Бейсенбі, 29 Тамыз 2024 18:23

Шымкентте жас басқарушыларға жол ашылды: өңірлік кадр резервіне іріктеу нәтижелері шықты

Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өңірлік кадр резервіне іріктеудің нәтижелері бойынша баспасөз конференциясы өтті. Конференцияда ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Қадырбеков Қанат Керімханұлы өңірлік кадр резервін қалыптастыру жөніндегі жұмыстарды баяндады.

 

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында биыл алғаш рет өңірлік кадр резерві жасақталуда. Бұл жобаның мақсаты – өңірлердегі жас басқарушылар пулын қалыптастыру және мемлекеттік қызметке талантты жастарды тарту. Іріктеуді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жүзеге асыруда, ал іріктеу процесі 2024 жылдың 1 наурызында басталды.

Іріктеу үш кезеңнен тұрады, әрбір кезең кандидаттардың біліктілігін және перспективасын анықтауға мүмкіндік береді. Шымкентте іріктеуге 400-ге жуық азамат қатысқан. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Ассессорлармен өткізген «Құзыреттерді бағалау» кезеңіне қатысқан 58 кандидаттың 47-сі «Құрылымдық сұхбат» кезеңіне өтті.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті «Құрылымдық сұхбатты» 19-20 тамыз аралығында Шымкент қаласы әкімдігінде ұйымдастырды. Қала әкімі Ғ.Сыздықбековтің төрағалығымен өткен жиналыста өңірлік комиссия мүшелері үміткерлердің жобаларына бағаларын берді. Отырыстың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында тиісті сала сарапшылары, ЖОО, БАҚ, бизнес өкілдері мен байқаушылар қатысты.

Айта кетейік, Шымкент қаласында өңірлік кадр резервіне іріктеу 7 салалық бағыт бойынша жүргізілді: индустрия және өнеркәсіп, экономика және қаржы, әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым, агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары, цифрландыру, экология. Цифрландыру бағыты бойынша үміткерлер анықталмағандықтан, қалған 6 бағыт бойынша 30 үміткер іріктелді.

Оқылды 98 рет