Жұма, 12 Сәуір 2024 10:04

Түркістан облысында «Таза өлке» апталығында 1500-ге жуық көше тазартылды

Елімізде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының «Таза өлке» апталығы аясында тазалық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Апталықта Түркістан облысындағы 17 аудан-қала аумағындағы 140 шақырым өзен бойлары мен 1 500-ге жуық көше, үй аулалары тазартылды.

Сондай-ақ, 275 саябақ пен скверлерде, 192 балалар мен спорт алаңшаларында тазалық жұмыстары атқарылып, нәтижесінде 1 120 тонна қоқыс шығарылған. Атап айтар болсақ, Кентау қаласында 200 жас қаладағы демалыс аумақтары мен саябақтардың тазалық жұмыстарын жүргізіп, 30 тоннадан астам күл-қоқыс шығарған. Ал шардаралық жастар мен белсенділер қала аймағы мен суқойма бойынан 175 тонна қоқыс тазалап үлгерген.

Бұдан бөлек, тазалық жұмыстары Сарыағаш ауданында да жалғасын тапқан болатын. Ел Президентінің бастамасымен қолға алынған экоакция аясында өңір белсенділері 120 тонна қоқыс шығарған. Сонымен қатар, 15 ауылдық округте тазалық акциясын өткізген Түлкібас ауданы арық-атыздарды 30 тонна қоқыстан тазартқан. Игі шара Созақ ауданында да қолдау тапты. Ауданға қарасты аумақтан еріктілер 240 тоннаға жуық қоқыс шығарған. Сондай-ақ, 300-ге жуық адам қатысқан Отырар ауданындағы тазалық жұмыстары нәтижесінде 30 тонна күл-қоқыс тазартылған. 

Сондай-ақ, Арыс қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының «Таза өлке» апталығы аясында «МПС» тұрғын алабын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары қолға алынды. Қала әкімі Гүлжан Құрманбекованың тапсырмасына сәйкес, қосқабатты үй аулаларындағы құлағалы тұрған, заңсыз соғылған шаруашылық нысандар сүрілуде. Барлық құрылыс қалдықтары арнайы орынға тасымалданып, жолдар кеңейтілуде. Сонымен қатар, аулаларда алдағы уақытта ойын алаңшаларын орнатып, қоқыс контейнерлерін жаңарту секілді жұмыстар атқарылатын болады.

Бұдан бөлек, Қ.Дулатбаев пен И.Ақынбеков көшесі аралығына жаяу жүргіншілер жолы салынуда. Бұл тұрғындар мен ата-аналардың көптен күткен жаңалығы болды. Себебі, аталған көше арқылы М.Әуезов пен №376 бастауыш мектеп оқушылары мектепке барады. Жаяу жүргіншілер жолының ұзындығы 900 метрді құрайды. Жалпы биылғы жылы 4 500 шаршы метр жаяу жүргіншілер жолын салу жоспарланып отыр. 

Түркістан қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының «Таза өлке» апталығы аясында жұмыстар қарқынды жүруде. Шаһардың халық ең көп жиылатын демалыс орындарының бірі «Жеңіс» саябағында 100-ге жуық жас бірлесе тазалық жұмыстарын атқарды. Аталған шараға қалалық «Жастар ресурстық орталығы» мұрындық болған. Жастар демалыс орнын тазалап қана қоймай, талдарды әктеп және гүл мен көшет отырғызды. Сондай-ақ, саябақтағы ескерткіштер мен тақтайшаларды шаңнан тазалады.

Сонымен қатар, Түркістан қаласында экоакция аясында көктемгі уақытта 200 мың түп гүл, 104 мың дана түрлі көшеттер отырғызылып жатыр. Сондай-ақ, облыс орталығында тазалық жұмыстарына 300-ге жуық жұмысшы мен 34 техника жұмылдырылған.

Бұдан бөлек, шаһар аумағында былтыр көктем мезгілінде эустома, тәжігүл, шафран, шалфей, циннея, гейхера, гортензия, раушан, микс сынды жалпы 34 036 дана гүл егілген. Сондай-ақ, күз мезгілінде раушан гүл, хризантема, гортензия, қызғалдақ сынды жалпы саны 94 000 дана гүл егілді. Бұдан бөлек, мердігерлер тарапынан 34 000 дана көшет отырғызылған.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 13 рет