Жексенбі, 08 Қазан 2023 21:43

Сауран ауданы: Бабайқорғандағы су, электр қуатына қатысты мәселелер шешімін таппақ

Аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев халықпен есепті кездесуін Бабайқорған ауыл округінің тұрғындарымен өткізді. Аудан əкімі округ бойынша ел дамуы жолындағы атқарылған игі істерге тоқталды.

Абай елді мекенінде тозығы жеткен су тарату орталығына күрделі жөндеу жұмыстарына меморандум арқылы «Авангард-ОК» ЖШС-гі ЖСҚ әзірлеуде. Бабайқорған елді мекенін сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету үшін, «ШЫМГОРПРОЕКТ» ЖШС-гі ЖСҚ әзірлеуде. Келісім шарт құны – 7,3 млн теңге. Абай, Серт, Игілік елді мекендерін сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету үшін, меморандум арқылы «Авангард-ОК» ЖШС-гі ЖСҚ әзірлеуде. Бабайқорған ауыл округіне 6-дана трансформатор орнату жұмыстары жүргізілуде. Мердігер мекеме – «Тан Строй» ЖШС. Келісім шарт құны – 18,7 млн теңге. Қыркүйек айының соңына дейін орнатылады деп күтілуде.

Үлгілі елді мекендегі Б.Майлина көшесін 1,4 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мердігер мекеме – «Сарбаз Қуат» ЖШС. Келісім шарт құны – 20,3 млн теңге. Көксарай көпірін жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мердігер мекеме – «Айжамал» ИП. Келісім шарт құны – 6,8 млн теңге. Бабайқорған елді мекеніндегі Қисық Шоқпар көпірін орташа жөндеу жұмыстарына қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Жоба құны – 6,0 млн теңге. Бабайқорған ауыл округіне 17 дана жол белгілері орнатылды.

Бабайқорған елді мекеніне воркаут, балалар алаңшасы, футбол алаңшасын орнату бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мердігер мекеме – «TBB-Construction» ЖШС. Келісім шарт құны – 18,1 млн теңге. Бабайқорған ауыл округі қоқыс полигонының аумағына қоршау орнату жұмыстары жүргізілуде. Мердігер мекеме – «SIS Строй» ЖШС. Келісім шарт құны – 7,0 млн теңге.

Халықпен кездесуінде аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев: «Есепті кездесу ортақ мәселені шешу үшін керек. Президент тапсырмасына сәйкес біз алдымен ауылдарды көркейтуіміз керек. Үкіметтің немесе аудандық, облыстық, республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы арқылы жүзеге асырылатын межелі істерде ешқандай да жемқорлық болмайды. Оны арнайы комиссия тексеріп, мердігерлердің де жұмыс сапасы үнемі қадағалауда» - деді.  Жиында ауыл тұрғындары бірқатар мәселелерді алға тартты. Өз кезегінде тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға ретімен жауап берді. Тиісті сала басшыларына мәселелердің шешілу жолдарын қадағалауды тапсырды.

Жалпы, ауылдардағы инфрақұрылымның жағдайы, ауызсу, жол, шағын қалалардағы көшелердің мәселесі, денсаулық сақтау нысандарының жетіспеушілігі, апаттық жағдайдағы мектептер мәселелері әлі де болса бар. Өңірлерде несие беру мәселесі де тиісті деңгейде шешімін таппаған. Кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін азаматтарды қолдау жетіспейтіні жасырын емес. Көптеген азаматтар өз ісін ашу жолында қыруар құжат жинап, бірқатар кедергілерге кездеседі. Ал кепілдік мәселесін шешу тіпті қиын. Дегенмен, мемлекет өңірлерге әрдайым көңіл бөліп келеді. Әлеуметтік салаға, мектептер, аурухана, жол салуға, жобалық-сметалық құжаттарға сәйкес қаржы бөліп отыр. Бұл жұмыстарды жалғастыру, әсіресе шағын және орта бизнес бойынша ауылдағы азаматтардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау – уақыт талабы.

ҚР Үкіметінің өңірлерді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасында алдағы 5 жылда үш жарым мыңға жуық ауылды жаңғырту жоспарланыпты. Бірінші кезекте әлеуметтік инфрақұрылымға мән берілмек. Яғни сапалы ауызсу, жарық, жылу, жол желілері, мектептер, ауруханалар салынады. Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасына 1,3 трлн теңге бөлінген. Қыруар қаржы! Соның басым бөлігі, яғни 900 млрд теңгесі ауылдағы ағайынды жарылқауға жұмсалмақ. Осы орайда таяу 7 жылда негізгі басымдықты «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асыруға салу көзделген. Бұл шамамен 7 млн ауыл тұрғынының өмір сапасын жақсартатын болады. Бұл шамамен ауыл тұрғындарының 90 пайызын құрайды.

Түсінікті болу үшін тарқата айтқалы отырмыз. Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы төрт бағыт бойынша жүзеге асырылады. Бірінші бағыт бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Ақтөбе сынды ірі төрт агломерацияның маңайы қамтылады. Одан кейін екінші деңгейдегі қалалар, яғни 13 облыс орталығы мен Семей қаласын осы бағдарлама шараларымен қамту көзделген. Сондай-ақ, 18 урбандалу орталығы және жоғарыда аталған 3,5 мың ауылдық елдімекенде бағдарламаны іске асыру жалғасады. Аталған бағыттардағы жұмыстарды жүзеге асыруға бюджет қаражатымен қатар, жеке инвестициялар да тартылатын болады.

Қазіргі кезде жергілікті билік органдарының басты міндеті аймақтардағы, әр ауыл мен қаладағы бизнесті жүргізуге жан-жақты қолдау білдіру мен жағдайларын қамтамасыз ету болып отыр. Сондай-ақ, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, жергілікті маңызы бар мәселелерді азаматтардың қатысуымен шешуді кеңейтуге баса назар аударғаны белгілі. Сол себепті таяу жылдарға белгілеген міндеттерді шешуде жергілікті атқарушы және өкілді органдарға ерекше жауапкершілік жүктелді.

Былтырдан бастап барлық өңірлерде жаппай, соның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту жөнінде жоспарлар әзірленді. Бұл жоспарларда нақты іс-шаралар кешені көзделген. Осындай шаралардың негізінде өңірлерде шағын және орта бизнесті дамытудың кешенді және жүйелі ұстанымын қалыптастыруға, кәсіпкерліктің рөлі мен мүмкіндіктерін арттыруға, жергілікті және орталық бастамаларды үйлестіруге жағдайлар жасалады. Сондай-ақ, өңірлерде іскерлік ортаны жақсарту үшін арнайы сыйлықақы тағайындалып, бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша өңірлер мен қалалар рейтингін өткізу көзделген. Бұл өңірлерге бизнесті дамыту саласындағы әлсіз тұстарын анықтауға, екінші жағынан, іскерлік жағдайды жақсарту бойынша жұмысты жүйелеуге мүмкіндік береді. Осылайша, қолайлы іскерлік жағдайды қалыптастыру жергілікті атқарушы органдардың қызметі тиімділігінің маңызды көрсеткіштерінің бірі болып табылады. 

«AQ-QARA.KZ»

Оқылды 187 рет