Бейсенбі, 18 Шілде 2024 10:52

Түркістан: Сарыағаш пен Келес ауданында әлеуметтік және қоғамдық мәселелер талқыланды

Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Сарыағаш пен Келес аудандарына іссапармен барды. Онда өңірдегі әлеуметтік және қоғамдық өзекті мәселелерді талқылау, шешу жолдарын қарастыру мақсатында жиын өткізді.

Мәжіліске аудан әкімдіктері және жергілікті құқық қорғау органдарының басшылары қатысты. Тұрғындар тарапынан түрлі ұсыныстар айтылып, сауалдарға жауаптар берілді. Жиынға қатысушылар этносаралық қарым-қатынасты нығайту, мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау жөнінде пікір алмасты.

Зейнет жасына дейінгі ел азаматтарына «Күміс жас» жобасы, жастарға 12 бағыттағы мемлекеттік бағдарлама қарастырылған. Солардың ішінде облыстағы колледжерге гранттар мен «Серпін» бағдарламасының, 2,5 пайыздық жастарға арналған жеңілдетілген несие алудың мүмкіндіктері түсіндірілді. Ауылшаруашылығы, кәсіпкерлік бойынша «Ауыл аманаты» жобасы туралы Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев толықтырды.

«Тұрақтылық пен келісімді сақтау тұрғысынан жауапты мекемелерден бөлек этномәдени бірлестіктердің, ел ағаларының белсенділігі қажет. Әсіресе жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру мен татулықты берік ұстануға үлесі зор. Келеңсіз оқиғалардың алдын алу мен жұмысты күшейтуді тапсырдым. Алдағы уақытта әр ауылдық округтерде қоғамдық кеңестер құру жоспарлануда. Этномедиацияға баса мән беріледі» деген облыс әкімінің орынбасары келушілердің талап-өтініштері орынды дейді. Олар негізінен жұмыспен қамту, жастарды қолдау, мектеп салу, зауыттар мен өндіріс орындарын ашу, диқаншылар өнімдерін экспортқа шығаруға ықпал етуді сұрады.

Осы тұста жоғарыда аталған бағдарламалар туралы мәлімет бере кетсек. Былтыр 2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 15 148 адам «Күміс жас» жобасы бойынша жұмысқа орналастырылса, Түркістан облысы бойынша жасы 50-ден асқан 2000-нан аса адам осы жоба арқылы жұмыспен қамтылған. Жобаға қатысушылардың басым бөлігі Жетісай, Мақтаарал, Сайрам, Сарыағаш, Төлеби аудандары мен Түркістан қаласының тұрғындары.

Айта кетейік, аталған жоба өткен жылы зейнеткерлік жасқа дейінгі азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында қолға алынған еді. Зейнеткерлік жасқа толмаған адам кемінде 1 жыл мерзімге жұмыспен қамтылса, 58 жастан асқандарға зейнеткерлікке шыққанға дейін тұрақты жұмыс орындары ұсынылады. Жұмыскерге айлық мөлшерінің 30%-ын жұмыс беруші, ал, қалғанын мемлекет төлейді. 2023 жылы осы бағыт бойынша барлығы 14 295 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған болатын. Жобаға қатысу үшін мансап орталығына өтініш беру қажет.

Сондай ақ, «Күміс жас» жобасын қаржыландыруды еңбек мобильділігі орталығы жұмыс берушінің еңбекақы төлеуге жұмсаған шығындарының бір бөлігін өтеуге субсидиялар беру жолымен жүзеге асырады. Субсидиялардың мөлшері жұмыстың бірінші жылында жалақы мөлшерінің 70%-ын (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын), екінші жылында 65%-ын (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын), үшінші жылында 60%-ын (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын) құрайды.

 «Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші зейнеткерлік жасқа толмаған адамды кемінде 1 жыл мерзімге, сондай-ақ, зейнеталды жастағы азаматты зейнеткерлікке шыққанға дейін тұрақты жұмыспен қамтуға міндетті. 

«Серпін» бағдарламасы туралы айтар болсақ, қазіргі таңда бағдарламаны түсіндіру мақсатында Түркістан облысында «Жоғары білім» атты көрме өтіп жатыр. Шараға мектеп түлектері қатысып, еліміздің теріскейіндегі 23 жоғарғы оқу орнының бірінде студент атануына мүмкіндігі бар. Оқу гранттарының 2 500-ден астамы - педагогика бағытында болса, 700-ге жуығы - инженерлік өңдеу және құрылыс саласы.

Сонымен қатар, 300 грант - IT саласына бөлінсе, 70-ке жуық грант - ауылшаруашылығы және биоресурстар бағытында. Айта кетейік, 2023 жылы «Серпін - 2050» мемлекеттік бағдарламасы бойынша республикаға бөлінген 3 653 гранттың 983-не Түркістан облысының талапкерлері ие болған. Сонымен қатар, серпіндіктердің 70-90 пайызы тұрақты жұмыс орнына орналасқан.Жалпы, «Серпін» бағдарламасына мына аймақтардың түлектері қатыса алады: Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстары. Еске сала кетейік, бағдарлама тек ауыл түлектеріне арналған.

Гранттар мынадай облыстарда орналасқан ЖОО-ларға бөлінді: Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар, Ұлытау, Қарағанды, Қостанай облыстары. Гранттар тек педагогикалық, IT және техникалық, ауыл шаруашылық мамандықтарына беріледі. Биыл "Серпін" бағдарламасына мемлекеттен 3 903 грант бөлініп отыр. Оның 2500-ден астамы педагогикалық бағытта, 700-ге жуығы инженерия, өңдеу және құрылыс саласына, ал 300-ге жуығы IT-ге, 70-ке жуық грант ауыл шаруашылығы және биоресурстар бағытына бөлінген.

Жоба бойынша грантқа түскен түлектер шәкіртақы алады және жатақханамен қамтамасыз етіледі. «Серпін» бағдарламасы түлектері үшін оқу аяқтаған соң грант өтеу мерзімі 3 жылдан 2 жылға қысқартылып, өтеу орны 11 аймаққа ұлғайтылды.

«Мәңгілік ел жастары индустрияға» — «Серпін — 2050» жобасы бүгінде еліміздегі ең танымал әлеуметтік жобалардың бірі.  Жоба аясында еліміздің оңтүстік өңірлерінің жастары, өндіріс орындары дамыған, жұмысшы күшіне қажеттілік қалыптасып отырған Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан,  Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Қарағанды өңірлерінің жоғарғы оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында тегін білім алып, тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді.

Негізі бұл жобаның екі маңызды тұсы бар. Біріншісі- экономикалық.  Қазіргі таңда еліміздің 9 өңірінде  бала туу  деңгейі төмен және сыртқы жаққа көші-қоны басым болғандықтан, кадр тапшылығы сезіле бастады. Бұл мәселенің өзектілігі жылдан-жылға ушығып барады. Алдағы жылдарда индустриялы инновациялық бағдарлама аясында іске қосылатын өндірістерде жұмыс күшінің тапшылығы айырықша байқалады. «Серпін-2050»  жобасы арқылы сол өңірлерге халық саны көп облыстардан жастарды әкеліп,  жергілікті оқу  орындарында   қажет мамандықтар бойынша білім беріп, сол жерде  жұмысқа қалдыру арқылы кадр мәселесін шешу. 

Екінші маңызы - әлеуметтік   проблемаларды шешу. Республикамыздың 5 облысында  бала туу деңгейі өте жоғары, тұрғындар саны жылдан-жылға қарқынды өсуде. Аталмыш өңірлерде мектеп бітіруші түлектердің жергілікті жерде оқуға түсуі қиын және мамандық алғаннан кейін басым көпшілігі жұмыссыздар қатарын көбейтеді.  Жоба арқылы осы 5 облыста мектеп бітірген жастарға жоғарыда аталған 9 өңірдегі оқу орындарына «Серпінің» арнайы гранты бөлінеді. Сонымен қатар, қосымша әлеуметтік көмек көрсетіліп, оқыған өңірлерде қоныстап қалған жағдайда 100 пайыз  жұмысқа орналасуға мүмкіншілік жасалады.

