Сейсенбі, 25 Маусым 2024 19:03

Шымкент: Тазалық мәдениетін сақтау әрбір тұрғынның міндеті

 

Шымкенттік тұрғындардың жазғы шілдеде ең көп жиналатын орны «Қошқар ата» өзенінің бастауы.  Ыстықтан қашып салқындану үшін мұнда күнделікті мыңдаған қала тұрғындары осы жерге таңнан жиналады. 

Салқын судан пана іздеген тұрғындар арасында тазалық мәдениетін сақтамайтын тұрғындар да арагідік кездесіп отырады.

Бүгін Шымкенттік тұрғындар мен 100-ден аса жасыл елдік жастар аталған аумақта арнайы тазалық жұмыстарын ұйымдастырып, тұрғындарға тазалық мәдениетін сақтауды, қаланың ортақ екенін насихаттады.

Акция барысында өзен бойындағы бей-берекет күл-қоқыстар тазаланып, шөптер орылды.

Ағаштары бұталып, демалыс аймағындағы орындықтар мен шомылу орындары ретке келтірілді.

Сондай-ақ өзен бойындағы суға шомылу ережесі ілінген тақтайшалар жаңартылып, жарықшамдар жаңартылды.

Іс-шараға қатысушы жастар «Қала - ортақ үйіміз, тазалықты сүйеміз» деген ұранды сөздермен қала тұрғындарына тазалықты сақтау жөнінде үндеу жолдады.

Айта кетейік, аталмыш шара Мемлекет басшысының тапсырмасын сапалы жүзеге асыру мақсатында өткізілуде. Шымкент қаласы әкімдігі тарапынан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын өткізудің іс-шара жоспары бекітілді.

Экологиялық акцияның алғашқы «Таза өлке» апталығында қала тұрғындары ерекше қолдау білдіріп, қоғам белсенділері, ерікті жастар, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері іргелес аумақтар мен белгіленген аулаларды тазалау, көгалдандыру, ағаштарды күтіп-баптау жұмыстарына белсене қатысты.

Акция аясында 380 арнайы техника, 49 мыңға жуық адам жұмылдырылды. Сонымен бірге, 282 шақырым көше бойы, 85 шақырым аяқ жолдары, 59 мың дана ағаштарды әктеу және қырқу жұмыстары жүргізілді.

Нәтижесінде қаладан 300 тонна шамасында қоқыс шығарылды. 355 шақырым ирригациялық жүйе, 95 аялдама жуылып, 1200 дана қоқыс жәшігі (урна), 285 дана орындық сырланды.

 

Оқылды 339 рет