Жұма, 27 Қазан 2023 13:46

Сауран ауданында «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз» атты іс-шара өтті

Сауран ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен халықаралық мүмкіндігі шектеулі жандар күніне орай, аудан жастары арасында «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз!» атты жастарға арналған шығармашылық кеш өтті.

Шараны Сауран ауданы әкімінің орынбасары Серік Садибаев, «Шапағат» мүмкіндігі шексіз азаматтар қауымдастығы төрағасы Еркінбай Керімбайұлы және Сауран ауданы мәслихатының депутаты Х.Шарапов ашып, "Жастар біздің болашағымыздың жарқын кепілі. Біз жастарды қолдап, биік-белестерді бағындыра білу жолында дұрыс бағыт-бағдар бере білуіміз қажет. Әр бала бақытты болуға лайықты. Олардың бақытты болуы жолында қызмет жасайтын ересектер осындай игі істерге қолдау көрсетіп жүрсе біздің ертеңіміз еңселі болары анық деп нық сеніммен айта аламыз"- деп жүрек жарды ыстық лебіздерін жеткізді.

Мерекелік кеш барысында өнерлі де талантты жастарымыз әуелете ән шырқап, мың бұрала би билеп, қыл қалам шеберлері өз қолдарымен кереметтей суреттерін салып көпшілік назарына ұсынды. Поэзия жанры бойынша тебіренте өлең оқыған жастарымыз да дүйім жұртты сүйсінтті.

Көңілдерді тербеген, шаттық пен шабыт сыйлаған әуезді кештің соңында Сауран ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрғазы Байғазыұлы және Сауран ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің "Жастар ресурстық орталығы" КММ- нің басшысы Айгерім Ералықызы қатысушы жастарға ыстық лебіздерін білдіріп, аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттап, бағалы сыйлықтар табыстады.

Деректерге сүйенсек, республикада 702 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады екен. Ерекше қажеттіліктері бар адамдарды әлеуметтік қолдау және олардың өмір сүру сапасын арттыру мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бірінші кезектегі міндеттерінің бірі болып табылады. Бүгінгі таңда Қазақстанда тұратын 702,1 мың мүгедектігі бар адамның 424,5 мыңы еңбекке қабілетті жаста (60,5%), 180,7 мыңы зейнеткерлік жаста (25,7%) және 96,9 мыңы 18 жасқа дейінгі балалар (13,8%). Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясат олардың қоғамға толыққанды кірігуіне және халықтың осы санаты басқалармен теңдей өмір сүріп, жұмыс істеп, білім алуы, қоғам өміріне еркін қатысуы, белгілі бір шешімдер қабылдауы және т. б. үшін кедергілерді еңсеруге, жоюға бағытталған.

Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету үшін Қазақстанда әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдер түріндегі мемлекеттік көмек пен қолдауды; әлеуметтік оңалту шеңберінде организмнің жоғалтқан функцияларының орнын толтыруды; арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуді қамтитын көп деңгейлі әлеуметтік қорғау жүйесі жұмыс істейді. Мүгедектігі бар адамдар көрсетілімдері мен қарсы көрсетілімдері ескеріле отырып, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен протездік-ортопедиялық көмекпен, сурдо-тифлотехникалық құралдармен, кресло-арбалармен, санаторий-курорттық емделумен, міндетті гигиеналық құралдармен, жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының қызметтерімен қамтамасыз етіледі.

2021 жылы қыркүйекте ҚР Парламенті қабылдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның ерекше маңызы бар. Құжатта мүгедектіктің себебіне қарамастан, I топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын азаматтарға арналған жәрдемақыны енгізу қарастырылған. Нәтижесінде бұл жәрдемақы бөгде адамның күтімін қажет ететін қосымша 24 мың адамды қамтиды. Сондай-ақ, заңда 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлу қарастырылған. Бұл көрсетілетін оңалту іс-шаралары мен әлеуметтік көмекті балалар ауруының ауырлық дәрежесіне қарай саралауға мүмкіндік береді. Бұл ретте мүгедектігі бар балалардың барлық топтары үшін жәрдемақы мөлшері 16,7%-дан 37% - ға дейін ұлғайтылатын болады. Бұл шара мүгедектігі бар 30 мыңнан астам балаға қатысты болады.

