін. Жауапты басқарма, аудан, қала әкімдері жұмысты ширатыңыздар. Инфрақұрылым бойынша әрбір жобаны қатаң қадағалап, соңына дейін жеткізу қажет, – деді Дархан Сатыбалды.
Өңірде 2023 жылы 101 нысанның құрылысына 17,6 млрд. теңге бөлініп, оның ішінде 70 нысанның құрылысы биыл аяқталады. Қалған 31 нысан 2024 жылға өтпелі. Қалған қолдау таппаған нысандар 2024-2026 жылдарға республикалық бюджетті қалыптастыруға ұсынылған. Осы саладағы атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде бір жылда облыстағы елді мекендердің газбен қамтылу көрсеткішін 62,7 %-ға, яғни, 465-тен 521-ге жеткізу жоспарланып отыр.
Жалпы, ел тұрғындарын газбен қамтамасыз ету – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұдайы назар аударып отырған басым бағыттардың бірі. Халық игілігіне айналатын бұл маңызды жоба республика бойынша жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Әсіресе ауыл-аймақтарды газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Әлемдік энергетикада көгілдір отынның маңызы айрықша. Кез келген мемлекеттің де экономикасында стратегиялық мәнге ие. Табиғи газ анағұрлым экологиялық таза отын, оның үстіне өнеркәсіпте құнды шикізат саналады. Сол үшін ол бизнеске де, тұрғындарға да қажет. Әлемдік экономикадағы газға деген зор сұраныс осымен байланысты. Ал оны пайдалану – қай елдің болсын даму деңгейінің көрсеткіші.Көптеген дамыған елдердің өз энергетикасында көмірден газға дейінгі өрлеу жолын жүріп өткені бекер емес. Бұл негізінен Еуропа, АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея басынан кешірген құбылыс. Көмірмен салыстырғанда, газ қоры жер бетінде шашыраңқы орналасқан. Сондықтан оны өндіру мен тұтынушыға жеткізу ірі инфрақұрылымды қажет етеді.
Ал қазақ жері газға бай. Қазіргі табылған көлемінің өзі шамамен 70 жылға жетеді. Қорлар жөніндегі мемлекеттік комиссия Қазақстанда алуға келетін 3,8 триллион текше метр газ қоры бар деп бекіткен екен. Әлеуетті ресурстары 6-8 трлн текше метрге дейін жетеді. Газ қоры жөнінен Қазақстан әлемде 22-орында. Ал ТМД бойынша Ресей және Түрікменстан елінен кейінгі 3-орында тұр. Айта кетейік, тәуелсіздік алған 1991 жылы елде 7,9 млрд текше метр «көгілдір отын» өндіріліпті, ал одан бергі 30 жыл ішінде ол 56 миллиард текше метрге жуықтаған.Иә, көгілдір отынның қажеттілігі күн санап артуда. Әсіресе көмір бағасының жыл сайын шарықтауы ауылдағы ағайынға ауырлық туғызып жатқаны анық. Қазіргі кезде газбен қамтылмаған аймақтарды газдандыру жұмысы қолға алынып, соған сәйкес қажетті қаржы сомасы да қарастырылып жатыр.
Түптеп келгенде көгілдір отынның жүргізілуі елді мекеннің еңсесін тіктейтіні сөзсіз. Бұл күнді шалғайдағы ауыл халқы тағатсыздана күтіп жүр. Газдың келуі халықты пеш жағу тауқыметінен арылтып қана қоймасы анық. Экологиялық ахуалдың жақсаратынын айтпағанның өзінде, ол аймақ экономикасының қарқынды дамуына пәрмен берері сөзсіз. Әлбетте, мыңдаған шақырымнан құбыр тарту оңай болмасы анық. Бюджеттен бөлінетін қыруар қаржының арқасында келген газдың игілігінен құр қалмай, әр тұрғынның үйінде көгілдір отынның жанғаны екі жақты тиімді. Көгілдір отын – ел өміріне береке, табыс, шуақ алып келеді. Елдің әлеуметтік, экономикалық жағдайына да үлкен серпін береді. Газ Ұлы Даланың қуаты, сондай-ақ ол мемлекеттік ауқымдағы бірқатар міндеттерді шешуге мүмкіндік туғызады.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат