Әкім орынбасарымен бетпе-бет кездесуге Ордабасы, Сайрам, Отырар, Созақ, Жетісай аудандары мен Түркістан қаласының тұрғындары арнайы келді. Шағымдар мен ұсыныстардың басым бөлігі: білім, мәдениет, және ақпараттық салаларға қатысты болды. Атап айтқанда, мектептерді күрделі жөндеуден өткізу, жаңа білім нысандарын салу, мекемелерге басшы тағайындау, мәдениет үйлерін жөндеу бойынша қаржыландыру, негізсіз жұмыстан босату жөнінде талаптар зерделеніп, сондай-ақ пилоттық жобалар ұсынылды.
Азаматтармен кездесуге облыс әкімдігіне қарасты жауапты басқарма басшылары мен орынбасарлары, аудан, қала әкімінің орынбасарлары шақырылып, көтерілген проблемалар мен туындаған сұрақтар қаралды. Талқылай келе, Бейсен Дәулетұлы мұң-мұқтажын жеткізген тұрғындардың өтініштерін қайта сараптап, жауап жолдауды тапсырды.
— Мен ай сайын облыс тұрғындарының талап-арызына құлақ түру үшін қоғамдық қабылдауды тұрақты түрде өткіземін. Бүгін де жетекшілігімдегі салалар аясында арыз-талаптарды қарадық. Қабылдауға келгендердің бірі ауылдың проблемасын арқалап келсе, енді бірі жеке мәселесінің шешілуін сұрайды. Көп жағдайда белсенді азаматтарымыз өзекті әрі күрделі түйткілдерді қозғап, халық мүддесі үшін шырылдап, алаңдайды. Оларды мұқият тыңдап, мемлекеттік органдардың ресми жауабына сүйене отырып, заң аясында қарастыруға қаншалықты мүмкіндік бар екенін анықтадық, - деді Б.Тәжібаев.
Сондай-ақ, Түркістан облысының «Ашық әкімдік» кеңсесінде облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы да азаматтардың мәселелеріне құлақ түріп, жауапты сала өкілдерімен талқылады. Қабылдауға 20-дан астам тұрғын жазылып, өз талап-тілектерін жеткізді. Өңірдің Сауран, Сайрам, Сарыағаш, Келес, Отырар, Мақтаарал, Ордабасы, Бәйдібек аудандары, Арыс және Түркістан қаласының тұрғындарына бөлек, Маңғыстау облысынан келген бір топ азамат өз ұсыныстарын айта келді.
Олардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, кәсіпкерлік, әлеуметтік салалар бойынша өз өтініштерін білдірді. Облыс әкімінің орынбасары әр өтінішті мұқият тыңдап, заңдылыққа сәйкес қаралатынын мәлімдеді. Облыстық салалық басқармалар, аудан, қала әкімдіктеріне тапсырмалар жүктеліп, хаттамама негізінде өтініш иелеріне жауаптар жолданады.
— Ашық әкімдік алаңында облыс тұрғындарының арыз-шағымдары бойынша онлайн-офлайн форматта қоғамдық қабылдау өткіздім. Қабылдауға келген азаматтар жер қатынастары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, ауыл шаруашылығы, сонымен бірге, кәсібін дөңгелетуге қатысты өтініштерін білдірді. Әрбір тұрғынның жеке мәселесін тыңдап, тиісті сала басшылықтарымен заңдылықтарға сәйкес шешу жолын ұсындық.
Қордаланған мәселе көп. Ел ішіндегі кейбір проблемалар ақпарат, мәліметтің жоқтығынан, тіпті кейбірі өз құқықтарын заң аясында шешу жолын білмегендіктен туындаған. Кейбіреулер өз мәселесі бойынша қандай мекемеге барып, көмек сұрарын білмегендіктен, тікелей келгенін айтуда. Осы тұста аудан әкімдіктері, сала басшыларына тиісті тапсырмалар беріліп, халықпен тығыз жұмыс істеуді тапсырдым.
Әрине, оларды шешуде уақытты қажет ететін мәселелер бар, қабылдауға келген облыс тұрғындарының өтініштері толық шешімін тапқанға дейін менің бақылауымда болады. Белсенді азаматтық қоғамның көмегімен ғана біз бірлесіп мінсіз құқықтық, ашық мемлекет құра алатынымызға сенімдімін, — деді Ермек Кенжеханұлы.