Сондай-ақ заңда мүгедектік бойынша және асыраушыдан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыларды бір мезгілде алу құқығын беру көзделеді. Жұмыс берушінің міндеттемелерін орындау мүмкін болмаған жағдайда, еңбек жарақатынан мүгедек болған адамдарды мемлекет есебінен ОТҚ-мен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету заңның тағы бір жаңашылдығы болып табылады. Сонымен қатар, құжатта мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылардың бала кәмелетке толғаннан кейін тұрғын үй кезегінде тұру құқығын сақтау көзделеді.

Және де, заңда мүгедектігі бар балаға күтім жасау мерзімін 18 жасқа дейін ұзарту қарастырылған, бұл жасына байланысты зейнетақы төлемдері мен базалық зейнетақыны тағайындауға оң әсер етеді. Тағы бір айта кетерлігі, халықтың басқа санаттарымен қатар мүгедектігі бар адамдар тұрақты тұратын немесе қызмет алатын медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметін регламенттейтін бірқатар бұйрықтарға өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, барлық МӘМ-де бейнебақылау камераларын орнату қарастырылған. Камералар ұйымға іргелес жатқан аумақтың периметрі бойынша, негізгі және қосалқы кіреберістердің жанында, сондай-ақ үй-жайлар мен жалпы пайдалану кабинеттерінде орнатылады. МӘМ-дегі туыстары мен жақын адамдарының жазбаларды көруге рұқсаты болады.

Бұдан басқа, МӘМ директорларын тағайындау кезінде оларға қойылатын біліктілік талаптары қайта қаралды. Бұл азаматтармен жұмыс істеуде үлкен тәжірибесі бар қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес және басқа да ұйымдардың басшыларын тарту арқылы өңірлердегі кадрлық дағдарыс проблемасын шешуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, МӘМ-нің материалдық-техникалық қамтамасыз ету нормативтері жақсарған. МӘМ қызметі әлеуметтік қорғау органдарының тұрақты бақылауында.

Ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін медициналық-әлеуметтік сараптаманың рәсімдері мен мерзімдерін оңтайландыру мақсатында Еңбекмині мүгедектікті сырттай белгілеуді енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. Осы айдың өзінде жоба Қазақстанның 6 өңірінде пилоттық негізде болады. Оны іске асыру келешекте мүгедектігі бар адамдардың инстанциялар бойынша жүруін және көрсетілетін қызметті берушімен тікелей байланысын болдырмауға мүмкіндік береді.

Тағы бір айта кететін жаңалық, бұрын тек қана жергілікті атқарушы органдардың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар қызметтерінде көрсетілген ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін 6 жаңа қызмет онлайн форматқа ауыстырылды және «Электрондық үкімет» порталында қолжетімді болды. Енді, қолданыстағы 18 онлайн қызметтен басқа тағы 6 қызмет қол жетімді болды. Атап айтқанда, ымдау тілі маманын ұсыну, жеке көмекшіні ұсыну, санаторий-курорттық емдеу, сурдо-тифлотехникалық құралдар, міндетті гигиеналық құралдар, кресло-арбалар мен протездік-ортопедиялық көмек көрсету.

Еліміз ерекше күтімді қажет ететін жандардың жағдайын жасауға барын салып келеді. Атқарылатын, іске асуға тиіс жұмыс әлі де көп. Жаңа заңдар мен түзетулер міндетті түрде олқылықтарды ескере отырып, оларды жоюға бағытталуы қажет. Мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамның тең және ажырамас бөлігі ретінде қарайтын қоғам құра білу басты міндет. Ерекше күтімді қажет ететін жандар қабылданған шаралар мен атқарылатын әрекеттерге байланысты өздерін қоғамның сенімді бөлігі ретінде сезініп, физикалық және психологиялық кедергілерді сезінбеуі қажет. Бұл Жаңа Қазақстанның да басты міндетінің бірі.

Ерекше қажеттіліктері бар адамдардан қорқу көбінесе олар туралы ақпараттың жетіспеушілігінен туындайды, өйткені олар ұзақ уақыт бойы қоғамнан оқшауланған - олардың көпшілігі бар, бірақ біз оларды айналамызда көруге дағдыланған емеспіз. Сондықтан көптеген адамдар олармен қалай байланысу керектігін білмейді. Бірдеңені дұрыс істемеу немесе ренжітуден қорқып, кейбіреулер жай ғана шетке шығып, байланыс жасамауды жөн көреді. Бақытымызға орай, бүгінде ерекше қажеттіліктері бар адамдарға көмектесуге және олардың құқықтарын қорғауға бағытталған ұйымдар бар, әртүрлі ресурстар мен мамандар өз білімдерімен бөлісуге және ерекше адамдармен қалай байланысуға болатынын ұсынуға дайын.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 240 рет