Сәрсенбі, 17 Шілде 2024 14:08

Түркістан: облыс әкімі Түркістан қаласында салынып жатқан бірқатар ғимараттардың құрылыс барысымен танысып шықты

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды алдымен облыс орталығында бой көтеріп жатқан Достық үйінің құрылыс жұмыстарын аралап көрді.  Түркістандағы Достық үйі биыл пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Жаңа нысанның құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес салынып жатқан 4 қабатты ғимараттың құрылысы қызу жүргізіліп жатыр. Нысанның кірпіші қаланып, сыртқы инженерлік желілері толық жүргізілген. Облыс әкімі құрылыс сапасына басты назар аударуды, құрылыс материалдарының сапасы мен ішкі дизайнына ерекше мән беруді тапсырды.

Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығындағы жаңа үлгідегі «Достық үйі» ғимаратының жалпы алаңы 3912,29 м2. Этносаралық татулықтың ұйытқысына айналатын жаңа ғимараттың құрылысы биыл күзде толық аяқталады деп жоспарланған. Жоба бойынша ғимарат төрт қабаттан тұрады және құрамында мәжіліс залы, этнос өкілдерінің орталықтары орналасады. Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіне байланысты тақырыптық ішкі әрлеу жүргізіліп, қажетті экспонаттар қойылады.

Айта кетейік, өңірде 50-ден аса этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруде. Түркістан облысындағы 11 этномәдени бірлестік мемлекеттің өркендеуіне үлес қосып, қазақстандық толеранттылық үлгісін көпке үлгі етіп келеді.

Сондай-ақ, Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында 5 қабатты 20 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Облыс орталығындағы құрылыс алаңдарын аралаған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мердігерлермен кездесіп, бірқатар тапсырма берді. Сын-ескертпелер айтты.  Түркістандық кәсіпкерлерді қолдап, қажетті құрылыс материалдары мен есіктерді жергілікті шеберлерден сатып алуды ескертті. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасына ерекше назар аудара отырып, құрылыс қарқынын арттыруды тапсырды. Тұтас қалашыққа айналатын 20 көпқабатты тұрғын үйдің жалпы алаңы 145 мың шаршы метрге жуық. Жаңа үйлерден 2 мыңнан астам отбасы баспаналы болады.

Облыс құрылғаннан бері өңірде 176 көпқабатты үй салынып, 40 мыңға жуық отбасы жаңа пәтерге ие болды. Сонымен қатар 232 тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті. Түркістан қаласында 80 мыңнан астам тұрғынға инфрақұрылым жасақталып, тұрғын үй салынды. Жаңа шағын аудандар пайда болып, талай отбасының баспана мәселесі шешілді.

Биыл бюджет есебінен 41, жеке инвесторлар есебінен 24 көпқабатты үй салу жоспарланған. Жеке қаржы есебінен салынатын жер үйлер жоспары – 781,851 мың шаршы метр. Сонымен қатар 2024 жылы 191 үй салу жоспары бекітілді. 159 тұрғын үйді жыл соңына дейін тапсыру жоспарланған.

Сонымен қатар, облыс басшысы «Turkestan-Arena» стадионына да барды. UEFA талаптарына байланысты 2024 жылдан бастап еліміздегі барлық стадионның астында жылу болуы керек. Ел стадиондарына деген талаптың күшеюіне орай UEFA-ның халықаралық талаптарына сай «Turkestan-Arena» стадионында жылыту және су бұру жүйелері орнатылды. Сондай-ақ алаң толық ауыстырылып, табиғи көгал төселді.

Жаңарған стадионда Қазақстан футбол федерациясы инспекциялау жұмыстары жақын күндері жүргізеді. Облыс орталығындағы құрылыс алаңдарын аралаған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды стадиондағы жаңарту жұмыстарымен танысты. Жауапты басшыларға бірқатар тапсырмалар берді.

