Сәрсенбі, 07 Мамыр 2025 15:11

Ордабасы: аудан әкімі бірқатар нысандарды аралап, тапсырмалар берді

Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев кезекті жұмыс сапарымен жауапты сала орынбасарлары және бөлім басшыларымен бірге бірқатар нысандарды аралады. Бірінші кезекте аудан орталығы Темірландағы көшелерді аралап, назардан түспейтін санитарлық тазалық, абаттандыру шараларының жағдайын бақылады.

Келесі кезекте Шұбарсу ауыл округіне барып, ауыз су жүйесін жүргізудегі олқылықтардың қалыпқа келтірілуін қадағалады. Одан кейін Қалметов көшесіндегі асфальт төсеу жұмыстарын көріп, жолды кеңейту мәселесін пысықтап, бұдан бөлек тас төселіп жатқан өзге көшелерге де бағыт бұрды.

Онан соң осы ауылдағы құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан 600 орындық орта мектепке табан тіреп, құрылыс барысымен танысты. Сапар барысында аталған жұмыстарды атқарушы мердігерлердің жауапкершілігін бағамдап, кемшін тұстарын атап өтіп, жұмыстарын мерзімінен кешіктірмей, сапалы орындауды талап етті.

Бүгінде Ордабасы ауданында халықты қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар қарқынды атқарылуда. Соңғы 3 жылда 685 гектар жер жаңа үйлерді салу үшін инфрақұрылыммен қамтылып (ауыз су, электр желісі), 1 851 жер телімі бөлінді. Темірлан елді мекеніндегі 70 гектар аумақта инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің (ауыз су, электр желісі) құрылысы жүргізілуде (жалпы құны 234,3 млн. теңге). Ағымдағы жылдың қыркүйек айында нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Нәтижесінде, жер кезегінде тұрған 261 адамға жер беріледі.Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көшелерді түнгі жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Былтыр жалпы құны 150 млн. теңгеге 11 ойын, спорт алаңшалары пайдалануға берілді.

Атқарылатын жұмыстардың нәтижесінде қанағатты жағдайдағы жолдардың үлесін 55 пайызға жеткізу жоспарлануда. 2025 жылы аудан тұрғындары таза, сапалы ауыз сумен 100% қамтылады. Аудан бойынша 25 елді мекеннің газ жүйесінің құрылыстарына биыл 3,8 млрд.теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін 17 елді мекен газға қосылады. Тағы 15 нысанға жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Қажымұқан ауылындағы С.Ысмайлов мектебі күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы әзірленді. Жоба шеңберінде ауданда жаңадан 5 мектептің құрылысы жоспарлануда.

Мегаполиске жақын орналасқан әрі транзиттік әлеуеті жоғары Ордабасы ауданының болашағы зор екенін көптеген экономист мамандар айтып жүргені белгілі. Оған барлық алғышарттар бар. Әсіресе кәсіпкерлік пен индустриалды аймақтарды дамытуға мүмкіндігі мол. Алдағы уақытта Ордабасы ауданының инфрақұрылымы одан сайын жақсара түседі деген болжам бар. Ордабасы ауданында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында жиырмадан аса елді мекенде бірнеше ондаған жоба іске асырылуда. Қызылжар, Көлтоған, Төреарық, Ықылас Темір және Дербес елді мекендерінде 5 фельдшерлік-акушерлік пунктің құрылысына республикалық бюджеттен қаржы қаралды Құрылысы 2023 жылы аяқталды. 14 елді мекендегі 47,2 шақырым болатын 20 көшеге қаржы қаралып, асфальт төсеу жұмыстары жүргізілудеАл, ең өзекті мәселелер – газ, ауыз су, электр тарту және жол салуға басымдық берілмек.

Айта кетерлігі, алдағы уақытта «Батыс Қытай – Батыс Европа» автодәлізінің Бадам-Шұбар автожолының қиылысқан тұсындағы 400 гектар аумаққа жоспарланған бірегей кешенде автотұрақ, әкімшілік кеңсе, асхана, мұздатқыш қойма, құрама жем өндіру цехы, мал азығын сақтау орны, мал базары және 40 мың басқа арналған мал бордақылау алаңдары болмақ.

Жоба кешені логистика жүйесінің қолайлылығымен ерекшеленеді. Халықаралық автожол арқылы дайын өнімді 30 шақырым қашықтықтағы үшінші мегаполсике 20-25 минутта жеткізуге болса, тоңазтылған ет өнімдерін көршілес облыстар мен шет елдерге (Өзбекстан, Ресей) экспорттауда қолайлы темір жол желісі де аудан іргесінде тұр.

Ірі қара малды азықпен (жем,шөп) қамтамасыз ету үшін арнайы кешен аумағында құрама жем цехы орналастырылып, мал бордақылаушы шаруаларға төмендетілген бағада ұсынатын болады. Мал бордақылау алаңдарындағы ірі қара малдарға арнайы ветеринариялық лабораториядан тексерулерден тұрақты өткізіліп отырады. Дайын болған бұқашықтар мал сою бекетінде сойылып, бастапқы өндеуден өткізіліп, республика аумағымен шет мемлекеттерге экспортталатын болады.

Жоба бойынша 40 мың бас мал бордақылау алаңдарына шамамен 1 айналымда 36 мың тонна шөп, 48 мың тонна жем азығы қажет етеді. Бұл қажеттілікті ауданның егістік, шабындық алқаптарынан алынатын жем-шөп қоры қамтамасыз етпек. Мал бордақылау алаңын қажетті инженерлік-инфрақұрылымын қамтамасыз ету мақсатында ауыз су, электр жарығы, көгілдір отын, асфальт, көше жарықтандыру жұмыстары бойынша арнайы жобалар әзірленіп, тиісті мекемелермен бірлескен жұмыстар қолға алынуда.

Аудан әкімінің айтуынша, ең әуелі ауылға республикалық бюджеттен қаралған қаржыға ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр, ондағы ауыз су, электр, автожол, табиғи газбен қамту бойынша көптеген жұмыстар істелінуде.

Мәселен, былтыр Шұбарсу ауылын ауыз сумен қамтамасыз ету құрылысының І кезеңі аяқталып, 1 965 тұрғын немесе 655 абонент ауыз сумен қамтылса, ІІ, ІІІ, IV, V кезеңі жыл соңына дейін аяқталып, жеке -жеке 3 333, 3 584, 3 142, 3 191 абонент таза, сапалы ауыз суға қол жеткізілген. Мұнан бөлек, Шұбарсу елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз етудің бірінші кезеңі бойынша ішкі желі құрылысы басталып, қазіргі таңда, полиэтилендік газ желілерінің қазу және көму жұмыстары жүргізілсе, ІІ кезең бойынша полиэтилендік газ желілерінің қазу және көму, ШРП тіреуіштері орнатылды. Ал, ІІІ кезеңде темір болатты және полиэтилендік газ құбыры мен ГРП бағанасы орнатылса, ІV кезеңде де темір құбыр және полиэтилен газ құбыры жүргізілген.

Ордабасы ауданында өндірісті дамытуға мүмкіндік мол. Индустриалды аймақ қолайлы аумақта орналасқан. Облыс, аудан басшылығы индустриалды аймақты одан әрі кеңейтіп, кәсіпорындар ашуға күш салмақ ниетте. Инфрақұрылым мәселесі толық шешіліп,инвесторлар мен кәсіпкерлерге қолдау көрсетілетін болады.

Бүгінде Ордабасы ауданында «Стандарт Ресурсис» ЖШС-нің мұнай өңдеу зауыты жұмыс істеп тұр. Өндіріс орнының құрылысы 2020 жылы аяқталған. Жұмысының ІІ кезеңін биылғы жылдың екінші жартыжылдығында іске қосқан. Жылына 100 мың тонна шикізат өндіреді. Жоғары маркалы бензиннен бастап, бірнеше өнім шығарылады. 200-ге жуық адам жұмыспен қамтылған. Олардың орташа айлығы 120-150 мың теңгені құрайды. Көмір-химия зауытының әлеуетін мамандар жоғары бағалап отыр.

Ауданда полиэтилен бұйымдарын қайта өңдейтін және синтепон талшығын өндіретін «GREEN TECHNOLOGY INDUSTRIES» зауыты бар. Бадам ауылындағы «Бадам» индустриялды аймағында орналасқан зауыттың инвестициялық құны – 6800,0 млн. теңге. Жобаның I кезеңі ПЭТ қалдықтарын тазарту және ұсақта турап флекс өнімін алу жобасы 2018 жылы «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылды. 2018 жылдан бері шығарылып жатқан флекс өнімі Ресей федерациясына экспортталуда. Кәсіпкерлікке қолдау бағытындағы жұмыстар жандана түспек. Индустриалды аймақтың кәріз жүйесін реттеу мәселесі маңызға ие.

Ордабасы ауданында «Бірыңғай индустрияландыру картасы» аясында 2022-2025 жылдары жалпы инвестициялық құны 105,7 млрд. теңге болатын және барлығы 1060 жаңа жұмыс орнын құратын 6 жобаны іске асыру жоспарланған. Биыл 3 жоба іске қосылды. Ал, «Бадам» индустриалдық аймағында жалпы құны 21 млрд. 234 млн. теңгені құрайтын 6 жоба орналасқан.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 19 рет