Жексенбі, 15 Қазан 2023 13:57

Сауран ауданы: ана мен бала жағдайы – басты назарда

Сауран ауданы әкімдігінің жанындағы «Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат» жөніндегі комиссия мүшелері және адам, бала құқықтары жөніндегі уәкілдерінің қатысуымен жиналыс өтті.

Кездесудің күн тәртібінде қазіргі кездегі басты проблема болып отырған бала тәрбиесі, баланың сабаққа деген ынтасын арттыру, баланың психикасына кері әсерінсіз тәрбиелеу жолдары айтылды. Сонымен қатар, үйде отырған әйелдердің күнделікті қайталана беретін күйбең тіршілігінен депрессияға түскен әйелдерге бір мезгіл өзіне уақыт бөліп, өмірін жақсы жаққа қарай өзгерту мақсатында ұсыныс, идеялар жоспарлау жасау, отбасында зорлық-зомбылық құрбаны болып жүрген әйелдер мен балаларды тиімді анықтау жолдары мен олармен жұмыс жасау керектігі сөз болды.

Аудандағы балаларға мүмкін болатын қауіп-қатер түрлері мен оны жою мақсатында ұсыныстар құру, кәсібін енді бастағалы жатқан әйелдерге тәжірибе алмасу мақсатында ауданның кәсіпкер әйелдермен кездесу ұйымдастыру, аз пайызбен несие алу жолдары, салауатты өмір салтын ұстану жолдарын насихаттап, өмір сүру уақытын ұзарту туралы атап өтілді.

Жиын барысында қазақтың ұлттық салт-дәстүрін жастарға үйрету мақсатында әжелерімізден сабақ алу керектігі қозғалып, талқыға түсті. Яғни, болашақ тізгінін ұстар, елінің ертеңі болар, халқының үмітін ақтай білетін дені сау, білімді де саналы жас ұрпақты өсіру талабынан туындап отырғаны көпшілік тарапынан айтылды.

Кездесуде әрбір тиісті сала өкілдері бүгінгі таңдағы балалар арасындағы жасалып жатқан қылмыстар мен олардың салдары, отбасылық зорлыққа ұшырап жатқан жағдайлар жайлы жан-жақты тоқталып, және өз ұсыныс-пікірлерін білдірді. Шараға қатысушылар тарапынан бірнеше сұрақтар қойылып, жоғарыда аталған факторларды болдырмау, қазіргі қоғамдағы балалардың тәрбиесін жақсарту, психологиясына кері әсер ететін жәйттерден арылту, бала тәрбиесіне дұрыс көңіл бөлуді насихаттау бағыттарында ұсыныс-пікірлер ортаға салынды.

Қазіргі күні Қазақстанда отбасы институтының беделін арттыру, нығайту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Бірақ жалпыұлттық іс-шаралар жоспары шеңберінде аз қамтылған, көпбалалы, қиын жағдайға тап болған отбасыларға жәрдемдесетін орталықтардың көптігіне қарамастан, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандардың саны азаймай тұр. Еліміздегі өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.

Отбасындағы жанжалдан басталып зорлық-зомбылыққа ұласатын әрекеттерден зәбір көретіндердің басым бөлігі – әйелдер мен балалар. Қылмыстық статистика бойынша соңғы үш жылда тұрмыстық әлімжеттік көрген әйелдердің көрсеткіші 25 пайыздан асқан.

Ел Президенті был­тыр­ғы Жолдауында әйелдерге қарсы тұр­мыстық зорлық-зомбылық үшін жа­за­ны қатаңдатуды тапсырды. Бұл туралы Мәжілісте де арнайы жиын өткізіліп, «Отбасылық-тұр­мыс­тық зорлық-зомбылыққа қар­сы іс-қимыл туралы» заң жобасы талқыланған. Нәтижесінде, «отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу» туралы заңға сәйкес, зорлық-зомбылық физикалық, психологиялық, жыныстық және экономикалық болып бөлінген. Яғни, әрбір жәбірленуші қол жұмсау әрекетінің алдын алып, құқық қорғау органдарына жүгіне алады. Бірақ көпшілік зорлық-зомбылық құрбандары әртүрлі жағдайларға байланысты полицияғя шағым-арыз түсірмей жатады. Сондықтан көптеген жәбірлеушілер жазаға ілікпейді. Жалпы, Қазақстан Республикасының Конституциясында адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды, әркімнің ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар деп анық көрсетілген.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 73 бабы бойынша жауапкершілікке тартылуы мүмкін, ал олардың әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы бар болған жағдайда, олар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 109 (ұрып-соғу), 110 (қинау), 131 (қорлау) баптары бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Қазақстан Республикасының «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңының 4 бабына сәйкес, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың төрт түрі анықталған. Күш көрсету зорлық-зомбылығы – дене күшін қолданып, денені ауыртып денсаулыққа қасақана зиян келтіру.

