Дүйсенбі, 06 Мамыр 2024 17:17

Шымкент: «Мөлдір бұлақ» апталығында Қошқар ата өзенінің аумағы тазаланды

Қошқар ата өзені - қала ортасындағы жер астынан бастау алатын бұлақ суы, ол Бадам өзеніне құйылады. 

2010 жылдан бастап бұл өзен қорғалатын табиғи аумақ болып саналады. Бүгінде өзен бастауынан Ордабасы алаңына дейін ірі қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, 1,5 шақырымға жуық жер қала тұрғыындары мен қонақтары үшін серуендеуге арналған орын пайда болды.

Айта кетейік, судың бір ғажабы - жыл бойы температурасы бір қалыпта, яғни, +11 градус болып сақталып тұрады. Құрамында фтор, кальций, магний элементтері болғандықтан Қошқар ата өзенінің суы шипалы болып саналады. Көп адамдар дұға оқуға, су толтырып алуға, шомылуға келеді.

Еліміз бойынша жүріп жатқан экоакция аясындағы «Мөлдір бұлақ» апталығына орай Қошқар ата өзенінің маңайына тазалық жұмыстары жүргізілді. Өзеннен 100 текше метрге жуық қоқыс шығарылды Тұрмыстық қоқыс пен табиғи қалдықтардан тазалау жұмыстарына 7 арнайы техника, 10 адамнан құралған 2 бригада жұмылдырылды.

Жалпы қорғалатын табиғи аумақ болып саналатындықтан Шымкент қалалық Жайлы ортаны дамыту басқармасы Қошқар ата өзенін тазалау жұмысын күнделікті кестеге сәйкес жүргізіп отырады.

Естеріңізге сала кетейік, аталмыш шара Мемлекет басшысының тапсырмасын сапалы жүзеге асыру мақсатында өткізілуде. Шымкент қаласы әкімдігі тарапынан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын өткізудің іс-шара жоспары бекітілді.
Экологиялық акцияның алғашқы «Таза өлке» апталығында қала тұрғындары ерекше қолдау білдіріп, қоғам белсенділері, ерікті жастар, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері іргелес аумақтар мен белгіленген аулаларды тазалау, көгалдандыру, ағаштарды күтіп-баптау жұмыстарына белсене қатысты.
Акция аясында 380 арнайы техника, 49 мыңға жуық адам жұмылдырылды. Сонымен бірге, 282 шақырым көше бойы, 85 шақырым аяқ жолдары, 59 мың дана ағаштарды әктеу және қырқу жұмыстары жүргізілді.
Нәтижесінде қаладан 300 тонна шамасында қоқыс шығарылды. 355 шақырым ирригациялық жүйе, 95 аялдама жуылып, 1200 дана қоқыс жәшігі (урна), 285 дана орындық сырланды.

 

Оқылды 103 рет