Бейсенбі, 11 Сәуір 2024 23:51

Түркістан облысында «Таза Қазақстан» акциясы қарқынды жүріп жатыр

Түркістан облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Таза өлке – Түркістан» науқаны қарқынды өтуде. Акция аясында «Таза өлке» апталығы көшелерді тазалаудан басталды. Аталған шараға қоғам белсенділері, ұйымдар, кәсіпорындар, жергілікті тұрғындар белсенділік танытып, туған жер табиғатының түрленуіне үлестерін қосты. Атап айтсақ, игі бастамаға Сарыағаш ауданы қолдау білдіріп, қоқыс қалдықтары мен арық ішіндегі шөптерден тазарту жұмыстарын жүргізді.

Экологиялық акциясы аясында Ордабасы ауданында абаттандыру, көгалдандыру, тазалық жұмыстары қарқын алған. Ауданда ағаштарды әктеу, көшеттер отырғызу, көшелерді тазалау және тағы басқа жұмыстар жүргізілуде. Осы ретте ауқымды сенбілік өтіп, жол бойындағы ағаштар ақталып, арық-атыздар, аяқжолдар тазартылды. Сондай-ақ қарабастаулықтарға халық қалаулысы Нұзат Ортай өз есебінен 300 метр тор алып беріп, нәтижесінде тұрғындар асарлатып көшет егілген аумақты қоршап алды.

Төлеби ауданының тұрғындары да тазалық шарасында белсенділік танытты. Табиғат жанашырлары шара аясында 29 600 түп көшет отырғызды. Сондай-ақ аудан көлемінде инфрақұрылым нысандарын бұзу, жасыл желектерді бүлдіру жағдайларының алдын алу жұмыстары қолға алынған.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, аталған жоба аясында Түркістан облысының барлық қала, аудандары тазалық жұмыстарын бастап кеткен. Нақтырақ айтсақ,«Таза өлке – Түркістан» науқаны бойынша Түлкібас, Шардара аудандарында күллі мұсылманға ортақ Рамазан айт мейрамы қарсаңында тазалық жұмыстары қарқын алды.

Түлкібас ауданында жаяу жүргіншілер жолдарын қоқыстан тазарту, ағаш бұтақтарын кесу жұмыстарына тұрғындар белсене кіріскен. Сонымен қатар «Таза өлке» апталығында Шардара ауданының тұрғындары мен мекеме қызметкерлері айналаны тазарту жолында аянбай еңбек етуде. Осы қарқынмен Шардара ауданының тұрғындары мен мекеме қызметкерлері Қазыбек би, Төлеби көшелеріне тазалық шарасын жүргізді. Сондай-ақ, аудан тұрғындары өзге де жандарды игі бастамаға қолдау білдіруге шақырды. Аудан аумағында тазалық жұмыстары жалғасын табады.

Дәл осы күні Түркістан қаласында облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-ң ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Түркі бағы» саябағында сенбілік өтті. Игі бастамаға облыстың белсенді жастары атсалысты. Акцияның мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаға деген жанашырлық құндылықтарын дәріптеу.

Қоршаған ортаны қорғауға, айналаны таза ұстауға бағытталған акцияға 100-ге жуық жас пен университет студенттері қатысты. Айта кетейік, аталған сенбілікте саябақ аумағына тазалық жұмыстары жүргізіліп, талдардың түптерін әктеу шаралары қоса қамтылды.

«Таза Қазақстан» акциясының «Таза өлке» апталығы аясында Түлкібас ауданында тазалық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аудан әкімі Н.Ізтілеуовтың тапсырмасына сәйкес, елді мекендердегі арық-атыздар, аулалар мен көшелер тазартылды. Қоқыс-қалдықтарды шығару жұмыстары ауданның 15 ауылдық округінде жүргізіліп, акцияға белсенді волонтерлар мен жастардан құралған жалпы саны 450 адам қатысты. Тазалық жұмыстары барысында 30 тонна күл-қоқыс шығарылды. Сонымен қатар, жастар аудан тұрғындарын тазалықты сақтап, көшет егу жұмыстарын бірлесе атқаруға шақырды.

Созақ ауданында да «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының «Таза өлке» апталығы аясында жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Атап айтқанда, көшелерді тазарту, көгалдандыру және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру жұмыстары жүруде. Аудандағы 12 ауыл-кент округтен тазалық жұмыстарына 1000-ға тарта тұрғын жұмылдырылды. Ауыл тұрғындары, мекеме және кәсіпорын қызметкерлері белгіленген аумақтардан 235 тонна қоқыс шығарды. Сондай-ақ, 3 000 ағаш түптерін әктеу, көгалдандыру жұмыстары жүрді. «Таза Қазақстан» экоакциясы басталғалы ауданда 22 500 тал егілген.