Стадион алаңына Испанияда өндірілген жасанды көгал төселді. Жасанды төсем UEFA-ның бар­лық заманауи талаптарына сай келеді. 12 000 көрерменге арналған футбол алаңдары үшін халықаралық және ұлттық құрама командалары ойындарын ойнатуға рұқсат берілгенін ескерсек, «Turkestan-Arena» стадионына қосымша 5000 көрерменге арналған орындықтар қосу жоспарлануда.

Айта кетейік, «Тurkеstan-Аrena» орталық стадионында 2022 жылы спорттың бірнеше түрінен облыстық, қалалық іс-шаралар, жергілікті футбол клубтары ел біріншілігінде футбол ойындарын өткізген. Стадион футбол алаңынан бөлек спорт кешенінің қызметін атқарады. Кешен бокс, гимнастика, йога, ауыр атлетика, тренажер, фитнес залдарымен жабдықталған. Мұнда барлық спорт үйірмелерде балаларға тегін сабақтар ұйымдастырылған. Қонақтарға ыңғайлы болу үшін батыс бөлігінде үлкен асхана, ал шығыс бөлігінде фудкордпен қамтамасыз етілген.

Өңірде туристерге оңтайлы жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыс атқарылып келеді. Түркістан қаласында жеке инвестиция есебінен «Қолөнер орталығы» жобасы қолға алынды. Бұдан бөлек Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңындағы «Күлтөбе» ескі қалашығы абаттандырылады. Облыс орталығында аумағы 11,8 гектар жерге аквапарк, вилла аймақтары қамтылған бес жұлдызды қонақүй салу жөнінде келіссөз жүргізілді. Сондай-ақ шетелдіктер қызығушылығын ескеріп, ұлттық ойындарымызды және туризмді дамыту мақсатында 99,3 гектар аумаққа ипподром нысаны салынады.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылыс барысы қадаң қадағалауда болатынын ескертті. Заңбұзушылыққа барған компаниялар лицензиясын айрылады.– Құрылысты мойнына алған компаниялардың қаражаты тек сол жоспарланған құрылысқа ғана жұмсалуы тиіс. Әр мердігердің бұл бағыттағы жұмысы қатаң қадағалануы керек. Ол үшін екінші деңгейдегі банктермен жұмыс жүргізу қажет. Мемлекеттік тапсырысты алып, алдымен ақшаны жеке бастарына жұмсайтындардың әрекетінен халық жапа шегеді. Құрылысты қадағалауға жауапты мекемелер жұмыстарын адал әрі әділ атқарсын. Әрбір нысанның артында ел үміті, мемлекет бюджеті тұр. Ғимараттар жобалық-сметалық құжатқа сай болып, жұмыстар қатаң қадағалансын. Егер қадғалаушы мекемелер мен құрылысқа жауапты басшылардың өзі бұған жол берсе, заң аясында жауапкершілікке тартылуы тиіс, – деді Дархан Сатыбалды.

Былтырдан бастап Түркістанда 100-ден астам көпқабатты тұрғын үй салына бастағаны белгілі. Түркістан облысында құрылыс қарқыны артқан. Былтырғы жылдың қорытындысымен 100-ден астам нысан пайдалануға тапсырылды. Алдыңғы жылы өңірде білім беру саласында 20,9 млрд. теңгеге 51 нысанның құрылысы жүргізілді. Оның 22-і пайдалануға берілді. Ал, денсаулық сақтау саласында 2,8 млрд. теңгеге 20 нысан іске асырылды. Оның ішінде Шардарада 150 келушіге арналған емхана, Түркістан қаласында жедел жәрдем станциясы, Ордабасы ауданында 2 ФАП пайдалануға тапсырылды. Мәдениет саласы бойынша 14 нысанның құрылысына 2,2 млрд. теңге бөлінген болатын. Нысандардың құрылысы 2023 жылы толық аяқталды. Спорт саласында 13,8 млрд. теңгеге 12 нысан бой көтеруде. Тұрғын үй құрылысына 35,9 млрд. теңге бөлінген. Бұл қаржыға өңірде 129 үй салынады. Облыс орталығы Түркістан қаласында жалпы аумағы 250 мың шаршы метрден асатын 100-ден астам көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүре бастады. Атап айтқанда, 9 қабатты 36 үй, 7 қабатты 40 үй және 5 қабатты 20 несиелік тұрғын үй салынады. Сонымен қатар «Жаңа қала» аймағында инвесторлар есебінен 14 көпқабатты тұрғын үй кешенінің құрылысы басталмақ.

