– Бұл нысандардың бәрі құрылыс кестесіне сай уақтылы берілуі тиіс. Жұмыс барысында мәселелер болса, қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Дархан Сатыбалды. Бүгінде «Отырар» тұрғын үй кешенінде 6 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Мұнда 4021 шаршы метрлі 432 пәтер бар. Қазіргі таңда ішкі әрлеу жұмыстары, есік орнату, ішкі инженерлік желілерді және сыртқы қасбетін әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Инженерлік желілерін жүргізуге және абаттандыруға толық қаржы қарастырылған. Құрылыс жұмыстары 2021 жылдың қыркүйек айында басталған, биыл пайдалануға беру жоспарлануда. Сонымен қатар 7 қабатты тұрғын үйді инженерлік жүйелермен қамту және абаттандыру жұмыстарына тиісті қаржы қаралған. 2023 жылдың қараша айында ел игілігіне беру жоспарланған.
Одан бөлек, Түркістан қаласында 500 орындық жатақханасы бар 700 балаға арналған БИЛ мектебінің құрылысы аяқталуға жақын. Құрылысы 2021 жылдың сәуір айында басталған нысанды биыл күзде тапсыру көзделуде. Қазіргі таңда ғимартта ішкі әрлеу, сыртқы фасад, есік және сантехника орнату, керамогранит төсеу және абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын.
Облыс орталығында медицина нысандарының да саны артып келеді. Қалада перзентхана құрылысына 3,3 га жер телімі бөлініп, мемлекеттік акт алынды. Перзентхана салу үшін Біріккен Араб Әмірлігі, Абу-Даби қорымен келіссөздер жүргізілді. Қазіргі таңда 80 төсек-орынға арналған перзентхананың жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Бүгінде жер жұмыстары басталып қазаншұнқыр қазылып, аумағын қоршалған.
Түркістан қаласында 1,56 га аумаққа мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерге арналған оңалту орталығы салынады. Өңір басшысы бұл жұмыстың кешігіп жатқанын сынға алып, жауаптыларға тапсырмалар берді. Орталық стадионда болған облыс басшысы кемшіліктерді қалпына келтіру жұмыстарын тездетуді жүктеді. «Түркістан-Арена» стадионының мәселесін реттеу бойынша мамандар ұсынысы мен пікірі тыңдалды. Әрбір құрылыс қатаң бақылауға алынған.
Биыл Түркістан қаласында жалпы көлемі 400 мың шаршы метрден асатын 6 мыңға жуық пәтер пайдалануға беру жоспарлануда. Бүгінде бюджет есебінен 66 үйдің құрылысы жүргізілуде, оның 59 үй жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Ал жеке инвестиция есебінен 46 үйдің құрылысы жүргізілуде. Одан бөлек, Түркістан қаласын одан әрі дамыту мақсатында жаңадан салынатын 800 пәтерлі, 5 қабатты 20 тұрғын үйдің құрылысы облигация есебінен (кредиттік тұрғын үй) басталып, нәтижесінде халық игілігіне 220 мың теңгеден ипотекаға беріледі. Қазіргі таңда Түркістан қаласының тұрғын үй кезегінде 15864 азамат тұрғын үйге мұқтаж ретінде тіркеліп тұр. 2022 жылдың қорытындысымен 3155 пәтерді құрайтын 49 үй пайдалануға берілді. Оның ішінде ипотекамен 2683 пәтер, көп балалы отбасыларға 544 пәтер, әлсіз топтағы азаматтарға 244 пәтер тапсырылды. Қала аумағында мектептердің мәселесін шешу мақсатында 7 мектептің құрылысын 2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы арқылы жүзеге асыру жоспарланған. Оның үшеуінің құрылысы басталып кетті.
Өткен жылғы Түркістан қаласында жүргізілген жолдың құрылыс және орташа жөндеу жұмыстары нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 333,6 шқ. (39,5 %) құраған болатын. 2023 жылдың қорытындысымен, орындалған орташа жөндеу жұмыстарының нәтижесіне сәйкес, 399,34 шқ. (47,2%) асфальт жол, 445,6 шқ (52,8%) тас жол құрайтын болады. Өткен жылы қала аумағындағы сарқынды су жүйесі жүргізілген сондай-ақ, қоғамдық көліктер қатынайтын 48,6 шақырымды құрайтын 42 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған болатын. Қазіргі уақытта соның 17,1 шқ құрайтын 18 көшесінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Одан бөлек, өткен жылы жалпы құны 19,2 млрд.теңгені құрайтын 4 нысанның құрылысы бастау алған. Олар: Ә.Жангелдин көшесі, І.Қожабаев көшесі, Қазыбек би – О.Жарылқапов аралығындағы жол және Қалаби көшесі. Құрылыс жұмыстары барысында жүріс бөлігі 4 жолақты жолға кеңейтіліп, жарықтандыру жүйесі, аяқжол (тротуар), веложол, суағар науа, көпір құрылысын салу жұмыстары жүргізіледі. Халықпен кездесу барысында Бекзат мөлтек ауданында темір жол үстінен жаяу жүргіншілер көпір салуды сұраған болатын. Осыған байланысты, ағымдағы жылы 2 жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы басталуда.
