Дүйсенбі, 13 Қараша 2023 17:33

Түркістан: Дархан Сатыбалды мердігерлердің жұмысын қатаң сынға алды

Түркістан қаласында құрылыс қарқыны бәсеңдеген емес. Құрылыс барысы мен сапасы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей бақылауында. Облыс басшысы кезекті рет Түркістан қаласындағы нысандарда болып, мердігер мекеме басшыларымен кездесті. Жұмысты қадағалады.

Құрылыс қарқыны көңіл көншітпейді. Облыс әкімі құрылысты тездетуді тапсырды. Жауапсыз мердігерлердің жұмысына шектеу қойылады. Жауапты басшыларға бұл мәселені жіті қадағалауға алуды жүктеді.Облыс басшысы әкімшілік ғимараты бар 20 қабатты тұрғын үй кешенінде болып, құрылыс сапасын көрді. Тиісті сын-ескертпелер айтып, жұмысты жеделдетуді тапсырды. Мердігер мекеме – «Inter construction» ЖШС. Құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Қазіргі уақытта инженерлік желілер жүргізіліп, әрлеу жұмыстары 12-13 қабатта жалғасуда.

- Құрылыста ең бастысы - мерзім мен сапа. Мұндай ақшаға басқа өңірлерде паркингі бар зәулім үй салады. Сіздер жерді тегін алып отырсыздар. Инфрақұрылымды мемлекет жүргізді. Құр үй тұрғызудың өзін созбалаңға салып, сылтау айтудан жалықпайсыздар. Айыппұл арқалап, жүре беруге болмайды. Жобаның созылуы жауаптының жүктелген міндетке бей-жай қарауынан, - деді Дархан Амангелдіұлы.

Осылай деп, мердігерлердің жұмысын қатаң сынға алған облыс басшысы құрылыста ең бастысы мерзім мен сапа екенін баса айтты. Сонымен қатар балалар алаңқайларының қауіпсіздігі мен сапасының қатаң бақылауда болуын ескертті. Көпқабатты үйлердің қасбетіне қатысты қатаң талап қойып, мұздатқыштарды белгіленген орындарға орнатуды айтты.

Түркістанда «Жаңа қала» аумағында жасанды көлі бар саябақтың құрылысы аяқталуға жақын. Жоспар бойынша нысан қараша айының соңында пайдалануға тапсырылады. 13 гектарға жуық жерде орналасқан демалыс аймағында тұрғындардың жайлы демалысы үшін барлық жағдай жасалады. Облыс басшысына ерекше үлгіде жасақталған түнгі жарықтандыру жүйесі таныстырылды.Қазіргі таңда бұл аумақта әкімшілік және тамақтану ғимараттарын әрлеу, бейне бақылау орнату және асфальт төсеуге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарына 2 техника, 30-дан астам жұмысшы тартылған.

Өткен жылы өңірде білім беру саласында 20,9 млрд. теңгеге 51 нысанның құрылысы жүргізілді. Оның 22-і пайдалануға берілді. Ал, денсаулық сақтау саласында 2,8 млрд. теңгеге 20 нысан іске асып жатыр. Оның ішінде Шардарада 150 келушіге арналған емхана, Түркістан қаласында жедел жәрдем станциясы, Ордабасы ауданында 2 ФАП пайдалануға тапсырылды. Мәдениет саласы бойынша 14 нысанның құрылысына 2,2 млрд. теңге бөлінген. Нысандардың құрылысы 2023 жылы толық аяқталады деп күтіліп отыр. Спорт саласында 13,8 млрд. теңгеге 12 нысан бой көтеруде. Тұрғын үй құрылысына 35,9 млрд. теңге бөлінген. Бұл қаржыға өңірде 129 үй салынады. Облыс орталығы Түркістан қаласында жалпы аумағы 250 мың шаршы метрден асатын 100-ден астам көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Атап айтқанда, 9 қабатты 36 үй, 7 қабатты 40 үй және 5 қабатты 20 несиелік тұрғын үй салынады. Сонымен қатар «Жаңа қала» аймағында инвесторлар есебінен 14 көпқабатты тұрғын үй кешенінің құрылысы басталмақ.

Сондай-ақ, биыл Түркістан облысында құрылысы жүргізіліп, бірақ іске қосылмай тұрған газ құбырлары мен газ таратушы станцияларын жөндеп, іске қосу, елді мекендерді «көгілдір отынмен» қамту мәселесі талқыланған мәжіліс өтті. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды салаға жауапты мекеме басшылары мен аудан, қала әкімдеріне осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды. Жұмысты сапасыз орындаған мердігерлердің мәселесін заң аясында қарау керектігін атап өтті. Жауапты басқармаларға осы саладағы қаржыны дұрыс жоспарлау, жобаларды қаржыландыруды жүйелеуді жүктеді.

- Аудан, қалаларда халықпен кездесулерде ел инфрақұрылым, соның ішінде газ мәселесін жиі қозғайды. Кейбір жобалар қаржы бөлінсе де, сапасыз орындалған немесе соңына дейін жүзеге аспаған. Мәселені жасыру емес, шешу жолдарын қарастыру керек. Егер газ жүргізуге жауапты мердігер жұмысын келісімшартқа сәйкес атқармаса, заң органдарына ұсынылсын. Бұл түйткілді өзім тікелей бақылауыма аламын. Жұмыс уақтылы атқарылмаған соң қаржыландыру да қиынға соғады. Ондай мысалдар бар. Аймақты газдандыру мәселесін тұрақты бақылауда ұстап, жоспарға сай жұмыс жүргізген жөн. Газ кіргізу жұмыстарын мейілінше жылдамдату қажет. Әйтпесе, алдағы жылыту маусымына үлгермей қалуы мүмкін. Газды үйлерге кіргізу, құжаттарын реттеу да уақытты алады. Биыл жоспарланған жұмыстар жедел атқарылып, елді мекендерге газ берілсін. Жауапты басқарма, аудан, қала әкімдері жұмысты ширатыңыздар. Инфрақұрылым бойынша әрбір жобаны қатаң қадағалап, соңына дейін жеткізу қажет, – деді Дархан Сатыбалды.

Жыл басынан бері Қазақстанда 7,7 млн шаршы метр тұрғын үй тапсырылды. Ең жоғары көрсеткіш Түркістан облысында тіркелді. Жыл басынан бері 365,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жоспар өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 61,6 мың шаршы метрге, 122,2%-ға асыра орындалды. Жалпы Түркістан облысында 7 айда құрылыс жұмыстарының көлемі 150 млрд теңгені құрады. 2025 жылға дейін өңірде «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде 4,9 млн шаршы метр немесе 46 мың тұрғын үй, оның ішінде Кешенді жоспар шеңберінде мемлекеттік қаражат есебінен 1,4 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 23 мың пәтер жалға беріледі және кредиттік тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған.

Жаппай тұрғын үй құрылысы аудандарын қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін 2025 жылға дейін 78,1 млрд теңге бөлінбек. Сондай-ақ 64 мың жер учаскесі инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Түркістан облысындағы тұрғын үйлерді жаңғырту бойынша биыл 101 көппәтерлі тұрғын үйді жаңғыртуға 3,3 млрд теңге қарастырылған. 2025 жылға дейін 4,6 млрд теңгеге 240 көппәтерлі тұрғын үйді жаңғырту жоспарлануда. Жалпы 2021-2025 жылдар аралығында 7,9 млрд теңгеге 341 көппәтерлі тұрғын үй жөнделеді.

Облыста туризмді дамыту мақсатында бірқатар жобалар әзірленуде. Себебі Түркістан сан ғасырлық тарихы бар көненің символы. Сырттан келген туристер де бұл өңірдің бүгініне емес өткен тарихымен танысу мақсатында жыл сайын ағылып жатады.  Туризм Түркістан облысы экономикасының басым салаларының бірі болып табылады. Бүгінгі таңда облыста 1000-нан астам тарихи-мәдени және археологиялық нысан мен 4 ерекше қорғалатын табиғи аумақ бар. Туризм саласында жыл сайын облысқа келетін туристер саны артып келеді. Мәселен, соңғы 3 жылда туристер саны 25%-ға өсті. Қонақ үйлердің саны 131 бірлікті құрайды. Түркістан облысында туризмді дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Туризм саласын дамыту бойынша стратегиялық жоспар қажет. Нақты индикаторлар мен оларға қол жеткізу жолдары нақтылануы тиіс. Тек жүйелі жұмыс арқылы ғана туризм дамып, туристер саны көбейеді. Өңірде туристер санын арттыру бойынша жан-жақты зерттеулер, сараптамалар және жұмыстар жүргізілуде.

Түркістанның басты бренді – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Қажылардың саны артып келеді. Алайда, туризм аймаққа нақты табыс әкелуі үшін саяхатшылар облыста және Түркістанда кемінде 2-3 күн болатын жағдай жасау қажет. Бұл бағытта жұмыс жүргізілуде. 2021 жылы Түркістандағы кесенеге 1,4 млн адам келді, ал орналастыру орындарында қызмет көрсетілетіндер саны 100 мыңға жуық адамды құрады. Инфрақұрылымды жақсарту, туристік аймақтарға жол салу, өңірдің ерекшелігіне сәйкес жаңа брендтерді қалыптастыру қажет.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 183 рет