Ауыл тұрғындарының үлкен қуанышын бөлісуге арнайы келген өңір басшысы Дархан Сатыбалды тұрғындарды айтулы сәтпен құттықтап, халықты ауылдың дамуына өз үлестерін қосуға шақырды.– Елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту бағытында маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мәселелер кезең-кезеңімен шешілуде. Енді үйлерге газ кіргізу жұмысын күшейту керек. Тұрғындардың өмір сапасын жақсарту жолындағы жұмыстар жалғасады, – деді Дархан сатыбалды.
Аталған нысанның құрылыс жұмыстары 2022 жылы қыркүйек айында басталып, биыл қараша айында аяқталды. Мердігер мекеме – «Газовое хозяйство Шымкентгаз» ЖШС. Келісім-шарт құны – 793,684 млн. теңге. Жауапты мамандар тарапынан жеке үйлерге газды кіргізу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Құжаттандыру жұмыстары толық аяқталған соң, ауылдағы 1497 үй немесе 7631 тұрғын толық газбен қамтылады.
Айта кетейік, Ордабасы ауданы бойынша 57 елді мекеннің 9-ы табиғи газбен қамтылған. Қамту деңгейі 21,6% немесе 25 568 халықты құрайды. Олар: Қайнар, Ынтымақ, Ұялыжар, Теспе, Ықыластемір, Темірлан, Қажымұқан, Боралдай, Қызылсеңгір ауылдары. Қазіргі уақытта 25 елді мекенде 30 нысанның құрылысы жүргізілуде. Биыл 14 елді мекенді (Бірлік, Жамбыл, Ақжол, Мақташы, Бейсен, Қараспан, Берген, Батар ата, Ынталы, Елшібек батыр, Спатаев, Қызылжар, Төрткүл, Қарақұм және Бірлік газ жеткізуші құбыр) табиғи газға қосып, қамту деңгейін 45,1%-ға жеткізу жоспарлануда. Бүгінгі таңда Қарақұм ауылында табиғи газ нысанының құрылысы аяқталып, 3536 тұрғын «көгілдір отынмен» қамтылды. Қалған 11 елді мекен 2024 жылы табиғи газға қосылады деп күтілуде.
Жалпы, Түркістан облысында биыл 76 елдімекен табиғи газға қосылады. Бұл туралы таяуда өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркістан өндірістік филиалы өкілдері мәлімдеді. Сондай-ақ, брифингте өңірді газбен қамту жұмыстары мен қауіпсіздік шаралары жайлы айтылды.
- Түркістан облысы бойынша 833 елді мекен бар. Оның 470-і газдандырылған, бұл 56%-ды құрайды. Қазіргі таңда Түркістан облысында 29 газ тарату станциясы бар болса, оның 9-ы биылғы жылы қайта жаңғыртудан өтті. Жылдың басынан бері 19 елді мекен газ желісіне қосылды. Жыл соңына дейін тағы 57 елді мекенді газ желісіне қосу жоспарлануда. Сонда жалпы биыл 76 елді мекен газға қосылады -деді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркістан өндірістік филиалының бөлім басшысы Ғани Бақытжанұлы. Сонымен қатар, мекеменің бөлім басшысы Бекнұр Қайратұлы Түркістан облысы бойынша газ тарату станцияларына қысқы дайындық жұмыстары толықтай жүргізіліп, өңір жылыту маусымына 100% дайын екендігін жеткізді.
Биыл наурыз айының аяғында Түркістан облысында құрылысы жүргізіліп, бірақ іске қосылмай тұрған газ құбырлары мен газ таратушы станцияларын жөндеп, іске қосу, елді мекендерді «көгілдір отынмен» қамту мәселесі талқыланған мәжіліс өткені белгілі. Сол жиында облыс әкімі Дархан Сатыбалды салаға жауапты мекеме басшылары мен аудан, қала әкімдеріне осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруды тапсырған болатын. Жұмысты сапасыз орындаған мердігерлердің мәселесін заң аясында қарау керектігін атап өтті. Жауапты басқармаларға осы саладағы қаржыны дұрыс жоспарлау, жобаларды қаржыландыруды жүйелеуді жүктеген-ді.
– Аудан, қалаларда халықпен кездесулерде ел инфрақұрылым, соның ішінде газ мәселесін жиі қозғайды. Кейбір жобалар қаржы бөлінсе де, сапасыз орындалған немесе соңына дейін жүзеге аспаған. Мәселені жасыру емес, шешу жолдарын қарастыру керек. Егер газ жүргізуге жауапты мердігер жұмысын келісімшартқа сәйкес атқармаса, заң органдарына ұсынылсын. Бұл түйткілді өзім тікелей бақылауыма аламын. Жұмыс уақтылы атқарылмаған соң қаржыландыру да қиынға соғады. Ондай мысалдар бар. Аймақты газдандыру мәселесін тұрақты бақылауда ұстап, жоспарға сай жұмыс жүргізген жөн. Газ кіргізу жұмыстарын мейілінше жылдамдату қажет. Әйтпесе, алдағы жылыту маусымына үлгермей қалуы мүмкін. Газды үйлерге кіргізу, құжаттарын реттеу да уақытты алады. Биыл жоспарланған жұмыстар жедел атқарылып, елді мекендерге газ берілсін. Жауапты басқарма, аудан, қала әкімдері жұмысты ширатыңыздар. Инфрақұрылым бойынша әрбір жобаны қатаң қадағалап, соңына дейін жеткізу қажет, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сәкен Далиевтің айтуынша, облыс табиғи газды 2018 жылға дейін «Газли-Шымкент» магистралды газ құбырынан тұтынған. 2018 жылдан бастап отандық «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбырынан газ алуда.
2023 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша Түркістан облысында 833 елді мекеннің 465-і табиғи газбен қамтылған, пайыздық көрсеткіші 55,8. Яғни, 1 млн. 538 мың тұрғын немесе тұрғындардың 76,8 пайызы табиғи газды қосу мүмкіндігіне қол жеткізген. Өңірде 2023 жылы 101 нысанның құрылысына 17,6 млрд. теңге бөлініп, оның ішінде 70 нысанның құрылысы биыл аяқталады. Қалған 31 нысан 2024 жылға өтпелі. Қалған қолдау таппаған нысандар 2024-2026 жылдарға республикалық бюджетті қалыптастыруға ұсынылған. Осы саладағы атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде бір жылда облыстағы елді мекендердің газбен қамтылу көрсеткішін 62,7 %-ға, яғни, 465-тен 521-ге жеткізу жоспарланып отыр.
Жалпы, ел тұрғындарын газбен қамтамасыз ету – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұдайы назар аударып отырған басым бағыттардың бірі. Халық игілігіне айналатын бұл маңызды жоба республика бойынша жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Әсіресе ауыл-аймақтарды газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Әлемдік энергетикада көгілдір отынның маңызы айрықша. Кез келген мемлекеттің де экономикасында стратегиялық мәнге ие. Табиғи газ анағұрлым экологиялық таза отын, оның үстіне өнеркәсіпте құнды шикізат саналады. Сол үшін ол бизнеске де, тұрғындарға да қажет. Әлемдік экономикадағы газға деген зор сұраныс осымен байланысты. Ал оны пайдалану – қай елдің болсын даму деңгейінің көрсеткіші.
Иә, көгілдір отынның қажеттілігі күн санап артуда. Әсіресе көмір бағасының жыл сайын шарықтауы ауылдағы ағайынға ауырлық туғызып жатқаны анық. Қазіргі кезде газбен қамтылмаған аймақтарды газдандыру жұмысы қолға алынып, соған сәйкес қажетті қаржы сомасы да қарастырылып жатыр.
Түптеп келгенде көгілдір отынның жүргізілуі елді мекеннің еңсесін тіктейтіні сөзсіз. Бұл күнді шалғайдағы ауыл халқы тағатсыздана күтіп жүр. Газдың келуі халықты пеш жағу тауқыметінен арылтып қана қоймасы анық. Экологиялық ахуалдың жақсаратынын айтпағанның өзінде, ол аймақ экономикасының қарқынды дамуына пәрмен берері сөзсіз. Әлбетте, мыңдаған шақырымнан құбыр тарту оңай болмасы анық. Бюджеттен бөлінетін қыруар қаржының арқасында келген газдың игілігінен құр қалмай, әр тұрғынның үйінде көгілдір отынның жанғаны екі жақты тиімді. Көгілдір отын – ел өміріне береке, табыс, шуақ алып келеді. Елдің әлеуметтік, экономикалық жағдайына да үлкен серпін береді. Газ Ұлы Даланың қуаты, сондай-ақ ол мемлекеттік ауқымдағы бірқатар міндеттерді шешуге мүмкіндік туғызады.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат