Сейсенбі, 13 Тамыз 2024 10:01

Түркістан: Парламент мәжілісінің депутаты созақтық тұрғындардың ұсыныстарын тыңдады

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібеков Созақ ауданына іссапармен келді. Жұмыс сапары барысында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков аудан орталығында бой көтеріп жатқан құрылыс нысандарын таныстырды. Алдымен, «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан Ы. Алтынсарин атындағы 900 орынға арналған мектепте болып, жұмыс барысын бақылады. Кейіннен, жеке инвесторлар арқылы іске асып жатқан тұрғын үйлердің құрылысымен танысты. Мердігер мекеменің өкілдерімен кездесіп, ұсыныстарын тыңдады.

Жұмыс сапары барысында Парламенті Мәжілісінің депутаты Созақ ауылына арнайы барды. Созақ ауылдық мәдениет үйінде тұрғындарды жеке мәселесі бойынша қабылдап, өтініштерін тыңдады. Қабылдауға келген тұрғындар Шу өзені суы арнасының тартылу салдары шаруаларға қолайсыздық туғызғанын, ескірген каналдардың жөндеуді қажет ететіндігін айтып, ауыл шаруашылығы саласын дамыту бойынша ұсыныстарын жеткізді. Сонымен қатар қабылдауда Созақ ауылындағы №1 колледжге жатақхана салу мәселесі көтерілді. Ұласбек Сәдібеков көтерілген мәселелер назардан тыс қалмайтынын айтты.

Қабылдауға облыстық мәслихат депутаты Бегімбет Байғараев, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев, «Amanat» партиясы Созақ аудандық филиалының төрағасы Ернар Сағындық, аудандық мәслихат депутаты Серік Топшақов және Түркістан облысы әкімдігінің басқармаларынан өкілдер қатысты.

Бүгінде Созақ ауданында атқарылып жатқан істердің қарасы қалың. Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, инвестиция тарту, экономикалық өсім – қарқынды. Түркістан облысының маңызды аудандарының бірі саналатын атаулы өңірдің аяқ алысы жаман емес. Кәсіпкерлік саласы мен ауыл шарушылығы саласы да жыл өткен сайын дамудың даңғыл жолына түсіп келеді.

Созақ ауданында биыл жыл басынан бері 179 миллиард 568 миллион 400 мың теңгенің жалпы өңірлік өнімі өндірілген екен. Жалпы, өңірдегі негізгі көрсеткіштер жыл сайын жоғарылап, өсім байқалады. Былтыр жыл қорытындысы бойынша аудан өнеркәсіп өнім көлемі мен жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының көрсеткіштері бойынша облыста көш бастаған болатын. Сонымен қатар, ауданда «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында біршама жұмыстар атқарылу үстінде. Жалпы, бағдарламаға былтыр 277 жоба тапсырылып, 210 жоба 1 миллиард 169 миллион 410 мың теңгеге несие алған.

Қазіргі таңда Созақ ауданына қарасты 33 елді мекеннің 29-ы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Оның 21-і 24 сағат бойы тоқтаусыз ауыз суға қосылса, 5 елді мекенге кесте бойынша беріледі. Сондай-ақ, табиғи газға қосылу бойынша да біршама тындырымды істер қолға алынған. 2024 жылы АГТС қондырғылары орнатылып, іске қосылған жағдайда Шолаққорған ауылы мен Жеткіншек елді мекенінің тұрғындары табиғи газбен қамтылады. Ал «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде 2022 жылы ұлттық қордан Созақ ауылындағы спорт алаңы құрылысы жобасына қаржы бөлініп, 2023 жылы пайдалануға берілген. Сондай-ақ, аудан орталығы Шолаққорғаннан Түркістан қаласына қарай бағыттағы жол бойында республикалық бюджет есебінен заманауи үлгідегі спорт кешенінің құрылысы басталып, 2024 жылдың соңына дейін ел игілігіне беріледі деп күтілуде.

Ауданның дамуына толығырақ тоқталып өтейік. Иә, Созақ ауданында ауыл шаруашылығы саласы бойынша бірқатар тындырымды тірлік бар. Мәселен, өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру үшін Шолаққорған, Созақ, Құмкент, Жартытөбе ауылдық округтері қатысқан. Аталған ауылдық округтерден ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылып, жеңілдетілген несиемен қамтылып 88 миллион 850 мың теңгеге ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алды.«Ауыл аманаты» жобасына 277 жоба тапсырылып, 210 жоба 1 миллиард 169 миллион 410 мың теңгеге несие алды. Ал 2024 жылдың 3 айындағы деректерге үңілсек, 2024 жылы аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін Қаратау, Қарақұр, Сызған және Шолаққорған ауылдық округтері ұсынылып, қатысып отыр.

Созақ ауданында негізгі капиталға 678,1 миллион теңге инвестиция тартылып, жылдық жоспар 100% орындалды (жоспар: 677,8 миллион теңге). Тамақ өндірісіне 205,8 миллион теңге инвестиция тартылып, 101,2% орындалды (жоспар: 203,3 миллион) Егістік жер көлемі 14 390 гектарға игеріліп, 100,6% орындалды (жоспар: 14 300 гектар). Жерге тамшылатып суару әдісі 5,2 гектарға енгізіліп, 104%-ға орындалды (жоспар: 5 гектар). 30 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары алынып, жоспар 100% орындалды. Жаңбырлатып суару әдісі 164 гектар жерге ендіріліп, 100% орындалды (жоспар: 164 гектар). 4 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, меже (100%) орындалды. 8 дана жоғары отбасылық құс фермасы 500 бастан ашылып, 33%-ға орындалды (жоспар: 24 ферма). Сонымен қатар, 2023 жылы 13 127 тонна ет, 16 429 тонна сүт, 2 470 мың дана жұмыртқа өндірілді. Сондай-ақ, жыл қорытындысына сәйкес Созақ ауданында мүйізді ірі қара 36 129 бас, қой 245 338 бас, ешкі 23 540 бас, жылқы 30 115 бас, түйе 15 072 бас, құс 25 037 басты құрады.

Инфрақұрылымға келейік. Аудан көлеміндегі 33 елді мекеннің 29 елді мекеніндегі 62 910 адам орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Орталықтандырылған ауыз су құбыры бар 29 елді мекеннің 21 елді мекеніне ауыз су 24 сағат берілсе, қалған 5 елді мекенге  (Сызған, Созақ, Қарақұр, Қаратау, Қозмалдық) кестемен берілуде. «Шолаққорған ауылының Ақшам және Наурыз мөлтекаудандарын ауыз сумен қамтамасыз ету құрылысы» нысаны 2022 жылы басталып, нысан 2023 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілді. Қарабұлақ, Балдысу, Басбұлақ, Саржаз және Сызған елді мекендеріне ауыз су құбырын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірленіп, аудандық бюджеттен 9 миллион теңге, облыстық бюджеттен Қарабұлақ, Балдысу елді мекендеріне 34 миллион 400 мың теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталған. 2024 жылдың 3 айындағы мәліметтерге жүгінсек, Қарабұлақ, Балдысу, Басбұлақ, Саржаз елді мекендеріне ауыз су құбырын жүргізу үшін және Сызған елді мекенін тәулік бойы ауыз сумен қамту үшін құрылыс-монтаждау жұмыстары 2023 жылдың қазан айынан басталды. Нысандар осы жылдың соңына дейін пайдалануға берілетін болады.

«Ауыл — Ел бесігі» жобасы шеңберінде атқарылған шаруаларға тоқталсақ. Жолдарды жақсарту мақсатында 2023 жылы «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 22,4 шақырымды құрайтын 18 көшеге асфальт жабындысын төсеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен 11,6 шақырымдық 11 көшеге асфальт жабындысы төселді. 2023 жылы Жартытөбе, Аққолтық, Балдысу және Басбұлақ елді мекендерінің ішкі көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде елді мекеннің жолдары 100% асфальт жолмен қамтылды. Бұл ретте 2024 жылдың 3 айындағы көрсеткіштерді тілге тиек етсек. 2024 жылы «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 16,4 шақырымды құрайтын 17 көшеге асфальт жабындысын төсеу үшін мердігерді анықтауға мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылды. Сондай-ақ, аудандық бюджеттен 19,7 шақырымдық 17 көшеге асфальт жабындысын төсеу үшін мердігерді анықтауға мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылды.

Табиғи газбен қамту бойынша да ілгерілеу байқалады. Айталық, «Созақ ауданында АГТС бар магистральды газ құбыры-тармағын салу» нысаны бойынша 2019-2022 жылдар аралығында Жаңатас қаласы бұрылысынан Шолаққорған ауылына дейінгі 43,8 шақырым магистральды газ құбыры траншеяға 100% көмілген. Газды қабылдау құрылғысы (УПОУ) орнатылды. АГТС қондырғыларының орындары дайындалып, қоршалған. Электр бағаналары орнатылып, электр желілері жүргізілді. Найзағайдан қорғау прожектор діңгегі (ПМЖ) 5 дана және КТП-10/04кВ дизельдік электростанциясы орнатылды. ВОЛЬС кабельдері жүргізілді. 2024 жылға қосымша шарт түзіліп, ағымдағы жылдың наурыз айында АГТС қондырғыларының 2 данасы жеткізілді. Шолаққорған ауылы мен Жеткеншек елді мекенін табиғи газбен қамту мәселесін нақтырақ ашықтай кетсек. Аудан орталығы Шолаққорған ауылы мен Жеткеншек елді мекенін табиғи газбен қамту үшін «Шолаққорған ауылдық округінің газ тарату желісін салу» жұмыс жобасы бойынша 2021-2022 жылдар аралығында 100-ге жуық көшеде орналасқан 3200 абонентке газ құбыры жүргізілді. Шкафты газ реттеу пункітінің орындары дайындалып, 5 дана ШРП орнатылды.2024 жылы АГТС қондырғылары орнатылып, іске қосылған жағдайда Шолаққорған ауылы мен Жеткеншек елді мекені тұрғындары табиғи газбен қамтылады.

Көшелерді жарықтандыру бойынша да көзге көрінетін тірлік байқалады. 2023 жылы аудандық бюджет есебінен 10 елді мекеннің (Шолаққорған, Жартытөбе, Созақ, Сызған, Қаратау, Қарақұр, Жуантөбе, Құмкент, Қыземшек, Таукент) көшелері жарықтандырылып, ел игілігіне пайдалануға берілді. 2024 жылдың 3 айындағы көрсеткіштерді сараласақ, 2024 жылы жыл басында аудандық бюджет есебінен елді мекендерді жарықтандыруға 10 ауылдық округке (27 көшеге) (Шолаққорған, Жартытөбе, Құмкент, Сызған, Созақ, Қарағұр, Қаратау, Жуантөбе, Шу, Таукент) көше жарықшамдары орнатылды.

Енді құрылыс саласы бойынша не істеліп жатқандығын айта өтейік. «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Ұлттық қордан Созақ ауылындағы спорт алаңы (2022 жылдан өтпелі) құрылысы басталып, 2023 жылы құрылыс-монтаж жұмыстары (сыртқы инженерлік желілері)  аяқталып, қабылданды. Қаратау ауылындағы жабық кіші футбол алаңының 2023 жылы құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. 2023 жылы Шолаққорған ауылынан заманауи спорттық сауықтыру кешені құрылысы басталды.  Нысан 2024 жылға өтпелі. «Тасты ауылындағы 75 орындық мәдениет үйінің құрылысы» 2023 жылы 4 желтоқсанда құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, қабылданды.

