Облыс орталығында қазіргі уақытта 21 қоғамдық көлік бағыты бар. Оларға 2 тасымалдаушы мекеме («Жолаушы» ЖШС, «ТехПрофАвто» ЖШС) 220 дана қоғамдық көлікпен қызмет көрсетеді. Түркістан қаласы облыс орталығы статусын алғалы шаһарға жаңа 144 автобус алынған. Бүгін жаңадан алынған автобустар №7 және 31 бағыттарда қатынайтын болады.
ЕВРО-5 экологиялық стандарттарына сәйкес жаңадан келген «Saz LE-60» маркалы автобустар Өзбекстан елінде өндірілген. «Жолаушы» ЖШС тасымалдаушы мекемесі әр автобусты 50 млн теңгеден лизингпен алған. Жалпы сыйымдылығы - 60 адам. Автобустар мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандуспен және қауіпсіздікті сақтау мақсатында бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Жоғарыда аталған бағыттардың барлығына электронды төлем жүйесі енгізілген.
Жалпы, Түркістан қаласында қоғамдық көліктерді жаңарту кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, шілде айында сыйымдылығы жоғары 10 дана автобус №5 және №5А бағыттарына қатынауды бастаған болатын. Жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында жаңартылған қоғамдық көліктер салқындатқыш жүйесімен, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандуспен қамтылған. Одан бөлек, мұнда жұмыс сапасын жақсарту және қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету қолға алынған.
Түркістан ҚПБ-мен бірлесе жұмыс атқарылып, қалта ұрлығының алдын алу, жүргізушінің жол қауіпсіздік ережелерін сақтауын, жүргізушінің қызметін бақылау үшін әр автобусқа 3 бейнекамерадан орнатылған. Айта кетейік, Түркістан қаласында қазіргі уақытта 22 қоғамдық көлік бағыты бар. Бұл бағыттарға 2 тасымалдаушы мекеме: «Жолаушы» ЖШС және «ТехПрофАвто» ЖШС қызмет көрсетеді. Аталған мекемелер жыл басынан бері сыйымдылығы жоғары жаңа 29 автобус алып, қолданысқа енгізді. Оған жоғарыда айтып өтілген 20 автобусты қосыңыз. Жыл соңына дейін №4, 4А, 3 бағыттарындағы автобустарды кезең-кезеңімен жаңарту жоспарлануда.
Тағы бір айта кететін мәселе – мүмкіндігі шектеулі жандарда қоғамның мызғымас бөлігі. Олар да қоғамдық көлікпен діттеген жеріне жетіп, қатынауына мүмкіндік артуы тиіс. Былтыр дәл осы Түркістан қаласында мүгедектігі бар азаматтарды қоғамдық көлікпен тасымалдау мәселелері талқыланып, тиісті ұсыныстар айтылған болатын. Бұл талқылауға Түркістан облысы әкімінің мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мәселелері бойынша штаттан тыс кеңесшісі Ерлан Абдиев пен Түркістан қаласы әкімінің осы саладағы штаттан тыс кеңесшісі Мұхамметәлі Тасқынбаев және қалалық бөлім басшылары қатысқан-ды.
Кездесу барысында инватакси қызметі автокөліктерінің арбадағы азаматтарды тасымалдауға қолданылатын құрылғылары заман талабына сай емес екені сөз болды. Кеңесшілер автокөліктердің бір бөлігін гидролифтпен жабдықтау және желдеткіш орнату, тазалығын реттеу жөнінде ұсыныстарын жеткізді. Түркістан қаласындағы қоғамдық көліктердің қолжетімділігі де сарапталды. Бұл мәселеде алға басушылық бар. Қаладағы 2 ірі мердігерің бірінде автобустарының 100%-ы, яғни 30 дана автобус мүгедектігі бар азаматтарға бейімделген. Бірақ екінші мердігер ұсынған автобустардың панудстары талапқа сай емес. Автопрак иелеріне осы кемшіліктерді жою, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тасымалдау саласындағы қиындықтардың алдын алу мақсатында 6 ай сайын қоғамдық бірлестіктер арқылы тренинг өткізу ұсынылды. Алдағы уақытта Түркістан қаласына әкелінетін жаңа автобустардың бәрі қатаң қадағалаудан өткізілмек. Олар мүмкіндігі шектеулі жандарға да ыңғайлы болады.
Айта кету керек, Түркістан қаласындағы мәдени-рухани орталық аймағындағы «Керуен сарай» кешенінен Түркістан халықаралық әуежайына дейін №20 жаңа қалаішілік қоғамдық көлік бағыты ашылды. Бағыттың жалпы ұзындығы 30 шақырым. Жол жүру уақыты мен жүру жиілігі – 50 минутты құрайды. Тұрғындар үшін 70 теңге көлемінде қолжетімді жол жүру тарифі белгіленген. Ұзындығы 8,5 метрді құрайтын заманауи автобустар электрондық билет жүйесімен, бақылау камераларымен, желдеткіш жүйесімен, сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орындармен, пандуспен жабдықталған.
«AQ-QARA.KZ»- ақпарат