Жоғар оқу  орыны болсын, колледж болсын  жоба бойынша  жастарға дуальді білім беру, болашақ жұмыс берушімен тікелей байланыс орнатып,  тәжірибелерді сол мекемелерде өту арқылы  келешекте жұмыс таңдау мүмкіншіліктерін беру талабы қойылған.  Нәтижесінде оқып жүріп болашақ жұмыс беруші мекемелерде тәжірибе жинаған жастар,  оқу  бітірген соң  сол жерге  оңай жұмысқа орналасып, ортаға тез сіңісіп кетеді. Сонымен қатар, «Серпін-2050»  жобасы бойынша   жоғары оқу орыны мен  колледждерге түскен жастарға арнайы тәрбие жұмыстары  жүргізіледі. Жоба бойынша  оқып жүрген барлық жастар  арнайы құрылған «Серпін» әлеуметтік ұлттық  қорының белсенділері болып табылады. Басты мақсты оларды  біріктіру,  жеке қасиеттерін дамыту, дәстүрлі ұлттық тәрбиемен қатар нарықтық заман талаптарына  сай келетін  қасиеттерін  қалыптастыру.

Бұл бағдарлама бойынша жоғары оқу орындарында білім алуға бөлінген мемлекеттік гранттарды иеленген жастар шәкіртақымен, жатақханамен толық қамтамасыз етіледі, олардың ба­рып-қайту темір жол шығындары төленеді. Жастардың оқу бітірген соң қиналмай жұмыс тауып, өздерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуына толық мүмкіндігі бар. Республикадағы көптеген білім ордаларында жоғары курс студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету өзекті болса, «Серпін» жобасы бойынша оқуға түскен қыз-жігіттер оқуды бітіргенге дейін орын-жаймен қамтамасыз етіледі. 

Ал «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша колледждерге оқуға түскен жастарға жасалатын жағдай тіпті жақ­сы. Оларға жылына екі рет жол шы­ғындары төленіп, қыстық киімдер алуға қаражат бөлінеді, күніне үш мезгіл ыстық тамақ беріледі. Колледж студенттерінің білім ала жүріп, өндіріс орындарында жұмыс істеп, табыс табуына мүмкіндік бар. 

Ал енді, «Ауыл аманаты» жобасына келер болсақ, бұл жобаның негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендердегі жұмыссыздық пен атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын азайту, сонымен қатар өзін өзі қамтушыларды заңдастыру. Бағдарламаның қалай жүзеге асырылатыны және несиелеудің шарттарына тоқталатын болсақ, ең бірінші кезекте жобаны іске асыруда жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық беріліп жатыр.

Несие алу үшін ауыл тұрғындары алдымен ауыл әкімдіктеріне өтінім білдіру қажет. Бұл жобаның ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігі тиеді деген болжам бар. Шартта көрсетілгендей, несие алушы кем дегенде бір жыл сол жергілікті ауылдың тұрғылықты азаматы болуы керек. Оған қоса, міндетті түрде кепілге қоятын жылжымайтын мүлкі болуы шарт. Егер кепіл болмаған жағдайда туыстардың кепілін пайдалануға болады. Бағдарламада уақыт шектеуі жоқ.

Аталған жоба 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Микрокредит мерзімі – 5 жыл, мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін беріледі. Жылжымайтын кез-келген мүліктің 60 пайызы бағаланады. Бір жылға дейін демалыс қарастырылған.Бұл ретте Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы облыс бойынша «Жұмысшы топ» құрамымен бірге барлық аудандарды аралап, бағдарламаның концепциясын құруға, басым бағыттарын таңдауға, несие беру ережесіне қатысады. Нақтырақ айтқанда, палатаның қызметі жобаларды сүйемелдейді, бизнес жоспар дайындап береді, құжаттарды жинақтауға көмек береді.

Жоба аясында қандай жеңілдіктер қарастырылған? «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. – несие/микронесие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша 7 жылға дейін; – несиенің/микронесиенің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңнама бойынша айқындалады; – номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз, кепілмен қамтамасыз ету. Мұндай несиенің халыққа пайдалы болары анық. Мәселен, бүгінде бірде-бір коммерциялық банкте ауыл тұрғындарында мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие бұл – өте тиімді. Сондықтан да ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін бұл – үлкен мүмкіндік. 

Кәсіп ашуға немесе істі дұрыс жүргізуге мамандануға ауылдық округ әкімдері көмектесетін болады. Осы ретте «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы ауылдық округ әкімдеріне және «AMANAT»-тың аумақтық филиалдарының атқарушы хатшыларына арнайы курстар өткізді. Халықтың экономикалық белсенділігін арттыру саласында 2 346 адам курстан өтіп, білімін жетілдірді.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 28 рет