Мұнымен қоса, Сарыағаш ауданына Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов арнайы іссапармен келіп, аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында жиын өткізді. Жиынға аудан әкімі А.Абдуллаев, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Р.Мұздыбеков, бақылау жөніндегі басқармасының басшысы А.Исмайлов, аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, қала, кент және ауылдық округ әкімдері қатысты. Аталған жиын барысында Сарыағаш ауданында сәулет және құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, бақылау басқармаларына қатысты өзекті мәселелер және алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар талқыланды.
Содан соң Зұлпыхар Жолдасов аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қоғамдық қабылдау барысында тұрғындар табиғи газбен қамтамасыз ету, дәрігерлік амбулатория құрылысы, электр энергиясы және таза ауыз сумен қамтамасыз ету, көпірді жөндеуден өткізу және жеке мәселелері туралы сауалдарын жолдады. Облыс әкімінің бірінші орынбасары тұрғындардың өтініш, тілектерін тыңдап, мәселелердің шешімін табу бойынша атқарылатын жұмыстарды өз бақылауында ұстайтынын айтты.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың шалғай ауылдардың тұрғындарымен кездесулер өткізу туралы тапсырмасына сәйкес «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлімі Арыс қаласының Ақдала және Монтайтас елді мекенінде мобильді қабылдау ұйымдастырды. «AMANAT» партиясы жанындағы Қоғамдық қабылдау бөлімдерінің басты бағыты жекелеген азаматтардың өтініштерін атқарушы билік өкілдеріндегі тиісті сала басшылары арқылы шешімін табуына көмектесу болып табылады. Сондықтан партияның Түркістан облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлімі шалғай ауылдардағы тұрғындардың өтініш-тілегіне барынша толық жауап беру үшін көшпелі мобильдік топ құрып, елді мекендерге жолға шықты.
Мобильдік топты «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты, фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев бастап барды. Сонымен бірге, Арыс қаласынан сайланған депутат Ержан Қосмамбетов және облыстық прокуратура, облыстық полиция, облыстық төтенше жағдайлар департаменті, жер ресурстарын басқару және әділет департаменті, жер қатынастары, ауыл шаруашылығы, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен білім басқармасының басшылық құрамы тұрғындармен кездесті. Одан бөлек, мобильдік топтың құрамында Түркістан облысының қоғамдық денсаулық басқармасы, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, құрылыс, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасынан, адвокаттар алқасынан өкілдер, заң консультанттары мен Арыс қаласының әкімінің орынбасары және құрылымдық бөлімдерінің басшылары, қалалық мәслихат депутаттары болды.
Ақдала, Монтайтас ауылындағы Қоғамдық қабылдауға тұрғындар өте көп жиналды. Қабылдауға келгендердің басым бөлігі инфрақұрылым, ауылшаруашылық, интернет желісі, асфальт төсеу мәселелерін алға тартты. Ойын, спорт алаңшаларын салу жөніндегі сұрақтарын да қойды. Жергілікті халықтың толғандырған мәселелерінің қатарында елді мекеннің өзекті проблемасына айналған Қызылкөпір елді мекеніндегі фельдшерлік-акушерлік пункті күрделі жөндеу, Дермене ауылының ішінен өтетін облыстық маңызы бар 1,8 шақырым жолды яғни Ш.Уәлиханов көшесін асфальттау жайы да бар. Жалпы қабылдау кезінде Ақдала ауылынан 47 тұрғын бірнеше мәселе бойынша өтініш білдірсе, Монтайтас елді мекеніндегі қабылдауға кірген 30-дан аса азамат шағымдары мен ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Тұрғындар жолдаған сұрақтарға мобильдік топтағы жауапты сала мүшесі әрбір өтініш-шағымға тиянақты, жан-жақты жауап беріп, бірқатар мәселенің сол сәтте шешімін табуына ықпал етті. Ал қаралуды талап ететін өтініштер хаттамаға түсірілді. Алтынсары Дүйсенбекұлы осынау мәселелердің оң шешімін табуына дейін бақылауда ұстайтын жеткізді. Айта кетейік, Түркістан облысы бойынша жыл басынан бері партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмелері шалғай елді мекендерге 92 көшпелі мобильді қоғамдық қабылдау өткізіп, 600-ден астам тұрғынның өтінішін қараған.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат