Сейсенбі, 13 Тамыз 2024 13:13

Түркістан: «Жасыл елдің» 1500 жасағы «Таза Қазақстан» акциясына атсалысады

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы Түркістан өңірінде қарқынды жүргізіліп жатыр. Аталған акцияға облыс жастары мен еріктілері белсенді атсалысуда. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен өткен жиынға аудан, қалалық жастар ресурстық орталықтары басшылары мен селектор режимінде аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары мен орталық басшыларына өңірде «Таза Қазақстан» акциясы аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізу, тұрғындардың экомәдениетін қалыптастыру мен қоршаған ортаны таза ұстау бойынша түрлі тиімді жобалар жасап, тазалық шарасы аясында жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

– Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» акциясы бір реттік науқан емес, жыл соңына дейін жалғасатын акция. Бүгінде облыста осы бағыттағы жұмыстар өз жалғасын тауып келеді. Қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен қоршаған ортаны қорғауда «Үлгілі аула» жобасы аясында белсенді азаматтардың бастамасымен көше бойлары, үй аулалары, көпқабатты үйлердің айналасы тұрақты түрде қоқыстан тазартылуда. Сондай-ақ «Үлгілі ауыл» жобасы облыстағы үздік ауылдар қатысуға өтінім берген бірегей жоба. Бұл жоба аясында инфрақұрылымы дамыған, тазалығы тұрақты жүргізілетін ауылдар өзара бәсекеге түспек. Аталған бағыттағы жұмыстарды ары қарай жандандыру қажет, – деді Б. Тәжібаев.

Облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейітжановтың айтуынша, акция аясында өткізілген іс-шараларға 80 мыңға жуық ерікті қатысты. Сондай-ақ 17 аудан, қала көлемінде 92 мыңға жуық ағаш көшеті және 10 мыңға жуық гүл отырғызылып, 1174 тонна қоқыс шығарылды. Сонымен қатар 198 киелі-мекенде, көше бойларындағы ағаштарды әктеу, сырлау жүріп, қоқыс қалдықтары шығарылса, 230 қарт кісінің үйілеріне тазалық жұмыстары жүргізілді.

Түркістан облысы Жастар ресурстық орталығының бастамасымен «Жас Түркістан» еріктілер ассоциациясы құрылып, «Бұл сенің өңірің» акциясы негізінде 500 жастың қатысуымен тимбилдинг ұйымдастырылса, «Асыл мұра» жобасы асында Түркістан облысының тарихи мәдени орталықтары мен туристік аймақтарында аптасына 1 рет 300 жастың қатысуымен квест ойындары өткізілді. Айта кетейік, биыл Түркістан облысында «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы мемлекеттік бағдарламасына 1500 жасты қамту жоспарлануда.

Түркістан облысында 3 млн 131 мың гектар орман қоры жерлері бар, оның 50 % -дан астамы орманмен көмкерілген. Өткен жылы орманды молайту шаралары бойынша 11 610 гектар жерге мәдени орман екпелерін жүргізу жоспарланып, толығымен орындалды. ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында Республика аумағында экологиялық ахуалды жақсарту үшін 2 млрд ағаш көшеттерін отырғызу тапсырылған болатын. Осыған орай биыл Түркістан облысында 30 млн дана тал егіледі деп жоспарланып отыр.

Түркістан қаласының экологиялық ахуалын жақсарту және тұрақтандыру мақсатында қала айналасынан 2019-2023 жылдары 7700 гектар аумаққа «Жасыл белдеу» құру жоспарланып, қазіргі таңда бес жылға жоспарланған меже артығымен орындалды. Дәл осы тұста әр талды егіп, баптаудың оңай соқпайтынын атап өткен жөн. Түркістан облысының климатына байланысты көшеттердің жерсінуі 50 % -дан аспайды. Өзге өңірлерде 70% төңірегінде. Су тапшылығы кезең-кезеңмен шешілуде. Әр тал жеке-жеке суарылады. Алда облыс орталығының айналысындағы 20 мың гектар аумаққа жасыл белдеу қалыптасатын болады.

Облыс көлемінде 5 жылда 110 210 гектар жерге 170 млн. ағаш көшеттерін отырғызу бойынша Кешенді жоспар бекітіліп, жұмыстар қарқынды түрде жүргізілуде. Облыс әкімдігіне қарасты орман шаруашылығы мекемелеріндегі 21 питомникте бүгінде 8,6 млн. аса әртүрлі ағаш көшеттері өсірілуде. Олардың санын 30 млн-нан асыру жоспарланған.

Еліміздің мемлекеттік орман қоры аумағындағы сексеуіл екпелерінде ағаш кесудің барлық түріне 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін тыйым салынған болатын. Осыған байланысты, сексеуілді заңсыз кесу оқиғаларын тоқтату мен сауда орындарында сатылуының алдын алу барысында орман шаруашылығы мекемелері, аумақтық инспекция, Түркістан облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы мен облыстық ІІД жергілікті полиция қызметінің табиғат қорғау полиция қызметкерлерімен халық арасында түсіндірме жұмыстары мен қатар рейдтік шаралар ұйымдастырып, тұрақты түрде жұмыстар атқарылғанын айта кетейік.

Тағы бір айта кетерлігі, Түркістан облысыда тазалық, абаттандыру жұмыстары жаңаша бағытта үйлестіріліп, жүйелене түседі. Президент «Таза Қазақстан» акциясын науқан емес, қалыпты өмір дағдысына айналдырып, жыл он екі ай бойы осы бағытта жұмыс жүргізуді тапсырды. Сонымен бірге, облыс басшысы көшесін, ауылын таза ұстаған тұрғындарды ынталандыру мәселесін көтеріп келеді. Мысалы, әлеуметтік нысандар мен жолды бірінші кезекте тазалық талаптарын сақтаған елді мекендерге салып беру және де ынталандыру шараларын әзірлеуді жүктеді.

– Тазалық пен абаттандыру – жыл он екі ай тоқтаусыз жүретін жұмыстар. «Таза Қазақстан» акциясы өмірлік дағдыға айналуы тиіс. Өңірдегі барлық мемлекеттік, бюджеттік, жеке меншік, ауыл шаруашылығы, спорт, мәдениет, жалпы мекемелердің бәрінің басшылығына тиісті ұсыныс берілсін. Әр мекеме ұжымы өздері тұратын нысанды сәндеп, жан-жағын көгалдандырып, тазалық жұмыстарын атқарсын. Әрбір аудан, қала, ауыл әкімдері өздері басқаратын аумақтағы мекемелер қызметкерлерін, тұрғындарды тазалық акциясына шақырсын. Жұмысты үйлестірсін. Бұл – бір. Екіншіден, тазалық пен абаттандыру жұмыстарын науқанмен шектемей, проблемаларын анықтап, жүйелі түрде шешуіміз керек. Коммуналдық мекемелер құру, оларды қаржыландыру жұмысы жандансын, – деді Дархан Сатыбалды.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 30 рет