Сенбі, 04 Мамыр 2024 14:52

Түркістан облысында «Өнегелі ұрпақ» апталығында ардагерлердің үй ауласында сенбіліктер өтіп жатыр

Республика бойынша өткізіліп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының төртінші «Өнегелі ұрпақ» апталығында Түркістан облысының барлық аудан-қалаларында сенбіліктер өтіп жатыр.

Шарада жастар мен ерікті азаматтар ардагерлер мен жалғызбасты қариялардың үй аулаларында тазалық әрі абаттандыру жұмыстарын атқаруда. Атап айтқанда, шөп ору, жер аудару, ағаш бұталау, үйдің қасбеті мен қоршауларды сырлау, қоқыстан тазарту жұмыстары.

Мәселен, бүгін Қазығұрт ауданы Қақпақ ауылдық округінің ерікті жастары тыл ардагері Бисебай Ағабековтың үйіне арнайы барды. Онда белсенді жастар үй ауласындағы арық-атыздарды тазалап, ағаштардың түбін қопсытты. Сондай-ақ, аула аумағын күл-қоқыстан тазартты. Ардагер ақсақал жастарға ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.Еске сала кетсек, еліміз бойынша экоакция аясында 27 сәуірден 4 мамырға дейін - «Өнегелі ұрпақ», ал 4-11 мамыр аралығы – «Мөлдір бұлақ» апталығы өтеді.

Сонымен бірге бүгін сарыағаштық жастар «Өнегелі ұрпақ» апталығында ҰОС ардагері Ермахан Ишқоновтың үй ауласында сенбілік жұмыстарын жүргізді. Олар тұрғын үй ауласын қоқыстардан тазартты. Шараға жастармен бірге аудандық «Amanat» партиясының төрағасы Қ.Қыстаубаев белсене атсалысты.

Ұлы отан соғысының ардагері Ермахан Ишқонов 1923 жылы Ташкент облысы, Калинин ауданында дүниеге келген. 1942 жылы 5 мамырда әскер қатарына шақыртылып, соғысқа аттанған. Сондай-ақ, 1946 жылы Қырғызстандағы авиациялық бөлімге жіберіліп, 1948 жылы әскери қызметін аяқтаған. Бүгінде Ермахан ақсақал I дәрежелі «Отан соғысы», «КСРО Гвардиясы», «Мінсіз қызметі үшін» және «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясының «Өнегелі ұрпақ» апталығында Сарыағаш ауданындағы «Ардагерлер» саябағында сенбілік өтті. Сарыағаштық белсенді жастар саябақты ретке келтіру, әптеу-сырлау, абаттандыру, күл-қоқыстан тазалау сынды жұмыстарды атқарды. Осы уақытқа дейін саябаққа ағаш және гүл көшеттері отырғызылып, күтіп-баптау жұмыстары тұрақты түрде ұйымдастырылған болатын. Одан бөлек, саябақ аумағы қоқыстан тазартылып, ағаштардың қураған бұталары қырқылды.

Жалпы ауданда апталық аясында отырарлық қариялардың үй аулалары тазаланып, абаттандырылуда. Ондағы мақсат - үлкенге құрмет көрсету арқылы келешек ұрпаққа үлгі-өнеге көрсету. Сонымен қатар, көгалдандыру және тазалық шаралары белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Үш апта көлемінде түрлі ағаш көшеттері отырғызылып, елді мекендер мен көшелер тазаланды.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясының «Өнегелі ұрпақ» апталығында төлебилік жастар қариялардың ауласына сенбілік жұмыстарын атқаруда. Тазалық шаралары барысында аудандағы барлық ауылдық округтердегі жалғызбасты қарттардың ауласы қамтылуда. Бүгін аудан жастары 87 жастағы Майдан Жатақбаеваның ауласын тазалап, бау-бақшасын ретке келтірді. Одан бөлек, қарияның үй жұмыстарына көмек беріп, аулада көгалдандыру шараларын жүргізді.

Бүгінде Төлеби ауданында акция аясында көгалдандыру және тазалық шаралары белсенді түрде жүргізілуде. Науқанның әрбір күніне іс-шаралар бекітіліп, үш апта көлемінде көшеттер отырғызылып, абаттандырылды. Еске сала кетсек, еліміз бойынша экоакция аясында 27 сәуірден 4 мамырға дейін - «Өнегелі ұрпақ», ал 4-11 мамыр аралығы – «Мөлдір бұлақ» апталығы өтеді.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясының «Өнегелі ұрпақ» апталығында отырарлық жастар да аудандағы қариялардың үйлеріне барып, аулаларында тазалық жұмыстарын жүргізуде. Атқарылған жұмыстар барысында қарияның ауласына қоршаулар орнатылып, ретке келтірілді. Сонымен қатар, шөптер шабылып, үй айналасы күл-қоқыстан тазартылды. Ақсақал ауласын ретке келтіріп, тұрғын үйін әрлеп берген жастар мен еріктілерге ақ батасын берді.

Бүгінде Отырар ауданында акция аясында көгалдандыру және тазалық шаралары белсенді түрде жүргізілуде. Науқанның әрбір күніне іс-шаралар бекітіліп, үш апта көлемінде көшеттер отырғызылып, абаттандырылуда. Акция басталғалы бері ауданда зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік мекеме қызметшілері, жастар, еріктілердің қатысуымен тазалық шаралары қарқынды өтіп жатыр.

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының «Өнегелі ұрпақ» апталығында Сайрам ауданына қарасты елді мекендер белсенділік танытуда. Манкент ауылдық округі әкімі аппараты қызметкерлері де игі шараға қол ұшын созып, тазалық жұмыстарына атсалысты.

Тазалық шарасы барысында ауылдық округ әкімдігі мамандары мен қоғамдық жұмысшылар Манкент ауылы, Жаңа шахар көшесінің тұрғыны Рухсар Маккамбаева есімді 94 жасар тыл ардагерінің үйіне барды. Қарт ананың ауласындағы арам шөптерді жұлып, талдарды әктеді. Сондай-ақ, қураған ағаштарды қырқып, көгалдандыру жұмыстарын жүргізді. Үйіне келіп көмек қолын созған ауыл тұрғындарына қария ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 50 рет