Сәрсенбі, 15 Мамыр 2024 11:20

Шымкенттен Солтүстікке 20 тонна жүк тиелген көлік жөнелтілді

Республиканың су басқан өңірлеріне Шымкент қаласынан жүк көліктерін жөнелту әлі күнге дейін жалғасуда. Еріктілердің басым көпшілігі жеке кәсіпкерлер. Қала тұрғындар да бұл істе бас бұғып қалмаған. Арнайы ашылған есепшоттарға қаржылай көмек көрсетуде. Бүгін салмағы 20 тонна, құны 20 миллионнан асатын жүк көлі Петропавл қаласына жөнелтілмек.

 

Осындай қиын сәтте жұдырықтай жұмылған шымкенттіктер азаматтық танытып келеді.

Шымкент қаласының әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері, Іскер әйелдер қауымдастығының нәзік жандылары аз ғана уақытта осындай үлкен көлемде қажетті заттарды жинады. Бұл жиын ел арасындағы ауызбіршілікті, бауырмалдықты көрсетеді. Жүк көлігінде азық-түліктер, киім-кешек, санитарлық-гигиеналық заттар, көрпе-төсек және құрылыс тауарлары бар. Кәсіпкерлер өздері шығаратын өнімдерін, яғни су сорғыш насостар, құбырлар мен құрылысқа қажетті заттарды да алып келген. Бұл жүк көлігі 2 күн жол жүріп, 16-17 мамыр күндері Петропавл қаласына жетеді,- дейді Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар ісі жөніндегі басқарманың басшысы Бақтияр Өнербаев.

«Достық үйі» алаңында жиналған көпшіліктің басым бөлігі жастар. Жастар ресурстық орталығында жылу жинауға 100 –ге жуық ерікті жәрдемдесті. Олар жүк көлігіне жиналған қажетті заттарды тиеп, көмек көрсетті. Ал, Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ –нің психолог мамандары мен студенттері Солтүстікке бармақ.

Университет ректорының міндетін уақытша атқарушы Гүлжан Сүгірбаеваның айтуынша су басқан өңірлерде тұратын адамдарға тек материалдық емес, моральдық көмек те қажет.

Олар арнайы мамандардан кеңес алып, пікір алмасу тиіс. Сондықтан білім ордамыздың білікті мамандарын сол өңірлерге жібереміз. Айта кету керек су басқан өңірлерде тұратын талапкерлерге университеттің ғылыми кеңестегі шешімі бойынша 5 оқу грантын бөлеміз.

Сондай-ақ, 12 000 орындық жатақхана жаз айларында да жұмыс жасайды. Білімгерлер үйіне су басқан өңірлерден келіп тұруға ниеттілер болса, құшағымыз әрдайым ашық, - деп атап өтті.

 

Оқылды 156 рет