Экологиялық акциясы аясында өтіп жатқан «Таза өлке» апталығындағы абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстары облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей қадағалауында. Бұл игі бастамаға Кентау қаласы да белсенділік танытуда. Қазіргі таңда қаладағы аллеяларды абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Орындықтар мен қоқыс жәшіктері тазаланып, сырланып, жарықшамдар қалпына келтірілді және талдардың түптері ағартылды. Қаланың кіреберіс келбетіне көрік беру мақсатында жерді өңдеп, жаңартып, қопсыту жұмыстары атқарылды. С.Сейфуллин көшесіне 5 мың дана раушан гүлі отырғызылды. Одан бөлек, көше қиылыстарына, аллеялар мен саябақтарға 20 мың дана раушан гүлін және 40 мың дана біржылдық гүлдер отырғызу жоспарлануда. Абай даңғылы бойындағы К.Жұмаділов атындағы аллеяға шырша, қарағаш көшеттері отырғызылды. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының тарапынан 8500 түп қарағаш көшеттері үлестіріліп, «Жасыл аймақ» учаскесіне отырғызу жұмыстары атқарылды.

Сонымен қатар Сауран ауданының тұрғындары да белсенділік танытып, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына кірісті. Аудан бойынша көгалдандыру, ағаштардың түбін қопсыту, отырғызу орындарын дайындау, сырт келбетін көріктендіру бойынша жұмыстар жоспарға сәйкес атқарылуда. Наурыз айында Сауран ауданына қарасты 12 ауылдық округтің ішкі көшелерінің бойы мен іскерлік аумақтарға 25 мың түп қарағаш пен үйеңкі отырғызылды. Сонымен қатар Шорнақ мешітінің 3,5 гектар аумағына 1000 түп жеміс ағашы егілді. Алдағы уақытта тағы 26 мың түп ағаш көшетін егу жоспарлануда.

Созақ ауданы тұрғындары да республикалық акцияға жергілікті әкімдікке қарасты жауапты мекемелердің қызметкерлерімен бірге белсенді қатысуда. Бүгінде аудан орталығындағы «Абай» және «Тәуелсіздік» саябақтарына 2000-ға жуық көшет егілсе, Шолаққорған – Түркістан бағытындағы «Жасыл белдеу» аумағына жаңадан егілген тал көшеттерінің саны 4000-ға жуықтады. Мұнда жаңадан егілген тал көшеттерін шарбақпен қоршау, тамшылатып суару қондырғысын орнату шаралары жүргізілуде. Аумағы 10 шақырымды құрайтын «Жасыл белдеу» аймағында бүгінге дейін егілген көшеттердің саны он мыңнан асты.

Айта кетейік, науқан 5 аптаға созылады. 6 сәуірден басталған игі шара 11 мамырға дейін жалғасын табады. Одан кейін осы жұмыстарды дағдыға айналдыру көзделген. Әр аптаның өзіндік атауы мен нақты мақсаттары бар. 6-13 сәуір аралығында «Таза өлке» апталығы өтсе, 13-20 сәуір аралығында – «Киелі мекен», 20-27 сәуір аралығында – «Жасыл аймақ», 27 сәуірден 4 мамырға дейін «Өнегелі ұрпақ» апталығы, 4 мамырдан 11 мамырға дейін «Мөлдір бұлақ» апталығы өтпек. Жұмыстар қарқынды алғасын табады.

Сондай-ақ осы акция аясында Жетісай қаласында орналасқан Орталық саябақта тазалау жұмыстары жүргізіліп, 1 тоннаға жуық қоқыс қалдықтары шығарылды. Сондай-ақ, 300 түп ағаш әктеліп, тұрғындарға кедергі келтіретін ағаш бұтақтары ретке келтірілді. Бұдан бөлек, 1 шақырым жаяу жүргіншілер жолын тазалау жұмыстары жүргізілді.

Шараға ерікті жастар, қоғам белсенділері және тазалық жұмысына жауапты мамандар мен техникалар жұмылдырылды. Акцияға жалпы 120 азамат қатысты. Жетісай ауданында акция аясындағы жұмыстарды сапалы ұйымдастыру үшін жұмыс жоспары бекітіліп, түрлі тақырыптарда сенбіліктер, плоггингтер ұйымдастыру жоспарлануда. 

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Шардара қаласындағы суқойма жағалауында тазалық жұмыстары жүргізілді. Оған аудандық жастар ресурстық орталығының мамандары, еріктілер мен белсенділер, түрлі мекеме қызметкерлері, қала тұрғындары атсалысты. Жалпы тазалық жұмысына 100-ге жуық адам қатысты. Бүгінгі тазалық акциясында су жағалауы ғана емес, сонымен қатар арнайы мамандар су түбіндегі қоқыстарды да тазалады. Акция аясында 2 500 түп ағаш отырғызылып, 17 елді мекеннен 175 тонна күл-қоқыс шығарылды. Оған 14 техника мен 900-ден астам адам жұмылдырылды. Сондай-ақ, жер қопсыту, ағаш әктеу, көше жиектерін сырлау жұмыстары жүрді.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 13 рет