Сенбі, 10 Тамыз 2024 15:46

Түркістан облысында қоршаған ортаны ластағандар айыппұл төледі

Республика бойынша «Таза Қазақстан» экоакциясы аясында атқарылған жұмыстарға апта сайын талдау жүргізіліп келеді. Түркістан облысында аталған акция аясында абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалық, қоқыс шығару және полигондарды күтіп ұстау бойынша үздіксіз жұмыстар жүргізіліп жатыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен өткен аппарат мәжілісінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов аталған акция аясында бір апта көлемінде өңірде атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Облысқа қарсты 807 елді мекенінде сенбілік жұмыстары кестеге сәйкес тұрақты жүргізіліп келеді. Өткен аптада 64 елді мекенде санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді. Оған 181 632 тұрғын қатысып, 132 техника жұлдырылды. Сол күні, жалпы, 717 тонна қоқыс шығарылды. Нәтижесінде, 199,7 шақырым ауыл ішілік көшелер, 179 мемлекеттік мекемелермен және 410 кәсіпкерлік нысандармен іргелес аумақтар тазаланды. Көше бойындағы 12 404 ағаш қырқылып, әктелсе, 96 аялдама ретке келтірілді. Жалпы, санитарлық тазалық жұмыстарына 932 коммуналдық қызметші мен 102 техника қызмет көрсетеді.

Облыс басшысы Дархан Сатыбалды абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстарын үздіксіз жүргізуді, тазалық сақтау бойынша насихат жұмыстарын күшейтуді тапсырды.  Тазалық жұмыстарынан бөлек, құқық қорғау органдары тарапынан табиғатқа және облыс тазалығына зиян келтірген азаматтарды анықтап, тәртіпті шара қолдану бағытындағы жұмыстар күшейтілген.

Түркістан облысы Полиция департаменті құрылымдарымен, облыс аумағын абаттандыру қағидалары мен ортақ пайдалану орындарын ластау фактілерінің анықтау бағытында кешенді шаралар атқаруда. Жыл басынан бері Әкімшілік кодексінің 505 бабы «Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру» бойынша 4728 тұлға анықталып, 4175 ескерту жасалып, 147 азамтқа әкімшілік айыппұл салынды.

Әкімшілік кодексінің 434-2 бабы «Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау» бойынша 12 259 тұлғаға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар рәсімделіп, 171 млн теңге айыппұл салынған.Облыс аумағында тазалық және абаттандыру жұмыстары жалғасады. Қоршаған ортаны ластаған, заңды бұзған азаматтарға қатысты тәртіптік шаралар да тоқтамайды. Жұмыс барысы Дархан Сатыбалдының қатаң бақылауында болады.

Қоршаған ортаны қорғау мен экологиядағы өзекті мәселелер бүгінде қоғамның өзекті мәселелерінің бірі деп айтуға болады. Осы жағдайға қатысты бүгінгі таңда елімізде түрлі ауқымды шаралар жүзеге асырылып келеді. Табиғат байлықтарын сақтау жер бетінде өмір сүріп жатқан халықтардың өмірі мен қызметін, мемлекеттердің тұрақты экономикалық дамуының және әл-ауқатын арттырудың негізі болып саналады. Ал қоршаған ортаны, ондағы жасыл желекті аялау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мен оның байлықтарын сақтау және көркейту әрбір адамзаттың міндетіне кіреді.

Табиғат – тіршілік атаулының құтты қоныс-мекені, тіршіліктің түлеп өсуіне қажет, жер бетіне көрік берген сәні. Халқымызда табиғат деген сөз жер, туған жер, атамекен ұғымдарымен қатар тұрады. Әрбір азамат табиғат алдында өзін жауапты, барлық жануарды киелі санап, өзен, көл жағалауларын таза ұстап, бұлақ көрсе көзін ашып, жастайынан балаларының санасына сіңіріп, бойларын жақсылыққа үйреткен.

Қоршаған ортаның бүтіндігін сақтау үшін, адамның, оның моральдық, этикалық дағдыларын өзгертіп, табиғат пен адам арасында жаңа көзқарас қалыптастыру қажет. Әрбір қоғам мүшесі табиғат құбы­лыс­тары заңдылықтарымен таныс болуы керек. Экологиялық сауатсыздықты жою жергілікті биліктің халық арасында жүргізетін маңызды мәселелеріне айналуы тиіс және тұрғындар өздері тұратын жерлерді таза ұстауға тырысып, қоршаған ортаға деген жауапкершілігін сезіне білуі тиіс.

Табиғатты қорғау қарапайым дүниеден басталатыны белгілі. Мәселен, жас ұрпақты табиғатты қорғауға тәрбиелеу ұлттық негіздегі балабақшадан басталады. Табиғат пен қоршаған ортаны қор­ғаудың жолдарын ұғындыру, жалпы халықтың экологиялық сауатын ашу, жас­тарға үздіксіз білім беру нәтижесінде ғана шешіледі. Біз бәріміз де табиғатты қорғауда, сақтауда және оны дұрыс пайдалануда ұрпақ алдында, тарих алдында жауаптымыз.

Міне, осы тұрғыдан барлық жеткіншікке экологиялық тәрбие мен білім беру – олардың дұрыс дүние тану көзқарасын қалыптастырады. Қашан да табиғатты аялайық. Ол өктемдікті көтермейді. Та­биғатқа адал болайық, ал адалдық табиғат үйлесіміндегі қатынастардың шынайылығы мен табиғилығын айқындайтын категория екені сөзсіз. «Табиғатсыз адамзаттың күні жоқ, оны айтуға табиғаттың тілі жоқ» деп халық даналығында айтылғандай, табиғатты қорғау біздің міндетіміз, болашақ ұрпаққа қалдырар байлығымыз. Сондықтан табиғаттың жанашыры болу әр адамның міндетті борышы екенін біліп жүрген дұрыс.

Тазалық - баршаға ортақ іс. Қаланың да, ауылдың да таза да көрікті болуы әрбір адамның жауапкершілігіне тығыз байланысты. Оған үлес қосу - әр тұрғынның міндеті деп білеміз.  «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, оған жергілікті әкімшіліктің, оған жауапты мекемелердің шаруасы деп қарамай, өзіміз тұратын үйдің төңірегін, көшемізді тазалап отырсақ - өңіріміз ажарлана түспей ме? Өйткені елдің мәдениеті, әдептілігі, жауапкершілігі, өзін-өзі сыйлауы тазалық шараларынан айқын көрініс табатындығы айдан анық.

Тазалықпен айналысатын мекемелердің, ақылы қоғамдық жұмысшыларының ықпалымен көптеген көшелер тазаланып жатыр. Осыған қарамастан сол көше­лерді тұрғындар қайтадан ластауда. Ауласынан шығарылған қоқысты тазаланған арықтарға, одан қала берсе, кез келген жерлерге апарып төге­тін жағдайлар да жиі кездеседі. Бұндай әрекеттер ұсақ құқық бұзушылыққа жататындығын ескере бермейді. Өмір сүріп отырған жеріңнің тазалығын сақтау - бүгiнгi күннiң басты талабы. Ауылды, қаланы таза ұстау мәселесi арнайы мамандарға да, тұрғындарға да жүктелген мiндет. «Ауыл көркі – өз көркің» деген сөздің түп төркіні әр ауылдың, әр елді мекеннің ажары оның әрбір тұрғынына, ондағы үлкенді-кішілі кәсіпорын-мекемелердің ұжымдарына қатысты екенін аңғартады. Туған жерінің көркейіп-көгалдануы барлық тұрғынға ортақ міндет екені айтпаса да түсінікті.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 32 рет