2023 жылы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік нысандарға (мектеп, балабақша және т.б.) баратын және соларға қосалқы жатқан, жалпы 42 шақырымды 43 көшеге аяқжол құрылысын жүргізу жоспарланған болатын. Қазіргі таңда оның 16,7 шақырым құрайтын 22 көшесінде құрылыс аяқталды. Сонымен қатар, қала аумағындағы топырақ жолдардың санын азайта отырып, тас төселген көшелердің санымен сапасын арттыру мақсатында қала аумағындағы 6 секторда ақпан айынан бастап тас төсеу жұмыстары басталған. Қазіргі таңда 56 шақырымды құрайтын 65 көшеге тас төселген. 2023 жылы орташа жөндеу жұмыстары 65,7 шақырымды құрайтын 48 көшеде жүргізіліп, нәтижесінде жақсы жағдайдағы жолдар үлесі 47,2 пайызғажетеді.
Түркістан облысындағы аудандарда да әлеуметтік маңызы бар нысандар салу мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Сол себепті аудандар мен ауылдардағы мәдениет, білім, спорт нысандары зерделеніп, жөндеу бойынша жұмыс атқарылатын болады. Жыл басында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев Сарыағаш ауданындағы құрылыс жұмыстарын қажет ететін бірнеше нысанды аралап, мәселені шешу жолдарын саралаған болатын. Жауапты басқарма басшылары мен аудан әкімі Арман Абдуллаев та нысандарды аралады.
Сарыағаш аудандық тарихи-өлкетану мұражайына жаңа ғимарат қажет. Өйткені бұрын уақытша паналаған ғимарат апатты деп танылған. Қазіргі таңда музей №71 мектеп ғимаратына уақытша орналастырылуда. Музейдің өз ғимараты жоқ. Сондықтан алдағы уақытта аудан әкімшілігі тарапынан тиісті жер телімі бөлініп, ЖСҚ дайындау бойынша іс атқарылуы керек. Облыс әкімінің орынбасары аталған екі мәселе де назарға алынып, жұмыс жүретінін жеткізді.
Сарыағаш аудандық мәдениет үйін аралау барысында мәдениет саласындағы түйткілдер тарқатылды. Ауылдарда мәдениет үйлерін салу жөніндегі өтініштер тыңдалды. Сарыағаш ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің ғимараты 1958 жылы мектеп-интернаты ретінде пайдалануға берілген. 2003 жылдан бері бөлімге тапсырылған. Аталған ғимараттың тозығы жетіп, апатты деп танылған. Бөлімде мемлекеттік қызметкерлер, орталықтандырылған есеп бөлімінің қызметкерлері және әдістемелік кабинеттің әдіскерлерін қоса есептегенде 80-ге жуық адам жұмыс істейді. Сондықтан білімге жауапты бөлімге талапқа сай ғимарат қажет. Облыс әкімінің орынбасары бұл мәселе бақылауға алынатынын, заң аясында тиісті шешім қабылданатынын айтты. М.Ломоносов атындағы №3 орта мектебінде де өзекті мәселе бар. 1984 жылы пайдалануға берілген мектепте екі ауысымда 2076 оқушы білім алуда. Оқу ғимартында электр жүйесінің тозығы жеткен, ғимараттың ішкі қабырғалары, едендері күрделі жөндеуді қажет етеді. Осыған байланысты жобалық-сметалық құжаты әзірленгенімен құрылысқа қаржы бөлінбеген.
– Сарыағаш ауданына арнайы келіп, тек өзекті мәселесі бар нысандарды аралаудағы мақсатымыз – оларды жаңарту жолдарын қарастыру. Осы салада жұмыс істеп жүрген азаматтармен кездесіп, ұсыныстары мен өтініштерін тыңдадым. Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелеуді тапсырды. Біз білім, руханият, мәдениет спорт саласын назарда ұстауымыз керек. Өскелең ұрпақты саналы тұлғаға айналдыруда осы салалардың маңызы зор, – деген Бейсен Тәжібаев Сарыағаш қаласындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне де ат басын бұрып, спорт саласындағы мәселелер мен өтініштерді тыңдады. Бірнеше ауыл округіне спорт кешенін салу, орталық стадионды жөндеуден өткізу жөніндегі ұсыныстар хаттамаға енгізілді.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат