Жұма, 30 Тамыз 2024 22:28

Шымкенттіктер Семей полигонының жабылған күнін атап өтті

Бүгін Шымкент қаласында Семей полигонының жабылғанына 33 жыл толуына орай “Жеңіс” саябағында ауқымды іс-шара өтті. Аталмыш шараның мақсаты - қатысушылардың Семей полигоны туралы білімін тереңдете отырып, Ядролық қарудың адамдарға тигізер зардабы туралы айту және олардың ой-өрісін кеңейту. Семей ядролық сынақ полигонындағы қатерлі қару зардабынан жазықсыз жапа шеккендер жайында, полигон сұмдығы жайында түсіндірме беру.

 

Жиынды Шымкент қаласының 748 әскери бөлімінің сарбаздары, Үүрмелі аспаптар оркестрі және фольклорлық ансамблі еліміздің Әнұранымен бастап, соңынан Семей полигоны құрбандарын еске алу үшін бір минуттық үнсіздік жарияланды.

Сондай-ақ, шара барысында Шымкент қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаменттінің, Шымкент қалалық Ардагерлер кеңесінің өкілдері сөз сөйледі. Ал, Шымкент қаласының Құрметті азаматы, “Алтын барыс” төсбелгісі мен “Шапағат” медалінің иегері, отставкадағы полковник Серікбай Онбаев бұл іс-шараның өтілу барысы мен мақсатын түсіндіріп берді. Мұнан кейін жиналған қауым Ұлы Отан соғысының даңқты батыры, генерал-майор Сабыр Рахымовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Гүл шоқтарын қоюға облыстық және қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері, Ұлттық ұлан сарбаздар, Семей ядролық сынақ полигонына қатысқан азаматтар мен қала әкімдігінің қызметкерлері қатысты.

Айта кетейік, 29 тамыз - ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні.

1991 жылы дәл осы күні әлемдегі ең қуаттылығы жағынан екінші орында тұрған Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойылған болатын.

Бұл шараға жиналған Семей полигоның ардагерлері қала әкімінің алғыс хат, Құрмет грамоталарымен марапатталып, жиын соңында құрметпен дайындалған ақ дастарханға жайғасты. Әрі қарай қазақ патриоттық әндері мен күйлері тыңдалып, жиын соңы әдемі көңіл-күйде өз мәресіне жетті.

Оқылды 94 рет