Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылына арнайы барып, кәсіпкерлермен кездесу өткізді. Ұсыныстары мен пікірлерін тыңдады. Санитарлық салаға жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдары басшыларына жұмысты ширату жөнінде ұсыныс берді. Жергілікті әкімдік пен басқармаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
– Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі берген ұсыныстарыңыз бойынша жұмыс жүреді. Қолдаймыз. Бірақ, қазір бірінші кезекте санитарлық жағдайды ретке келтіріп, қоғамда талқыланып жатқан мәселені реттеуіміз қажет. Малдың қанын арыққа ағызу, қоршаған ортаны ластау мүлдем дұрыс емес. Тоқтатылады. Ауылдағы әрбір мал сою бекеті, кәсіпкерлер, мал саны толық есепке алынып, тіркелсін. Жұмыс тобы құрылсын. Жауапты басқарма мен аудан, ауыл әкімдігіне осы мәселені шұғыл шешуді тапсырамын. Бірінші кезекте малдың қалдығын тастайтын арнайы шұңқыр дайындалады. Оған жер бөлініп, тиісті жұмыс жүреді. Жауапты мекемелер осы шаруаны жүзеге асыруға күш салуы тиіс. Бірақ бұл жүйелі әрі түбегейлі шешу үшін мал қалдықтарын терең өңдейтін зауыттар салған жөн. Қалдықтардан балық, құс шаруашылығына қажетті азық әзірлеуге мүмкіндік мол. Осы бағытта біз шетел инвесторларымен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Малдың қанын, ішек-қарнын, терісін, сүйегін өңдейтін кәсіпорындар ашамыз. Дегенмен, осы кәсіпорындарды өздеріңіз ашқандарыңыз ұтымдырақ болады. Егер өзара келісіп, зауыттар ашатын болсаңыздар алдымен сіздердің ұсыныстарыңызды қолдаймыз. Өздеріңіз ақылдасып, бірігіп, араларыңыздан үйлестіруші азаматтарды сайлап, осы бағыт бойынша ұсыныс беріңіздер, – деді Дархан Сатыбалды.
Еркін форматтағы кездесуде аудан кәсіпкерлері мал сою бекеттерін дамыту, мал қалдығынан балық шаруашылығына қажетті азық дайындау, кондитер өнімдерін шығару, кәсіпкерлікке сертификат беру, инфрақұрылыммен қолдау көрсету және өзге де жобалар бойынша ұсыныстар берілді. Бұл өтініштер бақылауға алынып, жұмыс жүргізіледі.Жұмыс сапарында облыс әкімі Қарабұлақ ауылындағы мал сою бекетінің жұмысымен танысты. 30 адам жұмыспен қамтылған бекетке 200 млн. теңге инвестиция салынған. Жобаның қуаттылығы – тәулігіне 100 бас мал. Өңір басшысы кәсіпкердің ұсынысын тыңдап, ауыл шаруашылығына, кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Сондай-ақ, Сайрам ауданының инфрақұрылымы жақсара түседі. Бұл туралы ауданға сапары барысында облыс әкімі Дархан Сатыбалды мәлімдеді. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сайрам ауданына сапары кезінде бірқатар нысандарды аралап, ауданның даму барысын қадағалап, жергілікті басшыларға тапсырмалар берді. Халқы тығыз орналасқан Сайрамда инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Солардың бірі – «Ақсукент ауылындағы тазартқыш имараттарын қайта құру» жобасы. Бұл нысанның құрылысы барысында мердігер мекеме тарапынан ешкімнің келісімінсіз жобаға өзгерістер енгізілген. Бірқатар кемшілік анықталған. Бүгінгі таңда құзырлы органдар мердігермен тиісті жұмыс жүргізуде. Облыс әкімі аталған нысанның жұмысын реттеу, санитарлық талапты сақтау, тұрғындарға зияны тимейтіндей шешім қабылдау жөнінде тапсырмалар жүктеді.
Облыс әкімі аудан орталығындағы саябақты аралап көріп, абаттандыру жұмыстарын күшейту бойынша тиісті міндеттер жүктеді. Алдағы уақытта «Неке сарайы» ғимаратын ыңғайластырып, «Белсенді ұзақ өмір орталығына» айналдыру көзделіп отыр. Саябақты дамыту жұмыстары да атқарылмақ.Сонымен бірге өңір басшысына ауданда жүзеге асырылатын жобалар таныстырылды. Қарасу ауылындағы көпқабатты тұрғын үйлердің жобасы және өзге де жоспарлар бойынша мағлұматтар берілді.
