Сейсенбі, 06 Тамыз 2024 10:54

Түркістан облысы: Сауранда 600 орындық «Жайлы мектеп» салынып жатыр

Түркістан облысындағы үш ауысымды және апатты мектептердің мәселесін шешу мақсатында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында заманауи мектептер бой көтеруде. 2025 жылға дейін 49 мың бала білім алатын 63 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Жайлы мектептердің құрылысы Сауран ауданында да жүріп жатыр.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сауран ауданына жұмыс сапарымен барып, білім ұясының құрылыс барысын бақылады. Мердігерлермен кездесіп, нақты тапсырмалар міндеттеді. Сапаны қатаң бақылап, ғимаратты мерзімінде тапсыруды ескертті.Сауран ауданы, Иассы ауылдық округі, Еңбекші Дихан елді мекенінде «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тапсырысымен 600 орындық «Жайлы мектептің» құрылысы жүруде. Құрылыс жұмыстарын «Ныш-Ер» ЖШС 2023 жылдың тамыз айында бастады. Жаңа ғимаратты биыл білім күніне дейін тапсыру көзделген. Жоба құны – 4,267 млн теңге. Жалпы ауданы 2,8 гектар жерді құрайды. Ал, ғимараттың жалпы ауданы – 8 419,71 м2.

Сауран ауданында жалпы 53 мектеп жұмыс бар. Оқушылар саны 25 мыңнан асады. «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында ауданда 5 мектеп жоспарланып, үшеуінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Оранғай ауылдық округінен 150 орындық жаңа мектеп құрылысы аяқталды. Бұдан бөлек, кәсіпкерлер есебінен 5 мектептің құрылысы жүруде.

Былтырғы жылдың қорытындысымен Сауран ауданы бойынша мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының желісі 41 бірлікті құрады.  Соңғы 3 жылмен салыстырғанда балабақша саны 1 балабақшаға өскен. Оның ішінде жекеменшік балабақшалар үлесі – 68,2 құрайды. (28 балабақша) 41 мектепке дейінгі ұйымға 2-6 жас аралығындағы – 4 847 бала қамтылып 97%, 3-6 жас аралығындағы – 3 972 бала қамтылып, көрсеткіші 99%-ға жеткен.

Аудан әкімінің айтуынша, «Жайлы мектеп» жобасы бойынша ауданда 7 мектептің құрылысына арнайы жер орындары белгіленіп, құжаттары рәсімделген. 2023-2024 жылдар аралығында С.Қожанов елдімекенінде 300 орындық, Еңбекші дихан мен Қарашық елдімекендерінде 600 орындық, Аша, Ынталы және Құмтүйін елдімекендерінде 900 орындық, ал Ескі Иқан елдімекенінде 2 000 орындық мектептің құрылысы басталып, ел игілігіне тапсырылмақ.

Қисыны келгенде атап өтер жайт, ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында айтылған «Жайлы мектеп» жалпыұлттық жобасының жүзеге асуы — Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының жіті бақылауында. Ұлттық жобаның негізгі шарттары мақұлданғанын айтқан облыс әкімі салаға жауапты басшыларға құрылысы 2023 жылы басталатын мектептер бойынша мәселелерді жедел шешуді тапсырды. Сондай-ақ ол мектептерді сапалы жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етіп, оқу процесін цифрландыруға қажетті шараларды шұғыл жүзеге асыруға назар аударды.

Жалпыұлттық жоба аясында жаңа форматтағы мектептер салу жоспарланған. Әзірге 62 мектеп салу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оның жартысы келер жылы салынады. Жер бөлу мәселесі шешілген. Жаңа үлгідегі мектептер салу үшін жер телімдерін бөлу, инженерлік жүйелерін жүргізу, педагогтермен қамту және уақытында құрылысын аяқтау сынды тапсырмалар міндеттелді. Осы арқылы үш ауысымды, апатты, ескірген мектептер санын жою көзделген.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынғанын айтқаны белгілі. Бұл – ерекше жоба. Бағыт – айқын. Заманауи мектептердің құрылысын барынша тездету үшін жыл соңына дейін жер, инфрақұрылым мәселесі толық шешілуі тиіс. Бұл жоба білім сапасын арттыруға мол мүмкіндік береді. Жайлы мектептерде балаларға барынша қолайлы жағдай жасалады. Өңірде демографиялық өсім жоғары. Сондықтан өскелең ұрпақты сапалы біліммен қамту аса маңызды, – дейді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасында осы мақсатта 400 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінеді. Жоба аясында ашылған мектептер заманауи құрылғылармен толық жабдықталады. Зертханалармен қамтамасыз етіледі. Бастауыш сыныптарына арналған жеке блог болады. Мақсат – оқушылар мен оқытушыларға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау және білім беру қызметінің сапасын арттыру.

Аталған мектептердің құрылыс жұмыстарына беделді әрі бәсекеге қабілетті компаниялар тартылады. Сонымен бірге жұмыс барысы қатаң қадағаланады. Ол іске аса білікті техникалық қадағалаушылар шақырылмақ. Сондай-ақ бұл мектептер халық көп шоғырланған аумақтарда орналасады. Дархан Сатыбалды аудан, қала әкімдері мен жауапты басқарма басшыларына «Жайлы мектеп» жобасы бойынша салынатын мектептерді салуға дайындықты пысықтауды, осыған қатысты әрбір жұмысты жауапкершілікпен атқаруды тапсырды.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 34 рет