Сенбі, 14 Қазан 2023 12:47

Сауран ауданы: Жүйнектегі егістік жерлерге ағын су толық жететін болады

Сауран ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ербол Жанғазиев бастап, аудан әкімінің орынбасарлары Серік Садибаев пен Мақсат Таңғатаров Жүйнек, Қарашық, Шорнақ ауылдық округтерінің тұрғындарымен арнайы кездесіп, олардың өзекті мәселелерін тыңдады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін. Олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін» — деп, тапсырма берген болатын.

Осыған орай, аталған ауылдық округтерде өткен кездесу барысында ауыл тұрғындары тарапынан көптеген мәселелер көтерілді. Атап айтсақ, Жүйнек ауылдық округі бойынша ағын су тапшылығы, ауыз су мәселесі, электр жарығының нашарлығы, жаңа трансформаторлар орнату, электр бағаналарын жаңарту, Шекербұлақ елді мекеніндегі Абылайхан көшесін асфальттау, елді мекенде байланыстың нашарлығын, Жүйнек мектебіндегі жүргізіліп жатқын жылу қазандығының сапасыздығы, жаяу жүргінші жолдарын салу, (тротуар), көшелерді асфальттау, табиғи газ, қоқыс жәшіктерін орнату бойынша қордаланған өзекті мәселелер көтерілді.

Естеріңізде болса, жүйнектіктермен аудан басшысының биыл жыл басындағы кездесуі қаңтардың 24-інде өткен болатын. Сол тұста Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаев 2022 жылы атқарған жұмыстары жөнінде және биылғы 2023 жылы атқаратын жұмыс жоспарлары туралы бекітілген кестеге сәйкес, Жүйнек ауылдық округінің тұрғындарымен кездескен-ді. Жүйнек ауылдық округ тұрғындарымен кездескен аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев 2023 жылы аудан көлемінде атқарылатын жұмыстарды баяндап өткен болатын. Соның ішінде бюджет, коммуналдық салаға кеңінен тоқталған аудан әкімі құрылыс, ауыз су, табиғи газ, электр қуатымен қамтамасыз ету, жол, «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында атқарылатын жұмыстар, көгалдандыру, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлерік және туризм, әлеуметтік, жер қатынастары, білім, денсаулық, мәдениет және спорт салалары бойынша 12 ауылдық округте 2023 жылы жүзеге асыралатын жұмыстарға тоқталған.

Кездесу барысында тұрғындар тарапынан бірнеше сұрақтар қойылды. Атап айтсақ, ауылдық округ тұрғындарына жер телімдерін беру мақсатында инфрақұрылым жұмыстарын жүргізу, Шекербұлақ елді мекеніндегі Абылайхан көшесін асфальттау, электр бағаналарының тозығы жеткенін, осы елді мекендегі су мұнарасының насосы істемейтінін, егістік бойынша ағын су тапшы екенін, электр бағаналарының тозығы жеткенін, ауылдық округте бокс мектебіне спорт зал керектігін, ауыз су, табиғи газ мәселесі, медициналық пунктке күрделі жұмыс жүргізу, тағы да басқа көптеген мәселелер айтылды. Ауыл тұрғындарының көтерген мәселелері бойынша аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырма беріп, заң аясында кезең-кезеңімен шешілетінін, бұл бойынша тұрақты бақылауда болатынын жеткізген еді. Кездесуден соң аудан әкімі жеке қабылдау өткізіп, ауыл тұрғындарының мәселелерін тыңдаған. Жеке қабылдауға келген өтініштер бойынша алдағы уақытта тиісті жұмыстар жүргізілетінін, бұл бойынша жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырма беріп, алдағы уақытта шешілетінін жеткізген болатын.

Ауыл округі құрамында үш елді мекен бар. Онда 12 мыңға жуық халық тұрады. Халқы бейнеткеш. Диқаншылықпен айналысады. Диқанды алдымен ағын су мен жайылымды жер алаңдатады. Кездесуде көтерілген мәселе де осы. Мәселен Шекербұлақ елді мекенінде егістік егуге су жетіспейді деген тұрғынның сұрағына: «Қарнақ ауылдық округінде орналасқан «Ырмақ» су қоймасы «Тұран Су» мекемесінің теңгеріміне өткізілді. Алдағы уақытта су қоймаға ағын суды толық жинау мақсатында ағымдағы жөндеу жұмыстар жүргізіліп, егістік жерлерге ағын су толық жететін болады. Қазіргі таңда, Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан ЖСҚ әзірленуде» деді мамандар. Игерілмей бос жатқан жайылымдық жерлерді алып, халыққа пайдалануға беру бойынша жұмыс жүргізуді сұранды. ҚР заңнамасын бұза отырып, пайдаланылып жатқан және пайдаланылмай жатқан жерді анықтау мақсатында жұмысшы топ құрылды. Алдағы уақытта ауылдың жоғарғы жағындағы жайылым жерлерді бұзып түрлі ауыл шаруашылық дақылдарын егіп жатқан меншік иелері анықталып жатса шара көру үшін ҚР Жер кодексінің 148-бабына сәйкес Түркістан облысы жер ресурстарын басқару департаментіне жолданады. Демек жергілікті билік бос жатқан жерлерді мемлекетке қайтару бойынша қарқынды жұмыс істеп жатыр.

