Жексенбі, 12 Қараша 2023 15:43

Түркістан: «Сарыағаш-Мақтаарал» бағытында темір жол салынады

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев айтты.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Сарыағаш-Дарбаза-Мақтаарал» бағытындағы темір жол құрылысын жүргізу мақсатында Үкімет тарапынан арнайы жұмысшы топ құрылған. Олар қазіргі таңда өңірде тиісті жұмыстарын атқаруда. Біздің тарапымыздан теміржолдың жүретін жері белгіленіп, жерді рәсімдеу жұмыстары жүріп жатыр, - деді Арман Айдарұлы.

Аудан басшысының айтуынша, биыл 9 айдың қорытындысымен негізгі капиталға көлемі 25,7 млн теңге инвестиция бағытталған. 2023 жылдың қорытындысымен инвестиция көлемін 26,2 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі бойынша 9 айда 92,7 млрд. теңгеге жетсе, жыл қорытындысымен 128,8 млрд. теңгеге жеткізу көзделген. Ал аталған салаға салынған инвестиция көлемі биыл 6,7 млрд. теңгені құрамақ.

- Инфрақұрылыммен қамту бойынша орталықтандырылған ауыз сумен аудандағы 68 елді мекеннің 61,8 пайызы қамтылған. Ал табиғи газды аудан халқының 76,1 пайызы пайдаланып отыр. Сондай-ақ, аймақтағы жолдардың қанағатты үлесі жыл қорытындысымен 66%-ға жетпек. Бұдан бөлек, ауданда биыл 9 айда 38 150 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, - деді аудан басшысы.

Сондай-ақ, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды биыл сәуір айында Келес ауданының тұрғындарымен кездесуінде аудандағы тауар айналымының артуына мүмкіндік беретін темір жол жобасы іске асырылатынын айтқан болатын. Осыған орай, Келес ауданында «ҚТЖ» ҰҚ» АҚ тапсырысымен «Транспроект-К» ЖШС дайындаған «Дарбаза – Өзбекстан мемлекеттік шекарасы теміржолы» жобасының талқылауы өтті. Талқылауға Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев төрағалық етіп, аудан активі, аудандық қоғамдық кеңестің мүшелері, ауыл ақсақалдары мен аудандық мәслихаттың депутаттары қатысты.

Жобаны дайындаған мекеме тарапы өз жоспарларын баяндап, келестіктердің пікірін тыңдады. Теміржол жобасында жалпы ұзындығы 92,2 шақырымды құрайтын, оның ішінде Келес ауданы аумағын солтүстік шығысындағы шекарасынан бастап оңтүстік батысындағы шекарасына дейін ұзындығы 56 шақырыммен кесіп өтетіндігі көрсетілген. Талқылау барысында бұл жобада шикіліктер кездесетіндігі айтылып, жаңадан жоба жасау керек деген тұжырымға тоқтады.

– Келес ауданы әкімдігі алдын ала таңдау жұмыстарына қатыспағандықтан жобада өрескел кемшіліктерге жол берілген. Келес ауданы аграрлық аудан болғандықтан еліміздің бағалы деп саналатын теміржол желісі шамамен 497 га суармалы жер учаскелерін кесіп өтіп ауыл шаруашылығы алқаптарын жарамсыз күйге келтіретін болып тұр. Сонымен қатар Жобада Келес ауданы аумағынан өтетін Келес, Құркелес өзендері және Тартулы, Игілік, Ошақты, Қият, Мамыт, 8-ші Ұлан, Шошым каналдары мен 4 қашыртқылардың арналарының үстінен өтетін теміржол көпірлер жобаланбауы суармалы егістік жерлерін сумен қамтамасыз етуге күрделі кедергілер туындатады. Жобаланбаған 11 көпірлер теміржол құрылысының сметалық құнына қосымша қаражат талап ететін болады.

Қорыта айтқанда, Жоба бойынша Мақтарал, Жетісай аумағынан өтетін темір жол желілерін қоспағанда, Келес және Сарыағаш аудандарынан өтетін теміржол желісі үшін мемлекеттік мұқтажына алынатын және теміржол құрылысына алдын ала болжамды есеп бойынша құны өте жоғары екеніне көз жеткізіп отырмыз. Осыған орай «Транспроект-К» ЖШС ұсынған жобаны жарамсыз деп танып, жаңа жоба дайындауды ұсынамыз, – деді Келес ауданы әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаев.

Айта кетейік, Екі елдің тауар айналымының артуына мүмкіндік беретін «Дарбаза-Мақтаарал» темір жолы жобасын іске асыру бірінші кезекте транзиттік әлеуетті 5 есеге арттыруға, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы шикізат өнімдерін көп өндіретін Келес, Мақтаарал сынды аудандарды негізгі магистральдық теміржол желісімен қосуға мүмкіндік береді, тиісінше, өңірдің дамуына оң әсер етеді.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 213 рет