Жұма, 24 Қараша 2023 16:13

Түркістан облысында елді МӘМС жүйесімен қамтамасыз ету жұмысы жанданады

Еліміз бойынша Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде халықты медициналық көмекпен қамту деңгейін жоғарылату межесі тұр. Түркістан облысы бойынша бұл көрсеткіш – 80%. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаевтың қатысуымен өткен өңірлік штаб отырысында айтылды.

Жиында халықты МӘМС жүйесіне тарту жөніндегі жобалық кеңсесінің жұмысы (алгоритмі) туралы және қала, аудан деңгейінде штаб құру мәселелері қаралды.– Облыс, қала, аудан әкімдіктеріндегі МӘМС жүйесі бойынша жұмысшы топ (штаб) құрамын қайта жасақтау тапсырмасы берілді. Қазіргі таңда Түркістан облысының өңірлік штабы құрылды. Осыған сәйкес, халықты МӘМС жүйесіне тарту мәселесі бойынша қала, аудан деңгейінде жұмысшы топты жасақтап, штаб құру қажет. Елге сапалы медициналық көмек көрсету – маңызды міндет, – деді Бейсен Тәжібаев.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Нұрлан Қыдырбаев осы саладағы түйткілдерге тоқталды.– Бүгінгі таңда сақтандырылмағандардың санының өсуі өзекті мәселе боп отыр. Әлеуметтік сақтандыру медициналық қорының ішінде 15 санаттағы адамдар сақтандыру қорынан босатылған. Олар: 18-ге толмаған балалар, жүкті әйелдер, мүгедектер, күндізгі бөлімде оқитын студенттер, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелері мемлекет тарапынан сақтандыру қорынан заңды түрде босатылған. Бүгінгі таңда жеңілдікті санатқа жататындар саны – 1398 011 адам. Олар тегін медициналық көмек және әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жүйесінде медициналық көмек ала алады, – дейді ол.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Түркістан облысында әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне халықты тарту мақсатында кеңінен ақпараттық насихаттау, түсіндіру жұмыстары жүргізілу қажеттігін айтты. МӘМС жүйесінің қамту көрсеткіштерін арттыру бойынша белсенді жұмыстар атқаруды тапсырды. Алдағы уақытта, барлық қала, аудан әкімдіктеріне және штаб мүшелеріне «МӘМС жүйесіне халықты тарту жөніндегі Жобалық кеңсенің жұмыс істеу алгоритмі» жолданады. Соған сәйкес, жұмыс жүргізіледі.

Айта кетейік, Халықты МӘМС жүйесіне тарту жөніндегі жобалау кеңсесінің (бұдан әрі – Жобалау кеңсесі) жұмыс істейді. Орталық мемлекеттік органдар мен олардың аумақтық бөлімшелерінің, жергілікті атқарушы органдардың және «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» қоғамы іс-қимылын қамтамасыз етуді іске асырады. Жобалық кеңсе орталық деңгейде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен құрылады.

2023 жылдың 1 қаңтарынан ең төменгі жалақы мен айлық есептік көрсеткіш мөлшері өзгергені белгілі. Осыған байланысты Әлуметтік медициналық сақтандыру қоры биылғы қаңтардан бастап МӘМС үшін кім қанша төлейтінін айтты. Қорда атап өткендей, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға төлейтін жарналар мен аударымдар көлемі МӘМС туралы заңда бекітілген және ағымдағы жылы өзгеріссіз қалды. Ал ең төменгі жалақы және айлық есептік көрсеткіш базалық әлеуметтік төлемдерінің мөлшері өсуіне байланысты дербес төлеушілер мен жеке кәсіпкерлер төлейтін жарна көлемі артты.

Жұмыс берушілер қызметкерлері үшін – жалақының 3% мөлшерінде төлейді. Алайда салық салынатын табыс 10 АЕК (700 000 теңге) аспауы керек, яғни жұмыс берушінің ақша аударымының ең жоғары сомасы 21 000 теңгені құрайды. Қызметкерлер және АҚС шарты бойынша жұмыс істейтіндер - табысының 2% төлейді. Бұл жерде салық салу объектісі 10 ЕТЖ аспайды, ақша аударымының ең жоғары сомасы 14 000 теңгені құрайды. Жеке кәсіпкерлер - ЕТЖ-ның 1,4 еселенген мөлшерінің 5%-ы немесе 4 900 теңге төлейді.

 Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар (БЖТ төлеушілер):

- Республикалық және облыстық маңызы бар қалалардың тұрғындары үшін БЖТ көлемі 1 АЕК құрайды, яғни 3 450 теңге.

- Қалған елді мекендердің тұрғындары үшін БЖТ көлемі 0,5 АЕК құрайды, яғни 1 725 теңге.

Дербес төлеушілер – 1 ЕТЖ 5% немесе 3 500 теңге.

Сондай-ақ, 2023 жылдан бастап арнайы салық режимдерін қолданатын микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін бірыңғай төлем енгізілді. Осы әдіс бойынша барлық міндетті төлемдердің мөлшері жұмыс берушілер үшін 15%, ал қызметкерлер үшін бірыңғай төлем мөлшерлемесінің 10% құрайды. Бұл ретте төлем есептелетін ең жоғары айлық табыс республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақының 10 еселенген мөлшерінен аспауы тиіс.

Бұдан бөлек, мемлекет 15 жеңілдік санатына кіретін азаматтар үшін төлем жасауды жалғастырады. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеңілдік санатындағы әр адамға жарна мөлшері 4 505,6 теңгені құрайды.

Қор өкілдері сақтандырылмаған азаматтар МӘМС жүйесінің қатысушысы болу үшін ыңғайлы әрі тиімді тәсіл – дербес төлеуші ретінде алдағы 12 айға жарна төлеуге болатынын атап өтті. Мысалы, 2023 жылдың қаңтарынан бастап сақтандыру мәртебесін алу үшін 2023 жылдың қаңтарынан желтоқсанға дейінгі әр айға жеке-жеке 3 500 теңгеден төлем жасау керек.

Көпшілік екі жерде жұмыс істейтін қызметкердің жарналар мен аударымдар мөлшерін шекті максимумды қолдана отырып, жалпы кірістен немесе олардың әрқайсысынан түсетін табысты жеке-жеке есептеу керек пе деген сұрақ қояды.Қызметкердің бір ұйымдағы жалақысы 500 000 теңге, ал екіншісінде – 300 000 теңге делік. МӘМС туралы заңға сәйкес, жарналар мен аударымдарды есептеу үшін ай сайынғы табыс 10 АЕК аспауы тиіс. (10 * 70 000 = 700 000 теңге).

Бұл ретте аударымдарды есептеу үшін осы шек әрбір жұмыс беруші бойынша жеке қолданылады (яғни бір жұмыс орнындағы шекті табыс). Қарастырылып отырған мысалда бірінші және екінші ұйымдағы қызметкердің жалақысын жеке-жеке есептегенде 10 АЕК аспайды: 500 000 теңге < 700 000 теңге; 300 000 теңге < 700 000 теңге. Демек аударымдар жалақының толық мөлшеріне сәйкес есептеледі: 500 000 теңге * 3% = 15 000 теңге (бірінші жұмыс орнынан МӘМС жүйесіне аударымдар); 300 000 теңге * 3% = 9 000 теңге (екінші жұмыс орнынан МӘМС жүйесіне аударымдар).

Ал жарналарды есептеу үшін қызметкердің бір айдағы барлық кірістерін қосуыңыз керек (яғни жалпы барлық жұмыс берушілер бойынша). Қарастырылып отырған мысалда қызметкердің екі жұмыс орнынан түскен жалпы табысы 10 АЕК асып түседі (500 000 + 300 000 = 800 000 теңге). Демек, жарналардың мөлшері жалпы алғанда 14 000 теңгеден аспауы тиіс. Сонымен, 500 000 * 2% = 10 000 теңге (бірінші жұмыс орнынан МӘМС жарнасы). Ал екінші жұмыс орнынан МӘМС жарнасы: ең жоғары рұқсат етілген жарна 14 000 теңге – 10 000 (бірінші жұмыс орнынан ұсталған жарна) = 4 000 теңге құрайды. Екінші жұмыс беруші жарна мөлшерін дұрыс есептеуі үшін қызметкер оған аударылған жарналар туралы бірінші жұмыс орнынан анықтама апаруы керек. Бұл анықтама берілмеген жағдайда, екінші жұмыс беруші жарнаны толық көлемде төлейді, яғни 300 000 * 2% = 6 000 теңге. Нәтижесінде екі жұмыс орнынан төленген жарналар 16 000 теңгені құрайды. Алайда артық төленген қаражат (рұқсат етілген ең жоғары жарнадан жоғары) қайтарылады: 16 000 – 14 000 = 2 000 теңге.

  «AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 256 рет