- Бүгін ел экономикасының дамуында үлесі ерекше, Орта Азия қақпасы атанған Арыс қаласына өздеріңізбен жүздесіп, маңызды мәселелерді бірге талқылау үшін арнайы келіп отырмын. Тоғыз жолдың торабында орналасқан теміржолшылардың қаласы бұрыннан белгілі. Өзіндік даму жолы бар облыстағы ірі аймақтардың бірі. Сіздерге осы есепті кездесуге өз уақыттарыңызды бөліп келгендеріңізге алғыс айтамын.
Биылғы наурызда өздеріңізбен осында кездескен кезде, қаланы дамытуға септігі тиетін 12 маңызды мәселе көтерілген болатын. Басым бөлігі жүзеге асты. Өздеріңіз көтерген мәселелерді түпкілікті шешу үшін арнайы іс-шара жоспары жасалып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде,-деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Арыс қаласына 56 млрд. теңгеге инвестиция тарту көзделіп отыр. Соның нәтижесінде 42 инвестициялық жоба іске асырылып, мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Табысты жобалар мен инвестициялар үшін тартымды қалаға айналып келе жатқан Арыс қаласында биылдың өзінде 19,4 млрд. теңгеге 20 инвестициялық жоба іске қосылмақ. Соның нәтижесінде, жаңадан 354 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.
Бұл - Арыс қаласының - инвестор үшін игілікті өңірге айналғанының тағы бір дәлелі. Дархан Сатыбалды туған жерді түлетуге атсалысып жатқан демеушілерге алғыс айтып, оларға жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Арыс қаласында жүзеге асырылып жатқан кейбір жобалар туралы айта кетейік. Арыстағы «Түркістан Агро KZ» ЖШС-ң биыл «Жаңбырлатып суару және мал бордақылау алаңы» жобасының құрылысы басталмақ. 2000 га жерге жаңбырлатып суару әдісі жобасының биыл 500 гектары іске қосылады. Алдағы жылы 10 мың басқа арналған мал бордақылау алаңын іске қосу жоспарлануда. Кешен толық іске қосылғанда 200 адамды жұмыспен қамтылатын болады. Жобаның жалпы құны 8,5 млрд теңге.
Сондай-ақ, биыл Арыста «Индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы аясында «Тансари Трединг» ЖШС-ң «Ауыл шаруашылығы өнімдерін өнеркәсіптік қайта өңдеу зауыты және азық-түлік тауарларын сақтайтын қойма» жобасының құрылысы басталады. Жоба құны – 2 млрд 120 млн теңге. Жылдық қуаттылығы 12 мың тонна өнім өндіру. Кешен толық іске қосылғанда 150 адамды жұмыспен қамтымақ. Сонымен қатар, өңірде жүзеге асар жобалардың бірі «Қамқор-Қазақстан» ЖШС-ң — «Құрама жем шығаратын зауыт құрылысы». Жылдық қуаттылығы – 15 мың тонна өнім. Жалпы құны 1 млрд 700 млн теңге. Онда 20 адам жұмыс істейтін болады. Келесі бір ауқымды жобалардың бірі – Р.Кенжебаев ЖК-ң 5 гектар көкөніс жылыжайы. Онда маусым кезінде 60 адам жұмыспен қамтылмақ. Құны 500 млн теңге. Кешеннің құрылысы 2021 жылы басталса, келесі жылы іске қосылатын болады.
Сонымен бірге, Қожатоғай ауылдық округінде «Мубарак Агро» шаруа қожалығы ашылды. Биыл ғана жұмысын бастаған серіктестік бүгінгі таңда 400 бас қисары асыл тұқымды қойын өсіріп отыр. Одан бөлек 30 бас жылқы бар. Атакәсіпті қайта жандандыруды мықтап қолға алған серіктестікке қазірдің өзінде 200 млн. теңге инвестиция тартылған. Шаруа қожалығының төрағасы А.Шүкірбеков алдағы уақытта 500 басқа арналған мал бордақылау алаңын ашуды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар қожалық иесі бұл жерді демалыс орнына айналдыру үшін құс және балық шаруашылығын дамытуды көздеуде. Осы мақсатта ол қожалық аумағынан тауық, қырғауыл, тауыс (павлин), үйрек, қаз сынды 9 түрлі құс түрін өсіріп, сондай-ақ балық шаруашылығын дамытуды қолға алмақ. Кәсіпкер демалыс аумағында 3 үй, келушілерге арналған киіз үй, заманауи үлгідегі монша, бассейн, футбол және балалар ойын алаңшаларын салуды көздеп отыр.
Демалыс аумағын абаттандыру мақсатында биыл аталған қожалық иесі 8 гектар аумаққа бау-бақша өсірмекші. Атап айтқанда, 4000 түп (жиде, терек, тұт, қарағаш) тал егілсе, келер жылы көктемде 10 000 түп (алма, жүзім, өрік, алмұрт, жаңғақ) егу жоспарда бар.
Реті келгенде айта кетсек, таяуда Арыс қаласында ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Қалаға қарасты 6 ауылдық округтің дихандары жеткізген өнімдер әдеттегідей, нарықтағы бағадан анағұрлым төмен бағамен сатылды. Арыс-1 теміржол вокзалы алдында өткен жәрмеңке жұмысы таң сәріден қызды. Сөреге көкөніс, ет, сүт және жеміс-жидек, бақша мен дәнді дақылдар, тіпті кептірілген жемістерге дейін, жалпы көлемі 35-тен астам жуық өнімдер саудаланды. Жәрмеңкенің басты артықшылығы — бағаның төмендігі. Диқандар мен малшылардың биылғы еңбегі еленіп, қол жеткізген жетістігі жиналғандар алдында сараланды. Азық-түлік нарықтық құннан 15-20 процентке төмен саудаланды. Тауар өндірушілер өнімдерін делдалсыз сатып, табыс тапты. Келушілер адал азығын қолжетімді бағаға ұсынған шаруаларға алғысын жаудырды.
Әдеттегідей, жәрмеңкеде тауарлар нарықтан төмен сатылды. Мәселен, қой еті 2200-ден, 5 литрлік пісте май 2500-ден, ал картоп 120-110-нан саудаланды. Жалпы, бағалардың бағасы тікелей назарымызда. Бұл өз кезегінде халықтың арзан бағада азық-түлік сатып алуына септігін тигізеді. Жәрмеңкеде барлық ауыл шаруалары ет өнімдерін саудалады. Сондай-ақ, Монтайтас шаруалары таза бидай өнімдерін әкелсе, ақдалалық шаруа биогумуспен өсірілген, яғни еш табиғи қоспасыз өскен асқабақтарды қолжетімді бағада саудалады. Ал, Жиделі шаруалары өздерінің әйгілі қауын-қарбыздарын, жеміс-жидектерін ұсынса, байырқұмдықтар картоптан бастап, сәбіз, табиғи бал өнімдерін паш етті. Түйелі ауыл саналатын дерменеліктер қымыраннан бастаған сүт өнімдерін әкелсе, қожатоғайлықтар сыр жағасында өскен етті әрі құнарлы ет өнімдерін көптеп әкелді.
Арыста жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігі есебінен 432 млн теңгеге түрлі әлеуметтік жобалар жүзеге асырылып келеді. Мәселен, жеке кәсіпкер Шағыр елді мекенінде аумағы 2,5 мың шаршы метрді құрайтын спорт және балалар алаңшасын сыйға тартқан. Таптырмас спорт нысанының жалпы жалпы құны 30 млн. теңге.
Талдықұдық елді мекенінен тағы бір демеуші есебінен құны 5 млн. теңгеге спорт алаңшасы салынды. Ал қала орталығынан жеке кәсіпкер 280 млн теңгеге жаңа саябақ құрылысын жүргізіп жатыр. Демалыс аймағында аптап ыстықта жанға сая болар 450 түптен астам ағаш отырғызылған. Сонымен қатар жарықтандыру мен суару жүйесі толығымен автоматтандырылған. Және тұрғындар үшін заманауи, жаттығу құрылғылары бар спорт алаңы салынды. Бұған қоса балаларға арналған екі ойын алаңы орнатылған. Саябақ толық абаттандырылған.
Демеушілер тарапынан жүзеге асырылатын тағы бір жобаның бірі – заманауи спорт кешені. Биыл құрылысы басталған кешеннің жалпы құны 100 млн теңгені құрайды. Мұнда бір мезетте 100-ден аса бала түрлі спортпен шұғылдануға мүмкіндік туады.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат