Бейсенбі, 25 Шілде 2024 15:01

Түркістан облысы: Жетісайдағы әлеуметтік және қоғамдық мәселелерді шешу жолдары қаралды

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Жетісай ауданына жұмыс сапарымен барды. Аудандағы этнос өкілдерімен, қоғамдық ұйым басшыларымен кездесу өткізіп, ел ағаларымен сұхбаттасты. Мәжіліс барысында бірқатар ұсыныстар айтылды.

Олардың қатарында стадион салу, билбордтар орнату, мектеп жолы бойында асфальт салу, жарықшамдар орнату секілді өзекті мәселелер бар. Сонымен қатар ата-аналар балаларына деген жауапкершілікті арттырса деген тілек айтылды. Этнос өкілдерін мектепте бастауыштан бастап біріктіріп оқытуды ұсынды. Аудан деңгейінде шешілетіндерді жергілікті әкімдік қарастырамыз деді.

Мәжілістен соң ауданда қарқынды жүріп жатқан әлеуметтік нысандардың құрылысын аралады. Бірінші кезекте Жылы су ауылдық округі, Баққоныс ауылында барып, ФАП құрылысымен танысты. Мердігер – «Construction Group SAMRUK» ЖШС. Жоба құны – 303, 208 млн теңге. Құрылыс нысаны 2023 жылы басталған.

Жетісай аудандық орталық ауруханасының күрделі жөндеуден кейінгі жағдайымен танысты. Аралап, оң бағалады. Мердігер – «ҚазЕвроСтрой» ЖШС. Аурухана алдынан заман талабына сай қабылдау бөлімі ашылған. Оған қоса магнитті резонанстық томография медициналық құрал жабдығын орнату үшін қосымша ғимараттар бой көтерді. Сонымен қатар ауруханаға қосымша ангиограф медициналық құрал жабдығы орнатылған. Алдағы уақытта күрделі оталарды ауданда да жасауға мүмкіндік туады. Қазіргі таңда науқастарға толық көлемде медициналық қызмет көрсетуде.

Қазыбек би ауылдық округіндегі №17 Түркістан жалпы орта мектебінің ғимаратымен танысты. 1972 жылы салынған мектепте екі ауысымда 628 бала білім алады. Типтік білім ошағының ғимараты екі қабатты. Облыс әкімінің орынбасары күрделі жөндеуден өткізуге ұсыныс беруді тапсырды.

Құрманбек Жандарбеков атындағы облыстық Жетісай драма театрына барды. Аталған театр алғашқы шымылдығын 1969 жылы ашқан болатын. Алғашқы маусымашар Қ.Шанин қоюшы-режиссерлік еткен классик жазушы Б.Майлин мен Е.Брусиловскийдің «Жалбыр» драмасымен бастау алған еді. 55 жыл ішінде 200-ден астам түрлі жанрдағы шығармаларды сахналаған театр бүгінде өз көрерменін қалыптастырған. Сондай-ақ талантты ұжым көптеген жетістіктерге жетіп жүр.

Тағы бір айта кетерлігі, Жетісай ауданы Түркістан облысындағы ауыл шаруашылығы саласы дамыған аудандардың бірі. Дегенмен, былтырғы жылы аудан дихандары үшін ағынсу тапшылығы орын алды. Ағын су мәселесіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында арнайы тоқталып: «Ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек», – екенін атап өтті. Ендігі жерде бұл бойынша тиісті жұмыстар жүргізу қажет.

Ауданда жаңа өндірістік кәсіпорындарды ашу мақсатында индустриялды аймақ пен шағын өндірістік парк құру үшін жері анықталды, қазіргі таңда тиісті құжаттары рәсімделуде. Сондай-ақ, Өзбекстандық инвестормен бірлесіп тоқыма фабрикасын салу жұмысы жүріп жатыр. Бұл мақсатта – Асық ата кентінен 5 га жер бөлініп, бірлескен «TST GROUP» компаниясы құрылды, инвесторға өнеркәсіпті даму қоры арқылы (7,6 млрд. теңге) жеңілдетілген несие қарастырылуда.

Сонымен қатар, Ресейлік инвестормен жоңышқа грануласын, Өзбекстандық инвестормен жібек жібін, қант өндірістерін құру жобалары пысықталуда. Сонымен бірге көп салалы реабилитациалық орталық ашу жұмыстары да жүргізілуде. Осы аталған жобаларды жүзеге асыру – ауданымызда өнеркәсіп саласын дамытуға негіз болады. 2025 жылға дейін қосымша 4 мыңнан астам жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Жетісай ауданында мал шаруашылығы жақсы дамыған. Жыл жылжыған сайын мал басы көбейіп келеді.Бүгінде Жетісай ауданында 152 мал бордақылау алаңы жұмыс істейді. Солардың бірі – Жетісай ауданы Абай ауыл округіндегі «Махарам» шаруа қожалығы бүгінде жұмысын жақсы жолға қойған. Әрбір байланған қошқар орта есеппен 30-35 келі ет береді. Қазірдің өзінде қорада 300 бас жайдары қошқар жемге қойылған. Қожалықта өндірілген ет негізінен Алматы қаласының нарығына шығарылады. Бұдан бөлек, жекелей де сатып алушылардың қарасы қалың.

