Аталған үйдің құрылысы 2021 жылы басталған. Жалпы құрылыстың ауданы – 7461,15 шаршы метр. Үйдің құрылысы тамыз айында аяқталады деп көзделген. Бүгінгі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары 80%-ға аяқталған. Сыртқы фасад –100%, ішкі әрлеу жұмыстары – 30%, инженерлік желілер – 100%, монолит жұмыстары толығымен аяқталған. Материалдар 100 пайыз жеткілікті.
Дархан Сатыбалды одан кейін әкімшілік ғимараты бар 20 қабатты тұрғын үйдің құрылыс барысын көрді. Жалпы құрылыстың ауданы – 14 127,75 шаршы метр. Бүгінгі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары 70%-ға аяқталған, инженерлік желілерді тарту – 80%-ға аяқталған. Техникалық қабатта монолиттік және 19 қабатта қабырғаларды қалау жұмыстары жүргізілуде.Өңір басшысы қос мердігерге де жұмысты ширатуды және жылдамдатуды тапсырды.
– Қандай мәселелер бар? Әкімшілік тарапынан қандай көмек керек? Ұсыныстарды тыңдауға дайынбыз. Сіздер өз тараптарыңыздан жобаны сапалы әрі уақтылы аяқтаңыздар. Үйлердің сапасы қатаң қадағалауда тұр. Абыройға жұмыс істеңіздер, – деді облыс әкімі.20 қабатты қос үйдің құрылысы биыл аяқталады деп жоспарланып отыр.
Дархан Сатыбалды Түркістан қаласындағы құрылыс алаңдарын аралау барысында әскерилерге арналған әкімшілік ғимараты ретінде ыңғайластырылып жатқан нысанның жағдайымен де танысты. Әскерилердің ұсыныс-пікірлерін тыңдады. – Құрылыс жоспарға сай жүргізіліп, аяқталуы тиіс. Сіздердің де ұсыныстарыңыз ескеріледі. Қолдау көрсету жағын қарастырамыз, – деді облыс әкімі.
Аталған нысанға тапсырыс беруші – Түркістан облысының құрылыс басқармасы. 2021 жылы басталған жұмыстар 2023 жылы қазанда аяқталады деп жоспарланған. Жаңа жобаға сәйкес бұзу жұмыстары 100%-ға, шатыр жабу жұмыстары 100%-ға, сыртқа фасад қаптау жұмыстары 100%-ға аяқталған. Оқ ату тирі мен ішкі инженерлік жүйелері 100% дайын. Ішкі әрлеу, сыртқы инженерлік жүйелер, сыртқы абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар нысанның техникалық құрал-жабдықтары тасымалдануда.
«Ұлттық ұлан» мекемесіне берілетін нысан жобасының 2-кезегіне түзету жұмыстары жүргізілген. Аумақты аббаттандыру бойынша топырақтар толық шығарылған. Гараж бен қойманың қабырғалары қалануда. Жылу қазандығын салу жұмыстары да аяқталуға жақын. Нысан басында 42 адам, 3 техника жұмыс істеп жатыр.
Тағы бір атай кетерлік мәлімет, Сарыағаш қаласындағы бірнеше жылдан бері бос тұрған 13 көпқабатты тұрғын үй таяуда пайдалануға берілді. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен бұл үйлерге арналған автономиялық кәріз жүйесін жүргізу үшін биыл облыстық бюджеттен 134,7 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталған болатын. Облыс әкімі құрылыс барысымен танысу үшін Сарыағаш ауданына арнайы жұмыс сапарымен де келіп кеткен-ді. — Біздің басты міндет — халыққа адал қызмет ету. Осы ұстанымды жақсы білген әкім ел қамын ең бірінші кезекке қояды. Басталған тірлік міндетті түрде аяқталуы тиіс. Оны созбалаңға салуға болмайды. Өңірімізде ауылдарды дамытуға басымдық беріледі. Халық көп мекен еткен оңтүстік аумақтың тұрғындары үшін Мемлекет басшысының тапсырмасымен Сарыағашта заманауи перинаталды орталық салынады,- деген болатын Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен бой көтерген коммуналдық-арендалық тұрғын үйлер баспана кезегінде тұрған 585 отбасына берілуде. Мұнда 3 мыңнан астам адам көшіп келген. Облыс басшысы аулаларды абаттандыруды да тапсырды.
