«Өз кезегінде еліміздің демографиялық ахуалын жақсартуға қосқан сүбелі үлестеріңіз үшін өздеріңізге алғыс білдіреміз! Әр адамның арманы-баласын биіктен көру. Өсіріп отырған ұл-қыздарыңыз еліміздің нағыз патриоты боларына сеніміміз мол», - деген ауыл әкімі Берік Жұмахметұлы Қуандық алтын құрсақты батыр аналарымыздың иығына орамал жауып, құттықтады. Қазіргі қоғамдағы әйелдің рөлі өте маңызды. Әйел - отбасылық пештің қамқоршысы. Бүгінде мемлекет отбасы институтын және отбасылық құндылықтарды сақтау үшін қомақты қолдау көрсетуде.
Алты бала тәрбиелеп өсірген аналарымыз еліміздің демографиясының дамуына үлкен үлес қосқаны үшін алғыс айтып, оған «Күміс алқа» алқасын тақты. Өз кезегінде аналарымыз елімізде көп балалы аналарға көрсетіліп отырған қамқорлыққа ризашылығын білдіріп, ауыл әкімінің ісіне сәттілік тілеп ,жүрек жарды жылы лебіздерін жеткізді .
«Құрметті ауыл округ тұрғындары! Айта кететіні, егерде Сіздің мекен-жайыңыз тіркеліміңіз (прописка) осы ауылдық округтен болса «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларына құжаттарыңызды аталған округ әкімшілік аппаратына келіп тапсырсаңыздар болады деді» - деді ауыл әкімі Берік Қуандық.
Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан – әлеуметтік бағдар ұстанған мемлекет. Халықтың өмірі мен тұрмысын жақсартуға барынша жағдай жасап келеді. Әсіресе, елде көпбалалы аналар мен отбасыларды қолдауға баса мән берілген. Қазақстанда көпбалалы отбасыларға қанша жәрдемақы төленеді? Көпбалалы аналар үшін қандай жеңілдіктер және көмек қарастырылған? Көпбалалы ана мен көпбалалы отбасыға кімдер жатады? Оқырмандарға осы және басқа да сауалдар бойынша керек дерек ретінде соңғы мәліметтерді бөлісе кетсек.
Қазақстанда бірге тұратын 4 және одан да көп кәмелетке толмаған немесе күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі студент балалары бар отбасылар "көпбалалы отбасы" болып саналады. Ал 6 және одан көп баланы дүниеге әкелген әйелдер көпбалалы аналарға жатады. Алты баласы барлар "Күміс алқа", ал 7 не одан көп баласы барлар "Алтын алқа" алқасымен марапатталады.
Балалы отбасыларға төленетін жәрдемақы
Сәби туғанда үйде отырған және жұмыс істейтін аналарға біржолғы мемлекеттік жәрдемақы төленеді: бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 АЕК немесе 2023 жылы – 131 100 теңге; төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК немесе 217 350 теңге. Сонымен қатар бала 1,5 жасқа толғанға дейін ай сайынғы жәрдемақы аударылады.
Жұмыс істемейтін әйелдерге бала күтімі бойынша тағайындалатын жәрдемақының мөлшері: бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 19 872 теңге; екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 23 495 теңге; үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 27 083 теңге; төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК немесе 30 705 теңге.
Декретке дейін жұмыс істеген аналардың бала күтіміне байланысты алатын ай сайынғы әлеуметтік төлемі бөлек есептеледі. Оның мөлшері бала туғанға дейін соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40 пайызын құрайды.
Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы
2020 жылдан бастап Қазақстанда 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі студент балалары бар отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Бұл ретте отбасының табысы есепке алынбайды.
Жәрдемақы бала санына қарай есептеледі:
4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 55 304 теңге;
5 балаға – 20,04 АЕК немесе 69 138 теңге;
6 балаға – 24,05 АЕК немесе 82 973 теңге;
7 балаға – 28,06 АЕК немесе 96 807 теңге;
8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК немесе 13 800 теңге.
Наградталған ана
Биылдан бастап Қазақстанда "Наградталған ана" мәртебесі енгізіледі. Мұндай статус "Күміс алқа", "Алтын алқа" алқаларымен марапатталған немесе бұрын "Батыр Ана" атағын алған, I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған әйелдерге беріледі.
Елімізде 2023 жылғы 1 шілдеден бастап 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналарға төленетін әлеуметтік жәрдемақы мөлшері өсті. 1 шілдеден бастап республикалық бюджеттен «Алтын алқа» алған, «Батыр ана» атағы бар, яғни 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған аналарға төленетін әлеуметтік жәрдемақы мөлшері 7,4 АЕК-ке дейін (2023 жылы – 25 530 теңге) өсті.
Бүгінгі таңда 6, 7 және одан да көп баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеген аналар бірдей мөлшерде жәрдемақы алады. ҚР Әлеуметтік кодексінде наградталған аналарға төленетін жәрдемақы мөлшерін саралау көзделеді. «Мәселен, «Алтын алқамен», I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған, «Батыр ана» атағы бар, яғни 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналарға арналған жәрдемақы мөлшері 2023 жылғы 1 шілдеден бастап 7,4 АЕК-ке дейін (2023 жылы – 25 530 теңге) өседі. Бұл өзгеріс 90 мыңға жуық марапатталған аналарды қамтитын болады», – делінген хабарлама.
"Алтын алқа" иегерлерінің жәрдемақысы
2023 жылғы 1 шілдеден бастап "Алтын алқа" алған, "Батыр ана" атағы бар, I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған, яғни 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналарға 7,4 АЕК немесе 25 530 теңге жәрдемақы төленеді.
Қазір көпбалалы аналарға ай сайын 6,4 АЕК немесе 22 080 теңге төленіп жүр.
Көпбалалы аналар зейнетке ерте шығады
Заңға сәйкес, 5 немесе одан көп бала туған (асырап алған) және оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген көпбалалы аналар 53 жасында зейнетке шығады.
Көпбалалы аналарға берілетін жеңілдіктер
"Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар мемлекеттік тұрғын үй қорынан немесе жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалдаған баспананы бірінші кезекте алуға құқылы.
Сонымен қатар "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған көпбалалы аналар бірқатар салық пен баждан босатылған: көлік салығы ("Батыр ана" атағына ие болған немесе "Алтын алқа", "Күмiс алқа" алқаларымен наградталған көпбалалы аналар – бір автокөлік бойынша); тұрғын үй қоры иеленген жер учаскелері, ондағы құрылыстар мен ғимараттар бойынша салық ("Батыр ана" атағына ие болған немесе "Алтын алқамен" наградталған көпбалалы аналар); үй жанындағы жер учаскелері бойынша салық; жеке тұлға мүлкіне салық ("Батыр ана" атағы бар, "Алтын алқамен" наградталған көпбалалы аналар АЕК мөлшерінің 1000 еселенген шегінде); нотариалдық қызмет кезіндегі мемлекеттік баж ("Батыр Ана" атағы бар, "Алтын алқа", "Күмiс алқа" алқаларымен наградталған көпбалалы аналар – барлық нотариаттық әрекет бойынша); зияткерлік меншік саласында уәкілетті мемлекеттік орган заңды маңызы бар әрекеттер жасаған кезде төленетін мемлекеттік баж ("Батыр Ана" атағы бар, "Алтын алқа", "Күмiс алқа" алқаларымен наградталған көпбалалы аналар).
Бұдан бөлек, "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын мемлекет төлейді. 2023 жылы көпбалалы аналар үшін сақтандыру қорына 4 505,6 теңге аударылады.
Көпбалалы аналар қоғамдық көлікпен тегін жүреді
"Алтын алқа", "Күміс алқамен" наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, бірінші және екінші дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар қалалық және қала маңына қатынайтын автобустарда тегін жүре алады.
Тегін автотұрақ
"Күміс алқа" және "Алтын алқа" иегерлері Астанадағы ақылы автотұрақтарға көлігін тегін қоя алады. Көпбалалы аналарға мұндай жеңілдік бастапқыда 3 жылға беріледі. Кейін мерзімін ұзарту үшін қайта құжат жинап, тапсыру қажет.
Көпбалалы аналардан қандай құжат талап етіледі:
үлгі бойынша толтырылған және қол қойылған өтініш;
жеке басын куәландыратын құжат;
көлікті мемлекеттік тіркеу туралы куәлік (техникалық паспорт);
белгіленген үлгідегі куәлік.
«AQ-QARA.KZ»