Ауыз су мәселесі Қызылжол елді мекенінен келетін жолда су жетпей қалады, су мұнарасын Жүйнек ауылына қойып беруді сұрады. Елді мекенінің ауыз су мәселесін толығымен шешу мақсатында, 50 текше метр су мұнарасын орнатуға ақаулық актісі мен сметалық құжаттыры әзірленіп, тиісті басқармаға қаржыландыруға ұсынылды. Жалпы құны — 52,6 миллион теңге. Сонымен қатар, ағымдағы жылдан бастап облыстық басқарманың пилоттық жобасына сәйкес, барлық ауыз су тарату мекемелері біріктірілетін болады. Сонымен қатар, Шекербұлақ елді мекенде су башнясы ауыстырылған болатын, алайда насосы қойылмай, мұнара толығымен аяқталмай қалып, қайта қалпына келтіруді сұрады. Нәтижесінде, мұнараларды толық іске қосу мақсатында, кезекті сессияға өтінім беріліп. 19,0 миллион теңге қаржы бөлінді. Аудан әкімі Ғалымжан Қарабайұлы ️2023 жылы 24 қаңтардағы есепті кездесуінде ауылдағы маңызды 18 мәселе көтерілген. Мәселе — аудан әкімінің жіті бақылауында. Бұл кездесуде көтерілген мәселе де басшылық тарапынан назарға алынды. Тиісті сала басшыларына тапсырмалар берілді. Айта кетейік, өткен аптада Жүйнек ауылдық округінің әкімі жаңадан тағайындалған болатын. Жаңа әкімге артылар жауапкершілік үлкен. Алдымен ауылдың ішкі тұрақтылығын реттеп, жұмыстарды жүйелі ұйымдастыру қажет.

Бұдан соң кезекті кездесу Қарашық ауылдық округінде өтті. Құмтүйін елді мекеніндегі диқандардың басты мәселесі егістік алқаптарына Жүйнек ауылдық округі тұрғынының жылқылары жайылып, мақта алқаптары шығынға ұшырағанын ашына жеткізді. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары тарапынан ағын судың жеткіліксіздігін, суға төлейтін электр жарығының қымбат екенін, шаруаларға ауырға соғып жатқанын, ауыз су, елді мекендердегі трансформаторлардың тозығы жеткенін, интернет байланысының нашарлығын, табиғи газ, көпірді жөндеу, Құмтүйін елді мекеніне кітапхана, мәдениет үйі салынса, ауылда тұрғындарының саны жыл санап артып келетінін, соған орай, учаскелік жер берілуін, балалар ойын алаңдарын салу қажеттегі туралы ұсыныс пікірлерін білдірді. Қарашықтық тұрғындардың тағы бір мәселесі елді мекен айналасындағы заңсыз жер қойнауын пайдаланушыларға тоқтам салу керектігін жеткізді.

Жалпы, сәл ілгеріде Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаев Қарашық ауылдық округі тұрғындарымен кездесу барысында бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, жұмыс барысымен танысқан болатын. Қарашық елді мекенінде жеке кәсіпкер Хабибулла Азимовтың бастамасымен бой көтеріп жатқан 900 орындық заманауи Ясауи интелектуалды мектебінің құрылыс жұмыстарын бақылады. Жеке кәсіпкердің айтуынша, құрылыс жұмыстары жаңа оқу жылына дейін толық аяқталып, пайдалануға берілмек. Мектепте үш спорт зал, бассейн және жатақхана қарастырылған. Бұдан соң аудан әкімі Қарашық елді мекенінің жоғарғы жағынан түсетін су қоймасына барды. Қосқорған су қоймасынан келетін ағын су жаз айында құрғап қалатындықтан Қарашық ауылының дихандары жыл сайын қиындық көріп отыр. Осыған байланысты ауылдық округ әкіміне ағын су мәселесін реттеу бойынша тиісті жұмыстарды жүргізуді тапсырды.

Келесі кезекте нысанды аралау үшін әкім Қарашық ауылындағы жеке кәсіпкер Усан Умаровтардың отбасылық кәсібі — гүл өсіретін жылыжай жұмысымен тынысты. Кәсіпкердің гүлдерін бүгінде алыс-жақын облыстардан келіп үйлеріне, мемлекеттік ғимараттарға сатып алушылардың қарасы көп. Мұндағы жылыжайда отбасы бақыты гүліне көпшілік тарапынан сұраныс артқан. Кәсіпкер алдағы уақытта жылыжай аумағын ұлғайтып, кәсібін дөңгелетуді көздеп отыр.

Ал алдағы атқарылатын жұмыстарға тоқталсақ, Құмтүйін елді мекені бойынша 900 орындық мектеп құрылысына сыртқы инженерлік инфрақұрылымдардың құрылысына жобалық-сметалық құжаттамасы (ЖСҚ) әзірленуде. Қарашық-Құмтүйін тас жолының қиылысында бағдаршам орнатылады. Қарашық елді мекенін электр желісімен қамтамасыз етіледі. Қарашық ауыл округіне 6 дана трансформатор орнатылады. Құмтиын ауылындағы Актанбаев көшесі орташа жөндеуден өтеді.

Тұрғындар тарапынан айтылған ең өзекті мәселенің бірі ауыл маңында жер қойнауын заңсыз пайдалануды тоқтату болатын. Мәселені тыңдаған аудан әкімі Ғалымжан Қарабайұлы заң аясында шара көрілетінін айтқан. Сонымен қатар, су қоймасы салу, ауылды газбен қамту, көшелерді жарықтандыру, жолдарды жарықтандыру сынды тұрғындар тарапынан бірқатар мәселелер айтылды. Аудан басшысы әр сұраққа жауап беріп, ең алдымен халықтың ұсыныстарын шешуге жұмыс істелетінін жеткізді.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 180 рет