Жексенбі, 16 Маусым 2024 23:13

Шымкент: Жаңадан сайланған мәслихат депутатына куәлік табыс етілді

Сегізінші шақырылымдағы Шымкент қаласы мәслихатының кезекті он жетінші сессиясы өтті. Сессияда бірқатар мәселелер қаралып, барлығы депутаттар тарапынан қолдау тапты. Жиынға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.

 

Күн тәртібінде қалада мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының орындалу барысы мәселесі қаралды. Қала мәслихатының депутаттары барлық салалар бойынша жобалардың орындалуын бақылау мақсатында әрбір нысанға барып қайтқан болатын. Мәслихат депутаты  Альбина Елшиева осы бағытта атқарылған жұмыстардың қорытындысын баяндады. Бүгінде шаһарда мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 39 жоба жұмыс істейді. Жобалардың орындалуына зерделеу жұмыстары жүргізілген. Дене шынықтыру және спорт саласында 4, денсаулық сақтау бойынша 3, білім беру саласында 3 жоба іске асырылуда. Жалпы бағдарлама өз тиімділігі көрсетуде. А.Елшиева бағдарлама әкімшілеріне сапаны көтеру мақсатында қадағалау шараларын күшейтуді ұсынды.

Сессияда аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қайырбек Құнанбаев жаңадан сайланған Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Бақытжан Позиловты таныстырып, депутаттық куәлігі мен төс белгісін табыс етті. Бақытжан Жолдасбекұлы жалпы әлеуметтік бағытта, денсаулық сақтау, білім, халықтың әлеуметтік мәселелерін жүйелі түрде шешуге атсалысатынын атап өтті.

Қала әкімі Ғ.Сыздықбеков кезекті сессияда маңызды шешімдер қабылданғанын атап өтіп, депутаттарға алғысын жеткізді. 

– Қаланың әлеуметтік-экономикалық даму бағытында маңызды шешімдер қабылданды. Басты мақсат – халықтың жағдайын жақсарту, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру. Қалада барлық сала бойынша жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Одан әрі де бірлесе жұмыс істеуге шақырамын, – деді қала әкімі. 

Сондай-ақ, жиында Шымкент қаласы тексеру комиссиясының қаланың 2023 жылғы бюджетінің атқарылуы туралы есебі, цифрландыру саласында атқарылған жұмыстардың есебі қаралып, мәслихат депутаттары тарапынан қолдау тапты. 

 

Оқылды 137 рет