Сәрсенбі, 31 Шілде 2024 14:47

Түркістан облысындағы аудан, қалалар аумағында 151 қатты тұрмыстық полигон орны белгіленген

Түркістан облысында 2,1 млн адам тұратын 800-ден астам елді мекеннің 361-і қоқыс шығару қызметімен қамтылған. Аудан, қалалар аумағында 151 қатты тұрмыстық полигон орны белгіленген.

Оның 32-сі аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына жауапты бөлімге, 76-сы ауыл әкімдерінің және 43-і сенімгерлік басқаруға берілген. Зерделеу жұмыстарының нәтижесінде облыстағы 151 полигонның 71% талаптарға сәйкес келмейтіндігі анықталды. Қоқыс полигондары мәселесі Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде арнайы талқыланды. Өңір басшысы Дархан Сатыбалды жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді.

– Аудан, қала әкімдіктері мен жауапты басқарма ұсынған деректерде алшақтық бар. Нақтылап, шынайы ақпаратты ұсыныңыздар. Қатты тұрмыстық қаллық тастайтын полигондардың бәрі санитарлық талапқа сай әрі сапалы болуы тиіс. Тұтас зерделеп, қадағалаңыздар. Қоқысты өңдеу бойынша тиісті жұмыстар атқарылсын, – деді Дархан Сатыбалды.

Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиевтың айтуынша, облыс әкімімен Түркістан облысы аумағындағы қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон орындарын оңтайландыру және талапқа сәйкестендірудің 3 жылдық жоспары әзірленіп, бекітілген. Алайда аудан, қала әкімдіктерімен осы күнге дейін жұмыс жүргізілмеген.

Облыс аумағында тұрғындар санының көбеюіне байланысты, қатты тұрмыстық қалдықтар көлемі де артып келеді. 2024 жылдың 5 айында қоқыстарды қайта өңдеу үлесі 22,2%-ға жетіп отыр. Жыл қорытындысымен межені 26%-ға жеткізу жоспарланған. Қазығұрт, Отырар, Шардара, Бәйдібек, Келес аудандары аумағында қоқыстарды сұрыптау немесе қайта өңдеу кәсіпорындары болмағандықтан қоқыстарды қайта өңдеу көрсеткішін орындау күмән келтіруде.

2023 жылы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰҚ» АҚ арқылы облыс аумағында ғарыштан түсірілім жасалып, елді мекендер аумағында қатты тұрмыстық полигонның сыртында бей-берекет қоқыстар тасталған 414 нүкте анықталған. Ал 2024 жылы 19 нүкте анықталып отыр, қазіргі уақытқа тазаланғаны – 3. Яғни, тұрғындар елді мекен аумағында заңсыз әрі тұрақты түрде қоқыс тастауды жалғастыруда. Бұл мәселені шешу бойынша да міндет жүктелді.

ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың 7 ақпанда өткен кеңейтілген мәжілісінде «инвесторларды тарта отырып, ірі қалаларда тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу зауыттарын салуды жандандыру» тапсырмасы берілген. Қалдықтарды жинаудан бастап, оларды сұрыптаумен айналысатын мердігер мекемелерге субсидиялау тетіктері мен несиелендіру «Жасыл Даму» АҚ-ы қаржысы есебінен қарастырылған. Облыстан бүгінгі күнге 14 жоба мақұлданған.

Мәжілісте облыс әкімі осы жұмыстарды жандандыру, қоқыстарды тұрақты бей-берекет тастайтындарға тиісті айыппұл салу, тазалықты сақтау бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жандандыру, заңсыз әрі талапқа сай келмейтін қоқыс полигондарын реттеу жөнінде тапсырма берді. Бұл жұмысты дұрыс атқармаса, аудан, қала, ауыл әкімдері мен жауапты басқарма басшыларына тиісті шара көрілетіні ескертілді.

Айта кетсек, осы мәселеге қатысты келелі жиын жыл басында да өткен болатын. Яғни, Түркістан облысындағы тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару саласындағы өзекті мәселелер бойынша арнайы жиын өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев, тиісті сала мамандары, аудан әкімдерінің орынбасарлары және аудандардағы қоқыс жинайтын мекеме басшылары қатысқан болатын.

Әлемдік деңгейдегі мәселелердің бірі – ол қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу. Қазіргі таңда облыста қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын 151 полигон орны белгіленсе, оның 107-сі нормаға сәйкес келмейді. Оларға талдау жасалды. Нәтижесінде 71% талаптарға сәйкес келмейтіндігі анықталды. Аталған жиында Облыс әкімінің орынбасары осыған орай, оңтайландыру жұмыстарын қолға алу қажеттігін атап өтті.

Сол жиында белгілі болғандай, облыс аумағында тұрғындар санының артуына байланысты, қатты тұрмыстық қалдықтар көлемі де артып келеді. Өткен жылы қоқыстарды қайта өңдеу үлесі 23%-ға жоспарланып, толық орындалса, ал биылғы жылы меже 26%-ға жоспарланып отыр. «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ-ның зерделеуі арқылы Түркістан облысы бойынша өткен жылы 414 бей-берекет қоқыс орны анықталып, тазаланған. Биыл бей-берекет қоқыс орындарын болдырмау мақсатында, тиісті жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі.

Жиында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы аудандардағы тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын полигондардың қазіргі ахуалын баяндады. Оның айтуынша, облыста қоқыс шығарумен 58 мекеме айналысады, 247 дана техника қызмет көрсетеді. Айта кетейік, жиын барысында әр ауданнан келген қоқыс шығару мекемелерінің басшылары бұл саланы оңтайландыру бойынша облыс төңірегінде ассоциация құру жөнінде ұсыныс енгізді.

Былтыр мамыр айында осы тақырып бойынша өткен отырыста Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптайтын полигондардың жағдайы бойынша жасаған баяндамасында: «Облыс аумағында қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын 159 полигон орны белгіленіп, құжаттандырылған. Алайда 95 полигон санитарлық талаптарға сәйкес келмейді. Атап айтқанда, полигондар қоршаумен жабдықталмаған, көліктердің дөңгелектерін дезинфекциялаушы бетон ваннасы мен арнайы ерітіндісі жоқ, қалдықтардың көлемін өлшейтін таразы қойылмаған және көгалдандырылмаған. Өткен жылы қоқыстарды қайта өңдеу үлесі бойынша меже толық орындалған. Биыл жылдық жоспар 23% жоспарланған. Жыл соңына дейін аталған көрсеткішке қол жеткізіледі деп күтілуде. Бүгінгі таңда облыс бойынша 19 мекеме сұрыптаумен, 4 мекеме қайта өңдеумен айналысады. Атап өтсек, Ордабасы, Түркістан, Кентау, Сауран аудандарында тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеп кәдеге жарату жұмыстары жүйелі түрде атқарылуда. Басқа аудан, қалаларда қоқыстарды сұрыптау, бөлек жинау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар облыс бойынша Созақ, Мақтаарал, Келес, Жетісай, Отырар аудандары қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, шығару және көмуге арналған тарифтерді бекіткен. Ал қалған аудан, қала әкімдіктері тарапынан бекіту жұмыстары заң талаптарына сәйкес жүргізілуде», – деген болатын.

Сондай-ақ, былтыр бастапқыда 159 қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон орындарының талапқа сәйкес келмейтіні 60% пайыз болған еді. Соңғы анықтау, тексеру барысында 70% яғни 109 полигон санитарлық талаптарға сәйкес келмейтіні анықталғаны айтылған.Түркістан облысы бойынша экология департаментінің басшысы Қанат Қалмахан осы бағытта атқарылған жұмыстар мен мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, биыл қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарында 29 тексеру жүргізіліп, заңбұзушылықтар анықталған. 41 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 12 млн. теңгеден астам айыппұл салынған.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 28 рет