Биыл құрылыс жұмыстарын бастауға бірнеше жобаларға қаржы қарастырылды. Атап айтар болсақ:«Түркістан облысы Созақ ауданының Құмкент ауыл округі Жылыбұлақ каналын салу» жобасы. «Қаратау елді мекенінің қатты қалдықтар тастайтын орынының құрылысы» басталды. «Қарақұр елді мекенінің қатты қалдықтар тастайтын орынының құрылысы» жобаның құны – 303,2 миллион теңге. 2023 жылға 1,0 миллион теңге қаралып, игерілді. Нысан 2025 жылға өтпелі. «Жуантөбе елді мекенінің қатты қалдықтар тастайтын орынының құрылысы». Нысан 2025 жылға өтпелі.Шолаққорған ауылындағы «Астана» мөлтекауданына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы жобалық-сметалық құжаттамасына түзету енгізуге оң сарапта қорытындысы алынды. Нәтижесінде жер кезегінде тұрған 435 адам тұрғын үйге жер телімдерін беруге мүмкіндік болады. Ал 2024 жылдың 3 айындағы мәліметтерді сөйлетсек, Шолаққорған ауылындағы заманауи спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысын 2024 жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарлануда. «Қарақұр ауылдық округі аппараты әкімшілік ғимаратының құрылысы» нысаны 2023 жылдан өтпелі болып іске асырылуда. Нысанды биыл аяқтау жоспарлануда және Қарақұр ауылында кіші жабық футбол алаңының құрылысы басталуда. Бұл нысан да биыл аяқталады.

Енді білім саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталайық. Аудан бойынша 35 мектеп, 37 балабақша (17 мемлекеттік, 20 жекеменшік)  жұмыс атқаруда. 2023-2024 жаңа оқу жылында 1-ші сыныпқа 1 546 бала қабылданып, жалпы оқушы саны – 15 480, бітіруші саны 966 баланы құрап отыр. Аудандағы 37 балабақшада (17 мемлекеттік, 20 жекеменшік) 4 106-ға жуық бала тәрбиеленуде (мемлекеттік балабақшаларда — 2491 бала, жекеменшік балабақшаларда – 1615 бала). «Білімді ұлт» ұлттық жобасында 2-6 жастағы балаларды балабақшамен қамтуды 100 пайызға жеткізу міндеті тұр. Қазіргі таңда қамту көрсеткіші – 99,6%, 3-6 жас 100%-ды құрады. Президенттің тапсырмасына сәйкес «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында Шолаққорған ауылынан 900 орындық Ыбырай Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің құрылыс жұмыстары басталды. Ыбырай ауылынан 200 орындық Құрманғазы атындағы шағын жинақты жалпы орта мектебі пайдалануға берілді. Қазіргі таңда жалпы 6 951 бала ыстық тамақпен қамтылған, оның ішінде 1-4-ші сынып оқушылары — 5 920 бала.

Балалардың қауіпсіздігін күшейту мақсатында облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес барлық мектептердің бейнебақылау жүйелері ауыстырылды. Аталған бейнебақылау жүйелері полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылды. «Балалар жылы» аясында Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде облыс мектептеріне лизинг тәсілімен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ы арқылы 3 заманауи автобус алынып, аудан бойынша 3 елді мекенде 103 бала мектепке тасымалдануда. Аудандағы 38 балабақшада (17 — мемлекеттік, 21 — жекеменшік) 4141 бала тәрбиеленуде (мемлекеттік балабақшаларда — 2 492 бала, жекеменшік балабақшаларда – 1 649 бала).

Жұмыспен қамту саласындағы деректер мен дәйектер де көңіл көншітеді. Мәселен, Ұлттық жобалар шеңберінде 4 713 азамат әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылып, жылдық жоспар 130 пайызға орындалды. ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» тапсырмасына сәйкес, 714 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып, 12 айдың қорытындысына сәйкес 861 жаңа жұмыс орны ашылды.  Жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрайды. 2023 жылы 3 рет жәрмеңке өткізіліп, барлығы 260 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмыспен қамту шараларына тартылды.

«Қуатты өңірлер: ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасы аясында 21-35 жас аралығындағы жастарға Түркістан облысы «Агронесие корпорациясы» АҚ арқылы 2,5 % шағын несиемен 2023 жылы 32 азаматты 160 миллион теңге қаржымен қамту жоспарланып, жыл қорытындысына сәйкес 26 азамат тарапынан 122 миллион 600 мың теңге алуға тиісті  құжаттары жинақталып, комиссия отырысына қарауға ұсынылған. Оның ішінде 20 азамат 95 миллион 698 мың теңге несиеге қол жеткізу үшін комиссия шешімінің оң қорытындысын алып, шағын несие алуға Түркістан облысы «Агронесие корпорациясы» АҚ-мен 19 азамат 92 миллион 600 мың теңге алу мақсатында келісімшартқа қол қойып, қаржысын алды.

2023 жылы 12 айдың қорытындысы бойынша атаулы әлеуметтік көмек 630 отбасыға (3 450 адамға) 227 миллион 379 мың теңге төленді. Аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін аудандық аумақтық орталығы» КММ-де «Katco» қазақ-француз біріккен кәсіпорны» демеушілігімен мүгедектігі бар балаларға қызмет көрсетуге арналған әлеуметтік такси пайдалануға берілді. 2024 жылдың 3 айындағы деректерге сүйенсек, 2024 жылдың 1-ші тоқсанының қорытындысына сәйкес пробация қызметінің есебінде тұрғандар мен бас бостандығынан айырылу мекемелерінен босаған азаматтарға арнап 1 рет жәрмеңке өткізіліп, 2 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіліп, 54 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмыспен қамту шараларына тартылды. 2024 жылдың 3 айында 218 отбасы (1 261 адам) атаулы әлеуметтік көмек алды.                         

Мәдениет саласына ойысайық. Созақ ауданында қазіргі таңда 40 мәдени мекеме аудан халқына мәдени қызмет көрсетіп отыр. Оның ішінде 17 мәдениет үйі мен клубтар болса, 23-і — кітапхана.2023 жылы ағымдағы жөндеу жұмыстарын қажет ететін 3 мәдениет мекемесіне аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Олар: Созақ ауылдық мәдениет үйі (ағымдағы жөндеу), Жартытөбе ауылдық клубы (жылу жүйесіне жөндеу), Жуантөбе ауылдық клубы (жылу жүйесіне жөндеу). Сондай-ақ, Ақсүмбе ауылдық клубын ағымдағы жөндеуден өткізуге сметалық құжаттар әзірленді. Тасты ауылынан 75 орындық ауылдық мәдениет үйін салуға жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді.

2024 жылдың алғашқы 3 айында, яғни ағымдағы жылдың 25 сәуірінде «КАТКО» Қазақ-Француз біріккен кәсіпорны демеушілігімен күрделі жөндеуден өткен Шу ауылдық кітапханасының жаңа ғимараты ашылып, ел игілігіне ұсынылды. Ал, 2024 жылы ағымдағы жөндеу жұмыстарын қажет ететін Ақсүмбе ауылдық клубына бюджеттен қажетті қаржысы бөлініп, қазіргі таңда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Спорт саласында ауыз толтырып айтатын жетістіктер жоқ емес. Аудан тұрғындарының спортпен тұрақты түрде шұғылдануына ықпал жасау мақсатында ауданда 198 спорттық нысан жұмыс істеп тұр. 2023 жылы 5 спорт нысанының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Қаратау ауылынан жабық кіші футбол алаңы, Созақ ауылынан 1000 орындық жаңа стадион, демеушілер есебінен Шолаққорған ауылының С.Әбуов және А.Спатаев көшелерінен балалар ойын алаңшалары мен кіші футбол алаңы және Шу ауылынан баскетбол, волейбол алаңшасы мен «Street workout», балалар ойын алаңшасы, Қаратау ауылдық округіндегі Саржаз елді мекенінен кіші футбол алаңшасы пайдалануға беріліп, Шолаққорған ауылының Түркістан бағытына қарай тас жол бойынан республикалық бюджет есебінен заманауи үлгідегі спорт кешенінің құрылысы басталып, 2024 жыл соңына дейін құрылысы аяқталады деп күтілуде.

