Жұма, 26 Шілде 2024 13:17

Түркістанда «Turk youth talent» облыстық талантты жастар байқауының жеңімпазы анықталды

Түркістанда «Turk youth talent» облыстық талантты жастар байқауы өтті. Алғашқы іріктеу кезеңіне 200-ден астам өнерпаз өтінім білдірсе, олардың арасынан іріктеліп шыққан 50-ге жуық талант келесі кезеңге жолдама алған. Финалға 15 қатысушы өтіп, бойындағы өнерін көпшілікке паш етті.

Сайысты Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының Жастар ресурстық орталығы мен «Серпіліс» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған. Байқау мақсаты – ел арасындағы табиғатынан ерекше таланттарды табу. Шығармашылық ізденісін ұлғайтып, дарынды жастардың шеберлігін шыңдау. Талантты жастарды қолдау, елге таныту. Таланттар сайысында Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласы сазды-драма театрының басшысы Алиев Арман, «Серпіліс» қоғамдық бірлестігінің басшысы Нарымбетова Бейсенкүл, қоғам белсендісі, блогер Айтаханова Айгерім, Түркістан қалалық мәслихат депутаты Худияров Ғалымжан төрелік етті.

– Бүгінгі таланттар байқауы қасиетті өлкеміз – Түркістанның шын мәнінде ұлылардың, небір дарынды ғұламалардың, өнер дүлдүлдерінің отаны екендігін дәлелдей түскендей. Биылғы байқауға облысымыздың 17 аудан, қаласынан сан салалы өнер иелері, ерекше таланты бар жастар өз өнерлері мен туындыларын ортаға салды, – деді жастар көшбасшысы Ернар Бектаев.

Екі күн қатарынан өткен сайыста нағыз таланттар жүзден жүйрік шықты. Жүлдегерлер мен жеңімпаздар арнайы дайындалған дипломдар мен қаржылай сый-сияпаттарға ие болды. Әділ қазылар шешімімен бас жүлдені (1 млн теңге) ордабасылық Тұрсынбаев Болат иеленді. Жүлделі I орын төлебилік Камалов Ерсаитқа, II орын Бәйдібек ауданынан келген отбасылық акробатиктерге, III орын түркістандық Шырбанов Жанболатқа бұйырды. Сонымен қатар өзге аудан, қалалардан келген қатысушыларға 50 мың теңгелік ынталандыру сыйлықтары табысталды.

Осы тұста айта кетер болсақ, Түркістан облысында өңір басшысының тапсырмасымен жастар саясатын жүргізу, жастарға қолдау көрсету жұмыстары жаңаша форматқа көшіп, жұмыс тәсілі өзгертілген. Бұл әрекеттер өз жемісін беруде. Өңірде 14-35 жас аралығындағы жастар саны – 654 353 немесе халық санының 30%-ын құрап отыр. Оларға жан-жақты қолдау көрсету, жастар саясаты саласындағы жұмыстарды жандандыру – уақыт талабы.

Мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікке баулу, NEET санатындағылар үлесін төмендету, сондай-ақ ауылдағы жас буынды қолдау қарастырылған. Бұл мәселе облыс әкімдігінің апталық мәжілісінде талқыланды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аталған саладағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

– Ауқымды іс-шараларды облыс орталығында ғана емес, шалғай аудандарда, елді мекендерде де тұрақты өткізу керек. Жастар арасындағы өзекті мәселелерді жедел анықтап, алдын алу және профилактикалық жұмыстарды жандандырыңыздар. Екіншіден, колледждерге бөлінген мемлекеттік грант иегерлері талапқа сай білім алып, мамандыққа ие болулары керек. Оқу барысын қатаң қадағалаңыздар. Жастарды жан-жақты қолдау жалғасады, – дейді облыс әкімі.

Бұрын «Жастар ресурстық орталықтарының» жұмысында іс-шаралық формат басымдыққа ие болса, қазір орталық қызметкелері елді мекендер мен қалаларды аралап, замандастарымен етене жұмыс жүргізуде. 2023 жылы NEET санатындағы жастар үлесін азайту мақсатында 12 мемлекеттік бағдарлама аясында 38 757 жасты жұмыспен және оқу гранттарымен қамту жоспарланған болатын. Бүгінгі күнге дейін мемлекеттік бағдарламаларға жалпы 31236 жас тартылған.

Былтыр «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасын» жүзеге асыру мақсатында 33 252 (46,1%) жас жұмыспен қамтуға жолданды. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына 10 016 (47,5%) адам жолданып, жұмыспен қамтылды. Биыл «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы мемлекеттік бағдарламасы бойынша 1989 өренге жұмыс орны бөлінген. Есептік кезеңге сәйкес, бағдарлама бойынша 955 жас қамтылған. Түркістан облысының «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы жастарға арналған жеңілдетілген шағын 2,5% несие беру бойынша 2023 жылы 594 жасқа несие беріп, жалпы қаражат көлемі – 2 млрд. 970 млн. теңгеге жетті.

Жастар арасында келеңсіз жағдайлар мен жат қылықтардың алдын алу мақсатында кездесулер, семинар-тренингтер тұрақты өтуде. Талантты жастарды қолдау және жастарды жан-жақты дамыту бағытында облыс көлемінде бүгінгі күнге дейін 1958 іс-шара өткізіліп, 130 678 жас қамтылды. «Өз кәсібіңді аш» атты тақырыбында TEDx форматында жастарды кәсіпкерлікке ынталандыруға бағытталған экскурсиялар, танымал кәсіпкерлермен кездесулер өткізіліп жатыр.

Айта кетейік, жыл басында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі сол кездегі премьер-министр Әлихан Смайыловтың ескертулерін негізге ала отырып, 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасын қайта пысықтап шыққан болатын. Сол кездегі Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі ҚР Президенті Әкімшілігінің тиісті құрылымдық бөлімдерімен, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен және орталық мемлекеттік органдармен келісе отырып, құжатқа біраз өзгеріс енгенін хабарлады. «Атап айтсақ, индикаторлар саны 10-нан 12-ге, кешенді іс-шаралар саны 72-ден 80-ге артты. Тұжырымдаманың негізгі идеясы – «Жастар үшін» парадигмасын «Жастармен бірге» бағытына ауыстыру. Аталған құжат жастарды жан-жақты қолдау мақсатында 7 бағыттан тұрады», - деді Дархан Қыдырәлі.

Тұжырымдамаға «Жастар және ауыл», «Азаматтық қатысу және шешім қабылдауға атсалысу», «Заманауи құндылықтар және патриоттық тәрбие», «Салауатты өмір салты», «Жастар әлеуеті және кәсіпкерлік», «Ақпараттық кеңістік» және «Оқу-ағарту мен мәдениет» атты жеті бағыт енген. «Тұжырымдаманы іске асыру үшін республикалық және жергілікті бюджеттен көзделген қаражаттың жалпы көлемі 492,1 млрд теңгені құрайды, соның ішінде, республикалық бюджеттен 385,6 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 106,5 млрд теңге қарастырылған», - деп хабарлады Дархан Қыдырәлі. Тұжырымдаманың «Жастар және ауыл» бағытына сай, ауыл жастарының кәсіби дамуына, сондай-ақ кәсіпкерлік арқылы олардың әлеуетін іске асыруға баса назар аударылмақ.

Бүгінде жастардың 43,7%-ы  ауылда тұрады. Тұжырымдаманың осы бағытындағы шаралардың арқасында 2029 жылға дейін 1 миллион ауыл жастарын жұмыспен қамту, 1,5 миллион жастың  цифрлық сауаттылығын арттыру, 3,8 миллион жасты ресурстық орталықтар арқылы әлеуметтік қызметтермен қамту көзделген. Негізгі новеллалардың бірі – жастармен жұмыс істеу және олардың проблемаларын шешу бойынша әкімдіктер жұмысының тиімділігін бағалауға мүмкіндік беретін Жастарды дамыту индексін енгізу. 2029 жылға қарай мемлекеттік қолдау шаралары туралы жастардың хабардарлығын 90%-ға дейін, волонтерлік, қайырымдылық және экологиялық бастамаларға тартылу деңгейін 32%-ға дейін арттыруды көзделуде.

Сонымен қатар тұжырымдама жобасы жас кәсіпкерлердің үлесін 30%-ға дейін, жұмыспен қамту орталықтарына жүгінгендер арасынан жұмысқа орналастырылған жастардың үлесін 61%-ға дейін ұлғайтуды көздейді. 2029 жылға қарай 2,3 млн жасты жұмыспен қамту жоспарланып отыр, оның 1 миллионы – ауыл тұрғындары. Сондай-ақ ауылдық жерлерде тұратын 1,5 млн жас қазақстандық цифрлық сауаттылыққа оқытылады.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 28 рет