Халық санының артуы, әсіресе тұрғын үй, мектеп, әлеуметтік нысандардың салынуын қажет ететіні анық. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылатын «Жайлы мектеп» жобасы аясында Түркістан қаласында 7 мектеп салынатынын айта кетелік. Оның ішінде 2 мың орынды 3 мектеп екі жылда ел игілігіне берілмек. «Дарын» мектебі мен 4 тілде білім беретін халықаралық білім ордасы да ашылмақ.

Жеке инвесторлар есебінен жүргізілетін көпқабатты үйлердің тізімі артпаса азайған емес. «Nur-Sultan City», «Нұртас», «Сырдария-2» «Кара­ван Сарай», «Yassy Eco Village» деп аталатын түрлі тұрғын үй кешені салынып, өз қызметтерін ұсынып жатты. Бұл үйлердің құнын мердігер өзі бел­гі­леп, халыққа ыңғайлы етіп беріп жатыр. Бюджет есебінен 2020 жылы 7 қабатты 24 үйден соң 9-12 қабатты үй­лер­ге тапсырыс беріліп, сол жылы 65 үйдің құрылысы басталды. Құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілді. Бүгіннің өзінде 2022 жылдан бері облыстық құрылыс басқармасы салып жатқан 7, 9, 12, 20 қабатты үйлердің (4 мыңнан аса пәтер) құрылысы аяқталуға жақындап, 2023 жылдан бастап қабылдаудан өтетіні белгілі. Оған қоса қалалық құрылыс бөлімі тарапынан 5-7 қабатты 80-нен аса үйдің жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеу жұмыстары басталып кеткен.

Құрылыс нысандарының сапасы да – басты назарда. Сапаға қатысты қандай да бір мәселе туындаған жағдайда шұғыл қалпына келтіру жүйелі жүзеге асырылып келеді. Осы мақсатта ашылған жедел әрекет ету бригадалары елге қызмет етіп жатыр. Мысалы, былтыр жыл басынан бері жедел әрекет ету орталығының көмегіне 397 қоңырау түскен. Мердігер мекеме тарапынан 136 өтініш бойынша тиісті жұмыстар атқарылды. «Түркістан жылу» мекемесіне қатысты 124 өтініш қаралып, қажетті жұмыстар мерзімінде ұйымдастырылды. Алдыңғы жылы әкімдік тарапынан кепілдік мерзіміне сәйкес 52 мердігер мекемеге ескерту берілген. Оның 33-і ұсынылған кемшіліктерді қалпына келтірді.

Киелі шаһардағы құрылыс жұмыс­тары тек тұрғын үймен шектелген жоқ. Әкімшілік-іскерлік орталығында салтанаты мен сәулеті сай әкімшілік ғима­рат­тары, «Алатау» медиа-орталығы, «Түр­кістан арена» стадионы, Оқушылар үйі, Конгресс-холл, заманауи теннис орталығы іске қосылды. Мәдени-руха­ни орталықта Қ.А.Ясауи мұражайы, «Керуен-сарай» кешені, «Фараб» кітап­ханасы, «Ұлы Дала елі» орталығы, драма театры, неке сарайы, туризм уни­верситеті бой көтерді. Құрылыс қар­қыны әлі де бәсеңдемей, қаланың бас жоспарына сәйкес жүйелі жүргізіліп келеді.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 29 рет