Түркістан облысы Сайрам ауданында 64 млрд. теңгеге 19 жобаны іске асырып, 614 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Оның 12-сі өңдеу бағытындағы іске асатын жобалар. Биыл 6 айда 6,8 млрд. теңгеге 5 жоба іске қосылып, 155 жұмыс орны ашылды. Күнбағыс майын шығаратын цех, газоблок зауыты, алкогольсыз сусындар шығаратын зауыт, жылыжай құрылысы жүзеге асты. Тағы құны 4 млрд. теңгеге 9 жобаны іске қосу жоспарда, қалған 5 жобаны іске асыру 2024 жылға жоспарланған. Атап айтқанда, сүт өнімдерін өндіретін кәсіпорын ашып, 2 мың ірі қара малға арналған бордақылау алаңын салып жатыр. «Nurym Grоup» компаниясы құрама жем өңдеу зауытын салуды жоспарлап отыр. Жобаның құны 2,5 млрд. теңгені құрайды.
Сайрам ауданының шаруалары мал шаруашылығы өнімдерімен тек облысты емес, еліміздің басқа өңірлерін, шекаралас мемлекеттерді қамтып отыр. Ауыл шаруашылығында жыл басынан 41,5 млрд.теңгенің өнімі өндірілді. Өнім көлемі былтыр 124 млрд. теңгеге жетті. Бұл облыстағы аудандардың арасында ең үлкен көрсеткіш. Биыл 6 айда егін шаруашылығында 1,5 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. 53 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Ауданда 69 гектарда жылыжайлар орналасқан, 625 гектарға тамшылатып суғару жүйесі ендірілген, 529 гектарға қарқынды бау егілген. Жыл басынан бері мал шаруашылығында 40 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, былтырғы жылмен салыстырғанда өсім 4,7 пайызды құрады.
Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға инвестиция тартып, 2025 жылға дейін өнім көлемін 1,5 есеге арттыру жоспарлануда. Осыған дейін өткен облыс әкімінің есептік кездесуінде көтерілген мәселелердің бірқатары шешімін тапқан. Кейбір мәселелерді шешу үшін бюджеттен қаржы қарастыру үшін қосымша уақыт талап етеді. Тұрғындардың ұсыныс-тілектерінің ішінде ауылдардағы ішкі көшелерге асфальт төселді. Жол белгілері орнатылды. Қарасу ауылындағы Жаңақұрылыс аумағына инфрақұрылым жүргізуге биыл бюджеттен 965 млн.теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Жібек жолы ауылындағы су жүйесін күрделі жөндеуге биыл 100 млн.теңге қаржы бөлінді. Электр тапшылығын шешу үшін Ақсукент ауылынан Қосалқы станциясының құрылысын қаржыландыру мәселесін шешу үшін министрліктермен тиісті жұмыстар атқарылуда. Қарабұлақ ауылындағы ауыз су жүйесінің құрылысына (9,3 млрд.теңге) жобалық құжаттама дайындалды. «Қарасу-Қызылту-Сайрам» жолын жөндеуге (1,2 млрд.теңге) жобалау сметалық құжаттама дайындалып, республикалық бюджетке қаржыландыруға ұсынылды. Сиқым ауылындағы мектепті күрделі жөндеуге жобалық құжаттама дайындалуда.
Сайрам ауданында ішкі өнім көлемі былтыр 242 млрд. теңгеге жетсе, биыл 6 айда 89 млрд. теңгені құрады. Былтыр 15 млрд. теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізіліп, соңғы 5 жылда 5 млрд. теңгеге өскен. Биыл 6 айда құрылыс көлемі 6,5 млрд.теңгені құрады. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 5 жылда 21 мыңнан асты. 29 мың адам жұмыспен қамтылып, 85 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. 2023 жылғы өзіндік кірістер жоспары 10 млрд. теңгені құрады. Былтыр негізгі капиталға 39,5 млрд. теңге инвестиция бағытталса, 6 айда ауданға 22,6 млрд. теңге инвестиция тартылды. Өнеркәсіп саласында жыл басынан 21,5 млрд. теңгенің өнімі өндірілген, оның ішінде 17 млрд. теңгесі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі.
Ауданда ағын су мәселесі өзекті. Каналдардың су өткізу қабілеттілігін арттыру үшін 105 млн. теңге қаралып, 7 каналды күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалау сметалық құжаттама әзірленуде (Аламан, Төменгі Аққала, Бауарық, Әсіл, Теспе, Сай, Жоғарғы Аққала). Сондай-ақ Ақбай-Қарасу каналының күрделі жөндеуіне биыл 131 млн. теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары басталған. Президент тапсырмасымен облыста бастау алған «Ауыл аманаты» жобасынымен мал шаруашылығында 89 жоба бойынша құжаттары мақұлданған.
Биыл 2 мектептің құрылысы жүруде. Қарамұрт ауылындағы мектеп жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі. Жекеменшік мектеп салудан облыста Сайрам ауданы көш бастап тұрған. Былтыр 13 жекеменшік мектеп іске қосылса, биыл 7 жекеменшік мектептің іске қосылуы жоспарлануда. Бұл мектептер жаңа оқу жылында оқушылар қабылдайтын болады. «Жайлы мектеп» пилоттык ұлттық жобасы шеңберінде аудан аумағындағы мектептердің мәселесін шешу үшін жаңадан 3 мектептің құрылысы жоспарлануда.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат