Атап өтсек, Қосмезгіл елді мекенін сапалы ауыз сумен қамтамасыз етудің 2-кезеңі бойынша ЖСҚ әзірленуде. Мердігер мекеме - «ДИАС-проект» ЖШС мен келісім-шарт жасалған. Сараптаманың оң қорытындысын алу қыркүйек айының соңына дейін жоспарлануда. Бұдан бөлек, Шорнақ елді мекені бойынша сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету 2-кезеңі бойынша ЖСҚ әзірленуде. Мердігер мекеме - «ДИАС-проект» ЖШС келісім-шарт жасылып отыр.
Ал, электр қуаты бойынша Қосмезгіл және Шорнақ елді мекендерін сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету үшін ЖСҚ әзірленген. Сонымен қатар, Шорнақ елді мекенінің ішкі көшелеріне трансформатор орнату жұмыстарына қаржы қаралған. Мердігер мекеме – «Тан Срой Сервис» ЖШС келісім-шарт жасалып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Аудан орталығын абаттандыру бойынша «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» тас жолы бойын абаттандыру (3-4-5-6 кезең) Мердігер мекеме – «SIS Строй» мен «Ерасыл Құрылыс 2013» ЖШС келісім-шарт жасалған. Алдағы уақытта Шорнақ елді мекеніне 50 дана қоқыс жәшігі мен орындықтар орнату жұмыстары жүргізіледі. Мердігер мекеме – «Шымкент Гранд Строй» ЖШС. Шорнақ елді мекеніндегі әкімшілік іскер орталығы аумағына саябақ құрылысына мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Қосмезгіл елді мекенінің Кентоғай, Ш.Уалиханов көшелеріне түнгі жарық шамдарын орнату жұмыстары жүргізілетін болады.
Жол саласы бойынша Аша елді мекеніндегі жаяу жүргіншілер көпірі құрылысына «SK Best Spec Stroy KZ» ЖШС-гі ЖСҚ әзірленуде. Жалпы, Шорнақ ауылдық округі бойынша тас төсеу жұмыстары жүргізілді (Ш.Уалиханов, Утенов, Қонаев, Абдуалиева, Шаяхметов тұйығы, Найманбаев, Аша, М.Жұмабаев, С.Шамиев көшелеріне). Бұдан бөлек, 4-дана жасанды жол кедергісімен 20-дана жол белгілері орнатылған.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары тарапынан көтерілген мәселелер ауыз су, көшелерді асфальттау және заңсыз жер қойнауын пайдаланушыларға тоқтам болса деген ұсыныс-пікірлерін білдірді. Ауыл тұрғындарының мәселелерін тыңдаған аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев барлық сұрақтарға жауап беріп, жоспарға сәйкес, тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.
Өздеріңіз білетіндей, биыл түрлі деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесіп тұруын міндеттейтін президент жарлығы шыққан болатын. Жыл басында Ашық Үкімет порталында «Әкімдердің халықпен тұрақты кездесулер өткізу туралы» құжатының жобасы жарияланды. Құжатта Президент Жарлығы бойынша әкімдер кездесулерге қалай дайындалып, оларды қалай жариялап отыру керектігі, халықпен жергілікті басшылар қанша уақыт аралығында кездесіп тұруы керектігі, есеп беру жиындарында неше уақыт сөйлеп, не мәселелерді талқыға салу керектігі айтылған. Бұл құжаттың негізгі ерекшеліктерінің бірі деп атқарылуы тиіс іс шаралар мерзімінің белгіленіп, регламенттелуін және нақты нәтижеге жұмыс істеу тапсырылғанын айтуға болады. Талап көпке ортақ. Жергілікті басқару органдары ісінің нәтижелі болуы қоғамдық сенімге ие болудың төте жолы. Бұл ретте жобадағы мынадай талаптардың орындалуы маңызды:
«Тоқсан сайын есепті кезеңнен кейінгі айдың 25-і күніне қарай кездесулерде халық көтерген проблемалық мәселелерді шешу барысы туралы ақпаратты (проблемалық мәселе, орындалу барысы) ресми интернет-ресурстарда және «электрондық үкімет» веб-порталында орналастырсын.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері:
1) жыл сайын 15 қаңтарға дейінгі мерзімде өңірдегі әлеуметтік жағдайды ескере отырып мыналарды көздейтін әкімдердің шығулары мен халықпен кездесулерінің икемді жылдық күнтізбесін әзірлесін және оны мәслихатпен келісу бойынша бекітсін:
– жарты жылда бір рет облыс әкімдерінің әр ауданға және облыстық маңызы бар қалада кемінде бір көшпелі кездесу;
– тоқсан сайын республикалық маңызы бар қалалар, астана әкімдерінің қаланың әр ауданына (шағын ауданына) кемінде бір көшпелі кездесу;
– тоқсан сайын аудан әкімдерінің әр ауылға, кентке, ауылдық округке, аудандық маңызы бар қалаға кемінде бір көшпелі кездесу;
– тоқсан сайын облыстық және аудандық маңызы бар қалалар, ауылдық округ әкімдерінің қаланың, ауылдық округтің құрамына кіретін әр ауданға (шағын ауданға), ауылға, кентке кемінде бір көшпелі кездесу;
– ай сайын ауылдар, кенттер, қаладағы аудандар әкімдерінің кемінде бір кездесу өткізуін.