Психологиялық зорлық-зомбылық – адамның психикасына қасақана әсер ету, оны қорқыту, қорлау, бопсалау немесе құқық бұзушылықтарды өмірге, денсаулыққа қауіп төндіретін, сондай-ақ психикалық, дене және жеке басы дамуының бұзылуына әкелетін әрекеттерді жасауға мәжбүрлеу (еріксіз көндіру) арқылы ар-намысы мен абыройын кемсіту.

Сексуалдық зорлық-зомбылық – адамның жыныстың тиіспеушілігіне немесе жыныстық еркіндігіне қауіп төндіретін құқыққа қарсы қасақана іс-әрекет, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы іс-әрекеттер. Экономикалық зорлық-зомбылық – адамды заңмен көзделген құқығы бар тұрғын үйінен, тамағынан, киімінен, мүлкінен, қаражатынан қасақана айыру.

Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Кодексінің 73 бабына сәйкес, отбасы-тұрмыстық қатынастар шеңберінде құқыққа қарсы әрекеттер қатарына былапыт сөйлеу, қорлап тиiсу, кемсiту, үй тұрмысындағы заттарды бүлдiру және олардың тыныштығын бұзатын, жеке тұрғын үйде, пәтерде немесе өзге тұрғынжайда жасалған басқа да әрекеттер жатады.

Тұрмыстық-отбасылық зорлық-зомбылыққа ұшырағандарды қорғау үшін ішкі істер органдарының тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жеке профилактикасы шараларын қолдану құқығы бар.

Ата-ана құқықтарын шектеу немесе айыруға келсек,  Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексіне сай, егер ата-аналар ата-аналық мiндеттерiн орындаудан жалтарса, оның iшiнде алимент төлеуден қасақана жалтарса, өздерiнiң ата-ана құқықтарын теріс пайдаланса, балаға қатыгездік көрсетсе, оның ішінде оған күш қолданса немесе психикасына зорлық жасаса, оның жыныстық тиіспеушілігіне қастандық жасаса, спирт ішімдіктеріне немесе есірткі заттарына салынса, психотроптық заттарды және (немесе) осыларға ұқсас заттарды теріс пайдаланса, олар ата-ана құқықтарынан айрылады (75-бап). Егер баланың ата-аналарымен қалуы ата-аналарға байланысты емес мән-жайлар бойынша, ата-аналардың мінез-құлқының салдарынан, бірақ бұл ретте ата-аналарды ата-ана құқықтарынан айыру үшін жеткілікті негіздер анықталмай, ол үшін қауіпті болса, ата-ана құқықтарын шектеуге жол беріледі.

Өнегелі ұрпақ – берекелі отбасында тәрбиеленеді. Өкінішке қарай, жылдар жылжыған сайын елімізде шырқы бұзылмаған отбасылардың саны азайып барады. Әрине, ұрыспай, керіспей кереге кер деп отырған ешкім жоқ. Әрі-беріден соң, отбасында ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Жер бетінде қанша адам болса, соншама мінез-құлық бар. Алайда ашудың соңы әлімжеттікке ұласса қайтпек керек? Біздің заманауи дамыған қоғамда тұратынымызға қарамастан, отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық күн тәртібінен түскен емес. Көп жағдайда отбасын сақтап қалу мақсатында жәбірленушілер бұл туралы ашық айтпайды-онысы бекер.

Қазақстан Республикасының Конституциясында адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды, әркімнің ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар деп анық жазылған. Атап кететін жайт маскүнемдікпен жасалған тұрмыстық зорлық-зомбылық жәбірленуші мен құқық бұзушыға ғана емес, отбасындағы кәмелетке толмаған балаларына да кері әсерін тигізері сөзсіз. Отбасындағы білектінің алдында әйел - әлсіз, ал бала - қорғансыз болып тұр. Әлсіздерге қол көтеру ерлеріміздің азаматтығына үлкен сын.  Дегенмен, отбасын саналы түрде құрған ересек адамдар отбасы алдындағы жауапкершілікті сезініп, тұрмыстық зорлық зомбылыққа жол бермеу өз қолдарында екенін ұмытпағандары жөн.

Қай заманда, қандай қоғамда болсын отбасындағы бала тәрбиесі аса өзекті мәселелердің бірі болған. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі адам өміріндегі тәрбиенің бастапқы негізгі ұйытқысы да ата-ана болып қала беретіндігіне еш күмән жоқ. Бүгінгі таңдағы жаһандану үрдісіне қадам басқан жаңа ғасырда әр халық, әр ұлт дінін, тілін, мәдениетін, тарихын мейлінше сақтап қалуға тырысып жатыр. Олай болса, тіл, дін, әдебиет, мәдениет, салт-дәстүр – баланың ой-санасын қалыптастыруға, өзінің қай ұлт өкілі екенін біліп өсіп, үлгі-өнеге алуына орасан зор әсерін тигізеді. Міне, отбасындағы тәрбие ұлағаты да осыдан басталады.

«AQ-QARA.KZ»

Оқылды 188 рет