Аталған шаруа қожалығының өніміне сұраныс мол. Қазіргі таңда «Махарам» шаруа қожалығының иелігінде жалпы саны 5 мың бас қой бар. Олардың жем-шөбі, жалпы бағымы жүйелендірілген. Жетісай ауданында жайылым жер қат болғандықтан мұндағы отарлар Шардара ауданына қарасты құмда ұсталады екен. Сондықтан да күтім талғамайтын қой басы таңдап алынған. Жайдары қойлар шөл және шөлейт жер жайылымына көнбіс, күтім талғамайды. Ұсақ малдың жем-шөбін шауашылық өздері әзірлейді. Ол үшін шаруашылықтың өз егістік аумағы бар. Биыл 20 гектар жоңышқа мен 30 гектар жерге жүгері еккен. Шығымы жақсы болғандықтан өнімі де мол. Ала көктемнен қара күзге дейін тынбайтын шаруалар жоңышқаны 5 рет орып алады. Бұл малдың біраз жем-шөбіне қамсау болады. Егін егетін, оны оратын, жинайтын барлық қажетті техникалары да бар. Айта кетейік, бүгінде Жетісай ауданында 200 мыңға жуық ұсақ мал бар. Бүгінде ұсақ мал ұстап, оны бордақылаумен айналысатындардың қатары артып келеді.

Жайылымды жер демекші, Жетісай ауданында игерілмей жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Аудан әкімінің 27.03.2023 жылғы №26 санды өкімі негізінде аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің жер қатынастары секторы тарапынан арнайы жұмысшы тобы құрылып, ауыл шаруашылығы мақсатындағы игерілмей жатқан жер учаскелеріне түгендеу жүргізілген.

Нәтижесінде, ауылшаруашылық мақсатындағы игерілмеген жер учаскелерінің көлемі 351,57 га құрап, жер иелеріне Түркістан облысының жер ресурстарының басқару департаменті тарапынан тексеру тағайындау хабарламалары берілген. Соның ішінде 6 гектар жер игерілсе, 4 тұлға игерілмей жатқан 15,42 гектар жерді ерікті түрде мемлекетке қайтарған. Бүгінде 53 жер пайдаланушыларға тиесілі жалпы ауданы 330,2 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы игерілмеген жер телімдерін мемлекетке қайтару бойынша тиісті шаралар қабылдануда.

Жұмысшы топ өкілдерінің мәліметінше, игерілмеген ауыл шаруашылығы жерлері бойынша көшті Қызылқұм ауылдық округі бастап тұр. Мұнда 20 тұлғаға тиесілі 116,8 га жер учаскесі игерусіз болса, Жылы су ауылдық округінде 14 азаматтың 99 га жері қараусыз қалған. Алғашқы үштікті 11 тұлғаның 69,4 га жері игерілмеген Мақталы ауылдық округі түйіндесе, Қарақай ауылдық округінде 26,4 га, Атамекен ауылдық округінде 16 га, Жаңа ауыл ауылдық округінде 14 га, Ынтымақ ауылдық округінде 6 га және Қазыбек би ауылдық округінде 4 га жер көп жылдардан бері игерілмеген.

Одан бөлек, аудандағы қала, кент, ауылдық округтердегі заңсыз құрылыстарды жою бойынша анықтау, зерделеу жұмыстары жүргізіліп, құжаттары толық алынбаған немесе дұрыс емес және өз мақсатына сай пайдаланылмаған нысандар анықталып, Түркістан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына және Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаментіне өз құзыреті шегінде шара көру үшін жолданған.

Жетісай ауданында шағын және орта кәсіпкерлік  те дамуда. Ол үшін әкімдік тарапынан барлық жағдайлар жасалуда. 8 айда негізгі капиталға 12,5 млрд. теңге инвестиция салынды. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 2 есе жоғары. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 21 мыңнан асты. Өндірілген өнім көлемі 12,2 млрд. теңгені құрады.

Жалпы өңірлік өнім көлемі 8 айының қорытындысымен 54,5 млрд. теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда  6 млрд. теңгеге жоғары. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауын жасады. Онда Жаңа Қазақстанның бейнесін айқындайтын негізгі бағыт-бағдарды ұсынды. Оның ішінде ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру болып отыр.

Былтыр кіріс көздерін ұлғайту мақсатында тиісті 889 салық салу нысанына талдаулар жүргізілді.  700-ден астам салық салу нысанының құны қайта бағаланды. Оның ішінде: тойхана, қонақ үй, жанармай құю бекеттері, мейрамханалар мен дүкендер бар. Нәтижесінде бюджетке қосымша 60 млн. теңге өндірілді.

Қазіргі уақытта «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында шаруаларды несиелендіру жүргізілуде. Осы жылы бағдарламаға Қарақай, Ералиев, Мақталы, Қазыбек би ауылдық округтері қатысты. Бүгінгі күнге бұл жобаға 300-ге тарта ауыл тұрғындары  қатысып, 1,5 млрд. теңгеге өтінім беріліп, 159 жоба 926,8 млн. теңгеге қаржыландырылды.

Ауданда елді мекендерді абаттандыру, тұрғындарды инженерлік инфрақұрылыммен қамту, жолдарды жөндеу жұмыстары жалғасуда.Ауданда жұмыспен қамту шаралары да кеңінен жүзеге асырылуда. «Еңбек» бағыты бойынша 8 айдың қортындысы бойынша 9 600 адам қамтылып, жоспар 101,1% орындалды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» жөніндегі тапсырмасының аясында 2 мыңға жуық жұмыс орындары ашылды. «Дипломмен ауылға» жобасы аясында өткен жылы елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген мамандарға әлеуметтік қолдау қағидаларына сәйкес, 302 маманға 92,5 млн. теңгеге көтерме жәрдемақы және 72 маманға 330,8 млн. теңгеге тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредит берілді.

 

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

 

Оқылды 28 рет