Сейсенбі, 25 Маусым 2024 18:26

Шымкент: 200-ден астам белсенді жас тазалық акциясына қатысты

Бүгін Шымкент қаласының Күншығыс шағын ауданындағы №11, 11-а көп қабатты тұрғын үй тұрғындары Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткізіліп жатқан тазалық жұмыстарына қатысты.

 Тұрғындар «Тазалық – денсаулық кепілі» деген ұранды ұстанып, өз аулаларындағы ағаштарды түптерін әктеу, артық өскен бұталарды қырқу, шөптерді ору, ирригациялық арықтарды күл-қоқыстан тазалау және ойын алаңшалары мен орындықтарды сырлау жұмыстарын жүргізді.

Тазалық жұмыстарына тұрғындармен бірге ауданның ардагерлері, белсенді жастар барлығы 200-ден астам адам қатысты.

Іс-шараға қатысқан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамудин Наштайұлы Президентіміздің «Таза Қазақстан» акциясының науқандық іс-шара еместігін, бұған әрбір қала тұрғыны бей-жай қарамай тазалық мәдениетінің өзімізден бастау қажет екенін айтты. 

Сондай-ақ тұрғындарды өз аулаларын таза ұстауға, жастардың тазалық мәдениетін сақтауға баса назар аудару қажет екенін жеткізді.

Айта кетейік, аталмыш шара Мемлекет басшысының тапсырмасын сапалы жүзеге асыру мақсатында өткізілуде. Шымкент қаласы әкімдігі тарапынан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын өткізудің іс-шара жоспары бекітілді.

Экологиялық акцияның алғашқы «Таза өлке» апталығында қала тұрғындары ерекше қолдау білдіріп, қоғам белсенділері, ерікті жастар, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері іргелес аумақтар мен белгіленген аулаларды тазалау, көгалдандыру, ағаштарды күтіп-баптау жұмыстарына белсене қатысты.

Акция аясында 380 арнайы техника, 49 мыңға жуық адам жұмылдырылды. Сонымен бірге, 282 шақырым көше бойы, 85 шақырым аяқ жолдары, 59 мың дана ағаштарды әктеу және қырқу жұмыстары жүргізілді.

Нәтижесінде қаладан 300 тонна шамасында қоқыс шығарылды. 355 шақырым ирригациялық жүйе, 95 аялдама жуылып, 1200 дана қоқыс жәшігі (урна), 285 дана орындық сырланды.

 

Оқылды 340 рет