Коммуналдық арендалық тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары 2018-2020 жылдары аралығында жүргізіліп, аяқталған. Сарыағаш қаласы аумағында кәріз жүйесінің құрылысы толық аяқталмаған. Орталықтандырылған кәріз жүйесі іске қосылғанға дейін уақытша тұрғын үйлердің сарқынды суларына арналған 100 м³, 3 (үш) дана сарқынды су қоймасын (септик) орнату жұмыстары жүріп жатыр.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан өңіріне сапарында демографиялық өсімі жоғары аудандардың бірі Сарыағаш ауданынан перинаталды орталық салуды тапсырған болатын. Биыл орталықтың құрылысы жұмыстарына қажетті 8 гектар аумақ белгіленіп, облыстық құрылыс басқармасына сәулет-жоспарлау тапсырмасы ұсынылды. Жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін құрылыс жұмыстарына қаржы қаралып, нысанды салу жұмыстары басталады. Орталық құрылысы аяқталғаннан кейін Сарыағаш ауданының тұрғындарына және көршілес жатқан 5 ауданның тұрғындарына сапалы медициналық қызметтер ұсынылатын болады. Сонымен қатар биыл бірнеше ауданда заманауи оқушылар сарайлары салынады.
Түркістан облысында биыл жалпы көлемі 866 мың шаршы метрден асатын 71 тұрғын үй құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде облыс орталығындағы 7 қабатты 32 тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Биыл 3 557 пәтер пайдалануға беріледі. Жаңа баспаналар мемлекеттік бағдарламалар аясында әлеуметтік несиемен және үй кезегінде тұрған азаматтарға арендалық негізде беріледі.Құрылыс сапасы – басты назарда. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды кезекті рет облыс орталығындағы құрылыс алаңдарын аралап, жауапты мердігерлермен кездесті. Құрылыс жұмыстарын белгіленген кестеге сәйкес аяқталуын қатаң қадағалауды міндеттеді. Талапқа бағынбағандарға шара қолданылады.
Жаңа тұрғын үйлерді өз көзімен көріп, пысықтаған облыс басшысы құрылыс компанияларының басшыларына құрылысты тиісті мерзімінде аяқтауды ескертіп, инфрақұрылымдық жүйенің тұтынуға сақадай сай болуы тиіс екенін айтып, жұмысшылар санын арттыруды тапсырды. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Түркістан облысында 128 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілген. 2022 жылдың қорытындысымен пайдалануға 57 тұрғын үй берілді. Құрылысы аяқталған үйлердегі 3473 пәтердің 753-і жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларына арналған арендалық пәтерлер ретінде тапсырылды. 2720 пәтерді түркістандықтар әлеуметтік кредиттік жүйемен алған.
Таяуда Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат отырысында тұрғын үй саласындағы жұмыстар сараланып, кемшіліктер талқыланған болатын. Аталған жиында үйлерді уақтылы тапсырмау, абаттандыру жұмыстарын талапқа сай жүргізбеу және өзге де түйткілдер сөз болды. Жалпы, Түркістан облысында 5 жылда тұрғын үй саласы бойынша құрылыс қарқыны артқан. Алайда, өзекті мәселелері де аз емес.
Түркістан облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиевтің айтуынша, биыл өңірде барлық қаржыландыру көздері есебінен 866,4 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру межесі қойылған. 8 айдың ішінде 525,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға қабылданған. Түркістан қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталығындағы 62 (4202 пәтер, 251 533 мың шаршы метр) тұрғын үйдің тапсырыс берушісі – Облыстық құрылыс басқармасы. Биыл 55 тұрғын үйдің құрылысын аяқтап, жалпы 185 мың шаршы метрді құрайтын 3140 пәтерді пайдалануға тапсыру жоспарланған. Қазіргі таңда 1409 пәтер немесе 81188 мың шаршы метр үй пайдалануға қабылданды. Құрылысты мерзімінен кешіктірген мердігерлерден келісімшартқа сәйкес 2,5 млн. теңге өндірілген.
Құрылыс нысандарының сапасы да үнемі облыс әкімі мен Түркістан қаласы әкімінің қырағы бақылауында. Сапаға қатысты қандай да бір мәселе туындаған жағдайда шұғыл қалпына келтіру жүйелі жүзеге асырылып келеді. Осы мақсатта ашылған жедел әрекет ету бригадалары елге қызмет етіп жатыр. Мысалы, жыл басынан бері жедел әрекет ету орталығының көмегіне 397 қоңырау түскен. Мердігер мекеме тарапынан 136 өтініш бойынша тиісті жұмыстар атқарылды. «Түркістан жылу» мекемесіне қатысты 124 өтініш қаралып, қажетті жұмыстар мерзімінде ұйымдастырылды. Былтыр әкімдік тарапынан кепілдік мерзіміне сәйкес 52 мердігер мекемеге ескерту берілген. Оның 33-і ұсынылған кемшіліктерді қалпына келтірді.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат