Бейсенбі, 01 Тамыз 2024 11:43

Түркістан облысында қоғамдық орындарды ластағаны үшін 10 мыңнан астам адамға айыппұл салынған

Жыл басынан бері Түркістан облысында қоғамдық орындарды ластаған 10 мыңнан астам адам жауапқа тартылған. Жалпы пайдалану орындарын, саябақтарды ластап, белгіленбеген орындарға қоқыс қалдырғандарға айыппұл салынады.

Қоғамдық орындар мен көшелерде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі Түркістан облысы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының отырысында жан-жақты талқыланды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен кеңеске құқық қорғау органдарының басшылары, барлық аудан, қала әкімдері мен басқарма басшылары қатысты.

Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін күн сайын 400-ден астам полицияның кешенді күштері жұмылдырылады. Бейнекамераларының көмегімен жыл басынан бері 100 қылмыс ашылып, 10 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Мысалы, бейнекамера арқылы кәмелетке толмағандар жасаған вандализм фактілері анықталады. Атап айтқанда, аз уақыт ішінде автобус аялдамасының әйнегін, көшедегі тренажер мен ойын автоматын сындырғандарға қатысты заңды шешім қабылданды.

Биыл тағы 450 бейнекамера орнату жоспарлануда. Облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бағланбек Айтбаевтың баяндауынша, Түркістан облысы бойынша қоғамдық орындар мен көшелерде 42 мың 427 әкімшілік құқық бұзушылықтардың жолы кесілді, бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 34 пайызға жоғары. Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау фактісі бойынша 10 мың 614 жағдай анықталды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 52,2 пайызға артып отыр.

Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыруға зиян келтірген 3 мың 736 бұзушылық фактісі анықталды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде биылғы жылдың 5 айында қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар саны 43 пайызға төмендегені анықталды. Жалпы қоғамдық орындар мен көшеде жасалған қылмыстардың саны бойынша Сарыағаш ауданында, Түркістан, Кентау қалалары мен Сайрам, Жетісай, Төлеби аудандары көш бастап тұр. Қылмыстардың басым бөлігі түнгі уақытта жарықпен қамтамасыз етілмеген орындарда жасалған.

Жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу кезеңінде жеке құрам қоғамдық орындар мен көшелерде қылмыстардың алдын алу, оның ішінде жасөспірімдермен, оларға қатысты құқық бұзушылықтардың жолын кесуге бағдарланған. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды мұндай қылмыстардың және құқық бұзушылардын алдын алу мәселесін шешу тек полицияның күшімен мүмкін емес екенін, сондықтан жергілікті жерлерде бірлескен жұмыстарды атқаруды тапсырды. Мәжіліс барысында берілген тапсырмалар, айтылған кемшіліктер мен сын-ескертпелер хаттамаға енгізіліп, нәтижелі жұмыстарды атқару міндеті жүктелді. Жалпы қылмысты төмендету бойынша тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе нақты шаралар қабылдауды, осы бағытта жұмысты жалғастырып, қоғамдық қауіпсіздікті қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Еліміздегі аса өзекті проблемалардың қатарына қоршаған ортаны қорғау мен экологиядағы өзекті мәселелерді жатқызуға болады. Осы жағдайға қатысты бүгінгі таңда елімізде түрлі ауқымды шаралар жүзеге асырылып келеді. Табиғат байлықтарын сақтау жер бетінде өмір сүріп жатқан халықтардың өмірі мен қызметін, мемлекеттердің тұрақты экономикалық дамуының және әл-ауқатын арттырудың негізі болып саналады. Ал қоршаған ортаны, ондағы жасыл желекті аялау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мен оның байлықтарын сақтау және көркейту әрбір адамзаттың міндетіне кіреді.

Табиғат – тіршілік атаулының құтты қоныс-мекені, тіршіліктің түлеп өсуіне қажет, жер бетіне көрік берген сәні. Халқымызда табиғат деген сөз жер, туған жер, атамекен ұғымдарымен қатар тұрады. Әрбір азамат табиғат алдында өзін жауапты, барлық жануарды киелі санап, өзен, көл жағалауларын таза ұстап, бұлақ көрсе көзін ашып, жастайынан балаларының санасына сіңіріп, бойларын жақсылыққа үйреткен.

Қоршаған ортаның бүтіндігін сақтау үшін, адамның, оның моральдық, этикалық дағдыларын өзгертіп, табиғат пен адам арасында жаңа көзқарас қалыптастыру қажет. Әрбір қоғам мүшесі табиғат құбы­лыс­тары заңдылықтарымен таныс болуы керек. Экологиялық сауатсыздықты жою жергілікті биліктің халық арасында жүргізетін маңызды мәселелеріне айналуы тиіс және тұрғындар өздері тұратын жерлерді таза ұстауға тырысып, қоршаған ортаға деген жауапкершілігін сезіне білуі тиіс.

Табиғатты қорғау қарапайым дүниеден басталатыны белгілі. Мәселен, жас ұрпақты табиғатты қорғауға тәрбиелеу ұлттық негіздегі балабақшадан басталады. Табиғат пен қоршаған ортаны қор­ғаудың жолдарын ұғындыру, жалпы халықтың экологиялық сауатын ашу, жас­тарға үздіксіз білім беру нәтижесінде ғана шешіледі. Біз бәріміз де табиғатты қорғауда, сақтауда және оны дұрыс пайдалануда ұрпақ алдында, тарих алдында жауаптымыз.

Міне, осы тұрғыдан барлық жеткіншікке экологиялық тәрбие мен білім беру – олардың дұрыс дүние тану көзқарасын қалыптастырады. Қашан да табиғатты аялайық. Ол өктемдікті көтермейді. Та­биғатқа адал болайық, ал адалдық табиғат үйлесіміндегі қатынастардың шынайылығы мен табиғилығын айқындайтын категория екені сөзсіз. «Табиғатсыз адамзаттың күні жоқ, оны айтуға табиғаттың тілі жоқ» деп халық даналығында айтылғандай, табиғатты қорғау біздің міндетіміз, болашақ ұрпаққа қалдырар байлығымыз. Сондықтан табиғаттың жанашыры болу әр адамның міндетті борышы екенін біліп жүрген дұрыс.

Тазалық - баршаға ортақ іс. Қаланың да, ауылдың да таза да көрікті болуы әрбір адамның жауапкершілігіне тығыз байланысты. Оған үлес қосу - әр тұрғынның міндеті деп білеміз.  «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, оған жергілікті әкімшіліктің, оған жауапты мекемелердің шаруасы деп қарамай, өзіміз тұратын үйдің төңірегін, көшемізді тазалап отырсақ - өңіріміз ажарлана түспей ме? Өйткені елдің мәдениеті, әдептілігі, жауапкершілігі, өзін-өзі сыйлауы тазалық шараларынан айқын көрініс табатындығы айдан анық.

Тазалықпен айналысатын мекемелердің, ақылы қоғамдық жұмысшыларының ықпалымен көптеген көшелер тазаланып жатыр. Осыған қарамастан сол көше­лерді тұрғындар қайтадан ластауда. Ауласынан шығарылған қоқысты тазаланған арықтарға, одан қала берсе, кез келген жерлерге апарып төге­тін жағдайлар да жиі кездеседі. Бұндай әрекеттер ұсақ құқық бұзушылыққа жататындығын ескере бермейді. Өмір сүріп отырған жеріңнің тазалығын сақтау - бүгiнгi күннiң басты талабы.

Ауылды, қаланы таза ұстау мәселесi арнайы мамандарға да, тұрғындарға да жүктелген мiндет. «Ауыл көркі – өз көркің» деген сөздің түп төркіні әр ауылдың, әр елді мекеннің ажары оның әрбір тұрғынына, ондағы үлкенді-кішілі кәсіпорын-мекемелердің ұжымдарына қатысты екенін аңғартады. Туған жерінің көркейіп-көгалдануы барлық тұрғынға ортақ міндет деп санаймыз. Сондықтан әрбір тұрғын өзі тұрған көшесіне тазалық жұмыстарын жүргізсе, дер кезінде күл-қоқыстан тазартып, ағаш отырғызып жатса  нұр үстіне нұр болар еді.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 26 рет