2019 жылы құрылысы аяқталған нысан бес жылдан бері тоқтап тұрған. Ол кезде облыстық бюджеттен 1,1 млрд. теңге қаражат жұмсалған. Ішкі газ құбыры ғана салынып, негізгі жеткізуші газ құбыры 2021 қолданысқа берілген. Газ құбырының ұзындығы 112 шақырымнан асады.
Аталған «сақалды құрылысты» өз бақылауына алған өңір басшысы жауаптылар мен мердігерге тиісті тапсырмалар беріп, күрделі мәселе шешімін тауып отыр. Ауылда 20 мыңға жуық тұрғын, 2300-ден астам абонент бар. «Көгілдір отынға» қол жеткізген Ескі Иқан тұрғындары ел азаматтарына ризашылықтарын білдірді.
Айта кетейік, облыс аумағында біраз жылдан бері шешімін таппай келе жатқан бірқатар мәселелер бар еді. Әсіресе, газ нысандарының құрылысы өзекті болды. Атап айтқанда, 2018-2021 жылдары құрылысы аяқталғанымен, 33 елді мекен түрлі себептермен табиғи газға қосылмай қалған болатын. Бүгінгі күні 16 елді мекен табиғи газбен қамтамасыз етілсе, қалғанын жыл соңына дейін газға қосу жоспарланған. Сол жобалардың бірі Ескі Иқанда жүзеге асып отыр.
Сондай-ақ, биыл Мемлекет басшысының Қазақстан аймақтарын газдандыру жөніндегі тапсырмасы аясында Сауран ауданындағы Ибата ауылы көгілдір отынға қосылып, тұрғындардың қуаныштары еселенді. Айтулы шараға Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зулфухар Жолдасов, «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов пен аудан әкімі қатысты.
– Бүгінгі таңда Ибата ауылының 8 мыңға жуық тұрғыны көгілдір отынға қол жеткізді. Сондай-ақ, жыл соңына дейін Сауран өңірінің Ойық, Бершінтөбе және Шоқтас елді мекендерін газға қосу жоспарлануда. Нысанның құрылысы мемлекеттік-жекешілік әріптестік аясында жүргізілді. Енді қыс басталғанға дейін газды үйге кіргізуді қолға алу қажет. Газ негізінен экологиялық таза отын, алдағы уақытта елді мекен халқының әл-ауқатын дамытуға серпіліс береді деп ойлаймын, – деді Зулфухар Жолдасов.
Ибата және Ойық елді мекендерін табиғи газбен қамту үшін 2020-2021 жылдары құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілген. Мердігер мекеме – «Күмбез Констракшн» ЖШС-і. Жоба бойынша 44 көшеге газ құбыры тартылған. Ауданында 36 елді мекен болса, оның 8 елді мекені газбен қамтылған.
Биыл өңірде тағы 19 елді мекеннің 32 мың тұрғыны табиғи газбен қамтылды. Сонымен қатар Мақтаарал, Жетісай, Сарыағаш, Келес аудандарындағы автоматты газ таратустанцияларының қуаты арттырылды.
Сауран ауданында 36 елді мекен болса, оның 8 елді мекені тауарлық газбен қамтылған. Басқа елді мекендерге Президент тапсырмасына сәйкес, кезең-кезеңімен газ құбыры тартылады. Биыл наурыз айының аяғында Түркістан облысында құрылысы жүргізіліп, бірақ іске қосылмай тұрған газ құбырлары мен газ таратушы станцияларын жөндеп, іске қосу, елді мекендерді «көгілдір отынмен» қамту мәселесі талқыланған мәжіліс өткені белгілі.
Сол жиында облыс әкімі Дархан Сатыбалды салаға жауапты мекеме басшылары мен аудан, қала әкімдеріне осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруды тапсырған болатын. Жұмысты сапасыз орындаған мердігерлердің мәселесін заң аясында қарау керектігін атап өтті. Жауапты басқармаларға осы саладағы қаржыны дұрыс жоспарлау, жобаларды қаржыландыруды жүйелеуді жүктеген-ді.
– Аудан, қалаларда халықпен кездесулерде ел инфрақұрылым, соның ішінде газ мәселесін жиі қозғайды. Кейбір жобалар қаржы бөлінсе де, сапасыз орындалған немесе соңына дейін жүзеге аспаған. Мәселені жасыру емес, шешу жолдарын қарастыру керек. Егер газ жүргізуге жауапты мердігер жұмысын келісімшартқа сәйкес атқармаса, заң органдарына ұсынылсын. Бұл түйткілді өзім тікелей бақылауыма аламын. Жұмыс уақтылы атқарылмаған соң қаржыландыру да қиынға соғады. Ондай мысалдар бар. Аймақты газдандыру мәселесін тұрақты бақылауда ұстап, жоспарға сай жұмыс жүргізген жөн. Газ кіргізу жұмыстарын мейілінше жылдамдату қажет. Әйтпесе, алдағы жылыту маусымына үлгермей қалуы мүмкін. Газды үйлерге кіргізу, құжаттарын реттеу да уақытты алады. Биыл жоспарланған жұмыстар жедел атқарылып, елді мекендерге газ берілсін. Жауапты басқарма, аудан, қала әкімдері жұмысты ширатыңыздар. Инфрақұрылым бойынша әрбір жобаны қатаң қадағалап, соңына дейін жеткізу қажет, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сәкен Далиевтің айтуынша, облыс табиғи газды 2018 жылға дейін «Газли-Шымкент» магистралды газ құбырынан тұтынған. 2018 жылдан бастап отандық «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбырынан газ алуда.
2023 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша Түркістан облысында 833 елді мекеннің 465-і табиғи газбен қамтылған, пайыздық көрсеткіші 55,8. Яғни, 1 млн. 538 мың тұрғын немесе тұрғындардың 76,8 пайызы табиғи газды қосу мүмкіндігіне қол жеткізген. Өңірде 2023 жылы 101 нысанның құрылысына 17,6 млрд. теңге бөлініп, оның ішінде 70 нысанның құрылысы биыл аяқталады. Қалған 31 нысан 2024 жылға өтпелі. Қалған қолдау таппаған нысандар 2024-2026 жылдарға республикалық бюджетті қалыптастыруға ұсынылған. Осы саладағы атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде бір жылда облыстағы елді мекендердің газбен қамтылу көрсеткішін 62,7 %-ға, яғни, 465-тен 521-ге жеткізу жоспарланып отыр.
Жалпы, ел тұрғындарын газбен қамтамасыз ету – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұдайы назар аударып отырған басым бағыттардың бірі. Халық игілігіне айналатын бұл маңызды жоба республика бойынша жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Әсіресе ауыл-аймақтарды газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Әлемдік энергетикада көгілдір отынның маңызы айрықша. Кез келген мемлекеттің де экономикасында стратегиялық мәнге ие. Табиғи газ анағұрлым экологиялық таза отын, оның үстіне өнеркәсіпте құнды шикізат саналады. Сол үшін ол бизнеске де, тұрғындарға да қажет. Әлемдік экономикадағы газға деген зор сұраныс осымен байланысты. Ал оны пайдалану – қай елдің болсын даму деңгейінің көрсеткіші.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат