Сәрсенбі, 31 Қазан 2018 11:00

Түркістан облысы: Шәуілдірде 1000 адам сиятын мешіт ашылды

Отырар ауданының орталығы Шәуілдірде мың адамға лайықталған жаңа мешіт ашылды. «Есен ана» атауы берілген исі мұсылман баласының ортақ рухани орнын салтанатты түрде ашып, ел игілігіне беруге Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз арнайы қатысып, лентасын қиды.

«Есен ана» мешітін жергілікті кәсіпкер Өскенбай Үсенов өз қаржысына салдырған. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында қолға алынған «Туған жерді түлету – перзенттік парыз!» акциясы ауданның әлеуметтік әлеуетінің артып, кескін-келбетінің ажарлануына жоғары деңгейде үлес қосып жатқаны белгілі. Осы орайда, діңгегі тамырлы елге тектілікпен мән беріп, мүмкіндігін мейлінше халық игілігіне бұрған ауданның жанашыр тарланбоз кәсіпкерлеріне аудан әкімі Ерлан Айтаханов алғысын білдірді. Сондай-ақ, аудан әкімі Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлына бабтардың бабы - Арыстанбабтың мөрі бейнеленген қолөнер бұйымы мен аудан тарихынан сыр шертетін үш тілде дайындалған «Отырар жәдігерлері» кітап-альбомын тарту етті.

«Мешітті салу туралы ой туған жерге деген іңкәр сезім мен ыстық ықыластан туындады. Руханиятқа тұнған, шежірелі тарихты мекеннің халқы қай кезде де өзіндік рухани биіктігімен үлгі болуы тиіс. Біздің ел мен туған жерге деген махаббатымыз перзенттік парызымызбен келешек ұрпаққа тәрбие болып қаланары хақ. Рухани өлкедегі рухани серпіліс, рухани жақсылық, жаңалығымыз азаймасын. Бабалар қалдырған тарих мирасын жандандыруға, ажарландыруға үлес қосу баршамыздың парызымыз. Жерлестерімді туған жерді түлетуге атсалысуға шақырамын», – деді кәсіпкер Өскенбай Үсенов.

Қайырымдылық шараларының бел ортасынан табылып, ізгілікті істерге ұйытқы болған жомарт жүректі азаматқа отырарлықтар атынан Жаңабай Әлсейітов ақбоз ат мінгізсе, ел қариялары ақ баталарын берді. ҚР Парламенті Мәжілісінің экс-депутаты Өстемір Бектөреев пен зейнеткер Әбілқасым Құлымбетов жаңадан ашылған имандылық ордасы ауыл тұрғындары ғана емес, өсіп келе жатқан жастардың бойына имандылық нұрын құйып, ел-жұртты бірлікке, татулыққа ұйытсын деген ізгі тілектерін білдірді. Жиылған жұрт мешіт намазын оқып, бабалар рухына арналған асқа қатысты.

«AQ-QARA.KZ» – ақпарат»

Оқылды 1056 рет