Жексенбі, 14 Шілде 2024 12:32

Түркістан облысында заңды тұлғаларға электр энергиясының тарифі 12,4%-ға төмендетілді

Мемлекет басшысы абоненттерді электрмен жабдықтау тізбегіндегі делдалдарды алып тастау жөнінде тапсырма берген болатын. Осы мақсатта Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті өңірде электр энергиясының бағасын төмендету бойынша жұмыстар атқарды.

Нәтижесінде заңды тұлғалар үшін 2024 жылдың 1 мамырынан бастап электр энергия тарифі 42,23 теңге/кВтсағ-тан 37 теңге/кВтсағ-қа дейін, яғни 12,4%-ға төмендетілді. Жалпы облыс бойынша 32 мыңнан астам абонентке тариф бағасы төмендетілмек. Бұл жайында департамент басшысы Думан Қалибеков брифингте мәлімдеді.

«Сонымен қатар, департамент тарапынан «ҚазТрансГазАймақ» АҚ 2022-2023 жылдар аралығында газ желісіне қосу үшін тұтынушылардан негізсіз 164 млн.теңге алғаны анықталып, оны абоненттерге қайтару қажеттілігі туралы нұсқама берілді. Бұдан бөлек, 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап «Сарыағаш-тұрмыс» мекемесі үшін сарқынды суларды бұру жөніндегі қызметіне уақытша өтемдік тариф енгізілді. Нәтижесінде 2024 жылға арналған орташа су тарифі текше метріне 88,52 теңгеден 39,95 теңгеге төмендетілді. Сондай-ақ, Президенттің бастамасымен қолға алынған «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы арқылы тарифтерді төмендету жұмыстары жалғасатын болады»- деді спикер.

Жалпы, барлық жаңартылатын қуат көздері бойынша республикада Түркістан облысы көш бастап тұр. Әкімдіктің дерегінше, өңірде жалпы қуаттылығы 278 МВт болатын 21 ЖЭК нысаны жұмыс істейді. Соның ішінде жалпы қуаты 16 МВт болатын 8 су электр станциясы бар. Тағы 13 КЭС (күн электр станциясы) 262 МВт қуат өндіреді.Сондай-ақ 2025 жылға дейін Түркістан облысында қуаттылығы 48 МВт болатын 7 нысанның құрылысы жоспарлануда, оның ішінде қуаты 8 МВт 4 СЭС және қуаты 40 МВт болатын 3 КЭС тұрғызылады.

Бұл өңір үшін өзекті мәселе, себебі электр энергиясының 80%-ы басқа облыстардан алынады және 20%-ы жергілікті жерде өндіріледі. Сонымен қатар инвестиция тартуға, жаңа кәсіпорындарды ашуға басымдық беріледі, ал  олардың жұмысына тұрақты электр энергиясы қажет.

Сонымен қатар жаңартылатын энергия көздері дамып келеді, олар шамамен 228 МВт өндіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ Түркістан қаласы мен Созақ ауданында 120 МВт электр станцияларын салу жоспарланған. 2018-2022 жылдар аралығында Индустрияландыру картасы аясында жалпы құны 56 млрд теңгеге 43 жоба іске асырылып, 2834 жаңа жұмыс орны ашылды.

Сондай-ақ, Түркістан облысында баламалы энергия көздерінің бірнеше нысаны іске қосылады. Қытай инвесторларының қатысуымен Түркістан облысында жаңартылатын энергия көздерін дамыту мақсатында жел және күн электр станцияларын салу бойынша бірнеше жоба жүзеге асырылады. Жалпы қуаттылығы 1260 МВт электр станцияларын салу үшін Сауран, Созақ, Бәйдібек, Ордабасы және Түлкібас аудандары қарастырылуда.

Осыған дейін Қытай еліне іссапармен барған облыс әкімі Дархан Сатыбалды инвесторларға бірқатар жоба ұсынған болатын. Өткен жылы өңір басшысы бұл елдің ең ірі компанияларының бірі «Energy China International» вице-президенті Ма Йингин ханым бастаған қытай делегациясымен кездесіп,  тараптар бірқатар жобаларды талқылаған болатын.

Жел энергиясы ең серпінді дамып келе жатқан жаңартылатын энергия көздерінің бірі екенін алға тартқан инвесторлар бұл бағытта бірнеше сынамалар жүргізілетінін атап өтті.– Баламалы энергетика – бұл стратегиялық маңызды бағыт, оны дамыту Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүргізіліп жатыр. Ол үшін біздің климат өте қолайлы. Бұл жобалар біздің өңір үшін өте маңызды. Сондықтан жан-жақты қолдау көрсетіледі, – деп атап өтті облыс әкімі.

Шетелдік компания өңірді сумен қамтамасыз ету мақсатындағы ұсыныстарды да қолдады. Облыс әкімі оның ішінде әсіресе ағын су мәселесі өзектілігіне тоқталды. Сондай-ақ Кентаудағы жылыту орталығынына қосымша балама ретінде жаңа жылыту стансасының құрылысын жүргізуге қатысты мәселе жан-жақты талқыланды. Инвестор жаңа жобалалардың жұмысына жергілікті мамандардың жұмысқа тартылатынын атап өтті және бұл жобалардың уақыт создырмай жүзеге асуына қызығушылық танытты.