Қажет болған жағдайда мәслихатпен келісім бойынша күнтізбені түзетуге жол беріледі:
2) халықтың талап етуі бойынша және қажет болған кезде күнтізбеден тыс халықпен кездесулер өткізсін;
3) жыл сайын 20 қаңтарға дейінгі мерзімде бекітілген күнтізбені Үкіметке ұсынсын:
Әкімдіктер мен әкімдер аппараттары кездесулерді ұйымдастыруға мүдделі тұлғалардың, мәслихат депутаттарының, сарапшылардың, заңгерлердің, партиялар, қоғамдық ұйымдар мен сындарлы оппозиция өкілдерінің кең аудиториясын тартатын болсын.
Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу кезінде барлық деңгейдегі мәслихаттар:
республикалық маңызы бар қалалар, астана мәслихаттарының депутаттарын қаланың нақты аудандарына (шағын аудандарына);
облыстардың мәслихаттарының депутаттарын нақты аудандар мен облыстық маңызы бар қалаларға;
аудандар мәслихаттарының депутаттарын нақты ауылдарға, кенттерге, ауылдық округтерге және аудандық маңызы бар қалаларға;
облыстық маңызы бар қалалар мәслихаттарының депутаттарын қаланың нақты аудандарына (шағын аудандарына), сондай-ақ, қаланың құрамына кіретін ауылдарға, кенттерге бекітуді қамтамасыз етсін.
Жарты жылда бір рет тиісті деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сессиясында ауыл, кент, ауылдық округ және аудандық маңызы бар қала әкімдерін қоспағанда, әкімдердің күнтізбеге сәйкес өткізілген кездесулерінің қорытындылары және халық көтеретін проблемалық мәселелерді шешу үшін іс-шараларды қаржыландыру бойынша ұсыныстар бойынша есептері тыңдалады» – делінген жобада. Сарапшы мамандар «егер бұл әдеттегі науқандық сипатын жойып, осы нұсқау реті бойынша жүзеге асатын болса әкімдердің жұмысынан нәтижелі іс күтуге болады» – дейді. Бұдан бөлек, жобада әкімдердің жергілікті оппозиция өкілдерін де тыңдау қажеттігі, олардың да талабын зерделеу керектігі айтылған.
Бұған дейінгі әкімдердің есеп беру жиынының көп бөлігін олардың баяндамалары алатын. Аталмыш жобада осы мәселеге өзгеріс енгізіліп, «әкімнің есеп беру жиынындағы баяндамасы жиын уақытының төрттен бірін» ғана қамту қажеттігі айтылады. Қалған уақыт тұрғындармен тікелей сұрақ жауап форматын қамтуға тиіс. Егер осы ұстаным шын мәнінде жүзеге асатын болса, атқарушы билік ісінде сәл де болса жергілікті халыққа жақындау, халықтық диалогқа бет бұру қолға алынғаны көрінер ме еді?!
Әрине, осы кезеңге дейінгі түрлі деңгейдегі әкімдердің халық алдындағы есебі қалай ұйымдастырылатыны баршамызға мәлім. Баяндама. Алдын ала сөйлейтін адамдарды дайындау. Мақтау-мадақ, сықиған цифрлар, халықтың көзі де, көңілі де сенбейтін мәліметтер, ду қол шапалақ. Және бұл тәсілдер, сөз жоқ, бүгінгі күн тәртібіне жауап бере алмайды. Қоғамдық, саяси-әлеуметтік, мәдени-рухани өміріміз өзгеріске, жаңғыруға қадам бассын десек, барлық салаға түбегейлі модернизация қажет. Меніңше, барлық деңгейдегі әкімдердің есеп беру форматы өзгеру керек. Барлық сала мамандары жыл бойы атқарылған жұмыстар бойынша баяндаманы ел-халықтың алдында оқымастан бұрын аудандық, облыстық ақпарат құралдарында, интернет порталдарда халыққа қолжетімді етіп жариялау керек.
Және тек есеп беретін белгілі бір кезеңде ғана емес, жыл бойы атқаруы тиіс міндеттерді ұдайы назарда ұстауға жол ашады. Сосын өңірлердегі қордаланған мәселелер бойынша әкімдер әр фокус топтың мәжілісіне жеке-жеке қатысып, халықтың талап-тілектеріне байланысты нақты мәселелерді талқылап, ұсыныстар мен шешу жолдарын қоғам өкілдерімен бірге қарастырса сыбайлас жемқорлықтың, таныс-тамырдың, түрлі саладағы ұйыған әлеуметтік тауқыметтердің тамырына балта шабары сөзсіз.
«AQ-QARA.KZ»