Денсаулық саласы туралы. Аудан халқына 28 емдеу мекемесі қызмет көрсетеді. Нақтырақ айтсақ, 1 аудандық аурухана, 1 аудандық емхана, 1 МСАК орталығы, 9 дәрігерлік амбулатория, 4 фельдшерлік-акушерлік тірек, 13 медициналық тірек.  2023 жылы диспансерлік есепте тұратын науқастар 258 миллион теңгеге тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. Басты бағыт ана мен бала денсаулығын қорғау болып табылады. Осы мақсатта жүйелі түрде ана мен нәрестелер өлімін болдырмау көрсеткішін барынша төмендетуге арналған іс-шаралар атқарылуда. 2023 жылы 1 жасқа дейінгі 12 нәрестелер өлімі орын  алған. (2022 жылы 13 нәресте өлімі орын алған). Ал, туберкулезден болған өлім көрсеткіші өткен жылы да, биыл да тіркелмеді. Денсаулық сақтау саласының әрбір көрсеткішін төмендету бойынша алдын алу шаралары атқарыла беретін болады. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның демеушілігімен 2 жедел жәрдем автокөлігі алынды. Бұл көліктердің ерекшелігі, жол талғамай, құмды жерлер мен шалғай ауылдарға еш қиындықсыз қатынай алады. Науқастарды тасымалдауға арналған көліктің ішінде жататын орын және алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Облыс әкімі бекіткен үш жақты келісім жөніндегі Меморандумдағы көрсеткіштер бойынша, рейтингтік бағалау нәтижесінде 2023 жылдың қорытындысына сәйкес Созақ ауданы көш басынан орын алды. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бойынша атқарылған жұмыстар барысы туралы айтсақ. Елімізде тазалыққа қатысты мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы өтуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Таза Қазақстан» акциясы тұрақты дағдыға айналатын бастама екенін айтты. Акция аясында ауданда түрлі шаралар іске асырылуда. Аудан орталығының аумағы 5 секторға, яғни ондағы 144 көшеге жауапты ретінде бекітілген әр мекеме қызметкерлері аялдамаларды қалпына келтіру, күл-қоқыс шығару, тазалау, реттеу жұмыстарын жүргізіп, су өткелдерін, көпірлерді, өзен, канал, бұлақ, арық бойларын тазалап, қураған ағаштарды жою мен көшелердің бойындағы жол белгілері мен электр бағаналарын реттеу, сырлау сынды жұмыстарын жүргізуде.

Сондай-ақ аудан аумағын жасыл желекке айналдыру мақсатында жалпы саны 27 500 тал көшеті отырғызылды. Шолаққорған-Түркістан бағытындағы “Жасыл белдеу” аумағы жолдың екі шетін қоса есептегенде 5 шақырымға артты. Бұл аумақ қазіргі уақытта толықтай қоршалды. 10 мың метрге жуық шарбақ тартылып, егілген тал көшеттерін суару жүйесі орнатылды. Осылайша барша мекеме қызметкерлері, аудан тұрғындары, жастар қауымы тазалық жұмыстарына көмек қолын созуда әрдайым ниетті екендіктерін білдіріп келеді. Жоғарыда аталған жұмыстар легі алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, жүйелі түрде жүргізіліп отырады.

Оқылды 28 рет