Халықтың әл-ауқатын, өмір сүру сапасын арттыру және елдің әлемнің  дамыған 30 елінің қатарына кіруі арқылы қоршаған ортаға түсетін жүктеме мен табиғи ресурстардың тозуын барынша азайта отырып, жаңа тұрпаттағы экономикаға көшуді мақсат еткен Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдамасында бірнеше басым міндет белгіленген.

Соның бірі – энергия үнемдеу, энергия тиімділігін арттыру, ауаның ластануын азайту және экожүйелерді сақтап қалу.Соңғы жылдары Түркістан облысында осы бағытта бірқатар жұмыстар атқарылуда.  Өңірде өзен-сулардан шағын электростанциялар салып, тиімді энергия өндіру қолға алынуда.Жалпы, Түркістан өңірі  баламалы энергия көздерiн дамытуға мүмкіндігі мол өңiр болып есептеледі. Облыс аумағынан 122 өзен ағады, 41 суқойма бар. Оның үстіне облысқа электр қуатының  басым бөлігі өзге өңірлерден тасымалдануда. 

Баламалы энергия көздерін өндіру арқылы Жетісай ауданында таза энергия үлесін ұлғайту үшін 2,5 миллиард теңге инвестицияға салынған. Қуаты 4,8 МВт болатын «Жетісай күн электр станциясы» құрылысына белгіленген бұрышы бар таңертең-кешке бір осьті трекер жүйесін қолданылып, жеке қуаты 375 Вт бифункционалды екі жақты панельдер пайдаланылған.

Бұрынғы қоқыс полигонының аумағында жүзеге асырылған 10,7 гектар аумақтағы станцияның өндірісі трекер жүйесін пайдалану арқылы 30 пайызға арттыруға, аудандағы электр энергиясының тапшылығын жоюға, тұрғындардың сұранысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. «Жасыл экономика» саясаты аясында жүзеге асырылып, ауданның индустриялық-инновациялық дамуына ықпал ететін жоба атмосфераға СО2 шығарындыларын бұрынғы жағдайдан 2,5 есеге төмендетіп отыр.

«Электр энергиясы көзінің таусылмайтынын және қол жетімділігін атап өткен жөн. Бұл жобаның өтелу мерзімі 7 жылды құрайды. Желіге жоспарлы жыл сайынғы электр энергиясын беру – 7 219 000 кВт. Электр энергиясы 81 күн модулінен 158 жылжымалы «үстелге» бөлінген 12 798 күн панелімен генерацияланады. Тұрақты токты айнымалы токқа түрлендіру үшін электр станциясында блоктық-модульдік қондырғыға біріктірілген, әрқайсысының жеке қуаты 1 250 КВт 4 инвертор қарастырылған» — дейді жобаны жүзеге асырушылар.

Атап өтерлігі, «Жасыл» экономика — бұл табиғи қорларды тиімді пайдалану есебінен қоғамның әл-ауқатын сақтауға бағытталған, сондай-ақ соңғы пайдалану өнімдерін өндірістік циклге қайтаруды қамтамасыз ететін экономика. Жасыл экономиканың негізінде таза немесе «жасыл» технологиялар жатыр.

Жалпы, осы экономиканы жүзеге асыру мақсатында заңнамаларымызға енгізілген өзгерістер жаңар­тылатын энергия көздерін пайдаланушы энергия өндіруші компанияларды қолдауға, экологиялық таза көлік құралдары өндірісін ынталандыруға, сонымен қатар, су ресурстарының бөлінісі арқылы қоршаған ортаның жай-күйін жақсартуға, қоршаған ортаны қорғау саласындағы проблемалы салаларды жетілдіруге және реттеуге бағытталған. Бұл, сәйкесінше, эко­но­миканың түрлі салаларының да­муы­на оң әсерін тигізеді.

Дүние жүзі халықтары өзінің қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында орасан зор энергия тұтынуда, соның салдарынан қазіргі таңда энергия тапшылығы байқалуда. Осы мәселенің алдын алу, энергия тапшылығын жою үшін балама энергия көздерін пайдалану өте маңызды. Елімізде жаңартылған энергия көздерін дамытуға жасыл жолдарына көшуіне Парламент қабылдаған Заңмен, Астанадағы «Болашақ – энергия» ЭКСПО – 2017 көрмесінің өтуі сөзсіз қуатты серпіліс береді.

Біздің мемлекетіміз «жасыл» экономикаға ауысу саласындағы саясатты белсенді жүргізіп жатқанда, біз осы үдерістің бөлігі ретінде қазірден бастап «таза» болашақты құруға қадамдар жасай аламыз. Энергия тұтыну – адамзат тіршілігінің міндетті шартына айналды. Оны қамта­масыз етуде экологиялық таза энергия өндіру заман талабы. Сондықтан да, қанша қиыншылықтар кездессе де, оларды жеңіп, жаңартылған энергия көздерін дамытуға барынша атсалысқанымыз абзал.

Қоғамда өмір сүру жағдайы жақсарған сайын, электр энергиясына деген сұраныс та соғұрлым арта түсетіні белгілі. Яғни, электр қуатын еселеп өндірсек те, адамның қажеттілігін қамтамасыз ету мүмкін емес. Бұрыннан пайдаланып келе жатқан көмір, мұнай, табиғи газ сияқты энергия көздерінің сарқылуы немесе қорының азаюы, қоршаған ортаға тигізетін зиянды әсерінің күн санап артуы адамдарды бейжай қалдырмады.

Бүкіл әлем энергия тапшылығынан құтылып, қоршаған ортаны ластамайтын альтернативті энергия көздеріне қол жеткізуге кірісіп кетті. Электр энергетикасын қалпына келтіру мәселесі – бұл қауіпсіздік мәселесі әрі еліміздің болашағы электр энергетикасы мен инфрақұрылымның даму деңгейімен байланысты болып отыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 5-отырысында «Экономиканы әртараптандыру мен энерготиімділікті төмендету аясында жасыл экономиканы дамытуға қадам басқан дұрыс. Баламалы энергияға қолайлы жағдай тудырмай, әлемдік прогресстен қалып қоюдың алдында тұрмыз. Оны бәсеңдетуге болмайды. Мен баламалы энергия көздеріне ерекше назар аударамын. Бұл Қазақстанның болашағын реттейтін маңызды мәселе», - деп атап өткен болатын. Сондай-ақ Президент мұнай-газ саласында жұмыс істеп жатқан инвесторларды баламалы энергия көздерін өндіруге шақырған еді. « Күн және жел электр станцияларын салуға  атсалысса, игі болар еді. Өйткені қазір мұнайдың бағасы құлдырап барады. Оны өндіру көлемі де біршама азайған. Сондықтан біздің ел жаңа бағыттарға бет бұруы керек. Яғни мұнай-газ саласындағы компаниялар баламалы энергия көздерін өндіруге де басымдық беру керек»-деп  нақты тапсырмалар жүктеген болатын.

Мұнымен қоса,былтыр Сайрам ауданында 1000 МВт бу-газ қондырғысының іргетасы қаланды. «Түркістан БГҚ» ЖШС-нің маневрлік генерациялау режимі бар бу-газ қондырғысы базасында электр станциясының құрылысын жүзеге асыруға 700 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылған. Бірегей жоба тек Түркістан өңірінде ғана емес, жалпы еліміздегі электр энергиясының қуатын арттыруға мүмкіндік береді.

Жобаны Түркістан облысы әкімдігі мен «Самұрық-Қазына» АҚ бірлесе жүзеге асыруда. Бас мердігері – Корей мемлекетінің «Doosan ENTERBILITY CО LTD» және «Bazis Construction» ЖШС консорциумы. Шетелдік мамандармен бірлескен жұмыс қазақстандық инженерлердің, жобалаушылардың, құрылысшылар мен энергетиктердің тәжірибесін шыңдайды.

- Облыс тарихындағы ең ірі жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспары негізінде жүзеге асады. Маңызды жоба жүзеге асқанда өңірімізде энергия тапшылығы толық шешіледі. Сонымен қатар ірі кәсіпорындар мен өндіріс те қарқынды дамытуға мүмкіндік береді, - деген ед сол кезде жобаның естелік капсуласын салуға арнайы қатысқан облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Бүгінде облысқа қажетті электр қуаты 320 МВт болса, аталған жоба арқылы қажеттіліктен үш есе артық электр өндірілмек. Осы арқылы өңір энергия тапшылығын реттеп қана қоймай, өзге аймақтарды да қамтамасыз ете алады. Жаңа бу-газ электр станциясының ерекшелігі – қоршаған ортаға зияны жоқ. Электр станциясының негізгі жабдықтары европадан, яғни Германия, Италия, Чехия елдерінен әкелінеді. Станцияның құрылысы биыл, яғни, 2024 жылы басталыпп, 2026 жылы толық іске қосу жоспарлануда.

ТМД елдерінде теңдесі жоқ электр станциясының құрылысы үшін Сайрам ауданынан 60 га жер бөлінді. Аталған жоба арқылы өңірдегі энергия тапшылығы реттеліп қана қоймай, өзге аймақтарды да сапалы энергия көзімен қамтамасыз етуге мүмкіндік болады. Бұдан бөлек, жаңа жұмыс орындары ашылып, өндірісті дамытуға оң серпін береді деп күтілуде. Құрылыс жұмысы кезінде 2000-нан астам уақытша жұмыс орны ашылса, қондырғы толық іске қосылғанда 370-ке жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Айта кетейік, Бу-Газ Турбиналы Қондырғылы электростанцияның артықшылығы – өндірілген электр энергиясының бірлігіне суды аз тұтынып, сәйкесінше, көп электр қуатын өндіреді. Қоршаған ортаға зиян келтірмейді. Сондай-ақ электростанция жұмыс істеуі үшін оған қажетті отынды темір жол арқылы тұрақты тасымалдауды қажет етпейді. Бұл электр желілері мен электр энергиясын тасымалдау құнын төмендетеді.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 31 рет